Иә, кәсіпқой мен әуесқойды салыстыру – таудың биік екенін мойындамау. Рас, кейде туабітті талант иесі кәсіпқойдан асып түсуі мүмкін. Десе де, жұрттың бәрі жаппай дарынды емес. Ал, кәсіпқой мен әуесқойға баға беру – қылкөпірден оңай өтуге талпыну. Солай. Солай бола тұра блогерлерге бүйрегі бұратын Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы Ғалым Әміреев БАҚ өкілдеріне баға берді. Ютуб каналдардың біріндегі сұхбатында журналистердің ақпарат беруіне мүлдем көңілі толмайтынын, жастардың кітап, газет оқымайтынын, теледидар көрмейтінін айтты. «Қазір инстаграм, фейсбук пен ютубтың дәуірі» деген басшының сөзі «журналистер мәселе көтермейді, ақпаратты жылдам тарата алмайды» дегенге саяды. Мамандығына деген адалдығынан айнымаған Сыр бойының журналистер қауымы бұл пікірге үзілді-кесілді қарсы шықты. Мәселенің ушығып бара жатқанын білген аппарат басшысы журналистермен кездесуге келісті. Жиын облыс орталығындағы «Достық» үйінде өтті. «Аппарат басшысы аңдамай сөйледі» деген қызылордалық тікентілді тілшілер кездесуге тегіс жиналды.
– «Сыр журналистері заман ағымынан қалып бара жатыр» деген пікіріңізге біз келісе алмаймыз. Өйткені, қазір газеттердің басым бөлігінің ақпарат тарататын өз сайттары бар. Инстаграм, фейсбук секілді әлеуметтік желілерде де парақшалары жұмыс істеп тұр. Телеарналардыкі де солай. Мұны барлығы көріп жүр. Ал, сіздің ойыңызша, тағы қандай дүниелер жасауымыз керек?, – деп сұрақ қойды «Qazaqstan» ұлттық арнасының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Әділбек Жақанов.
Байқауымызша, Әміреев әлеуметтік желіні жақсы меңгерген. Керісінше, газет оқымайды, теледидар көрмейді. Өйткені, жергілікті дәстүрлі БАҚ өкілдері түйткілді тақырыптарды жазып-ақ жүр. Мәселеге май шаммен қарауға да қауқарлы.
Кездесуді «Менің жұмысымда қалыптасқан нәрселер көп, Бірақ, соның шеңберінен шыққым келеді. Басқа нәрсе істегім келеді» деп бастаған Ғалым Әміреев мырзаның қатып қалған жүйені қалай бұзатынын алдағы уақытта көретін боламыз.
«Мысалы, менің көңілім толмайды. Ақпараттық кеңістікте не болып жатыр? Сіздер шын мәнінде кәсіпқой болсаңыздар, неге мәселе көтермейсіздер?» – деді ол жиын барысында. Бір жағынан қарасаң, «Журналистер мәселе көтермейді» дегені – әкімшіліктің ішкі жүйесіне, өз-өзіне қарсы шыққаны. Ол сөзді айтуының екінші себебін жоғарыда айтып өттік. Ол – газет оқымайтыны, теледидар көрмейтіні.
Жақында ғана «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаевтың Сексеуіл кентіндегі балалардың мектепке қатынауы жайындағы «Теміржолды жағалап топ бала жүр» атты мақаласын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев оқып, жергілікті билікке пәрмен берген болатын. Шынын айтқанда, сол мәселе Арал аудандық «Толқын» газетінде бірнеше рет көтерілді. Жергілікті БАҚ өкілдері мәселені жазып-ақ жүр. Тек басшылар оқыса, жоғары жаққа жеткізсе дейміз де.
– «Qyzylorda» телеарнасының редакциясына күніне 99 арыз келіп түседі. Соның 9-ының біз басынан сипап, арқасынан қағып шығарып саламыз. 9-ына заңды түрде көмектесеміз. Сотқа болса сотқа, отқа болса отқа барамыз. Қалғаны шынын айтқанда акиматтың бір «звоногымен» жабылып жатыр. Сіз осыдан кейін бізден қандай шындық күтіп отырсыз? – деген «Qyzylorda» телеарнасының шеф-редакторы Мөлдір Құлмырзаева: «Әкімдіктің алдына барып қай журналист өзінің мәселесін айтты, қай журналист баспанам жоқ деді, қай журналист көмек сұрады? Сіздің «блогерлерге қарап бой түзеу керек» дегеніңізді әлі түсінбей отырмыз» деп сөзін жалғады.
«Журналистер мәселе көтере алмайды» деп біздің билік мін тақса, қаламгерлердің аузына қақпақ қойып жүрген әуелі өздері емес пе? Бұл заман әлеуметтік желінің заманы деп олар шулағанмен, телеарна мен баспасөздің қадірін қарапайым жұрт біледі. Өйткені, заман ағымына ілесе алмаған аймақта алыс ауылдар бар. Блогер дегеннің кім екенін олар білмейді де. Сондықтан БАҚ-та өлшеусіз қызмет істеп, билік пен бұқараға алтын көпір болып жүрген журналистерді кемсітуді қойған дұрыс. Әйтпесе, әріптестер біріксе, әлдекімдер не болатынын білген шығар» деп жазды журналист Ерқанат Сәрсенбайұлы.
Аппарат басшысының тағы бір уәжі «журналистерде жеделдік жоқ» дегенмен үндеседі. Айтуынша, блогерлерде оперативтілік басым. Иә, рас блогерлер тікелей эфирге шығып, іс-шараны не жаңалықты бірінші жеткізеді. Бірақ, оларда сараптау, нақтылық жоқ.
– Ақпарат таратуда телеарналардың техникалық мүмкіндіктері өте жоғары, тіпті күннен-күнге дамып келеді. Мәселен, біз кез келген жерден кез келген уақытта ақпарат тарата аламыз. Өзіңіз білесіз, сіз Жаңақорған ауданында әкім болып тұрған шағыңызда Малшылар слетінен тікелей эфир жасағанбыз. Сол секілді көптеген оқиғалар бар. Жалағаш ауданында тікұшақ құлап, қайғылы жағдай болды. Сонда бір күнде 12 тікелей эфир жасадық. Кешегі Арыс қаласында болған оқиғада арнаның тілшілер қосыны 10 күн жұмыс істеді. Күніне шамамен 10 тікелей эфир жасалды десек, барлығы 100-ден аса материал дайындалды. Ондағы халық дүрлікті, өзге қалалардағы жұртшылық алаңдады. Біздің ақпараттар сол дүрлігу мен алаңдауды басты, – деді «Хабар» агенттігінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Нұрлан Жақыпбеков.
Әміреев мырза телеарнаның мұндай мүмкіндігінен бейхабар дей алмаймыз. Жаңақорғанда жүргенде блогерлерге жақын болғанын әлеуметтік желілерден жақсы білеміз. «Аппарат басшысы жер-көкке сыйғызбай мақтаған «мамандары» мықты болса, неге Малшылар слетінен неге тікелей эфир жасамады, неге жоғары деңгейде ақпараттандырмады екен!?» деген сұрақтар көптеген журналистердің ойында тұр.
– Кез келген журналист блогер бола алады. Ал, кез келген блогер журналист бола алмауы мүмкін. Сіз облысымызда керемет блог жүргізіп отырған кімдерді білесіз? Біздің ешкімді көрмеген соң, танымаған соң ызамыз туып отыр. Әлеуметтік желіде бір-екі ауыз пікір айтып, соны шайға пұлдайтын адамдар бар, бізді ренжітетіні сол. Сіз блогер деп ат қойып, айдар таққан адамдар журналистерден жоғары отыратын жағдайға жетті, – деді «Ақмешіт жастары» газетінің бас редакторы Айжан Абдуллаева аппарат басшысына бағыттап.
Ақталудың да түр-түрі бар. Ғалым Әміреев «ютубтағы сұхбатты жастар үшін жасадық» деуден де тайынбады. Шынын айтайық, ондай форматтағы сұхбаттың жастарға қызық емес екенін сөз иесінің өзі де жеке қалғанда іштей де, сырттай да мойындар еді…
Жиын басталғаннан бері ақ қағазға керекті жайттарды қуатты қаламымен түртіп алып отырған «Әлімсақ» журналының бас редакторы Нұрлан Көбегенұлы да шенеунікті сөзбен «сойып» салды.
– Сіз шындыққа тура қараңыз! Ол жерде (ютуб каналдағы сұхбат – ред.) ешқандай мәлімет айтылған жоқ. Ол – сапасыз дүние! Сіздің бір кемшілігіңіз оны мойындамай тұрсыз. Біз бұл кездесуге тек сізді ғана шақырып тұрмыз. Әйтпесе, тетіктеріміз көп. Республикалық Журналистер Одағы бар, халықаралық «Әділ сөз» ұйымы бар, соның бәрін іске қосып, «журналистердің құқығына әсер етіп жатыр» десек, оның барлығы Қызылордаға келеді. Біз әзірге сізбен ғана әңгімелесіп отырмыз, соны есіңізге бір салып отырмын. Және арнайы Президент қол қойған, кешіріңіз, блогер туралы емес, БАҚ туралы заң бар. Біз сол заңға бағынамыз, заң талабын орындаймыз. Аппарат басшысы БАҚ туралы заңды білмейтін болса, журналиске артылатын міндетті білмейтін болса, ол қандай нәрсе? – деді ол.
Жан-жақтан қойылған өткір сауалдарға шала-шарпы жауап берген Ғалым Әміреев журналистердің зілді сөзін байқаған болуы керек, «Сіздер менің жеке басымның тәртібін қарауға келген сияқтысыздар» деген ойын да айтып қалды. Дана халықта «ашу үстінде шешім қабылдама, бақыт құшағында уәде берме» дейтін тағылымды тәмсіл бар. Тап сол жерде Әміреевтің қуанышы қойнына сыймай тұр деу де дұрыс емес шығар. Әйтеуір «журналистерді әкімшілік кедергілерден қорғаймын, уәде беремін» деді. Оны уақыт көрсетеді. Осы жағдайды өз пайдасына жаратқысы келген жарамсақтар да бар болып шықты. Мұны «көршісінің үйі өртеніп жатқанда малының басын үйітіп алғысы келгендердің ісі» деп қабылдадық.
Қалай десек те, аппарат басшысының аңдамай сөйлегені осы жағдайға жеткізіп отыр. Жиынның «Достық» үйінде өтуі тегін емес десек, журналистердің іштей болса да «менен бір қателік кетті» деген бір ауыз сөзді естігісі келгені анық.
Бұл билік басындағы өзге де лауазым иелеріне сабақ болса дейміз. Шыны керек, шоқты үрлеу оны өшіру емес, үдете түсу екенін ұғатындардың саны артатын болды.
Фото авторы: Махмуд Байходжаев
Блогерлер бәле іздесе,БАҚ өкілдері қоғамдағы кедергілерге(проблемаларға) шешім іздейді.Екеуінің арасы жер мен көктей.Салыстыруға келмейді.
Жақсы жазылыпты, бауырым!
Жақсы, жақсы…
Билікті сілкілеп, ширатып жүріңіздер.
Мынадай шындықты жазатын сайттар әлі де бар екен екен ғой. Риза боп отырмын. Респект!