Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қызылордада есірткіге қарсы күрес күшейтіледі» – ІІМ өкілі (Видео)

14.01.2026, 16:05 52

Фото: halyqline.kz

Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелде айтылды, — деп хабарлайды halyqline.kz.

ОКҚ баспасөз алаңында елімізде 2026–2028 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің кешенді жоспары таныстырылды. Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасы баяндама жасап, жаңа жоспардың негізгі бағыттарына тоқталды.

«2025 жылы құқық қорғау және арнайы органдар 4 мың есірткі қылмысының жолын кесті. Оның ішінде 2,7 мың факті есірткі сату дерегі. Жалпы 48,6 тонна түрлі есірткі тәркіленді, синтетикалық заттар көлемі шамамен 1,5 тоннаны құрады. Қылмыстық жауапкершіліктің қатаңдатылуы синтетикалық есірткі өндірісінің ел ішінде төмендеуіне әсер етті», – деді ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейрхан.

Брифингке тікелей эфир арқылы қатысқан Halyqline.kz ақпарат агенттігінің редакциясы жоспардың өңірлік орындалуына қатысты нақты сауал қойды.

Редакция сауалы:
2026–2028 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында Қызылорда облысы бойынша қандай нақты индикаторлар белгіленеді? Сол көрсеткіштерге кім жауапты болады және орындалуын қай орган бақылап отырады? Сонымен қатар, жоспардың нәтижесін тек ұсталғандар саны арқылы емес, есірткі айналымының азаюы сияқты нақты көрсеткіштермен бағалау қарастырылған ба?

Бұл сауалға ҚР Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов жауап беріп, әкімдіктердің есірткі құқық бұзушылықтарының және қоғамды алкоголизациялаудың алдын алу жөніндегі рейтингтік бағалау жүйесін әзірлегенін атап өтті.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 19 желтоқсандағы №1117 қаулысымен 2026–2028 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің кешенді жоспары бекітілді. Құжатта жобалық тәсіл енгізіліп, әкімдіктердің есірткі құқық бұзушылықтарының және қоғамды алкоголизациялаудың алдын алу бойынша жұмысына рейтингтік бағалау жүргізу көзделген. Бұл рейтинг Үкіметке тоқсан сайын ұсынылып отырады. Бағалау жүйесі сандық және сапалық көрсеткіштерге негізделеді. Атап айтқанда, антинаркотикалық ақпараттық науқандар мен профилактикалық акциялардың саны, осы бағытта жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі, есірткіге тәуелді адамдар санының азаюы, есірткіні насихаттау мен жарнамалау фактілерінің анықталуы, халық арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнамалардың нәтижелері, алкоголь тұтынумен байланысты қылмыстардың төмендеуі, сондай-ақ арақсыз елді мекендердің саны мен олардың артуы ескеріледі. Қызылорда облысына қатысты айтсақ, өңір әлеуметтік және мәдени саладағы белсенділігімен, профилактикалық іс-шаралардың кең ауқымымен ерекшеленеді. Дегенмен, әсіресе жастар арасында ресми және жасырын жұмыссыздық сияқты әлеуметтік-экономикалық тәуекелдер сақталып отыр. Бұл факторлар кей жағдайда құқыққа қайшы әрекеттерге тартылу үшін осал орта қалыптастыратынын да ескеру қажет», – деді Қ.Әлжанов.

Коллаж автордікі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: