Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оймақтай ойлар

15.01.2026, 6:20 43

Құтты  қоныс

Қостанайдағы үйіме кезінде Мәриям Хакімжанова мен Жайсаңбек Молдағалиев, Жұма­ғали Ысмағұлов пен Тұрсынбек Кәкішев, Рымғали Нұрғали мен Нұрғожа Оразов келген. Бұл үйді Сыр­бай Мәуленов пен Ғафу Қайырбеков, Қойшығара Салғарин мен Төлен Әбдік, Сәкен Жүнісов пен Сейіт Кенжеахметов көрген. Бәкір Тәжібаев пен Баянғали Әлімжанов, Кеңшілік Мырзабеков пен Аян Нысаналин, Шөмішбай Сариев пен Қайырбек Асанов, Ұлықбек Есдәулет пен Қасымхан Бегманов та болған. Айта берсем, толып жатыр. Ол кезде Жазушылар Одағының облыстағы жалғыз мүшесі мен  болатынмын. Сондықтан  келген  қонақтар әуе­лі  дастарқанымнан  дәм  тататын,  қонып  та  қала­тын.

Сол естен кетпес кештерді сағынамын. Аға­лардың батасын, замандастардың алғысын алған құтты қоныс талантымның ашылуына да дәнекер болды.

Уақыт

Уақыттың өтіп жатқаны ішкен су, жеген ас секілді көзге көрінбейді. Уақыттың дабысы ұшақтың гуілі, пойыздың тарсылы, көліктің дауысы секілді естілмейді. Бақытты шақтарда уақыттың өтіп жатқаны жылдың төрт мезгілінде де білінбейді. Өйткені  уақыт  судай  ағады, желдей еседі, сынаптай  сырғиды.

Елу  жылда  ел  жаңа

Соқаның, орақ пен балғаның дәурені өтті. Шалғы мен тырманың да дәурені бітті. Технология дамыды. Енді у-шусыз мал да бағылады, шөп те шабыла­ды,  егін де жиналады.

Елу жылда  ел  жаңа  деген – осы.

Дұрыс  па?

Ұша алмайтын тауық пен түйеқұсты құс деген дұрыс па? Тіршілікте кейде бүркіт пен аққудың, қаз бен үйректің орнын қоқиланған қораз бен қыт-қытта­ған  тауықтар  басады.

Жаным  ашиды

Қайраты мұқалған, жүйкесі жұқарған бозбалаларға жаным ашиды. Отыздан асса да теңін таппаған, жат жұрттық еркекке тұрмысқа шыққан бойжет­кендерге жаным ашиды. Үйде де, түзде де өзге  тілде  шүлдірлеген  балаларға  жаным  ашиды.

Жұрт  та  қызық

Осы жұрт та қызық. Тентек болсаң ашынады, жуас болсаң басынады. Жағымпаз болсаң қолдайды, ақкөңіл болсаң алдайды. Ақыл айтсаң құлақ қоймайды, өсек айтсаң тыңдайды. Жалған сөзге сене­ді, ақиқат сөзге нанбайды. Жоғары шықсаң қызғана­ды,  төмен  түссең  қорлайды.

Ғажап!

Қоғам жүріп тұрған сағат секілді, мамандар сол сағаттың әрбір бөлшегіндей болса сағат тоқтап та қалмайды, тілі алға да шығып кетпейді. Алайда кейбір бөлшек қатардан шығып қалып жатса да сағат тоқтамайды. Тоқтаса да әлдекімдер қайта жүргізіп қояды. Ғажап!

Көрпе

Тысы мен астары бірдей көрпелер де болады екен. Тысы кірлеп қалса, аударып төсей қояды. Мұндай  көрпелер  екіжүзді  кісілерді  еске  салады.

Терең  және  таяз

Кісілердің біразы тереңнен сескенеді. Жүзе білсең, терең судан да өтесің. Мен таяздан қорқамын. Жығылып  қалсаң,  тайыз  суға  да  батып  кетесің.

Білген  дұрыс!

Ешкі сүзеген боламын деп мүйізінен айыры­лыпты. Құзғын өлексені жеймін деп тұмсығы тас­қа соғылып, қанатынан қайырылыпты. Жайын алабұға­ны жұтамын деп қақалып өліпті. Мұны да білген  дұрыс.

Амал

Бір  орынтақта  көп  отырған  басшының  шалбары  тез  тозады,  өйткені, киген шалбары орындыққа жиі үйкеледі. Сондықтан да олар жұмсақ креслосы болма­ған  жағдайда  орындыққа  көрпеше  төсеп  қоя­ды.

Сорақы

Бір «білімпаз»: «Жеті күннен кейін тағы да қасиет­ті жұма келді» деп жазыпты. Жеті күннің ішінде басқа күндер де келетінін кішкентай бала да біледі. Жұма болса жеті күннен кейін емес, алты күннен соң келеді. Осындай сорақы біліммен ұшпаққа  қалай  жетеміз?

Беймәлім

Парламентте қазақтар отыр, бірақ, біразы ана тілінде сөйлей алмайды. Парламентте сақалдылар отыр, бірақ, ақсақалдар емес. Парламентте спортшылар  отыр, бірақ, олардың саясаттан, ел экономикасынан,  заманауи технологиядан хабары бар ма, жоқ  па?  Беймәлім.

Ер  жетсе  де…

Есейсе де есі кірмегендер бар. Ер жетсе де еркелейтіндер табылады. Есі кірсе де еріккендер, көрінгенге  еліккендер  бар.

Еңбектеп жүргенде еңкейген сәби ер жеткенде де  еңкеюді  ұмытпағаны  жақсы.

Заман  қалай  өзгерген?

Бұрынғы еститін және көретін жаңалық елдің қысқа дайындығы, жаңа үйдің салынуы, төрт түліктің бағылуы, егіннің ысырапсыз жиналып алынуы болатын.

Ендігі жаңалық біреудің тойға баруы, біреудің атақ алмадым деп налуы, біреудің таяқ жеп қалуы, тағы біреудің алаяққа илануы болып тұр.

Заман қалай өзгерген? Өзгергенді көз көрген!

Ұқсайды

Кәдімгі күнделікті тіршілік кейде театрға ұқсайды. Сахнада жағымды және жағымсыз кейіпкерлер толып  жүреді.

Сол тіршілік кейде зообаққа ұқсайды. Жолбарыс та, маймыл да, түйеқұс та, тышқан да өріп жүреді.

Сол тіршілік кейде циркке ұқсайды. Өйткені ішінде сайқымазақ жүреді.

Адал  және  арам

Ақшаның тазасы және ласы болады. Табан ақы, маңдай термен тапқан ақша таза. Елді жылатып, алдап-арбап, қулықпен тапқан ақша арам. Арам ақшаны мұқтаждарға таратып берсе, адалға айналатын шығар. Еңбекпен тапқан ақшаны өміріне қажетсіз іске жұмсаса, ол да арам болады.

лас

Әлемдегі  ең лас нәрсе ақша деп ойлаймын. Өйт­кені оның жүрмейтін жері жоқ. Майлы қалтаға да түседі, кір қолдар да ұстайды, қан жұқса да лақтырып тастамайды, еш адам жуып та әуре болмайды.

Орны  бар

Адам баласына қайран қаламын. Көпшілігі бал татыған сүт беретін, жып-жылы бөкебай тоқитын түбіт беретін ешкіні ұнатпайды. Ауыр жүк көтеретін, қайда айдасаң да көнетін есекті келемеждейді. Қой мен жылқыдай болмаса да бұл жануарлардың да өзіндік  орны  бар  ғой.

Бата  бергенде

Әдетте бата берген кісілердің біразы жаттанды сөздерді айтуға дағдыланып алған. Айтса айта берсін! Әркімнің өз ниеті ғой. Кейбіреулер батаның соңын: «Мәдинада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет, не тілесе тілектерің қабыл ет!» деп аяқтайды. Оларға қосылатын ниетім болса, «Қостанайда Ақылбек» деп қосақтап жіберсем де болады екен. Одан да жүрегімнен шыққан, тіліме  келген  сөзді  айтқаным  дұрыс  шығар.

Жаман  сөз

Жаман сөздің бірі – «Кет!» деген сөз. Содан соң қазақша «Жоқ!», орысша «Нет!» деген сөз. Құдай бар қылсын! Жоғыңды толтырсын, кемтігін тұтастыққа келтірсін. Сондықтан жоқ демеңіз. Жоқ дейтін туыс болса,  өкпелеңіз!

Арыстан  деп  ат  қойған

Есім жаңа туған балаға ырымдап қойылады. Лев деп ат қойғандар ішінен арыстанға ұқсайды деп Лев Николайұлы Толстойды айтуға болатын шығар. Арыстан деп ат қойған бір басшы қазір тышқанға ұқсап тордың ар жағында отыр. Есімді байқап қою керек. Қойса сол есімге лайықты болу керек.

Жақсы  емес  пе?!

Көзсіз ғашық болғанша көзбен көріп ғашық болған жақсы емес пе?! Ессіз  ғашық  болғанша есіңді  біліп, ақылға  салып  ғашық  болған  жақсы  емес  пе?!

Егемен  және  жанұя

«Егемен Қазақстан» газетін оқыған сайын егемен деген сөздің тамырына үңілемін. Бұл газеттің атауы ең әуелі «Егеменді Қазақстан» болатын. Ке­йін жалғауы алынып тасталды. Еге деген сөз Арқада егеуді еге дегендей мағынада айтылады. Оңтүстікте оның қожайын деген де мағынасы бар екен. Егемен егемеймін деген сөздің қысқарған түріне ұқсайды. Мағынасына келсек, Егеменнен көрі әдемі естілетін Еркін  деген  сөз  бар  емес  пе?

Журналистердің біразы отбасының орнына жанұя деген сөзді де жиі қолданады. Жанұя орыс тіліне аударсақ, гнездо души болып шықпай ма? Орыстардың өзі Отчизна, очаг, отчество деген сөздерді біздің Отан, ошақ, от деген сөздерімізден алған.

Жергілікті диалектіні сөз қолданысына енгізгеннен  не  ұттық?

Есеп

Еткен еңбекке есеп бер дейміз. Есеп білмеген есек дейміз. Шынында есепке көп нәрсе байланыс­ты. Есебің дұрыс болмаса, өкінішке ұрынасың. Есепті ескерсең, алға жылжуға болады. Есептелген дүние ескірсе де есте қалады, кәдеге жарайды. Есепті есерлерге тапсыруға болмайды. Есепті естілер шығаруы керек. Күн мен түн де, ай мен жыл да Жаратқанның  есебімен  құрылған.

«Бастық  болсам  болды…»

Бір жігітке шағын мекемеге бастық болу туралы ұсыныс жасалыпты. Оны әлгі лауазымға ұсынып отырған кісі: «Бірақ, алатын еңбекақыңыз бұған дейін сіз атқарған қызметтен едәуір аз» дейді. Сонда жігіт: «Мейлі, бастық болсам болды» деген екен.

Теңеудің  де  орны  бар

Бұраң бел қызды құмырсқа бел, толық кісіні беті табақтай деп теңеу айтып жатамыз. Жорғалаған жыланды белдікке теңеуге де болады. Бірақ, белдікті жылан секілді деп айтуға бола ма? Сұлу қызды айға теңейміз. Бірақ, айды сұлу қыз секілді деп айта аламыз ба? Әдемі қызды гүлге теңейміз. Гүлді қыз секілді  деп  айту  жараса  ма?  Теңеудің  де  орны бар.

Қазіргі  басылымдар

Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі,  құлағы  һәм тілі» деген сөзі алуан ойға жетелейді. Қазіргі  көп  басылым халықтың көзі дейін десем, көп  нәрсені көрмейді, көргісі де келмейді. Құлағы дейін  десем, шырылдап жатқандарды естімейді. Тілі  дейін десем,  тіліп  айта алмайды. Ахаңның сөзіне тура келетіндер бар болса айтыңдаршы. Сөзімді  қайтып  алайын.

Білмейді  екенмін

Қарап отырсам бір елдің басшысының академик атағы бар екен. Бір облыстың басшысы ғылым докторы екен. Тағы бір басшы бірнеше аудан мен қаланың, облыстың құрметті азаматы екен. Өмір­баяндарын оқысам алмаған марапаты аз. Алсын. Болсын. Еңбектері бар шығар. Алайда сол академик пен ғылым докторының ғылымға қандай үлес қосқанын  мүлде  білмейді  екенмін.

Мәртебе

Ана бір есімі ел аузында жүрген депутат бес-он жылдың ішінде өз жерімізде және шетелде үш бірдей жоғарғы оқу орнын бітіріп, диплом алыпты. Жеті жылда жеті жұрттың тілін меңгерген Шоқаннан да асып түскен секілді. Осындай «білімдар» кісілердің жоғарыда  жүргенінің  өзі  еліміздің  «мәртебесі»  ғой.

Зауқым  жоқ

Кеудем қанша кең болғанмен салпыншаққа орын жоқ. Алдым, рас, көп марапат, темір-терсек әртүрлі, бірақ, оларды көкірегіме жапсыруға зауқым жоқ. Мойыныма қарғы болар бұйымды да алмадым. Саусағыма сақина да салмадым. Сурет салып көрген жоқпын тәніме. Ондай арзан салтанаттың мәні не? Дүниеге келген болсам жалаңаш, денемді де бүркеп қою  жарамас.

Қалай  сөйлейді?

Біреу жолбарысты азуынан таниды, енді біреу тырнағынан таниды. Біреу жылқыны шабысынан таниды, енді біреу тезегінен таниды. Біреу қойды семіздігінен таниды, енді біреу қиына қарайды.

Әдебиет сыншысы деп жүргендер де осылар секілді. Біреуі  біліп сөйлейді, біреуі білмей сөйлейді.

Соқыр,  саңырау,  мылқау

Көріп тұрған көзі болса да соқыр болады. Естіп тұрған құлағы болса да саңырау болады. Аузында тілі болса да мылқау болады.

Қарақан басын ойлайтын пенде солай жасайды.

Алуан  пікір

Аяқдоп (футбол) жанкүйерлерінің ортасында отырған бір келіншек: «Алаңда жиырма адамның бір доптың соңынан жүгіріп жүргенінің несі қызық?» деген екен. Бұл – бір кісінің пікірі. Оған қарсы  мың  кісі  болуы  мүмкін.

Поэзия да сол секілді. Оны жан-тәнімен түсінетіндер сирек. «Ұйқастырып өлең жазғанның не кереметі  бар?!»  дейтіндер  де  табылады.

Болмайды

Басына ораған сәлдесін немесе киген қалпағын көріп миы толық деп ойлауға болмайды. Әдемі сөйлеген сөзін естіп жақсы кісі екен деп ойлауға болмай­ды. Киген киімін көріп ақылды адам екен деп  ойлауға  болмайды.

Қалай  көреді?

Екі көз бір жаққа қараса, кеңістіктен көкжиекке дейін түп-түгел анық көрінеді. Нысана көздеген мерген бір көзін қысып тұрса, екінші көзі нысананы дәл көреді. Ал көздері алақ-жұлақ етіп, ойнақшып тұрған  кісілер  қалай  көреді?

Артық  қылам  деп…

Мимика – адамның көңіл күйін, сезімін білдірудің бір түрі, іс-қимыл әрекетінің көрінісі.

Біреулер сұқ саусағын көтеріп сөйлейді. Біреулер сөйлегенде қолын қусырып тұрады. Енді біреу­лер қолдарын сермеп сөйлейді. Мұндай қимылдардың шешендердің сөз саптасына үйлесетіні де, үйлеспейтіні  де  болады.

Аудиторияны өзіне қарату үшін мимиканың пайдасы көп. Бірақ, артық қылам деп тыртық қылып  алма!  Оның  да  мөлшері  мен  өлшемі  бар.

Арба

Арбаның тертесі мықты деп мәз болма. Доңғалағы бүтін бе екен? Арбаға жегілген жылқы мықты деп күпінбе. Мойынға салған қамыты мықты ма екен?

Арбаның тежегіші де жоқ екенін білесің. Ендеше неге  қатты  жүресің?

Қазақ  емес  шығар

Қазақ халқынан батыр да, ақын да, ғалым да шықты. Қобыланды мен Алпамыс та, Құртқа мен Жібек те, Қожанасыр мен Алдаркөсе де, Атымтай жомарт та, Шоқан мен Абай да шықты. Айта берсек тым көп. Алайда сол қазақтың арасынан шық бермес Шығайбай да, Батыраш пен Қотыраш та, Ықылас пен Жантық та шықты ғой. Ұры сұлтан атанған Нұрсұлтан да шықты. Әлде ол қазақ емес пе екен?

Дұрыс  па?

Бірдей киім киген шәкірттерді көргенде, бірдей киім киген әскерилерді көргенде көзіме жылы ұшырайды. Сахнада өнер көрсететін бишілер мен күйшілер де бірдей киім кисе жарасымды. Қандай үйлесім?  Қандай  сәнді?

Көшеде киімі бірдей ұлдар мен қыздарды көрсем біртүрлі болып қаламын. Егіз болмаса, бір-біріне киімдерінің ұқсамағаны да дұрыс секілді. Адамдар бақшада өсетін түрі бірдей, түсі бірдей қауын мен қарбыз  емес  қой.

Құдай  сақтасын!

Көк аспанды жасыл, жасыл жерді көк қылып өзгертсе не болар еді?! Онда аспаннан жұлдыздар, жерден шөп пен гүл жоғалар еді. Әрбір заттың өзіне ғана тән, өзіне лайық түсі болады. Қолынан келсе сол түсті өзгертемін деген де кісі болады. Құдай солар­дан  сақтасын!

Баспалдақ

Қаладағы жаңа шағын ауданға бару үшін авто­бусқа мінсең, көліктер ағылып жатқан үлкен жолдың бойынан түсесің. Жолдың екінші жағына орналасқан Жастар сарайына жету үшін жол үстінен салынған аспалы көпірден баспалдақ арқылы өтесің. Жастар сарайының есігінен кіру үшін тағы да  ұзыннан  ұзақ  баспалдақпен  жүруге  тура  келеді.

Осы өмірде қанша баспалдақтан өттік екен? Шығуымыз да, кері түсуіміз де болған. Биік үйлерде тұратын кейбір тұрғын баспалдақтың бейнетін көрмей, жеделсатымен  көтерілуге  үйренген  секілді.

Кім  болды  екен?

Танымал ақын дейді. Қолыма қалам ұстағалы алпыс жылдан асса да, танымайды екенмін. Көр­некті қаламгер дейді. Қанша жазушыны көріп жүрсем де, шығармаларын білмейтін кісі екен. Атақты қайраткер дейді. Атағы бар шығар, қайратын көрмедім. Сонда  бұл  кім  болды  екен?

Медет

Жасы ұлғайған кісіге сүйенетін таяқ бар. Аяғы ауырған кісіге сүйеу болар балдақ бар. Аяғын баса алмай қалған кісіге отыратын қоларба бар.

Ал дені сау кісінің көңілі құлазыса, қандай амал бар? Тек сөз ғана. Жақсы лебіз жанын жадыратып, медет береді.

Мұндай  да  болады

Иық тіреп қатар жүрген жолдасын жоғарыға шығарды. Ол да оның бар көмегін құп алды. Жоғарыға шықан соң серігінің адалдығы сыналды, төмен  жаққа  енді  мүлде  қарамайтын  боп  алды.

Ұмытпайық

Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан, қазақтың ұлы  ағартушысы  Ыбырай, қазақтың ұлы ақыны Абай дейміз. Ұлы деген сөзден кейін үтір қойғым келеді. «Қазақтың ұлы, ғалымы» деген секілді. Сонда барлығы орнына келеді. Өйткені үшеуі де – қазақтың ұлы. Оларға ұлы сөзін қимай тұрған жоқпын. Алайда ұлы деген сөз тек Аллаға ғана лайықты екенін ұмытпайық. Атақты жерлестеріміз  қазақ халқының ұлы болғаны үшін мақтау керек.

Не  пайда?

Орден алған бір кісінің айтқаны: «Бұл темірден не пайда? Емханаға да кезексіз кіре алмаймын. Авто­буста да тегін жүре алмаймын. Тым құрыса зейнета­қыма ақша қосса екен, ақшам ішетін тамағыма жетпесе, өмір сүре алмаймын».

Үлгі  алмайды

Қазақты қойдай жуас деседі. Қойды бауыздап жатса да тырп етпейді. Тіпті ілуде біреуі болмаса тұяқ серпер шамасы жоқ. Қасқырдай азулы, айғыр­дай адуынды болмаса да қазағым неге мүйізі бар қошқар­дан үлгі алмайды? Ол жауына сес көрсете алады ғой.

Арыстандай алысқан, жолбарыстай жұлысқан ерлер  осындайда  ойыма  келеді.

Ләм-мим  және  ләббай

Халыққа елдегі жағдай туралы ештеңе айтпайтындар ләм-мим демесе, сол халықты алдайтындарға «ләббай, тақсыр!» деп айтуға үйренген.

Әліпті таяқ деп білмейтіндерге айтарым: ләм-мимнің алдында Әліп бар.

Ләббайды жаппай айтушыларға айтарым: тақсырдың  күні  мәңгілік  емес.

Ақыры  не  болды?

Совет  үкіметі тұсында көтерілісшілерді бас­машы деді, бандит деді. Олардың ұрпақтарын кайсак деді, калбит деді. Сендер іні, біз ағамыз деді. Сендерді біз бағамыз деді. Ақты қызылмен бояды. Аяққа  тұсау  салды. Қолға кісен салды. Ақыр аяғы не болды? Ағасы інісін өлтірді. Дүние – кезек. Інілері кейін  ағасын  тәубеге  келтірді.

Күлкі  және  күрсініс

Көктемнің күлкісі жарқын жаздың жақындығына байланысты. Күздің күрсінісі қатал қыстың қытымы­рлығына  байланысты.

Жетесіз

Жетпегір деген сөзді ертеде әжелер қарғыс мағынасын­да емес, кейігеннен айтатын. Шын мәні­сінде бұл – өте ауыр сөз. Не келетін жасына, не ойла­ған мақсатына  жетпей  қалса,  одан  жаман  не  бар?

Қазағымның жетесіз деген сөзі де бар. Бұл – жетпегірден де жаман сөз. Жетесі жоқ кісінің ақылы жоқ, қанша жетелесең де алысқа бара алмайды. Оспанхан Әубәкіровтың: «Жетектегі жетесіз жетесіз болса не етесіз? Жетекке алып қайтадан ауылыңыз­ға  кетесіз»  деген  шумағы  ойыма  оралады.

Жаратқан  жетесіздерден  сақтасын!

Өнер  сенің  не  теңің?

Сахнада бұты менен көтенін көрсететін әнші қыздар жетеді. Ал мен болсам тыңдағым келеді әнші­ні  киген  көйлегі  жауып  тұрған  етегін.

Баяғының көпті көрген кісілері: «Өнер сенің не теңің? Жалтырайды көтенің!» деуші еді. Олар көргенді  біз де көретін болдық.

Билер

Дауы көп елде би де жетеді. Тура биден жұрт әділдік күтеді. Түзу жолдан бұрылып кетсе, елдің қарғысы  өтеді.

Тура бидің туғаны болмайды. Туысына бұрған бидің  иманы  болмайды.

Ауыздың  да  түр-түрі  бар

Ашықауыздар елдің жердің үстіндегі және астындағы байлығын тонауға жол береді. Керауыз­дар ел ішінде алауыздық туғызады. Алауыздар елді ала тайдай бүлдіреді. Жайынауыздар асқа тоймайды, шабақтарды қылғуды қоймайды. Көбікауыз­дар бос сөзді айтады, құрғақ уәдемен тыңдағанды байыта­ды.

Жарық  дүниеде

Жарық дүниеден қараңғы көрге дейінгі жолды көзіңді ашып, құлағыңды түріп жүріп өтуің керек. Талап пен сенім, қайрат пен намыс болсын жолдасың. Жолда кедергі кездессе, қолдарың қарап тұрмасын! Сонда ғана мақсатыңа жетесің, өткелектен аман-есен  өтесің.

Бұзып  жүр

Ата деген әдемі сөзді аташка, әже деген әдемі сөзді әжека қылып жүргендер арамызда өріп жүр. Оларды атасы мен әжесі де көріп жүр. Бірақ, солай сөйлегенін де қызық көреді. Сөйтіп ата дәстүр мен ана тілін бұзып жүр.

Есекдәме

Есекдәме немесе мысықтілеу болса да қоразданып, күркетауықтай қоқиланып жүрген кісілерді көргенде қазақтың осы сөздерді тауып айтқанына қайран  қаламын.

Ханқамау

Қолайлы  жерде  тұрса сарбаздың (пешкінің) қуаты уәзірден (ферзіден) де артық. Ханқамау (шахмат) тақтасында тұрғандардың жаманы жоқ. Сарбазы көп болғанмен қауқарсыз болса, патшаның (король­дің)  қорғанатын  амалы  жоқ.

Қалай  емдейміз?

Көз ауруының сан түрі бар екен. Көзге ақ түсу, жақыннан көрмеу, алыстан көрмеу. Көз дәрігерлері катаракта деп атайтын көздің бұлыңғыр тартуы, глаукома деп ат қойған суқараңғы. Бұдан басқалары тағы  бар.

Қазіргі қоғамға назар аударсақ, жақыннан көрмейтіндер аз емес. Алыстан көрмейтіндер де толып жүр. Суқараңғылар да табылады. Оларды қалай емдей­міз?

Ат  қоюға  төселген

Қазақ – ат қоюға төселген халық. Совет Одағы тұсында Совет, Коммуна, Социал деген есімдер пайда  болды. МЭЛС деген есім Маркс, Энгельс, Ленин және Сталиннің бас әріптерінен құрылды. Сол  кезде  Совхозбай,  Колхозбектер  де  шықты.

Қазір заман басқа десек те заманауи атқа үйірсектер табылады. Кейбір қазақ жаңа туған сәбиге НұрҚас немесе НазТоқ деген есімдерді қоя ма деген қаупім  бар.

КӨП  және  ЖОҚ

Жазуда  кей  сөзді  көтермелеуге  бола­ды екен. Біреулер көп деген сөзді к-ө-ө-ө-п деп жазыпты. Сол сөзді төмендетіп жазудың да реті бар. Мен болсам жоқ деген сөзді ж-о-о-о-қ деп жаздым. Көбім  ж-о-о-о-қ. Жоғым к-ө-ө-ө-п!

Ақсақалдар  мен  жастар

Әдебиет ауылына келген байырғы ақсақалдар бір-бірін қатты сынайтын, содан кейін кек сақтамай, өкпе де айт­пай, емін-еркін  араласып  жүре  бере­тін.

Қазіргі жастардың біразы бірін-бірі мақтауда алдына жан салмайды, сынайтын  болса  теріс  айналады.

Естір  құлақ  болса

Естір құлақ болса сөйлеген дұрыс. Санаулы ғана кісі отырған залда сөз сөйлеудің  қажеті  бар  ма?

Үлкен мінбеден сөйлерде тыңдайтын  кісі  аз  болса  үндемеген  дұрыс.

Парламент  және  Сенат

Лисаков қаласында «Арай» деп аталған арақ зауыты болды. Ол бұған дейін «Барин», «Бірінші Петр», «Орал казагы», «Петров», «Иванов» деп атал­ған арақ шығарып келсе, кейін «Абылай хан» деп аталған арақ шығара бастады. Алматы мен Тараз қалаларындағы арақ зауыттары да олардан кем соқпай, «Жібек жолы», «Батыр», «Тараз» деген арақты  сатылымға  шығарды.

Бір кездері «Парламент» деп аталған арақ та сатылды. Сол тұста Парламент залынан  арақ иісі шығып тұрған соң солай  атады  ма,  кім  білсін?

Сенат таратылатын болса, сол аттас арақ шығуы да мүмкін. Өзгелер алма­са да, бұрынғы  сенаторлар  алатын  шығар.

Неге?

Толып кеткен мейрамхана, той өткізіп, жем болдық. Толып кеткен ауруха­на, сырқаты көп ел болдық. Толып кеткен дәріхана, дәріні уыстап ішетін  ел  болдық.

Қонақ күттік, барды бердік, кең болдық. Түсінбейтін бір жағдай бар, неге сонда  өзгелерден  кем  болдық?!

Көмекші  және  кеңесші

Министрлердің, әкімдердің көмекшілері мен кеңесшілері туралы не айтарымды білмеймін. Олар біреу болса бірсәрі, бірнешеу. Көбісінің не тындырып жүргені  белгісіз.

Көмекшінің басшының сөмкесін тасығаннан басқа қандай көмегі бар? Кеңесшінің елге қандай пайдасы тиді? Кім  біледі?  Мен  білмей  отырмын.

Қисық  пен  қыңыр

«Дүние бір қисық жол бұраңдаған» деп басталатын халық өлеңі бар. Қисық жолдың бар екені рас. Түзу жолдың өзінің кедір-бұдыры мен ой-шұңқыры көп.

Тізгін ұстаған қыңырды жөнге салу айыппұл арқылы шешіліп жатыр. Ал қисықты тезге салар Үкімет не қарап отыр?

Қазақ  баласына  не  қызық?

Орыс тіліндегі мультфильм кейіпкерлері Маша мен аюдың іс-әрекеті қазақ баласына қызық па? Олар құлыншақ пен ботаны, қозы мен лақты көргісі келеді.

Керқұла атты Кендебай, Күн астындағы Күнікей қыз, Ер Төстік пен Тазша бала секілді кейіпкерлер болмаса, қазақ баласының  санасына  сәуле  түсуі  қиын.

Ел  не  дейді?

Бүгін қызметінен босатылды. Ертең басқа жаңа, жайлы орынға жайғасады. Онда да уақытша отыратынын жақсы біледі. Білген соң ойына келгенін жасайды. Ішеді, жейді. Ел не дейді? Оған бәрібір.

Жолға  шықсаң…

Бұрнағы жылдарға зер салсам, салт атқа мінген кісі діттеген жеріне тез жетеді. Арбамен жүрген, қос ат жексе де арбада жүгі болса, баратын жеріне кешігіп  келеді.

Бұдан шығатын қорытынды: жолға шықсаң, жүкті аз алу керек екен. Соны біздің «SCAT» әуе компаниясы жақсы біледі-ау деймін, өйткені жолау­шының қол  жүгін  бес  келіден  асырмайды.

Балдай  батып…

Той-думанда «балдай батып, судай сіңсін!» деген сөз тіркесі жиі айтылады. Кейде сәл өзгертіп, «тастай батып, судай сіңсін!» деп те айтылады. Екеуі де бір қарағанда дұрыс секілді. Алайда суға түскен тас батпастан судың түбіне дейін кетеді ғой. Тастың аты – тас. Менің құлағыма бал  деген  сөз  майдай  жағады.

Аралас

Біздің жас кезімізде шай қат болған кездерде үнді және цейлон шайы жоғарғы сорт және бірінші сорт болып бөлінетін. Кейінірек аралас шай деген пайда болды. Оның шығымы да жаман емес  еді.

Қазір аралас неке дегенді көргенде сол шай есіме түседі. Араластан жоғарғы мен бірінші артық екені дау туғызбайды. Ендеше басқа ұлттан ал­ғанға, басқа ұлтқа барғанға жарнама жасағандарға не жорық?!

Мылжың

Алексей, Александр және Владимир Жемчужниковтар  және Алексей Толс­той – төрт адамның атынан Козьма Прутков деген бүркеншік атпен ділмарсөздер жазған ойшылдар: «Болтун подобен маятнику: того и другого надо остановить»  деп  жазған  екен.

Көп ішкен кісі құсады. Көп жеген кісі семіреді. Көп сөйлеген кісі ше? Ол мылжың  немесе  жексұрын  атанады.

Таза  Қазақстан

«Таза Қазақстан» дейміз. Көшеде қоқыс аз емес. Табаны лас кісілер де толып жүр. Бір жерде шылымның тұқылы, бір жерде шашылған қағаз, тағы бір жерде  иттің  қиы  жатыр.

Үлкен, біртұтас мемлекетті таза деп атау қисынға келе ме? Тазалық әр адамнан  басталса  керек.

Кабинет

Бір кабинетте болдым. Едені жар­қырап тұр. Жиһаздары да керемет. Люстрасы көз тартады. Қабырғаға бір басшының портретін іліп қойыпты. Кабинет ішінде кісі де бар секілді. Бірақ, оны адам екен деп есептемедім. Өйткені дұрыс лебізі жоқ. Сөз тыңдауға уақыты да жоқ. Өзінен  отырған  бөлмесі  артық  екен.

Көтер  басты!

Міржақыптың «Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты!» деген жыры кең-байтақ даламызда ұранға айналды. Әсіресе «Оян, Қазақ!» деген сөзді жиі айтамыз.

Қазақ көзін ашты, ұйқыдан оянды деп айтуға болатын шығар. Алайда әлі басын көтерген жоқ. Ендігі ұран «Көтер басты!»  болса  керек.

Ереже

Адамдар  ережеге бағынады. Ережені бұзуға болмайды. Бұзған кісі айып­ты болады.  Ханқамау  ойынында  16  ақ,  16 қара тас бар. Доминодағы тас­тар саны – 28. Ойын картасында карта саны 36 болса, солардың төртеуі ғана патша (король), тағы төртеуі – ханым (дама). Төрттен кем де емес, артық та емес.  Тәсбихтағы  тастар  саны – 33.

Бұлар бұлжымайтын ережеге бағынады. Айдағы апта, аптадағы күн, күндегі сағат саны да солай. Яғни, әлемді сандар  билейді.

Қалыптасқан ережені бұзатындар Аллаға қарсы пенделер деген ұйғарым жасауға болады. Қосу да, алу да, көбейту мен бөлу де – бір  Алланың  құзырында.

Жоба  ма,  мода  ма?

Жүз кітап деген тізім шықты. Сол жүз кітаптың көбін оқығаным рас. Ішінде тамаша­сы да, тәуірі де, ортаң­қолы да, нашары  да  бар.

Бұл тізімге кірмеген мыңнан астам кітап бар. Қандай кітапты оқу – менің өз еркім. Сол жүз кітаптың авторының біразын  қазақтың  маңдайалды қалам­гері  деп  есептеу  де  қате.

Сондықтан да бұл жобаны өткінші мода  деп  ойлаймын.

Шындықты  айтайық!

Өлгендер туралы жаман сөз айтпа деушілер көп. Олар туралы не айтсаң да естімейді  ғой.

Тірілер туралы жақсы сөйле дейтіндер де аз емес. Жаман айтсаң, өштеседі ғой.

Шындықты  айтқанға  не  жетсін?!

Қырғын

Үндістердің сүйегінің үстінде АҚШ мемлекеті құрылды. Арабтардың сүйе­гінің үстінде Израиль құрылды. Басқыншылар үстемдігі нәтижесінде ноғай халқы, т.б. жүздеген ұлт қырылды. Осыған ұқсас Украинаға шабуыл жасаған  Ресейдің  әрекеті бүгінгі. Ақыл-ойы бүтін бе ақтайтындар дәл осындай қырғынды?!

Бұл  кім?

Жаңалықты көреді, кемшілікті көрмей­ді. Мақтағанды естиді, сынағанды естімейді. Көрген, білгенін айтады, ойындағысын  айтпайды.

Бұл кім? Білсеңіздер, айтыңыздар!

Кім  тосқауыл  қояды?

Садақ, найза, шоқпар, сойыл, айбалта, семсер, қанжар секілді қарулар көне заманнан келіп, қазақ сарбаздарының да қаруына айналды. Исфаханда жасалған асфаһани алмас қылыш жеңіске  бастайтын  қару  болды.

Бұдан кейінгі шиті мылтықтың орнын алтыатар, автомат, кейін оқсебер мен зеңбірек басты. Жау қаруының басым­дығы  еңсені  басты.

Ендігі соғыс қаруы танкі мен зымыран, ұшақ пен дрон бейбіт елді қынадай қырды. Қарулар қорғаныс құралынан шапқыншылыққа  айналды.

Кезінде жебеден қорғанар ақсауыт, қылыштан сақтар қалқан болды. Қарулар жетілген соң олар да талқан болды.

Осы заманғы соғыс – тозақтың нағыз өзі. Бұған кім тосқауыл қояды?

Қайшылық

Совет Одағы тұсында Коммунистік партияның атына кір келтірген кісі болса ең алдымен партия қатарынан шығарылатын, содан кейін қызметінен босатылатын. Қазіргі уақытта партия қатарында болған шенеунік пе, депутат па, жемқорлық айыбымен ұсталған болса партияға сөз келмейді, өйткені сотталғандар – жеке тұлғалар. Соттайтындар  да – сол  партияның   мүшелері.

Жұлдызды  көргенде

Портреттерден төсіне төрт жұлдыз таққан Брежнев пен үш жұлдыз таққан Қонаевты көргенде сол кісілерге бір жұлдызын ғана қалдырып, қалған­дарын сол жұлдызға лайықты кісілерге бермеді ме деген ой келеді. Кейбір әскери мен полицейлердің иықтағы погондарын көргенде  де  соны  ойлаймын.

Ескі  ойда

Жиырма тоғызыншы қазан баяғы Комсомолдың туған күні екен. Әлеуметтік желіде бұрынғы комсомолдар, қазіргі коммунистер бір-бірін құттықтап жатыр. «Комсомолдан ажырамаймын!» («Не расстанусь с Комсомолом!») деген ән де айтылып жатыр. Коммунистер мен комсомолдың қызығын көргендер біздің арамызда да аз емес екен. Біразы Жаңа Қазақстан құрамыз деп жар салып жүр. Бірақ ескі ойдан  шыға  алатын  түрі  көрінбейді.

(Соңы.  Басы  өткен  санда)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: