Қызылорда облысында жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғау, төтенше жағдайлардың алдын алу және терроризмге қарсы іс-қимыл бағытындағы жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Сонымен қатар көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық, санитариялық қауіпсіздік, аумақтық қорғаныс және халықты құлақтандыру жүйесін жетілдіру мәселелері де тұрақты бақылауда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Марат Құрманбаев айтты.
Оның айтуынша, биыл жылы ауа райының қалыптасуына байланысты көктемгі су тасқыны кезеңі өңірде айтарлықтай шығынсыз өтті. Су басу қаупі бар аумақтар алдын ала анықталып, жауапты мекемелер бекітілген. Арнайы техника мен күш-құралдар әзірленіп, су тасқынына қарсы материалдық-техникалық қорлар жеткілікті деңгейде қалыптастырылған. Қажет болған жағдайда тұрғындарды көшіруге арналған пункттер де толық дайындыққа келтірілгенін жеткізді. Сондай-ақ спикер өткен жылы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу мақсатында «қолайсыз» деп танылған 111 елді мекенде кешенді залалсыздандыру жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Бұл шаралар мал басына, қора-жайларға және суаттарға көктемгі әрі күзгі кезеңдерде жүргізілген.
Терроризмге қарсы іс-қимыл бағытында да бірқатар маңызды жұмыстар атқарылған. Облыстық терроризмге қарсы комиссияның 4 отырысы өтіп, онда 12 өзекті мәселе қаралған. Ал комиссия аппараты жанындағы жұмыс тобының 11 отырысында 35 мәселе талқыланып, экстремизм мен терроризм тәуекелдерінің алдын алу бойынша нақты ұсынымдар әзірленгенін айтты. Аумақтық қорғаныс саласында әскери міндеттілердің кәсіби даярлығын арттыру мақсатында өткен жылы арнайы-тактикалық оқу-жаттығулар ұйымдастырылған. Атап айтқанда, Арал ауданында «Найза – 2025», Қазалы ауданында «Қалқан – 2025» оқу-жаттығулары өткізіліп, оған 182 әскери міндетті қатысқанын мәлімдеді.
Сонымен бірге Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы аясында тарихи әділеттілікті қалпына келтіру бағытында атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Майдангер Аштанбай Сағындықовтың бауырластар зиратынан алынған топырағы 80 жылдан кейін туған жеріне жеткізілген. Ал Псков облысында табылған Қызыл Армия жауынгері Байбол Рахметовтың сүйегі елге әкелініп, Ақсуат ауылдық округіндегі Ж. Махамбетов ауылына жерленгенін атап өтті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!