Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы 20 қаңтарда Қызылордада өтеді

12.01.2026, 20:43 52

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық реформаға қатысты ұсыныстармен танысты. Бұл туралы Президент Ерлан Қарин және құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев қатысқан кезекті жұмыс кеңесінде айтылды.

Кеңес барысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Мемлекет басшысына Парламенттік реформа аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, Жұмыс тобының 9 қаңтарда өткен отырысында болашақ бір палаталы Парламенттің мәртебесі, өкілеттіктері мен функцияларын айқындайтын негізгі тәсілдер әзірленген. Ал 15 қаңтарға жоспарланған келесі отырыста жаңа Парламенттің басты мемлекеттік институттардың қызметін қамтамасыз етуге қатысты өкілеттіктері талқыланбақ.

Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев Мемлекет басшысын конституциялық реформа бойынша Жұмыс тобы мүшелерінен және жұртшылықтан келіп түскен жаңа ұсыныстармен таныстырды. Мемлекет басшысы барлық пікір мен бастаманы мұқият ескеру қажеттігін атап өтіп, түпкілікті шешім жалпыұлттық референдум арқылы қабылданатынын жеткізді.

Сонымен қатар кеңесте Ұлттық құрылтайдың алдағы отырысына дайындық мәселесі қаралды. Мемлекет басшысы Құрылтайдың бесінші отырысын 20 қаңтар күні Қызылорда қаласында өткізу туралы шешім қабылдап, оны жоғары деңгейде ұйымдастыру және мазмұндық тұрғыда тыңғылықты әзірлеу жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Айта кетейік, Ұлттық құрылтай ел дамуының өзекті мәселелері талқыланатын маңызды қоғамдық-саяси алаң саналады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: