Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Лицензия беруді қайтару қажет

25.12.2025, 12:00 57

Қазақстанда қазіргі кезде қанша жеделсаты барын ешкім тап басып айта алмайды. Өйткен себебі, бір кездері жеделсатыларды бақылау қызметін Өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі комитеттен жергілікті әкімдіктерге берген сәтте мұндай маңызды ақпарат сақталмаған. Тіпті, оны сақтауға жан баласы басын қатырмаған сияқты. Ал кедендік органдардан алынған мәліметке сүйенсек, жыл сайын Қазақстанға орташа есеппен 3,5-4 мың жеделсаты жабдықтары импортталады екен. Ендеше, нақты цифрларды есептеп шығарғымыз келсе, 4 мыңды 34 жылға көбейтейік. Сол кезде нақты жаңа және ескі жеделсатылар туралы шынайы картина  пайда  болады.

Соңғы жылдары «Астанада жеделсаты құлап, бір адам мерт болды», «Елордада тұрғын үйлердің бірінде 3 бала лифт ішінде қалып қойды» деген тақырыптағы хабарларды  жиі-жиі  естиміз. Қарашадағы қайғылы  оқиға  Мұқан Төлебаев көшесіндегі  тұрғын үйлердің бірінде болған. Алдын ала таратылған мәлімет бойынша жөндеу жұмысы кезінде жеделсаты кабинасы құлап кетіп, шахтада болған үш жұмысшы зардап шеккен. Салдарынан бір жұмысшы оқиға орнында қаза тапты. Ал екеуі ауруханаға жеткізілген. «Арыстан» тұрғын үй кешеніндегі апат бұл мәселенің әбден шегіне жеткенін көрсетті. Енді не істеу керек? Көпқабатты тұрғын үйлерде жеделсатылардың әртүрлі қабатта тоқтап қалатыны  да  жиіледі.

Сенатор Бекбол Орынбасаров күн сайын жүздеген  мың  адам жеделсатыны пайдаланып, олардың көпшілігі адам өміріне тікелей қауіп төндіретінін білмейтініне қынжылады. Оның пайымдауынша, бұл мәселені елемеу тек жеке қайғылы оқиғаларға ғана әкелмейді, ол апаттар тізбегін қалыптастырады, ал егер шұғыл әрі жүйелі іс-шаралар қабылданбаса, бұл  оқиғалар  көбейе  береді.

«Осыған дейін бірнеше рет депутаттық сауал жолдап, лифттер мен көтергіш құрыл­ғыларды пайдалану саласындағы қауіпсіздік мәселелерін көтергенмін. Дегенмен, көтерген мәселелерге қарамастан, жүйелі іс-шаралар қабылданған жоқ. Мемлекеттік органдардың жауаптары іс жүзінде формалды болды. Қатты алаңдатарлығы, осы уақыт аралығында азаматтардың өміріне деген қауіп көбеймесе, азайған жоқ. Бүгін мен осы мәселеге қайта оралуға мәжбүрмін. Өйткені үнсіз отыра берсек, оның арты өкінішті жағдайларға алып баруы мүмкін. Бұрынғы сауалдарымда келтірілген қайғы­лы оқиғалар әрі қарай тізбектелуде. Олардың әрқайсысын мемлекеттік бақылаудың дұрыс жүйесі болғанда ғана алдын алуға болар еді. Алдың­ғы депутаттық сауалымда, мен лифтілердегі  ақау салдарынан адамдардың қаза болу оқиғаларының бірнеше мысалын келтіргенмін және оны қайталағым келмейді. Дегенмен, мәселенің ауқымы өзекті және үлкендігі соншалықты, қысқа мерзім ішінде жаңа резонанс тудырған қайғылы оқиға болды. Биыл 13 қарашада елордадағы «Арыстан» тұрғын үй кешенінде болған қайғылы оқиға. Жөндеу жұмыстары кезінде лифт жұмысшылардың үстіне құлап, бір адам оқиға орнында қаза тауып, екі адам ауыр жарақат алды. Тұрғындардың айтуынша, үй пайдалануға берілген алғашқы күннен бастап лифтілерде тұрақты ақаулар байқалған. Лифтілер жиі тұрып қалады, кабина бірнеше рет құлаған, ал олардың жарамдылығын тексеру, тұрғындардың айтуынша, екі рет сәтсіз өткен. Биыл жазда дәл осы тұрғын үй кешенінде лифт ішінде бала болған кезде тоғызыншы қабаттан құлаған, тек сәттілік арқасында адам өлімі болмаған. Тұрғындар бірнеше рет тиісті орган­дарға шағымданған, бірақ ешқандай тиімді шара қолданылмаған. Бұл трагедия қазіргі бақылау жүйесінің апаттық жағдайларды алдын алу қабілетін толық жоғалтқанын көрсе­теді және егер ештеңе өзгер­месе, осындай оқиғалар  қайталана  береді», — дейді  ол.

Бекбол Орынбасаров 2013 жылы жеделсатыны бақылауды жергілікті атқарушы органдарға  беру  өте  қате  шешім  болғанын  айтады.

«Сол кезде Қазақстан Республикасының Төтен­ше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті кәсіби бақылау функцияларын оңтайландыру деген желеумен әкімдіктерге берді. Жергілікті деңгейде бұл функциялар жай ғана басқа функциялармен сіңісіп кеткен, яғни штаттар қысқартылды, жауап­кершілік мүлдем жойылды. Реттеу жүйе­сінің болмауы мәселені одан әрі ушықтыра түсті. 2014  жылдан бастап жеделсатыға қыз­мет көрсету лицензияланбайды, нарықта құрал-­жабдықсыз, біліктіліксіз және рұқсатсыз компаниялар пайда болды. Мемлекеттік сатып алуларды ұтып алған компаниялардың жартысы­нан астамы лифтілерге қызмет көрсетуге құқығы да жоқ және бұл саланы факті бойын­ша  «сұр  нарық­қа»  айналдырған», — дейді  депутат.

Қазақстан  жеделсатылар  қауымдастығын  7 жыл  бойы  басқарып  келе жатқан Ержан Игі­баев  та бұл  пікірді  қостайды.

«Өкініштісі сол, 2013 жылы лицензия беру үрдісін алып тастаған соң бұл нарыққа біліксіз компаниялар, жеке кәсіпкерлер, лифтілерді жөндеумен айналысатын ұсақ бригадалар қаптап келді. Лифті дегеніміз – қауіпті техникалық құрылғы, егер оны дұрыс жөндеп, орнатсақ, ешқандай мәселе болмайды. Өйткені, лифтілердің қауіпсіздігінің 60 пайызы дұрыс жөндеуге байланысты. Дұрыс жөнделген жабдық ұзақ әрі қауіпсіз қызмет етеді», — дейді ол.

Айтпақшы, Ержан Игібаев Қазақстан 2025 жылдың 15 ақпанына дейінгі мерзімде елдегі барлық лифті шаруашылығын лифті қауіп­сіздігінің  кедендік  регламентіне  сәйкестендіру тәртібіне көшу керектігін айтып, бірнеше рет  үндеу жасапты. Ол тәртіпке көшуіміз үшін 7 мыңға жуық жарамсыз лифтілерді жаңасымен ауыстыруға міндетті екенбіз. 2024 жылы Еуразиялық экономикалық комиссияның Кеңесі Кедендік Одақтың Техникалық регламентіне (КО ТР 011/2011) түзету енгізіпті. Осы түзетулерге сәйкес, 2025 жылдың 15 ақпанына дейін өзінің пайдалану мерзімін аяқтаған лифтілер жаңа  талаптарға  сай  ауыстырылуы  керек.

«Біз бүгінге дейін Үкімет осы түйткілді мәселеге назар аударып, ескірген лифтілерді ауыстыратын шығар деп үміттендік. Алайда, сол үмітіміз ақталмайтын сияқты. Бұл бағытта қозғалыс жоқтың қасы. Себебі де түсінікті. Бұрын қаражат республикалық бюджеттен бөлінетін еді, ал қазір қаржыландыру жергілікті атқарушы органдардың құзырына берілді. Олар бұған қаражат жұмсауға құлықсыз. Өйткені, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында су тарту, жылу жүйесін іске қосу сияқты ауқымды мәселе көп. Бюджеттің негізгі бөлігі соған жұмсалады. Ал заң бойынша лифтілер тұрғын үй қожайындарының мүлкі болып саналады. Сондықтан әкімдіктер тұрғындармен лифті ауыстыру туралы түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп, мәселені оң шешу жолдарын қарастыруы тиіс. Тіпті, өңірлерде көптеген тұрғын пайызсыз мерзімге қарыз ақша алып, мемлекеттік бағдарламаны пайдаланып, тозығы жеткен лифтілерді ауыстыруға бола­тынын  біле  бермейді», — дейді  Е.Игібаев.

Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров еліміздегі жеделсатыларды пайдалану жағдайы күннен-күнге нашарлап бара жатқанына алаңдайды.

«Жергілікті атқарушы органдардағы кадр жетіспеушілігі салдарынан бұл саладағы бақылау формалды болып отыр: әкімдіктерде штат та, мамандар да, техникалық база да жоқ. Мыса­лы, Астанада тұрғын үй инспекциясында екі адам 10430 лифтіні бақылайды және бір уақытта газ баллондарына да жауап береді. Ал облыстардағы инспекторлар лифтілердің қауіпсіздік механизмдері жөнінде тіпті колледж деңгейінде де білім алмаған. Бұл тек кадр тапшылығы емес, азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретін құрылымдық сәтсіздік деп білемін», — дейді халық қалаулысы.

Бұл мәселедегі ең қатты алаңдататыны – лифтілер паркінің ескіргендігі. Бір лифтінің нормативтік пайдалану мерзімі – 25 жыл, одан кейін оны жөндеу мүмкін емес, тек ауыстыру ғана  қажет.

«Бүгінгі таңда Қазақстанда 4 000-нан астам лифт ресми түрде ауыстыруды қажет етеді, ал Еуразиялық экономикалық комиссияның дерек­тері бойынша шамамен 7 000 лифт өз пайдалану мерзімін аяқтаған. Бұл әр оныншы лифт трагедияның потенциалды көзі екенін және қауіп күннен-күнге өсіп жатқанын білдіреді. Әр күнгі әрекетсіздік – бұл тағы бір лифтінің істен шығуы, бір ауданда ақаудың байқалмай қалуы, рұқсатсыз компанияның қызмет көрсетуі, бір отбасының өміріне қауіп төнуі. Қазіргі лифтілерді басқару жүйесі формалды, тиімсіз, бақыланбайтын, басқарылмайтын және кез келген кідіріс адам өміріне қымбатқа түсуі мүмкін», — деп түсіндіреді мәселені  депутат.

Бұл  тығырықтан  шығатын  бір жол бар, ол – лицензия беру тәсілін қайтару. Мынадай бір ақпаратқа назар аударайықшы: Үкімет 2022 жылы қыркүйекте мақұлдаған 2023-2029 жылдарға арналған Тұрғын үй-коммуналдық инф­рақұрылымын дамыту тұжырымдамасында айтылғандай, тұрғын үй қорында 33 858 лифті бар, соның ішінде 3937-сін жедел ауыстыру керек, 2407-сі түпкілікті жөндеуді қажет етеді. Әрине, бұл – ресми статистика, ауыстыратын уақыты келген лифтілердің саны бұдан да көп болуы мүмкін. Не істеу керек деген сауалды жоғарыда  қойған едік. Әлбетте, ең алдымен әбден ескірген, тозығы жеткен жеделсатылар­дың нақты санын анықтап алу керек. Одан кейін осы жұмыспен айналысатын ұйымдарға мемлекеттік лицензиялау беру жүйесін қалпына келтіріп, жабдықтарды әкелетін, орната­тын, қызмет көрсететін ұйымдарды мемлекеттік аттестациялаудан өткізуді енгізетін кез жетті.

Сарапшы-мамандар да осыған ұқсас бір­неше іс-қимылды жүзеге асыру қажеттігін ұсынып  отыр.

«Бірінші, көппәтерлі тұрғын үй объектіле­ріндегі лифтілерге мемлекеттік бақылауды әкімдіктерден Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетіне қайтару қажет. Өйткені тек осы орган ғана құзыретке және ресурстарға ие. Екінші, лифтілерді қауіпті техникалық механизм ретінде танып, қатаң бақылау іс-шараларын қолдану. Үшінші, ескірген лифтілерді толық ауыстыруға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске қосу, лицензиялау мен лифтілерді орнату, қызмет көрсету және жөндеумен айналысатын ұйымдардың міндетті аттестациясын енгізу. Төртінші, өкілеттіліктерді қайта қарау және жаңа, тиімді алгоритм жасау үшін ведомствоаралық комиссия құру. Бесінші, лифтілер саласында қауіпсіздікті арттыру үшін мемлекеттік бақылау мен қадағалау органдарының өкілеттіліктерін аудиттен өткізу, олардың нақты бөлінуін қамтамасыз ету. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің жауапкершілігін күшейту мүмкіндігін қарастыру қажет, бұл функционалдық талдау нәтижелерімен бекітілуі тиіс», — дейді мәселенің шешу жол­дарын  ұсынған  Бекбол  Орынбасаров.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ

журналист,

Астана  қаласы

Фото: ашық дереккөзден.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: