Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Желтоқсаншы: «Алаңда «Менің Қазақстаным» әні рухымызды көтерді»

11.12.2025, 11:40 109

Желтоқсаншылар халықтың ықыласына бөленсе де, саяси тұрғыдан бағасын  ала  алмай  отыр.

Тәуелсіздік күні қарсаңында желтоқсаншылар туралы көптеген мәлімет жинақтап, кітап жазған қызылордалық жазушы, журналист Ерғали Абдулланы әңгімеге тартқан едік.

Ол Желтоқсан көтерілісі қаһармандары  туралы  іздену барысында сан түрлі тағдыр иесімен жолыққан. Олардың кейбірі әлі күнге дейін алаңда болғанын айтқысы жоқ. Тіпті, сол күні  Алматының Тәуелсіздікті сыйлаған алаңында болғанын жақын-жуықтарына да айтпағандары  бар.

– Желтоқсаншылар туралы жазу оңай болған жоқ. Алғашқыда желтоқсаншыны, деректерді тапсам, сосын басынан кешкен оқиғаларын айтып берсе, соны жазып шықсам деп ойлағанмын. Мысалы, Жаннат Абдалиева деген кісі өзінің басыннан өткен оқиғаларды айтуға қарсы болды, кейін ғана 2-3 күн отырып, толық баяндап бергені бар. Енді түрлі-түрлі тағдыр иесі кездесті. Оқудан шығарылған, комсомолдан қуылған, қуғынға ұшыраған, жұмысқа алмаған. Әбден қысым көрген. Мұнан бөлек, Ұлдай Ибадуллаева деген журналист те шыдап отыра алмай, Желтоқсан оқиғасына қатысқан. Ол кезде жергілікті телеарнада жұмыс істейді екен. Алаңнан қашқан уақытта арыққа құлап, арқасынан жарақат алады. Сол аурудың өмір бойы зардабын тартты, үш жылдай бұрын қайтыс болды. Жалпы, мұндай тағдыр иелері өте көп  кездеседі.

Мен 100-ден аса желтоқсаншыны тауып отырмын. Осы күнге дейін әлі «мен туралы жазбаңыз, керек емес» дейтіндер көп. Тіпті, кейбірінің жақындары да желтоқсаншы екенін білмейді, — дейді Ерғали  Абдулла.

Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың бірі – Абай Әлдешов. Ол алаңға барған күні әнші Роза Бағланованың «Балаларым, қайтыңдар, біз ештеңе істей алмаймыз» деп басу айтқанын  жеткізді.

– 1986 жылдың 17 желтоқсанында жігіттердің: «Қазақстанның басшысы өзгеріп, оның орнына Ресейдің бір облысының басқарушысы келіп, бүкіл қазақ елін басқарады дегені намысымызға тиеді» деп айтып жатқаны құлағымызға жетті…

Алаңға барсақ, лық толы халық. Әсіресе, қазақ қыздарының намысқойлығына таңғалдым. «Менің Қазақстаным» әнін бірінен соң бірі іліп алып кетіп жатты. Бұл өлең біздің рухымызды тіптен көтеріп жіберді, — деп сол  сәтті  есіне  алады  желтоқсаншы.

Ерғали Абдулла желтоқсаншыларға ресми мәртебе берілмегенін алға тартады. Сондай-ақ, Желтоқсан оқиғасы «көтеріліс» деген талаптарға жауап бере алатынын жеткізді.

– Желтоқсан көтерілісі тарихтан өз бағасын алды деп айтуға болмас. «Аралдық желтоқсаншылар» кітабын жазған кезде,  жалпы  еліміз  бойынша   50 аралдық желтоқсаншыны тауып, өмірбаяны мен сол кездегі және қазіргі суретін қойып шығардық. Ең бірінші, желтоқсаншыларға ресми мәртебе берілмеген. Яғни, мойындалмаған деген сияқты. Менің көз көріп отырғаным, ақталған кейбір желтоқсаншыға бірреттік көмек, сосын ем алуға жолдама беріледі. Әкімшілік тарапынан соңғы 3 жылдың көлемінде қабылдау жасалып, құрмет көрсетіп, сый-сияпат табысталып жатады. Жалпы, халықтан өз бағасын алса да, саяси тұрғыдан бағасын алмай отыр, — дейді  жазушы.

Абай Әлдешов кейіннен сол кездегі Желтоқсан оқиғасын зерттеген комиссия төрағасы, атақты ақын Мұхтар Шахановтан хат алған. Ақынға желтоқсаншының деректерін Алматы прокуратурасы берген болуы мүмкін. М.Шаханов хатта Желтоқсан ұйымы құрылғанын, соның жұмысына қатысу туралы ұсыныс айтыпты.

Кейіпкеріміз 1986 жылдың 17-18 желтоқсанындағы жағдайды былайша  сипаттайды.

– Біз келгеннен кейін бір сағаттай уақыт өткен соң әскери БТР-лар алаңды қоршай бастады. Олардың алдына мұздай қаруланған әскерилер шығарылды. Бір кезде олар халыққа тап берді. Бұл солдаттар нағыз жендеттер секілді әдейі дайындалғандар болатын. Лықсыған топтың артқы жағы қашып үлгергенімен, алдыңғы жақтағылар бетпе-бет келіп қалды. Күш тең емес еді. Жаңағы жендеттердің қолындағы жарақтарымен ұрған адамдары сұлап-сұлап түсіп жатты. Сондай бір сәтте еңгезердей бір солдат басымнан дубинкамен құлаштай ұрды. Екі-үш қадам жасап, тұмсығыммен жер сүзіп құладым. Сосын мінбенің артына екі қолымды қайырып, сүйреп алып келді. Сол жерге жеткенше неше рет теуіп, ұрғанын білмеймін. Сол маңдағы жарақаттанған адамдардың көптігі сондай, ақ халаттылардың бірі қансырап жатқан мені көріп, «мына бала өліп қалар» деп жедел жәрдем машинасына мінгізіп алды, — деп баяндайды А.Әлдешов  өткен  шақты.

Желтоқсаншы  да  басқалар секілді  оқудан  шығарылғанын, әскердің  өзінде  «ұлтшылдар»  деп қысым  көргенін  жеткізді.

Жазушы Ерғали Абдулладан «Сіздің ойыңызша, қоғамға Тәуелсіздік, Азаттық, Егемендік деген сөздердің қадір-қасиетін сіңіруде не жетіспей жатыр?» деген  сауалды  қойдық.

– Ең біріншіден, бізде отарсыздану жүрмеген, яғни отаршылдық заманының әртүрлі көрінісінен арылмадық. Біреуді қайраткер дейміз, ол шынында Компартияның бір шенеунігі болып шығады.

Музейге барсақ та, кешегі қызыл заманның жендеттерін көп көреміз. Мысалы, Бутаков деген адам болды. Жазушы Молдахмет Қаназдың жазуынша, ол – Сырдың бойында, Арал теңізі маңында қазақтарды малша қырған адам. Біз соны музейге қойып, «Арал теңізін тұңғыш зерттеуші» деп жүрміз. Кейде соның пәленбай жылдығын атап өткісі де келеді. Демек, бізде отарсыздану жүрмей қалды. Осы орайда, тіл мәселесі де, яғни орыс тілінің әлі күнге дейін қосақталып жүруі, басым болуы Тәуелсіздігімізге көлеңкесін түсіріп жүр, — деді жазушы.

Қалай десек те, Тәуелсіздік қазаққа оңай келген жоқ. Оның бағасын терең түсінуіміз шарт. «Қара су ішіп отырсақ та, қайғысыз күнге не жетсін!?» десек, сол қара су ғана ішіп отырғанымыз да қайғының белгісі емес пе?! Ал бүгін басы азат, бейбіт күннің құшағындамыз. Қадірлей білу керек-ақ!

Рыскелді  ЖАХМАН

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: