Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Рухани-мәдени сән көрсетілімі өтті

10.12.2025, 8:25 26

HALYQLINE.KZ

«Анаға тағзым» орталығында ұлттық нақышты заманауи стильмен үйлестірген «Анаға тағзым collection» рухани-мәдени сән көрсетілімі өтті. Іс-шараның басты мақсаты – отандық сән индустриясының дамуына өз үлесін қосып жүрген жергілікті дизайнер-тігіншілердің жұмысын насихаттау, заманауи ұлттық киімдерді жаңа деңгейге көтеруге ықпал ету. Бұл туралы Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Рухани-мәдени көрсетілімде Айман Әбді, Жазира Рамазан, Дана Марлен, Акерке Ахантаева, Айзат Мырзаева, Асель Елешова және Алия Айтмұратқызы ұсынған авторлық топтамалар көпшілік назарына ұсынылды. Матасы мен түр-түсіне, жас ерекшелігі және жасалу техникасына орай 30 үлгіден құралған 9 коллекция жиында көрерменнің жоғары бағасына ие болды.

Салтанатты жиынның басты жаңалығы – орталықтың авторлық әрі эксклюзивті «Анаға тағзым collection» топтамасы. Өткеннің даналығы мен этно-рухты бүгінгі нәзік минимализммен тоғыстырған киімдер үлгісі 7 образдан тұрады. «Анаға тағзым» орталығының төл бренді «Өмір иірімдері» тұмарының 3D нұсқасы – топтаманың символдық өзегі. 3 түске басымдық берілген коллекция брезент, зығыр, купра және кенеп маталарының ерекше үйлесімі нәтижесінде дайындалған. Бұған дейін тек тұрмыстық бағытта қолданылған кенеп орталық топтамасында алғаш рет киім тігуге қолданылып отыр. Жалпы, «Анаға тағзым collection» топтамасында «Балауса» (7-13 жас), «Керім» (16-25 жас), «Алтын құрсақ» (20-30 жас), «Ақ жеңге» (30-40 жас), «Бегім» (40-50 жас), «Бибі Ана» (60-70 жас) және «Ақ үрпек ана» (80-90 жас) образдары қамтылды. Топтаманың тағы бір ерешкелігі: әрбір образ әшекей-моншақсыз, оюсыз дайындалды. Киім үлгілері кенеп жіпті өру және ширату әдісі арқылы, сондай-ақ, «Шексіздік» мағынасын білдіретін геометриялық кескіндер, құрақ тәсілдерімен безендірілді.

Рухани-мәдени көрсетілімде «Анаға тағзым» орталығы ұсынған «Үкілі үміт» креативті кәдесыйының таныстырылымы болды. Табиғи зығыр реңкті, қалың кендір жіптен макраме техникасымен тоқылған туындыдағы әрбір өрім отбасының өзара сенімін, татулық-берекесін меңзейді. Жас отау иелеріне «шаңырақтарың биік, босағаларың берік болсын» деген ізгі тілекпен ұсынылады.

Іс-шара соңында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ж.Сейілов сөз сөйлеп, аймақта креативті индустрияны дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. «Анаға тағзым collection» рухани-мәдени көрсетілімінде авторлық топтамаларын көпшілік назарына ұсынған дизайнер-тігіншілерге ризашылығын білдіріп, алғыс хаттар табыстады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: