Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада «Жүректен жүрекке» мейірім мен өнер тоғысқан фестиваль өтті

06.12.2025, 16:11 28

Қызылорда қаласындағы Достық үйінде Халықаралық волонтерлар күніне орай ұйымдастырылған «Жүректен жүрекке» өнер фестивалі өтті. Мәдениет пен мейірімді бір арнаға тоғыстырған бұл шара қоғамдағы қайырымдылық құндылықтарды дәріптеу, ерекше қажеттіліктері бар талантты өнерпаздарды қолдау және өңірдегі меценаттар мен еріктілердің еңбегін бағалауға бағытталды.

Фестиваль шымылдығы LED экран арқылы көрсетілген әсерлі прологпен түрілді. Одан соң №5 мектеп-интернаттың 20 оқушысы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындап, салтанатты шараның ресми ашылуына ерекше айбар берді. Сахнадағы барлық өнер бағдарламасына сурдоаудармашы Зухра Қалжанова қатар сөйледі.

Фестиваль барысында алдымен Сыр өңірінде жыл бойы жүзеге асқан қайырымдылық жобалары мен әлеуметтік қолдау шаралары жөніндегі бейнеролик көрсетіліп, облыстағы мейірім мен жанашырлыққа толы жұмыстар паш етілді. Одан кейін облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов құттықтау сөз сөйлеп, 30 жылдық тарихы бар Қазақстан халқы Ассамблеясының ел бірлігін, қоғамдық келісімді және қайырымдылық құндылықтарын дәріптеудегі рөлін атап өтті.

Фестиваль аясында өңірдегі қайырымдылық жобаларына тұрақты үлес қосып жүрген азаматтар мен этномәдени бірлестіктерге облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының Алғыс хаттары, статуэткалар және естелік сыйлықтар табысталды. Марапат алғандар қатарында жеке кәсіпкер, «Жомарт жан» төсбелгісінің иегері Қуаныш Сегізбаев, шешен, неміс және өзбек этномәдени бірлестіктері, «Балалар оңалту орталығы» мен «Оңалту орталығының» директорлары Ерлан Қалымбетов пен Манат Тлеуова, волонтер-оқытушы Елжан Беріков, сондай-ақ облыстық Ассамблеяның тұрақты демеушісі Венера Дәулетбаева бар.

Фестивальдің ең әсерлі бөлігі – ерекше қажеттіліктері бар дарынды балалар мен өнер иелерінің сахналық бағдарламасы болды. №6 мектеп-интернаттың «Самғау» триосы «Туған жер» әнін ым-қимылмен жеткізіп, көрерменнің зор ықыласына бөленді. Республикалық «Гүлдер» ансамблінің бұрынғы мүшесі Күлпаш Жалғасқызы А. Зацепиннің «Көктемгі вальс» және Т. Мұхамеджановтың «Іңкәрім-ай» әндерін орындап, кештің сәнін келтірді. «Шабыт» би тобының «Қызыл алма» биі, ерікті жастар мен Аманжол Орманұлының домбырамен орындаған «Жан ана» әні, Жанар Ахметованың үнді әуені «Дильдагалиясы», ақын Лаура Төлегенованың жүрек тербеген өлеңі мен әні көрерменді тебірентпей қоймады. Сонымен бірге Бекарыс Айдарбекұлының «Жүрегім қазақ» әнін ыммен шебер орындауы, жас өнерпаз Лиза Ермаханның «Сыр сұлуы» композициясы кештің шынайы мәнін аша түсті.

Әрбір өнерпазға сахнада ерекше қолдау көрсетіліп отырды. Этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен кәсіпкер-меценаттар қатысушыларға сыйлықтар табыстады. Бұл – Ассамблея құрылымдарының игі іс пен қайырымдылықты жүйелі түрде қолдап келе жатқанын айғақтайтын көрініс болды.

Сондай-ақ фестиваль барысында «Жомарт жан» орталығының жетекшісі Ирина Шек сөз сөйлеп, орталықтың өңірдегі қайырымдылық бағытындағы жұмыстарына тоқталып, «Қоғамдық келісім» КММ мен «Жомарт жан» орталығының Алғыс хаттары табысталды. Марапаталғандар қатарында №5 және №6 арнайы мектеп-интернат директорлары Жамбыл Ахметов пен Бинара Нәлібаева, әнші, ҚХА мүшесі Константин Луца, қалалық мәслихат депутаты Маржан Бисенова, меценат Нина Букина және неміс этномәдени бірлестігінің белсендісі Елена Шевченко бар.

Фестиваль жас әнші Бексұлтан Пірмағамбеттің орындауында «Елім менің» әнімен тәмамдалды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: