Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жастар смартфоннан бас тарта ала ма?

04.12.2025, 11:40 72

Күнде үйден шығып бара жатып, лифтіде жолыққан балалардың, бозбала мен бойжеткендердің смартфонына шұқшиып қарап тұрғанын көремін. Олар лифтідегі адаммен амандаспақ түгілі, есік ашылғанда сыртқа шығуды ұмытып кетеді. Кіндігі гаджетке «байланып» туған Z ұрпақ айналасына назар  аудармайды. Себебі, олар қаршадайынан смартфонды «еміп» өскен. Номофобияның («no mobile phone phobia» – «ұялы телефоннан айырылып қаламын ба деген қорқыныш») құрбаны болған ұрпақты бір жағынан аяйсың, екінші жағынан кінәлай да алмайсың… Бір алаңдатарлығы, оларда интернеттегі әлем-жәлем контентті саналы, сауатты тұтыну мәдениеті жоқ.

Біздің қоғамда мектеп оқушысы да, колледж не университет студенті де смартфонды ешқандай шектеусіз қолданып жүр. Әлеуметтік желілердің бәрі ашық тұр. Жақында Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстанда балалардың әлеуметтік желілерге тіркелу жасына шектеу қою мәселесін көтерді. Оның айтуынша, балалар TikTok пен Instagram желілерінде бес-алты жасынан бастап ешқандай ата-ана рұқсатынсыз және жеке тұлғаны растаусыз аккаунт аша алады. Басқа елдерде мұндай шектеулер әлдеқашан енгізілген. Мәселен, Дания мен Аустралияда тіркелуге тек 15-16 жастан бастап рұқсат етіледі. Ал АҚШ, Англия және Ирландияда ата-ананың арнайы рұқсаты мен міндетті верификация талап етіледі. Алайда, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің орынбасары Дмитрий Мун Цифрлық кодекс аясында мұндай бастама қарастырылмайтынын ашық айтты. Демек, шектеу қойылмайды деген сөз.

Ал өркениетті елдер бүлдіршіндердің, жастардың денсаулығы мен келешегін ойлап, әртүрлі іс-әрекетке баруда. Мысалы, Австралияда  биылғы      10  желтоқсаннан  бастап 16  жасқа  толмағандарға әлеуметтік  желілерді пайдалануға  тыйым салатын заң күшіне енеді. Премьер-министр Энтони Албаниз бұл шектеу балаларды әлеуметтік желілердің зиянды ықпалынан қорғауды көздейді деп мәлімдеді. Көптеген ата-ана бұл шешімді қолдап отыр. Дания өзінің білім беру саласындағы саясатын өзгертіп, мектепте ғана емес, оның ауласында планшеттер мен смартфондарды қолдануға толығымен тыйым салатын ереже қабылдады. Білім беру министрі Маттиас Тесфайе цифрландыру үрдісіне қадам басқанда оқушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығы ұмыт қалғанын ашық мәлімдеді. Ұлыбританияның ғылым және технология министрі Питер Кайл кейбір қосымшаны пайдалануға қатысты «міндетті коменданттық сағат» енгізуді ұсынды. Норвегия әлеуметтік желілерді пайдалануға рұқсат берілетін жас шектеуін 13-тен 15-ке көтерді.

Айтпақшы, Асхат Аймағамбетов мектептерде смартфон  қолдануға тыйым салуды ұсынды. Халық  қалаулысы  Англия,  Нидерландыда,  еліміздегі НЗМ мен БИЛ-де мұндай шектеулер бүгінгі уақытта бар екенін және ол өз нәтижесін көрсеткенін мысал­ға келтірді. Шектеудің нәтижесінде оқушылардың өзара қарым-қатынасы жақсарып, оқу үлге­рімі артыпты. Мұндай тамаша тәжірибе Еуро­па елде­рінде бар. Оларда «Смартфонсыз бала­лық шақ» деген ізгілікті насихаттайтын қоз­ғалыс қана­тын жайып келеді. «The Independent»-те жария­ланған мақалаға сүйенсек, өткен жылы Ұлыбританияның Сент-Олбан қаласындағы  33 мектептің директорлары мен педагогтері ата-аналар­ға ұжымдық үшбу хат жолдады. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің бала психикасына, мінез-­құлқына кері әсерін тигізіп жатқанын ашық түсіндіріп, оқушыларға 9-сыныпқа дейін смартфон ұстатпауды өтінді. Қоңыраулар мен хабар­ламалар үшін интернетке шығу мүмкіндігі жоқ телефондар­ды пайдалануды ұсынды. Таңғаларлығы, ата-ана­лардың дені ұтқыр ұсынысты бірден қолдады. Сөйтіп, бастауыш сыныптар мен 14 жасқа дейінгі оқушыларға смартфон  қолдануға  тыйым  салынды.

Арада жарты жыл өткенде мектепке телефон әкелетін 10-11 жастағы балалардың саны 68 пайыз­дан  7  пайызға  азайыпты.

«Смартфоннан бас тарту оқушылардың концентрациясы мен әлеуметтік қатынасын жақсартты, олар бір-бірімен шүйіркелесіп, көбірек бірге ойнайтын болды, өзара жанжал азайды», — дейді Cunningham Hill School бастауыш мектебінің дирек­торы Мэттью Тавендер.

Ресми құзырлы орындар таратқан дерекке үңілсек, Ұлыбританияда бүгінгі күні 8-11 жастағы балалардың 59 пайызында смартфон бар. 5-7 жастағы балалардың 25 пайызы смартфон қолданады. 8-15 жастағы балалардың 23 пайызы күніне 4 сағаттан аса уақыт экран алдында отырады. Сарапшы-мамандар мектепте ғана смартфонға тыйым салу жеткіліксіз екенін, оқушыларға жалған ақпараттан сақтану, интернеттегі контентті сауатты тұтынудың маңызын түсіндіру қажеттігін айтады.

«Біздерде мынадай бар, мынадай бар» дегендей, осы жазда Instagram-дағы The Offline Club-тың жазылушыларының саны 596 мыңға жетті. Назар аударарлық жайттың бірі, Offline Club Instagram-ды қоса алғанда барлық әлеуметтік желіден саналы түрде бас тартуды жастарға насихаттайтын алаң. Бұл жобаның негізін салған нидерландтық Джорди, Илья және Валентин деген үш жігіт қызықты аккаунтты жүргізудің мақсатын ашық жазды.

«Бүгінгідей смартфондардың шырмауында қалған адамдарға шынайы өмірді, адамгершілікті қайтаруға күшімізді аямай жұмсаймыз!» дейді олар.

Offline Club-тың ниеттестерімен бірлесіп олардың жып-жылы, шынайы кездесулер өткі­зіп жүргеніне жылға жуықтаған. Алды­мен «Сіз өз теле­фоныңыздан  бас тартуға дайынсыз ба?» деген қысқа бейнежазбаны The Offline Club-тың парақшасынан таратады. Сөйтіп, жастарды смартфонсыз жүздесуге шақырады. Күндіз және түнде әлеу­мет­тік желілерге үңілудің орнына кездесуде бірге кітап оқиды, ойын ойнайды, қолөнермен айна­лысады, бетпе-бет емен-жарқын тілдеседі. Бұл – сонау смартфондар әлі шықпаған кездегідей шынайы қарым-қатынастар. «Ұмытылмас қараша! Жыл да аяқталып келеді. Біз өзіміздің телефондарымызбен шынайы қарым-қатынас жасауды жалғастырамыз. Амстердамдағы әдемі шіркеуде @flow_magazine-мен бірлесіп, қолөнер клубының соңғы жиынын өткіземіз. Сондай-ақ метро желісін интернеттен ажыратамыз. Ал Парижде Сіздерді офлайн-серуен­дер және Ұлттық мате күніне арналған оқырмандар кешіне шақырамыз! Барселонада толыққанды офлайн-қауымдастықпен бірге бір күндік демалыс ұйымдастырамыз. Лиссабонда өтетін детективтер (интернеттен ештеңе іздемеңіздер) офлайн-кешіне куә болып, одан кейін бір сағаттық оқырмандар рейвіне қосылыңыздар. Бұдан бөлек, офлайн-жүздесулеріміз Коппегагенде, Лондонда, Миланда, Берлинде және Кельнде өтеді. Осы сілтеме арқылы орындарыңызды алдын ала белгілеп, пікірлер жазылатын жерге «Іс-шараға қатысамын!» деген жазу қалдырыңыздар. Ал әзірше… смартфондарыңыз өшірулі болсын!» деп жазылған Instagram-дағы The Offline Club-тың  парақшасында.

Бір қуанарлығы, Нидерландының астанасы Амстердамнан басталған бұл жобаға кейінірек Лондон, Париж, Милан, Лиссабон, Барселона, Копенгагендегі жастар қосылды. Германияның бірнеше қаласында «Смартфоныңды үйде қалдыр!» деген ұрансөзбен кездесулер өтуде. Гаджеттерден бас тарту идея­сын мейрамханалар мен түнгі клубтар да қолдап, өздеріне келушілерге ұялы телефондарын үйде қалдыруды өтініп, хабарлама таратады. Осылайша, Еуропадағы жастар арасында оф­ф­лайн-­клубтардың  танымалдығы  артып  келеді.

Өткен жылдың соңында Германиядағы Bitkom салалық қауымдастығы әлеуметтік зерттеу жүргізіп, 16-29 жас аралығындағы жандардың күн са­йын 3-4 сағат уақытын тек смартфонмен өткі­зетінін анықтаған. Әлбетте, мұндай жаңалық мәселе­нің түп-тамырына толықтай үңілуге мүмкіндік бермейтіні анық. Біздің қоғамда жастар тіпті 6-7 сағат смартфонға телміріп қарап, ондағы сүзгіден өтпе­ген бейәдеп бейнежазбаларды көріп отырады. Алайда шетел жастарының көпшілігі интер­нетсіз әлемде өмір сүргісі келеді екен. Жуыр­да Британ стандарттар институтының (BSI) ғалым­дары бұрын-соңды жұрт назар аудармаған бір жаңалық  ашты.  Жаңа зерттеудің  нәтижесінде белгілі бол­ғанындай, 16 мен 21 жастағы адам­дардың 70 пайызы әлеуметтік желілерде «отыр­ғанда» өзін өте жайсыз сезінетінін айтыпты. Сол себептен сауал­намаға қатысқан жастардың жартысы кешкі сағат  22:00-ден кейін белгілі бір қосым­шалар мен веб-сайттарды шектейтін «цифрлық коменданттық сағат» енгізуді қолдаған. Тіпті, олардың 46 пайызы жастық шағын интернетсіз әлемде өткіз­гісі келетінін жеткізген. BSI-дің зерттеуіне 1293 респондент қатысқан. Ағылшын ғалым­дары бұл зерттеудің қорытындыларын бұдан бұрынғы сауалн­амалардың нәтижесімен салыс­тырып қарау­да. Мәселен, 2024 жылдың соңында АҚШ-тағы Harris Polls әлеуметтік зерттеулер институты тура осыған ұқсас зерттеу жүргізіпті. Одан мәлім болғаны, америкалық жастардың дені «Instagram, TikTok, X сияқты әлеуметтік желілерді ешқашан ешбір адам ойлап таппағанын қалар едік»  деген  жауабын  айтыпты.

Жастардың смартфоннан бас тартуға ұмтылуы кездейсоқ жағдай емес. Бір қызығы, ғалымдар смартфон ұстаудан бас тартқан адамның миы бірден жасаратынын дәлелдеді. АҚШ пен Канада ғалым­дарынан құралған зерттеушілер тобы белгілі бір уақыт смартфонсыз өмір сүру әр адамның психи­касына жағымды әсер етіп, көңіл күйін бір қалыпқа түсіріп, бақытты сәттердің рақатын толық сезінуге көмектесетінін анықтаған. PNAS Nexus журналында жарияланған зерттеулердің нәтижесі көрсеткендей, интернет-серфингті шектеу адамның миын 10 жылға дейін жасартуы мүмкін. Бұл зерттеуге 467 ерікті адам қатысқан. Олар арнайы қосымшаның көмегімен өз смартфонындағы интернетті екі аптаға өшіріп қойған. Эксперимент екі айға созылып, сол аралықта бірінші топ алғашқы екі аптада, екінші адамдар тобы кейінгі екі аптада интернетсіз өмір сүрген. Тапсырманың қиындығына (бұл жерде тек 119 адам интернетсіз тірлікке тек 10 күн шыдаған) қарамастан, оның нәтижесі де таңғаларлықтай болып шыққан. Смартфонды қолдану уақыты күніне екі есеге дейін – 314-тен 161 минутқа қысқарыпты. Тапсырманы орындаған жандардың көңіл күйі бір қалыпқа түсіп, соның әсерінен милары тынығып қана қоймай, бірнеше жылға жасарғаны анық сезілген. Депрессия деген нәрседен айығып, тып-тыныш өмір дағды­сына оралғанда не болғанын өздері де түсіне алмай, таңдай  қағыпты.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Астана  қаласы

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: