Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанда қандай жаңа партиялар құрылуы мүмкін?

04.12.2025, 11:20 80

ЖАЛҚЫ СҰРАҚ

Дос  КӨШІМ,

саясаткер:

Қазір  жеке  бір партиялардың төменнен құрылуы мүмкін емес. Себе­бі,  билік  бәрін  бақылап, өзіне керектісін ғана жібереді. Ал, керек­тілерінің бәрі сол жерде отыр. Менің ойымша, бір-екі партия артық та сияқты.

Ал, енді «қандай партия қолдан құрылуы керек?» десеңіз, өкініштісі сол, барлық партия қолдан құрылып жатыр ғой, онда менің қорқатыным – ұлттық бағыттағы, бірақ билікті қолдайтын партияны жасайтын шығар. Себебі, ұлттық мәселе демография өскен, қазақтар көбейген сайын алдыңғы орынға шыға бастайды. Ал, қазіргі ұлтшылмыз деп жүрген азаматтар билікпен  келіспейді. Олардың ұстанымы бөлектеу. Сондықтан  билікпен келісетін, халықты алдау үшін жаңадан бір ұлттық бағыттағы, зиялы  қауымды араластырып па, бір партия құрылуы мүмкін. Бұл таза ұлттық партия болмайды, себебі біздің конституция  бойынша ұлттық партия  құруға  болмайды  ғой.  Ол  ұлттық бағыты  басым­дау, қысқасы, ұлттық ұран көтеріп жүргендерді соның  қасына топтастырып, жинақтап алу үшін жасанды түрде ұлттық  бағыты  басым  бір  саяси  күштер  жасалуы  мүмкін.


Әміржан  ҚОСАН,

саясаткер:

Президент Тоқаев жариялаған парламенттік реформа тек қана заң шығару органына қатысты ғана болмай, елдің саяси өмірінің басқа да маңызды саласына әсер етейін деп тұр. Мемлекетті басқару жүйесі ғана өзгермей, партиялар секілді саяси өмірдің аса маңызды құрамдас бір бөлігінің болмысы мен тұрмысына жаңаша серпін берілгелі жатыр, өйткені ендігі жерде (әрине, жарияланған бастама жүзеге асса) Парламент  тек  қана  партиялық  тізімдер  бойынша  құралады.

Меніңше, мәселені екіге бөлу керек.

Біріншісі сол: плюралистік қоғам қандай партияларға зәру?

Идеологиялық ұстанымға келсек, бізге либералдық (яғни, еркін нарық, бизнес, кәсіпкерлікті қолдайтын), социал-демократия­лық (яғни, экономика мен әлеуметтік саясатта мемлекеттің ролін көте­ретін), центристік (яғни, жоғарыда айтылған екі идеологияның қақ ортасындағы), ұлттық-демократиялық (яғни, ұлттық мүддені басшылық­қа алатын) идеяларды жалау еткен партиялар керек. Оның ішінде қайсысы оппозициялық болады, оны ол партиялардың өздері шеше  жатар.

Екіншісі сол: өз басым бүгіндегі билік сондай батыл қадамдарға бара алады дегенге сеніңкіремеймін. Билік «алуантүрлі пікір – біртұтас ұлт» деген маңызды қағидатты жарияласа да, әзірше пар­тиялық  құрылысты  өз  уысынан  шығара  қоймайтын  сықылды.

Сол себепті менің долбарым мынадай. Болашақ Парламентте билік партиясының гегемониясы сақталады, ол үшін барлық құқықтық мүмкіндік бар, өйткені сайлау процесі – өкіметтің ашса, алақанында, жұмса, жұдырығында. Сонымен бірге, бәлкім, мен жоғарыда айтқан либералдық, социал-демократиялық сипаттағы партиялар (оған қоса тағы басқа, мәселен, аграрлық, жастар, экологиялық, тіпті бұрын-соңды біз көрмеген саяси экзотикалық және т.б.) билік партиясының спарринг-әріптестері Парламентке кіруі мүмкін, бірақ олар  өзінің  әрбір  сөзін  билікпен  келісіп  отырады.

Ал таза оппозициялық, антибилікшіл партиялар тіркеледі, сол арқылы Парламент сайлауына қатыса алады дегенге мен тіпті сенбеймін.

Жазып  алған

Н.АҚПАН

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: