Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Астаналық көші-қон: қауіп пен шешім

27.11.2025, 12:20 224

Мұндай  сауал  Мемлекет басшысын я болмаса елорда әкімін ғана емес, бас қалада тұратын  кез  келген  адамды ойландыратыны  анық.  Өйткен себебі,  Астанаға  өңірлерден көшіп  келушілердің  саны  тез өсіп  келеді.  Ұлттық  статистика бюросы  (ҰСБ)  жариялаған  ресми дерекке  сүйенсек,  2025  жылдың  1 қазанындағы  мәлімет  бойынша елорда халқының саны 1 612 512 адамды құраған. Әсіресе, көші-қондағы жағымды сальдо көрсеткіші – 68 336 (2024 жылғы қаңтар-қыркүйекте – 54544) адам. Соның ішінде сыртқы көші-қонда 1084 адам (2024 жылғы қаңтар-қыркүйекте – 1691), ішкі көші-қонда – 67252 (өткен жылғы қаңтар-қыркүйекте – 52853) адам. Биылғы 9 айда төр қалаға  67 252 адам қоныс аударған. Алайда, бұл – тек тіркелгендер туралы ресми дерек. Тіркелмей-ақ тұрып жатқандар  қаншама.  Оған  себеп, ішкі  көші-қон  саласы  бақылаусыз,  иесіз  қалып  отыр.

Бұл туралы қыркүйек айындағы Жол­дауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ашық айтты. «Ішкі және сыртқы көші-қон үдерісінің бақылаусыз қалуы жұрттың бәрі тұрғысы келетін ірі қалаларымыздың инфрақұры­лымына орасан салмақ түсіріп отыр. Астана – соның айқын мысалы. Соңғы үш жылдың өзінде елорда тұрғындарының саны 250 мыңнан астам адамға, соның ішінде былтыр 100 мың тұрғынға көбейді. Биылғы өсім онсыз да жоғары саналатын осы көрсеткіштен  асып  түсуі мүмкін. Елордада халық саны ресми түрде 1,5 миллион адам болғанымен, оның инфрақұрылымы іс жүзінде күн сайын 1,9 миллион адамға қызмет көрсетеді. Басқаша айтсақ, Астана 400 мыңнан астам адамға, яғни халық саны бойынша орташа қала саналатын тағы бір шаһардың тұрғындарына пара-пар жұртқа ешқандай жоба-­жоспарсыз қызмет етіп жатыр. Сондықтан қала­ны сумен және жылумен қамтамасыз ететін жүйелердің үздіксіз жұмысына қауіп төніп  тұр»  деді  Президент.

Енді көші-қон өсімі дегенге қайтып ора­лайық. Ұлттық статистика бюросының мәлі­меттеріне  сүйенсек,  биылғы  9 айда Астана ел ішіндегі мигранттар ағымы бойынша Алма­тыны артта қалдырды. Осы кезеңде елордаға 137 мың  адам қоныс аударып, 70,6 мың адам көшіп кетіпті. Жоғарыда жазғанымыз­дай,  халық  санының  таза  өсімі 67 252 адамды құраған. Ал екінші орындағы Алматыға 116 мың адам көшіп келіп, 88 мың адам басқа  өңірге  кеткен, халық санының таза өсімі – 28 мың адам. Демек, ішкі көші-қонда Астана негізгі тартылыс мекеніне айналып отыр. Сарап­шы мамандардың пайымдауынша, мигранттарды урбандалудың жоғары қарқыны, дамыған инфрақұрылым және құрылыс, логистика, халыққа қызмет көрсету салаларындағы жұмысқа орналасу мүмкіндіктерінің көптігі  магнитше  тартуда.

БАҚЫЛАУСЫЗ  КӨШІ-ҚОННАН  ҚАНДАЙ  ҚАУІП  БАР?

Президент Жолдауда еңбек нары­ғын, әсіресе көші-қон мәселесін реттеу саласында есепке алудың орта­лықтандырылған жүйесі жоқтығына назар аударды. Елорданың еңбек нарығында да бүгінге дейін түйіні тарқатылмаған мәселе көп. Қазір өңірлерден мегаполистерге адамдар тез көшіп жатыр. Мысалы, ҰСБ-ның мәліметі бойынша 2025 жылдың 6 айын­да Астанаға 26 мыңнан астам адам қоныс аударыпты. Бұл Алматымен салыс­тырғанда 1,5 есеге көп. Егер дер уақытында жүйелі жұмыстарды қолға алма­сақ, көп ұзамай инфрақұрылымы өзіне түсетін күшті көтере алмайтын, халқының саны шамадан тыс артқан агломерациялар пайда болады. Оған көз  жұмып қарайтын болсақ, әлеуметтік  және  экономикалық мәселелер  ушыға  береді.  Хош  делік.

Көші-қон саласында да кемшілік көп. Астанаға күн сайын ел аума­ғынан, алыс-жақын шетелден қанша адам келіп-кетіп жатқанын бақы­лайтын орталықтандырылған жүйе жоқ. Бір ғана мысал. Маусым айында 4 күннің ішінде бас қалаға заңсыз жолмен кірген 72 шетел азаматы ұсталып, ел аумағынан шығарылды. «Нелегал» деп аталатын төрт күндік жедел-іздес­тіру іс-шараларының нәтижесінде көші-қон заңнамасын шетелдіктердің бұзуына қатысты 413 оқиға тіркелді. Соның ішінде шетел азаматтарын жұмысқа шақырып, ұлттық заңнаманы бұзған 46 қазақстандық әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бірақ бұл заңбұзушылықтар осымен тоқтады дегенге ешкім сенбейді. Ал биыл ақпан айында астаналық көші-қон полицейлері миграциялық заңнамамызды бұзған 279 шетел және 53 Қазақстан азаматын анықтап, қолға түсірді. Сол жолы жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз шетел азаматтарын жұмысқа заңсыз жолмен шақырған жұмыс беруші 15 адамға қатысты да тиісті жаза қолданылды. Мұндай мысалдарды  көптеп  келтіруге  болады.

Мигранттардың заңсыз «шеруіне» тосқауыл қоюда солтүстіктегі «көршіміздің» тәжірибесінен өзімізге керегін алуға болады. Мысалы, Ресейдегі 2024 жылғы «Крокус Сити Холл»-дағы терактіден кейін Орталық Азия елдерінен баратын мигранттарға тәртіп күшейтілді. 2025 жылдың қаңтар айынан бастап барлық шетелдіктің SIM-картасы бұғатталды. Ресейлік ұялы байланыс операторларының қызметін пайдаланғысы келетін мигранттар жеке шотын ашып, сақтандыру нөмірін жазады, сөйтіп «Мемқызметтерге» тіркеледі. Биометриядан өтіп, ұстайтын ұялы телефонына IMEI-код алады. Бұл – алаяқтыққа тосқауыл қоятын қатаң шараның бірі. Ал қыр­күйек айы­нан бастап Мәскеу мен оның маңындағы қалаларда мигранттарды арнайы қосымша арқылы тексеретін тәсіл енгі­зілді. Ресейге визасыз кіргендердің бәрі осы тексерістен өтеді. Мигранттар міндетті түрде дактилос­копиялық тексеруден өтіп, биомет­рикалық сурет­ке түсіп, іс жүзінде тұратын  мекенжайын  көрсетіп, «Әмина» атты ұялы қосымшаға тіркеледі. Жергілікті билік «Әминаның» көмегімен мигранттардың жүріп-тұруына қатаң бақылау жасайды. Осы бақылаудан қашқандар жедел ел аумағынан шығарылады. Бұл тәжірибені ресейлік полицейлер 2029 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ұзартты. Өзіміз көріп отырғандай, көші-қонның мұндай орталықтандырылған жүйесі Ресейге ағылған мигранттар көшін күрт азайтып, керісінше, олар енді Қазақстанға қарай  ағыла  бастады.

ЖАЛҒАН  ТІРКЕУ  ЖАРҒА  ЖЫҒАДЫ

Көші-қон және полиция қызмет­терінің жүйелі жұмыс жүргізуіне қара­мастан, Астанада жалған тіркеуге тұрғызу деген мәселе шешімін таппай отыр. Жыл сайын қалаға бірнеше мыңдаған адам көшіп келгенімен, олардың бәрі ережеге сәйкес тіркеуге тұрмайды. Көпшілігі заңды бұзып, жалған тіркеу парағымен өмір сүреді. Қалалық көші-қон полициясынан алынған деректерге сүйенсек, бұл жерде негізінен жалған тіркеуге тұратындардың ағынын студенттер, құрылыс және қызмет көрсету саласының жұмыс­шылары, сондай-ақ елордадан жайлы өмір сүруді іздеп келген жас отбасылар құрайды. Олардың мақсаты айқын – білім алу, жалақысы жоғары жұмысқа тұру, әлеуметтік жағынан өсіп-жетілу жолдарын іздеу. Алайда, бұл ізденістер балабақша, мектеп, аурухана, халыққа қызмет көрсету орталығындағы орын тапшылығына әкеліп  соқтыруда.

Жергілікті биліктің де шынайы картинаны көре алмай, дағдаратын жері – осы. Өйткені,  тіркеуге  тұрмай  я болмаса жалған тіркеуден өтіп, қала­да өмір сүретін адамдардың есебінен халық саны күрт көбейеді. Астанада емхана, ауруханалардағы орын тап­шы­лығына тікелей әсер ететін фактордың бірі – осы. Жыл сайын қалада қаншама балабақша, мектеп, аурухана салынса да, бәрібір тапшылық жойылмайды. Мәселен, 2025 жылы астаналық поли­цейлер жалған тіркеуге тұрған ондаған азаматты анықтады. Олардың әрқайсысы бойынша әкімшілік жаза қолданылды. Алайда сарапшылардың айтуын­ша, бұл бағыттағы мәселелердің ауқымы зор. Көбіне  бір тұрғын үйге бірнеше бөтен адамды тіркеп қо­йып, оның шынайы қожайыны азғантай ақы алып жүруі мүмкін. Жалған тіркеудің негізгі мақсаты кімге болса да түсінікті. Ол – Астанаға орнығу, одан әрі баласын балабақшаға, мектепке орналастырады. Медициналық қызметтерді тұтынып, тұрып жатқан жеріне ресми ақша төлемейді. Сайып келгенде, одан әлгі адамға зиян жоқ, бірақ қалаға салмақ түседі. Бюджетке салық түспейді, аз ғана тұрғындарға есептелген аудандарда инфрақұрылым салмақты  көтере  алмайды.

Мұндай жағымсыз ахуалды өзгер­ту үшін қала билігі тіркеуді электрондық жүйеге көшірмек. Бір тұрғын үйге қанша адамға дейін тіркеуге рұқсат етілетіні, пәтерін жалға беретін жандарға қатаң бақылау жасалатыны әзірше жоспарланып отыр. Осы жерде кез келген адам Әкімшілік-құқық бұзушылық туралы кодексте тіркеуге тұрмаған азаматтарға 7 АЕК (25 800 теңге), заңсыз әрекет қайталанған жағдайда 13 АЕК (48 000 теңге) көлемінде айыппұл салынатынын біле бермейді. Ал өтірік тіркелгені үшін (тіркеліп, бірақ ол жерде тұрмайтын болса) 10 АЕК (39 000 теңге) көлемінде айыппұл төлейді. Тіпті, мұндай әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бір анық нәрсе, өңірлердегі әлеуметтік ахуалдың төмендігі, халықтың мегаполистерге жанталаса көшуге ұмтылуы сияқты тамыры терең­де жатқан мәселелер оң шешілмей тұрып, жалған тіркеуге тұрумен күресте  нақты  нәтиже  болмайды.

БАРЛЫҚ  ЖҮЙЕГЕ  САЛМАҚ  ТҮСЕДІ

Астанаға биыл 9 айда 70 мыңға жуық адам қоныс аударыпты. Жолдау­да Мемлекет басшысы «қаланы сумен және жылумен қамтамасыз ететін жүйелердің үздіксіз жұмысына қауіп төніп тұр» дегенді жайдан-жай айта салған жоқ. Салыстырмалы мысал келтірейік. Биыл елорда мектептерін 14 мың түлек бітірді. Бірақ 1 қыркүйек­те 30 мыңнан астам бала 1-сынып табалдырығынан аттады. Демек, білім беру мекемелеріне деген сұраныс күрт артатыны анық. Астана әкімдігі таратқан ресми мәлімет бойынша, 1 қыркүйекте «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында елордада екі ауысыммен оқитын 28 мың оқушыға арналған 7 мектеп есігін айқара ашты. Алдағы екі жылда 20-дан астам мектеп жаңартылады. Ауруханалар құрылысы да қарқынды жүргізіліп жатыр. Алдағы 5 жылда екі перинаталдық орталық, көпбейіндік аурухана, екі мемлекеттік және үш жекеменшік емхана салынады. Бірақ бұл нысандар да аздық етуі мүмкін.

Себебі, халық саны тез өскен са­йын өмір сүруді қамтамасыз ететін барлық жүйеге салмақ түседі. Ең бастысы, жергілікті билік инфрақұрылымды дамыту жоспарын дұрыс жоспарлап, іске асыра білуі тиіс. Сол кезде ғана көші-қон ағынын даму мен өркендеу­дің құралына айналдыра алады. Көше­дегі кептелістер мәселесіне тоқта­лайық. Кептелекті азайту үшін әкімдік цифрлық басқару тәсілін енгізуде. Қала әкімі Жеңіс Қасымбек бір сөзінде негізгі кептеліс нүктелері Тұран даңғылы, Мәңгілік Ел, Қабанбай батыр даңғылы, Сығанақ, Сарайшық, Қонаев және Достық көшелерінде шоғырланатынын айтқаны мәлім. Бұл көшелер орталық мемлекеттік орган­дар мен ұлттық компаниялардың ғимар­аттары орналасқан аудандарды жалғайды. Бұл бағытта көлік ағын­дарына талдау жүргізу арқылы кептелістерді азайтудың әртүрлі жолы қарастырылуда.

Соның бірі – жол-көлік апаттарын тіркеуге дрондарды пайдалану. Мәселен, кез келген қаладағы жол-көлік оқиғалары екі автокөліктің соқтығып қалуымен жасалады. Үлкен қалада басқа көліктердің жүрісіне кедергі келтіреді. Полиция қызметкері оқиға орнына жеткенше, қозғалыс бөгеледі. Міне, осы кезде бағдарлама қондырылған дрон тез ұшып барып, болған оқиғаны суретке және бейнетаспаға түсіреді. Барлық ақпаратты полиция бөлімшесіне жібереді. Мұндайда авто­көлік иелері бірнеше сағаттап жолда күтіп тұрмайды. 3D-суреттер асқан дәлдікпен түсірілгендіктен, жол-көлік апатына баға беретін мамандар тез әділ  шешім шығарады. Бұл жоба жасалым  деңгейінде  болса да, өте тиімді әрі сапалы  болары  сөзсіз.

Әзірше дрондар елорданың қауіп­сіздігі мен тәртібін биіктен бақылауға кірісті. Бұдан былай олар көшелердегі автокөлік қозғалысының ағынын, жол ережелерінің бұзылуын, ұрланған автокөліктердің нөмірлерін анықтап, оны іздеудегі ақпаратпен салыстырады. Сондай-ақ, олар қаланың барлық аумағындағы ахуалды жіті қадағалап, қажет болған жағдайда полицейлерге нақты мәліметтерді жеткізеді. Дрондарға түсірілген барлық бейнежазба Астана қалалық Полиция басқармасының Жедел басқару-әрекет ету орталығына жіберіледі. Полицейлер дрондарға орнатылған дауыс зорайт­қыштың көмегімен тұрғындарға қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысты хабарламалар таратады. Заманауи «ақылды» технологиялардың көмегі­мен ең қиын деген мәселелерді де тез, оңай шешуге болады.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Астана  қаласы

«Халықтың» коллажы.

Инфографиканы жасаған Е.Қалиев.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: