Қазақ киноиндустриясы тақырыбы бүгінде өте өзекті. Шыны керек, соңғы көтерілген мәселелер мен қоғамның қызу талқысына байланысты фильм түсіремін деушілер жаңа тың идеяларды алып келуде. Қазақ киносы бұрыннан дамымаған дейміз ғой. Бірақ та 2000-жылдардың орта тұсында есті туындылар әжептәуір жарыққа шығып жүрді. Мысалға алсақ, «Шал», «Айка», «Аңшы бала», «Асланның сабақтары» секілді комедия жанрынан тыс, шетелдік кинотуындылармен текетіресетін картиналар Голливудпен деңгейлес болмаса да, біршама кинофестивальға қатысып, төбе көрсетіп жүрген. Бірақ сол 2015 жылдан бастап елімізде кинотеатр мәдениеті қалыптасып, әлемжелі әсерінен PR-лату оңайлай түскен соң фильмдер бірте-бірте комедиялана бастады. Қысқасы, халықтың емес, қалтаның қамы үшін түсірілетін кинолар көбейді. Біразға созылған үрдістен кейін бірте-бірте киноиндустрия саласы кәсібилердің қолына өтіп, жанрлар әртараптана бастағандай. Сөзімізге дәлел – жақында ғана көрерменге жол тартқан «Ауру» фильмі. Режиссурасымен, операторлық жұмысымен және әлеуметтік-қоғамдық мәселелерді бұлжытпай көрсетуімен ерекшеленген картинаға жан-жақты талдау жасап, қызу талқыға бес тиынымызды қоса кетсек дегенбіз.
КІРІСПЕ
Ең алдымен фильм туралы анықтама бере кеткен жөн шығар. Сондай-ақ анонс пен маркетинг жайлы сөз қозғамасқа да болмайды. «Аурудың» трейлері осыдан бір жыл бұрын шығып қойған. Трейлердің өзі фильмнің көпке баратынын білдіргендей болды. Сол сәттен-ақ «қазақ киносы біртіндеп дамып жатыр», «бұл фильм міндетті түрде кассаны жарады» деуші, ыстық ықыласты көрерменді көп көрдік.
Кино режиссері – Айтөре Жолдасқали. Айтөрені көпшілік «Шекер» веб-сериалынан таныды десек болады. Шетелдік кинематографиямен етене таныс, креативімен көзге түскен азамат. Аталған веб-сериалдың толықметражды фильм версиясын түсірген ол режиссураға жаңа тыныс алып келді. Бірте-бірте танымалдылығы артып, өзінше із қалдыруда.
Трейлерден көргеніміздей, фильм несиеден несиеге өмір сүріп, тағдыр тәлкегіне түскен жас жұбайлар туралы. Трейлерден ұғатынымыз сол. Ал қалған сюжет желісін автор құпияда қалдырады.
Маркетинг жағын атап өту керек дедік қой. Расымен, әртүрлі шоу-бизнес өкілімен жасалған промо роликтер кино жарнамасын едәуір үдетті деуге негіз бар. Журналист Дина Төлепберген қайырымдылыққа жиналған ақшаны үнемдеп, артылғанын өзінің керегіне жаратқан блогердің рөлін сомдады. Ал «ИК» тобының мүшесі әрі сценарист Алдияр Жаппархан құмар ойынға сонша беріліп, үйіндегі әжесінің жиған-тергенін зомбылықпен ұрламақшы болған лудоманның кейпінде болды. Тағы сол шамада онға жуық промо бейнежазба жарияланды.
СЮЖЕТ ЖЕЛІСІ, ОПЕРАТОРЛЫҚ ЖҰМЫС және РЕЖИССУРА
Жалпы, фильм несие шырмауынан шыға алмаған жас жұбайлар жайлы екенін анық айттық. Ары қарай толықтырайық. Алғашында басты кейіпкерлер Азамат та, Таңшолпан да жұрт қатарлы өмір сүрген. Екеуі үйленіп, үй болар тұста қатты өзгереді. Кинода бүгінгі қазақстандықтардың бар проблемасы ашық көрсетілген. Қос жұп арасында ер-азамат көрсететін манипуляция, сенім девальвациясы, қаржылық сауатсыздықтың қараңғы тұсы секілді. Бастапқыда сюжет желісі көбі күткендей ритммен өрбіді. «Сбор» ашылып, екеуі елге танымал бола түсті. Ақшамен мәселелер шешілгендей болды. Бірақ «қанағат қарын тойдырмайды» дегендей, Азамат уақытша байлыққа мастанып, сүңги берді, сүңги берді…
Көбі күткен сюжет желісі біржолға бұрмаланды деуімізге себеп – фильмнің екінші жартысы. Шыны керек, киноның бас жағын көріп, не үшін «21+» деген ойға шомылуыңыз мүмкін. Нағыз зорлық-зомбылық пен қан-жосаның көкесі картинаның екінші жартысында басталады. Бейкүнә, атына «сбор» жарияланған ауру-сырқау, өңкей мүгедектерді тонаушы қыз бен ұл екі антагонист жақында ғана 250 миллион теңгені қанжығаға байлаған Азамат пен Таңшолпанды да тонауға кіріседі. Бірақ олардың ойлағаны болмай, ақыр соңы төртеу арасындағы телефондағы қаражатқа таласқа ұласады. Әлеуметтік триллер кенеттен «боевикке» айналды ма дерсің. Операторлық жұмысты осы тұста тілге тиек еткен абзал. Режиссердің не ойлағанынан бейхабармын, бірақ өз басым бұл көріністі «Ганнибал» сериалындағы тергеуші Кроуфорд пен Ганнибал Лектер арасындағы төбелеске жобаладым. Қысқасы, хареографиялары ұқсас. Төбелес ұзаққа созылады. Жекпе-жек басты кейіпкерлердің жағына тамам болды. Азаматтың алғашқы қылмысы алаяқтық болса, екіншісі – адам өлтіруі. Бірақ соңғы емес…
Фильм желісін төрт темпке бөлуге болады. Соған сәйкес жағдай ушыға түседі. Кіріспені біріншіге, осы желінің соңын екіншіге санап, аяқтайық. Үшінші дәреже деңгейі мүлде бөлек. Жанр түбегейлі боди-хоррор жанрына өтті. Тура былтырғы жылдың «шок» фильмі «Субстанция» сияқты. Бара-бара режиссер қаузаған тақырыбына сай адамның есін жиғызуды қойып, тек таңғалдыруды мақсат еткен секілді. Екеуден құтылған соң басты кейіпкерлер естерінен адаса бастады. 250 миллион теңгені алып, Кореяға тайып тұру – жұптың басты ойы. Сол ойды жүзеге асыруда жас жұбайлардың алдына кедергілер кезіге берді, кезіге берді. Басты антагонист екі алаяқ емес, жанында жүрген досы, Таңшолпанға жалған анализ жасап берген дәрігер Дамир болып шығады. Досының кенеттен байып, даңдайсып кеткенін көре алмаған ол жұбайлардың үйінің ығырын шығарады. Үйдің айналасы Таңшолпанға жазылған шынайы Диана атты кішкентай қыздың анализдері. Бірден Дамирден күдіктенген Азамат оны да күл-талқан етеді. Онсыз да есінен алжасқан күйеуінің одан сайын маньякқа айнала бастағанына көзі жетіп, не істерін білмеген Таңшолпан қарсыласа бастайды. Екінші хаостың басталар сәті. Азаматтың максимум есінен адасқаны соншалық, әйелін алдымен зорламақ болып, ақыр соңы өлтіріп тынады.
Бұл әлі финал емес. Азамат қаза болған әйелін киіндіріп, сөйлесіп, нағыз шизофрениямен ауыратын жындының күйін кешеді. Өлі денені шырттай қылып киіндіріп, қолдағы ақшамен Кореяға ұшамын деп ниеттенген оның алаяқтығы анықталып, қашпақ бойда тағы апатқа ұшырайды. Есін жиса, белгісіз жан қос қолын шегелеп, зынданда ұстап отыр. Азамат қанша жалынғанымен, кино соңы белгісіз кейіпкердің оның тілін кесуімен аяқталады. Осылайша сценаристер «Ауруды» «Олдбойша» бітіруді жөн көріпті.
Операторлық жұмыс – фильмнің ең атап өтер тұсы. Барша көрермен киноның берер мәніне назар салып жатқанымен, сапаға қатты көңіл аудармағандай көрінеді. Оператор қазақ кинематографиясы үшін «планканы» едәуір жоғары көтерді деуге болады. Әсіресе Азаматтың алаяқ жұпты көпір астына сүйреп, өзенге ағызып жіберген сәті құдды Тарковскийдің артхаус фильмдерінен бе дерсің.
Актерлік құрам мен актерлердің ойынына да күмән жоқ. Әсіресе батыр кейіпте көріп көзіміз үйренген Аян Өтепберген маргинал кейіпкерді жоғары деңгейде ойнап шықты. Антагонист қыздың рөлін сомдаған «Мона» атымен танымал Аида Құрманғалиева да сәтті өнер көрсетті. Трейлерге кірген «Апа, Құдай жоқ» фрагментінде режиссердің Финчердің «Бойцовский клуб» фильміндегі Тайлер Дерденнің образын көрсетіп, «отсылка» жасағаны көзге оттай басылды. Азат Жұмәділ болса тура «Шекердегі» рөлін алып шықты. Сол себепті аса таңданыс тудырған жоқ.
Сюжет желісі туралы не айтуға болады? Осыған дейін де Айтөренің шетелдік кинокартиналарды қазақтандырып келе жатқанын айтып жатырмыз ғой. Толығырақ қамтиық. Қос басты кейіпкердің «құнығу» процесін «Реквием по мечте» фильміндегі ғашықтарға қатты ұқсаттым. Екі фильм екі түрлі тақырыпты қаузағанымен, махаббат бір типте өрбиді. Шын жақсы көру, күмән, манипуляция, драманың соңы трагедиямен аяқталады. Қанағат ептегендіктерінің кесірінен бәрі бірдей кесірге ұрынады.
Сондай-ақ «Олдбой» деп жатырмыз ғой. Кейбір операторлық жұмыс демесек, аса қатты дәлдік жоқ. Дегенмен, финалда «тіл кесу» сәтінің аталған кәріс фильмінен алынғаны көрініп тұр. Бұл жайлы сценаристердің бірі Алдияр Жаппарханның өзі айтқан-тұғын.
Олқылықтар да жоқ емес. Осы тұста көпшіліктің пікіріне құлақ түрдік. Жалпы, кез келген нәрсені таңдандырамын деп, асыра сілтеп алып жатасың ғой. Сол секілді кей автор «түймедейді түйедей етіп», «артық қыламын деп тыртық қылып» жатады. Зорлық-зомбылық эпизоды, Азамат пен досы Дамирдың рәсімдеу кезіндегі диалогы, финалдағы аз уақыт бөлінсе де басты әрі маңызды фрагментке айналған Диананың әкесінің кегі, көршіге естіртпейін деп Азаматтың жұбайын тұншықтырып өлтіріп алуы секілді нәрселерді көріп, сәл «әттеген-айлап» қаласың. Сюжеттің шимайы да бас жарарлықтай болғанымен, кейде сұрықсыз, мәнсіз көрінді. Логикалық тұрғыдағы майда-шүйде қателіктер де кезігеді. Бірақ арнайылап уақыт бөліп, сынайтындай емес.
ФИЛЬМНІҢ АЙТАРЫ НЕ?
Кез келген талқылаудың маңызды тұсы – мән-мағынасын ашу, автор жеткізгісі келген ойға құлақ түру, ойға шомылу. Кинода ең алдымен қаржылық сауаттылықтың жетіспеушілігі қаншалықты адамды құрдымға кетіретіні көрсетіледі. Есеппен алынбаған нәрсенің қайтарымы қиын. Қаржылық жағдайға байланысты қоғамнан оқшаулану, тіпті ата-анамен қарым-қатынастың үзілді-кесілді ажырауына да куә болдық.
Жас жұбайлар арасындағы сенім мен махаббат та бара-бара құнсызданып барады. Фильм сол проблеманы да ашық көрсеткендей. Бір тарапты манипуляция, әсіресе, ер адамның жауапсыздығының әсерінен қор болған әйел тақырыбын Таңшолпанның образынан көреміз. Таңшолпан Азаматтың бар өтірігіне сенді, қарым-қатынас барысындағы сұлбасына күмән тудырған жоқ – соның бәрі фильмдегі финалға әкеп соқты.
«Он бәленің тоғызы – тілден». Фильм маңдайшасында осы бір афоризмнің тұруы тегін емес. Көп қателік тілден туындайды. Кинодан мұны да түйдік. Әрине, бүгінде әйел тақырыбы кеңінен айтылып жатқан соң көпшіліктің Таңшолпанның жағына шығуы таңғаларлық жайт емес қой. Бірақ, Таңшолпан осы трагедияны өз басына өзі тілеп алғанын көбі ұқпаған сияқты. Азамат барша туыс-туманы жинап, Таңшолпанда онкологиялық аурудың барын хабарламас бұрын Таңшолпанның өзі бұл нәрсеге қатты қарсыласты. Шарасыз Азаматты жегідей жеп, көндірген кейіп танытқан. Расымен, Азамат көнгенін білдіріп, мұның бәрінің жалған екенін айтпақ болғанда Таңшолпанның өзі тіліне еге бола алмай, «менде төртінші топтағы рак» деп қойып қалды. Азамат та қосыла кетіп, жоспар қою процесін бастады. Екінші эпизод енді Азаматқа тікелей байланысты. Үлкен қайырымдылық қоры 250 миллион теңге жинап, Кореяға жолдама берген сәтте қос жұп Таңшолпанның жазылғанын айтып, ақшадан бас тартуды ұйғарған. Бірақ та Азамат сол сәтте қанағат қылмай, нәпсісіне бой берді. Ақыр соңы өзіміз көргендей.
Жалпы, фильм Қазақстан нарығында салыстырғанда жоғары деңгейде шыққан. Кинематографиялық тұрғыда қарсылас шақ келтірмейтіні хақ. Бірақ біз халықаралық дәрежедегі фильм күткенімізді ескерсек, сәл-пәл ойдағыдай шықпай қалғандай. Мұндай жұмыспен исі қазақты таңғалдыру оңай, десек те, шетелдікті таңғалдыру, қайдам, қиынға түсетін секілді. Киноның айтар ойы жақсы, шынымен әлеуметтік мәселелерді аша білді. Бірақ жаба білді деу қиын.
Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!