Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аралдың аспанында самғаған қыран

30.04.2026, 6:00 26

– Бүркіт – өте киелі құс. Зеңгір көкте қалықтай жүріп, жер бауырлаған жәндікті қалт жібермей қадағалай алатын қырағылық қасиетке ие. Маған осы тектілігі өте ұнайды. Әлі жас бүркіт. Үлкен жарыстарға қатыс­тыруға тәжірибесі аз. Аңға салар алдында  жемтігін азайтып, сайысқа сақадай сай  етіп  дайындаймын. Тамағы – тек ет. Одан  басқасын жемейді. Әрі ол балғын болуы керек. «Ашыққан қыран аңға шабады» деп бекер айтылмаған. Бүркіттің бабы өте жоғары, — дейді  аралдық құсбегі Нұр­болат  Жұмағұлов.

Иә, құс салып, ат жаратуды ата салты­мыздан бойымызға сіңіріп өстік. Бүгінде ел ішінде бүркіт асыраушылар қатары артып келе­ді. Бұл, әрине, құптарлық іс. Дала қыранын қолға қондырып, құсбегілік өнерді дәстүр діңгегіне  айналдырғанымыз  қашан.

Қазақ – қыран тектес халық. Содан болар саятш­ылық жанымызға жақын. Қазақ пен бүркіттің байланысы – еркіндікке ұмтылған рухтың, табиғатпен үйлесімді өмір сүрудің және тектілікке деген  құрметтің  айқын  дәлелі.

Ежелден бері көшпенді қазақ халқы табиғатпен етене өмір сүрген. Осы тұмса табиғаттың текті жаратылыстарының бірі – бүркіт. Жалпы, қыран құс қазақ үшін еркіндіктің, биіктіктің, батырлықтың символы саналған. Бүркіттің қырағылығы мен қайсарлығы халықтың мінезімен үндесіп, ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналды. Мемлекеттік рәміз – туымыздағы  қыран  бейне­сі  осы  сөзіміздің  айқын  дәлелі  болса  керек.

Қазақ дүниетанымында бүркіт киелі құс саналады. Оның жалпы адамзатқа тигізер пайдасы орасан. Қазіргі уақытта құсбегілік ұлттық мұра ретінде бағаланып, түрлі фестиваль мен жарыста кеңінен насихатталуда.

Нұрболат Ұзақбайұлы осы құсбегілік өнерді өмірлік ұстанымына айналдырып келе­ді. Ол 1990 жылы Арал ауданында қара­пайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Ұзақбай – көлік жүргізушіліктен зейнет демал­ысына шыққан еңбек адамы. Ал, анасы Роза мейірбике мамандығын абыроймен атқарып, қазір бейнетінің зейнетін көріп отырған абзал жан. Отбасында өзінен бөлек әпкесі, екі ағасы мен інісі  бар.

Бала арманы бақытына айналған азамат бүркіт асыраудың қыр-сыры мол екенін айтады. Арал аудандық полиция бөлімі криминалды полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, поли­ция майоры қызметінде жүрсе де, қым-қуыт тірліктің арасында уақыт бөліп, баба дәстүрді жаңғыртып, дала қыранымен серуендеуді ұнатады. Бүркітке дейін қаршыға, қарақұс асырағанымен, анау айтқандай қолға лезде үйрене қойма­ған тәрізді. Содан көп ойланбастан осы құсқа қызығу­шылығы  артып,  бүркіт  асырауға  ден  қойды.

Бір қызығы, бүркіттен бөлек жылқы мен құмай тазыны да қолға ұстауда. Былай қарасаңыз, қазақы дәстүрді жандандырып, ұлттық рухани дүниетанымымызға көңіл бөлуде. Қазақы серілік дәстүр сабақтаст­ығын  қаймағын  бұзбай  сақтауда.

Құсбегілік өнер қазақтың ерте заманнан көне дәстүрлерінің бірі ретінде тарихтан тін тарқатады. Мұнда адам мен құс арасындағы байланыс ерекше үйлесім орнатқан. Ата-бабаларымыз бүркітті тек аң аулау үшін ғана емес, серігі, рухани жолдасы ретінде де бағалаған. Қыран құсты баптауда адамға ең біріншіден төзім мен жігер керек. Бүркітті қолға үйрету арқылы бұрынғылар табиғат-ананы құрметтеуді һәм аң-құсты бағындыруды жете меңгерген.

Қазіргі уақытта құсбегілік тек кәсіп емес, мәдени мұра ретінде маңызды. Өйткені ол – ұлттың тарихын, дүниетанымын, болмысын сақтап тұрған тірі дәстүр. Дегенмен, оны тек шоу немесе жарыс деңгейінде қалдырмай, оның терең мәнін түсініп, ұрпақ  жадына  дұрыс  жеткізудің  маңызы  зор.

Кейіпкеріміз сөз арасында отбасын таныстырып өтті. Айтуынша, отбасының ортаншы баласы. Үлкен ағасы Ерлан Ақтөбе қаласында тұрады. Әскери қызметтен зейнет демалысына шыққан. Әпкесі Лола Ақтау қаласында ұстаз болып қызмет жасайды. Екінші ағасы Нұржан да әскери сала­да қызмет атқарады. Ал інісі Арман қазір Отан алдын­дағы  әскери  борышын  өтеп  жатыр.

– Ата-анамыз бізді жастайымыздан еңбек­қорлыққа баулыды. Бәрімізді оқытып, мамандық алып берді. Өзім 2013 жылы жұбайым Ботакөзбен шаңырақ  көтердім.  Қазір  5  жастағы қызымыз бар, — дейді Нұрболат Жұмағұлов бізбен әңгіме­сінде.

Құс бағуды хоббиіне айналдырған азамат жас кезінен ит жүгіртіп, жылқы баптап, құс салуға құмар  болып  өсті.  Сол  балаң арман ат жалын тартып мінер  шақта ақиқатқа айналғанына бек қуаныш­ты.

– Бір байқағаным, бүркіт еркіндікті жақсы көреді және өте сезімтал болып келеді екен. Бірде іссапармен 3 күнге кетіп қалдым. Қыранды үй аула­сындағы сарайға кіргізіп кеткенмін. Себебі жыртқыш құс болғандықтан, үйдегілер қорықты. Үш күннен соң үйге келіп, есікті ашқан сәтімде қыра­ным өзіме тап беріп, қолымды бүріп алды. Тырнақтары алмастай өткір. Қолымнан қан атқылай бастады. Сол сәтте «құсты еркіне қоя берсем бе?» деген де ой келді. Бірақ қимадым. Кейін уақыт өте келе бір-бірімізге үйрене бастадық. Қазақстандағы құсбегілікпен айналысатын кісілерді тауып, солардан ақыл-кеңес сұрай бастадым. Сөйтсем, қыранға мінез көрсетуге болмайды екен. Ол өте кекшіл келеді дейді. Қазір бір жыл болды. Жұлдыз қыраным маған, мен оған бауыр басып қалдық. Құс­тың тілін тауып, баладай баптап, қариядай күтуді  қажет  етеді, — дейді  Нұрболат.

Құсбегінің сөзінше, бүркіт майсыз, сүйексіз, шандырсыз таза ет жейді екен. Жаз мезгілінде жиі таза сумен шомылдырған абзалырақ көрінеді.

Қолға үйретілген қыраны қазірдің өзінде сайыс­қа қатысып үлгерді. Жуырда Орал  қаласында  өткен  құсбегіліктен  ересектер  арасындағы  XIX Қазақстан Республикасының чемпионатына Қызылорда облысы атынан қатысып қайтты. Алдағы уақытта да үлкен жарыстарда жүлдегер атанады  деген  үміті  басым.

Шынайы түсініп, жан дүниесімен ұғына білген адамға бүркітшілік – бұл жай әуесқойлық емес, ата-бабадан жеткен асыл мұра, ұлттық рухтың айнасы. Қыран құспен тіл табысып, табиғатпен үндес­тікте өмір сүру нағыз сабыр мен шеберліктің, терең танымның белгісі іспетті. Бүгінгі заман ағымы­на қарамастан, бұл өнер өз құндылығын жоймай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып келе­ді. Сондықтан бүркітшілікті сақтау – өткеннен өнеге, болашаққа бағдар. Ұлттық болмысымызды айқындайтын осынау дәстүрімізді дәріптеу бүгінгі буынның  бұлжымас  перзенттік  парызы  секілді.

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: