Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Эпилог

24.11.2025, 10:00 89

HALYQLINE.KZ

БҮГІНГІ  САТИРА

(«Ақылды ақымақтар» сатиралық романымның аяқталуы)

Елдің басынан дау кетпей жатқан күндердің бірінде биліктегілер парламентте «ақылдың индексін көтеру» жөнінде шұғыл жиын өткізді. Әрине, депутаттардың бір бөлігі қабағын түйіп, иегін сипап, аса терең ой үстінде отырған адамдай көрінді. Тек бір мәселе бар еді: ой жоқ, ойланған түрлері ғана бар.

– Біз халыққа ақылды болып көрінуіміз керек! — деді төраға.

– Солай жүрміз ғой, — деп қалды біреуі.

– Ақылдымыз, бірақ ақымақтығымызды білдірмей жүре беруіміз керек!

Сол-ақ екен, тірліктің жаңа дәуірі басталды. Министрлер «ойлану» үшін маңдайын ұстап суретке түсті. Тіпті бірі Парижге барып, атақты Эйфель мұнарасына шығып, халқын ойлап келді. Құз жартасқа шығып, селфи жасап тұрып, құлап кеткендердің жалақысы көтерілді. Өйткені халық қамын ойлау үшін селфи етті. Бұлар ақылды әрі ақымақтар еді. Ал биліктегі ақылдылар резиналы реформаның ақырын күтті. Ақымақтар ақылдылардан көп еді. Бір шенеунік елдің экономикасын көтеру туралы баяндама жасамақ болды. Бірақ өзінің түскі ас мәзірін тізіп шықты: таңертең Алмас балығының уылдырығы, Блю Маунтин кофесі, трюфель қосылған омлет. Түсте: кобе сиырының еті, лобстер, Аляска крабы. Кешке: лангуст-теңіз кірпісі, ақ трюфель қосылған стейк.

Ал кедейдің бір күнгі мәзірі мынадай еді: таңертең шай, нан, құрт. Түсте: кешеден қалған көже, нан, қатып қалған кәмпит. Кешке: нан, болса жұмыртқа қуырып жей салу.

Үлкен бір лауазымды тұлға елге «инновациялық бағдарламаны» таныстырды. Таныстырған нәрсесі – он жыл бұрынғы ескі жоспардың ескі көшірмесі еді. Бірақ қағаз жаңа принтерден шыққан соң, бәрі таңырқап қарады:

– Не деген данышпадық!

2055 жыл. Күндердің күнінде Президент жарлық шығарды: кімнің басы ауырса – ол министр, кім есінесе – депутат, кім түшкіре қалса – облыс әкімі болуға тиіс.

Сол-ақ екен, бүкіл ел түшкіру мен есінеудің чемпионатына айналды. Біреу түшкірді «әкім болам!» деп. Біреу таңертеңнен кешке дейін есінеді – «депутат болам!» деп. Бір миллионердің түшкірігі атом бомбасындай екен, ол джипінен түсе салып «ә-әтпчу!» деп түшкіріп еді, аялдамада тұрғандар құлап қалды. Тіпті бір келіншектің баласы жылап қалды. Кейін естідік, сөйлемейтін депутат болып кетіпті. Бір келіншек күйеуіне жиі ұрыса бастады.

– Әй, неге басың ауырмайды?

– Министр болып кетемін деп қорқамын.

– Неге қорқасың, ойбай?

– Жалақысы сұмдық көп.

– Жақсы емес пе?

– Саған бәрібір жетпейді…

– Басың ауырып отырған сәтіңді бейнеге түсіріп, үкіметтің «е, қойшы» порталына жібер!

Тағы бір кісі ештеңе істемей, үйінде тыныш отырды. Кенет есік қағылды:

– Құттықтаймыз! Сіз ештеңе істемейтін адамдар агенттігінің төрағасы болып тағайындалдыңыз!

Ол аң-таң болып:

– Мен ештеңе де істеген жоқпын! — деді.

– Дәл сол себепті тағайындалдыңыз! — деді комиссия сияқты көрінетін, бірақ кім екені белгісіз адамдар. Сөйтіп, ел басқарғандар – түшкіргендер, басы ауырғандар, есінегендер болды.

…Міне, осылайша биліктегі баз біреулер қайта ақылды болуға тырысып жүр. Тек бір мәселе бар: ақылды болуға тырысқан сайын, сол баяғы ақымақ тірліктерін қайталаудан шаршамайтын «ақылды ақымақтар» ғой өздері. Ақымақтар «ақылды» болып жүре береді…

Мұхтар  ШЕРІМ,

Шымкент  қаласы

Фото: funny.klev.club

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: