Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жасанды интеллект және авторлық құқық

20.11.2025, 11:40 274

Жасанды интеллект (ЖИ) өміріміздің барлық саласына дендеп еніп келеді. Алайда, ЖИ-ді қолданудың шекарасы қай жерге дейін баруы мүмкін және бұл жерде адамзат баласы үшін қандай қауіп бар? Өйткен себебі, жаһандық ғалымдар жасанды интеллектіні бақылаусыз қолдануға қатысты алаңдаушылықтарын ашық айта бастады. Расында да қазір ЖИ-ге Эрнест Хемингуэйдің стилінде жаңа роман жазу қиын іс емес. Я болмаса ЖИ Сальвадор Далидің жаңа бір суретін салуға көп уақыт жұмсамайды. ChatGPT, Aiva және Stable Diffusion бірнеше минуттың ішінде жоғары сапада сурет салып, мәтінге ән жазып береді. Ал бұдан әрі не болады дегенге бас қатырудың өзі қорқынышты тәрізді. Ең қорқынышты нәрсе, бұған дейін бір ғана дана болып, жер-жаһанның жұртын таң қалдырған өнер туындысы (мысалы Пабло Пикассоның салған суреті делік) жаппай адамзат пайдаланатын өнімге айналады. Жасанды интеллект адам баласының шығармашылық ой-өрісі құндылықтарын  жоятын  күн  тумақ  па?!.  Осы  мәселеге  біз  әлі  ойланған  жоқпыз.

ЖАҢА  ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ  ТЕРІС  ЖАҒЫ  БАР  МА?

Әлбетте бар. Біз ЖИ туралы заңнаманы әлі қабылдап, қолданысқа енгізген жоқпыз. Ал өркениетті елдер осыдан 2-3 жыл бұрын, ЖИ мен авторлық құқық мәселесіне ең алдымен назар аударды. Мысал келтірейін. 2023 жылы шілде айында Германиядағы креативтік индус­трияның 15 ұйымы «Жасанды интеллектіні әділдікпен қолданайық» деген тақырыппен БАҚ-тарда хат жариялады. Сол хатта графика, журналистика, иллюстрация, фотография және өнер сияқты салалардың өкілдері жеткілікті деңгейде мүмкіндіктері болмаған кезде жасанды интеллект эволюциясын қолданудан қорғауды  Үкіметтен  талап  етті.

Ганновер қаласындағы Fundwopt агент­тігінің негізін салушы Роберт Экснердің пайым­дауынша, ең алдымен авторлық құқық мәселесі  күшейтілуі  тиіс.

«Өйткені, белгілі бір алгоритмдермен жұмыс істейтін ЖИ қабыл­даған жүйелер өздігінен мәтін, музыка жазып, фотосурет түсіре алмайды. Мұндай жүйені қажет­ті ақпаратпен қамтамасыз ету үшін, ЖИ бағдарламасын әзірлеушілер біздің рұқса­тымызсыз және ешқандай ақысыз өнімдерімізді пайдаланады. Бұл жердегі ең үлкен мәселе – ЖИ қолданылып жүрген салаларда әзірге ешқандай ережелердің қабылданбағаны. Біз саясаткерлердің 1,8 миллионнан астам адам еңбек ететін шығармашылық сала қызметкерлерінің мүддесіне құлақ асатынына  сенімдіміз»  деді  неміс  сарапшысы.

Эрланген-Нюрнберг университетінде ЖИ-дің философиясы және этикасы деген жаңа пәндерді зерттеумен айналысатын философ Винсент Мюллер жасанды интеллектіні қолдану зор мәдени өзгерістерге әкеліп соқтыра­тынын  айтады.

«ЖИ-ге қатысты да авторлық құқық мәселесі қолданылады. Өйткені, ЖИ жүйелері тек мәліметтерді жинақтап, мәтін құрастырып қана қоймай, одан жаңа бір өнім жасайды. Бірақ, бұл өнімнің авторлық құқығын кім иеленеді? Егер де ЖИ-ден біз тегін алған мәлімет пайда әкелсе, онда қоғам үшін бір мәселенің туындайтыны анық. Ондай ақпаратты  пайдалану  дұрыс па, әлде бұрыс па? Бұл  жерде шығармашылық  иесінің  құқығы қорғала  ма?  Мәселе  осында»  дейді  ол.

Жасанды  интеллектінің  тағы бір теріс жағы – барлық шешім автоматты түрде қабылданады. Әрине, жолда жүру ережелерін бұзған автокөлік жүргізушісіне айыппұл төлейтін қағазды лезде шығарып беруі – құптарлық іс. Алайда, басқа жағдайлар да бар. Мысалы, 2024 жылы Еуропалық комиссия тәуекелі жоғары ЖИ жүйелерінің тізімін жасап, оларды қолданатын жағдайда рұқсат алуы керек салаларға қатысты ұсыныс жариялады. Соның ішінде әр адамның биометрикалық деректерін қоғамға ашық таратуға шектеу қою туралы мәселе бар. Винсент Мюллер толыққанды заңнамалық база­сыз ЖИ-ды қолдануға  болмайды  деген  пікірде.

«ЖИ адам мен машинаның арасындағы  психологиялық қарым-қатынасты өзгерт­ті. Бұрын біз машинаны шектеулі мүмкіндіктері бар нысан деп ойлайтынбыз, оны тек адам басқаратын. Ал қазір машинаның қабі­леті артып, оны басқарып отырған адамның өзіне бағынбайтынын көріп отырмыз. Яғни, машина бұрынғыдан да көбірек дербес­тікке  ие  болу­да»  деп  ойын  түйіндеді  сарапшы.

НЕЙРОЖЕЛІ   ІСТЕГЕН   ЖҰМЫСТЫҢ  АВТОРЫ  КІМ?

Нейрондық желі дегеніміз – компьютердің өз «миымен» ойланып, шешім қабылдауына мүмкіндік беретін технология. Мысалы, қолың­ыздағы смартфоныңыздың бет-жүзіңізді танып, ашылуы осы нейрондық желі арқылы жүзеге асады. Қазір «нейрожелілердің шығармашылығы» деген түсінік бар. Наурыз айында әйгілі Christies аукцион үйінде Augmented Intelligence деген атаумен бәссауда өтіп, ЖИ көмегімен жасалған 34 жұмыс жұрт назарына ұсынылды. Сол күні 600 суретші аукционға қарсы петицияға қол қойып, ЖИ-модельдер өзінің авторлық құқығына нұқсан келтіре­тінін айтты. Соған қарамастан, аукцион өтіп, ұйым­дастырушыларға 738 000 АҚШ доллары көлемінде пайда әкелді. Бұл жерде әйгі­лі суретшілер, мүсіншілер стилінде жасалған өнімдердің нақты авторы кім деген сауал туындайды. Оның авторы нейрожелі ме, әлде оны жасаған адам ба, я болмаса нейрожеліге осы туындыларды жасап беруге өтініш жазған адам ба? Кез келген нейрожелінің «оқыту кезеңінен» өтпей, өздігінен сурет салуға қабілеті жете ме? Әлбетте, ол сурет пе, фотосурет пе, бәрібір белгілі бір адамның, яғни, шығармашылық иесінің қолынан шыққан зат, өнім. Ендеше, көпшілік жағдайда ол әйтеуір бір мемлекеттің  авторлық  құқықты  қорғау  туралы  заңымен  қорғалады.

«Сонда нейрожеліні толыққанды автор деп санаймыз ба?» деген сауалға шетелде де ал­уан түрлі пікір бар. Олардың көпшілігі ЖИ-ге сурет салуға өтініш айтқан адамды негізгі авто­ры деп есептейді. Мәселен, Франция мен Германияда ЖИ жүйесін жасағандарды автор деп тану туралы сұраққа қатысты пікірталастар тоқтамай келеді. 2019 жылы еуропалық заңгерлер Бірыңғай цифрлық нарықтағы авторлық құқық туралы директива қабылдағаны мәлім. Бұл құжат аталған мәселені жартылай болса да реттейді, бірақ оқып үйренуге тек ерікті түрде интернетке жарияланған контентті пайдалануға рұқсат етіледі. Ескеретін жайттың бірі, ЖИ-ге қандай да бір тапсырма берген адамның өзі шығармашылық иесі болса, ол өзінің авторлық  құқығын  қорғауына  құқылы.

Одан әрі әлемдік тәжірибеге үңілетін болсақ, әр елде әртүрлі ұстаным қалыптасқан. АҚШ-тың заңнамалық жүйесі нейрожелінің көмегімен жасалған шығармаларға ерекше қатаң­дықпен қарайды. Соның дәлелі, 2023 жылы АҚШ-тың Авторлық құқық бойынша Бюросы MidJorney-дің көмегімен жасалған Zarya of the Dawn графикалық романын тіркеуден бас тартты. 2018 жылы бір маймыл түсірген суретке қатысты соттағы процесте авторлық құқық тек адам баласына ғана тие­сілі деген шешім шығарылған, бұл шешім де соған негізделді. Құзырлы бюро ЖИ генерациялаған сурет­ті автор өз қолымен түзеткен жағдайда ғана тіркеуге мүмкіндік берілетінін мәлім етті. Жапония мен Қытайда да бұл мәселеге немқұрайды қарамайды. 2022 жылы Жапония Мәдениет министрлігі авторлықты айқын­дауда әлеуметтік желіні қолданушының шығармашылық үлесінің деңгейін бағалайтын ұсыныстарды жариялады. Ал Қытай 2020 жылы өз заңнамасындағы авторлық құқықты нақтылады. Жергілікті сот ЖИ жасаған контенттің құқықты бұзғаны жөніндегі бір істі қарап, сот қазысы алгоритмнің автор болып табылмайтынын хабарлады. Оны әзірлеген компания жасалған контентке қатысты заңдық мүддесін қорғайды.

Жоғарыдағы мәліметтерге қарасақ, өркениетті елдер ЖИ-модельдерді қолданысқа үйрету кезінде қолданылатын шығармалардың авторының құқықтарын қорғауға айрықша көңіл бөлетінін көреміз. Тағы бір мысал, New York Times газеті 3 миллионға жуық мақаласын пайдаланғаны үшін OpenAI мен Microsoft компанияларын сотқа бергені мәлім. Дыбыс жазатын Universal Music Group ән мәтіндерін рұқсатсыз пайдаланды деп Anthropic компаниясын айыптағанын әлемдік БАҚ-тан оқып-білдік. Мұндай мысалдар алдағы уақытта  көбейетіні  анық.

АВТОРЛЫҚ  ҚҰҚЫҚ  пен  ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ

24 қыркүйекте Мәжіліс «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын мақұлдады. Құжатта интеллектуалдық меншік саласындағы құқыққа анықтама берілген. Адамның қатысуынсыз толықтай ЖИ жасаған контент авторлық құқықпен қорғауға алынбайды. Алайда, әлеуметтік желіні қолданушылардың шығармашылық тапсырмасы авторлық құқық нысаны болуы мүмкіндігі айтылған. Бұдан бөлек, заң жобасында нейрожелілерді оқыту үшін шығармаларды қолдану егер автор немесе құқық иеленуші бұл құқықты машина оқитындай формада шектемесе, рұқсат етілетіні жазылған.

Бір қынжыларлығы, заң жобасында ЖИ мен авторлық құқыққа қатысты нақтылық жоқ. Ол жерде тек қолданыстағы заңнамаға сілтеме ғана бар. Бірақ ол ЖИ-ді қолдану талап­тарына толық жауап бермейді. Заң жоба­сын әзір­леушілердің бірі, Мәжіліс депутаты Екатерина Смяшляева авторлық құқыққа қатыс­ты норма әлі әзірлену деңгейінде қалып отырғанын  жасыр­майды.

«Біздің ұстанымымыз мынадай: бұл жерде шығарманың авторы – алгоритмнің иесі. Авторлық құқықты сол анықтайды. Егер адам нейрожелімен жұмыс істеген кезде өзінің «жанын» салып, әрекет етсе, яғни қандай да бір шығарманы жасауға 50 пайыздан артық күшін жұмсаса, онда сол туындының авторымын деу­ге толық құқығы бар. Біз бұл құзыретті алгоритм­нің иесіне қалдыруды ұйғардық. Оның чатты жасаған адаммен қарым-қатынасы азаматтық құқық негізінде анықталады» деп  түсіндірді  ол.

Жасанды интеллект шаңсорғыш тәрізді барлық мәліметті «сорып» алатын жағдайда не істеуіміз керек? Бұл сауалға Екатерина Смышляева «Мұндай жағдайда біз әлемдік тәжірибеге сүйенеміз. Мәселен, ЖИ-ді қолдануға өз құқығын тіркеуден өткізген автор машинасына өз шығармасын алгоритм пайдаланбасын деген белгі қоюы тиіс. Біз осы мәселені жан-жақты талқылап жатырмыз. Егер техникалық тұрғыдан бұл мүмкін болса, нақты шешімге келеміз. Ал мүмкін болмаған жағдайда аталған норманы әрі қарай жетілдіріп, талқылауды  жалғастырамыз»  деп  жауап берді.

ЖИ-ды  ДАМЫТУҒА  ӘЛЕМ  ЕЛДЕРІ  ҚАНША  АҚША  БӨЛДІ?

Шынында да бұл салаға жыл сайын бөлінетін қаражат көлемі көз ілеспес жылдамдықпен ұлғайып барады. Бүгінгі уақытта АҚШ, Қытай және Еуропа елдері арасында бәсеке қызып тұр. Жыл басында Еуропалық Одақ жасанды интеллект (ЖИ) индустриясын дамытуға 200 миллиард еуро көлемінде қаржы бөлетінін жария етті. Қытайдағы TikTok-тың иегері ByteDance компаниясы 2025 жылы ЖИ инфрақұрылымына 12 миллиард доллардан астам қаржы жұмсады. Үндістан да бұл бәсекеден қалысар емес, шамамен 240 млн АҚШ долларын бөлді. Ресей Үкіметі биыл ЖИ-ды дамытуға 7,7 млрд рубль жұмсады, бұл көрсеткіш жыл сайын өсе бермек. АҚШ президенті Дональд Трамп сайлаудан кейін іле-шала ЖИ инфра­құрылымын дамытуға арналған 500 миллиард долларлық «Stargate» жобасын жария етті. Жоба жапондармен бірлесіп іске асырылады. Алғашқы 100 миллиард доллардан басталатын қаржы төрт жыл ішінде 500 миллиардқа дейін артады. Қаражат АҚШ-та ірі деректер орталықтарын салуға және технологияны  дамыту­ға  бағытталады.

Қазақстан да бұл үрдістен шет қалған жоқ. Alem AI халықаралық жасанды интеллект орталы­ғы құрылды. Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев 2033 жылға қарай жасан­ды интеллект нарығының көлемі 5 триллион долларға жетіп, осы сектордың әлемдік технология индустриясындағы үлесі 30 пайыз­ға дейін ұлғаюы мүмкіндігін текке айтқан жоқ. Демек, біз де ЖИ төңкерісінен қалыс қалмай, дамыған елдердің дәл ортасынан ойып орын алуға  қарекет  қылуға  тиіспіз.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Астана  қаласы

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: