Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаным ашығыш…

17.11.2025, 9:00 91

HALYQLINE.KZ

БҮГІНГІ  САТИРА

Келе жатсам көшеде,

Кім тастаған көшеге?

Бір күшік,

Өлейін деп үсіп,

Шұңқырға түсіп,

Өмірі оның өше ме?

Жаным сондай ашыды,

Көңілім сондай жасыды…

Үйге әкеліп едім,

Үсті-басын қасыды.

Балағымнан тістегенде,

Балтырым жаман ашыды…

Келе жатсам, көшеде,

Кім тастаған көшеге?

Бір қарға өлейін деп жатыр.

Біреу оны көмейін деп жатыр,

Жаным ашып кетті,

Үміті сөнейін деп жатыр…

Үйге алып келдім,

Жарасына мазь керек боп,

Дәріханаға барып келдім,

Қалтамды қағып келдім,

Жазылса екен деп,

Өрік дәнін шағып бердім.

Демеңіз, жақсылықты,

Өзінше ұғып алды,

Бір күні көзімді шұқып алды!

Келе жатсам көшеде,

Кім тастаған көшеге?

Жылан жатыр өлейін деп,

Үйге алып келдім,

Жағдайын көрейін деп…

Тірі жәндік қой,

Оған да көңіл бөлейін деп.

Бірақ алтынымды,

Мойнына тағып алды,

Жай жүрген қатынымды,

Оңдырмай шағып алды…

Сөйтіп, әйелімнің,

Өмірін қағып алды…

Келе жатсам көшеде,

Көшеде бидай өсе ме?

Бір келіншек жылап отыр,

Алақан жайып,

Қайыр-садақа сұрап отыр…

«Қарын ашты,

Маза қашты!»

Дегендей өлеңін құрап отыр.

Сондай жаным ашып,

Үйге алып келдім,

Базарға апарып,

Әдемі көйлек алып бердім.

«Жылынып жата ғой» деп,

Төрге төсек салып бердім,

Ертеңіне оянсам,

Есікті ашып кеткен,

Жинаған ақшамды алып,

О, тоба, қашып кеткен…

Ту-у, жақсылығым қайтпайды,

Біреуі солардың,

«Мәләдес!» деп айтпайды!

Мұхтар  ШЕРІМ

Фото: papik.pro

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: