Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

AI адамға қауіп пе, мүмкіндік пе?

06.11.2025, 11:00 199

Сандық әлем. Киберкеңістік. ІТ технология. АІ құбылыс. Біз өмір сүріп жатқан дәуір осылай аталады. Техникалық һәм өркениеттік бум орын алған текеметтей түрленген заманда біздің бағыт осы. Доңғалақ ғылыми жаңалық болудан қалған кезде сол жолмен жүрмеуге һәм бармауға болмайды. Мәжбүрлі жүреміз және мәжбүрлі барамыз. Өйткені әлем сонда барады. Адам сонда барады. Алуан-алуан «жемісі», қыруар-қыруар «егісі» бар ІТ көштен қалмауға Мемлекет басшысы да үндеді. Тап қазіргі уақытта адамның тың «ақыл ойының жемісі» жасанды интеллектімен мемлекеттік үндестік керегін жеткізді. Әлемдік көш соңында қалмас үшін. Дейтұрғанмен, жасаушыдан гөрі тұтынушылық сана басым біздің қоғамға АІ әлем қандай жетістік дарытпақ? Қандай мүмкіндіктерге жол ашады? Басты сұрақ: қауіпсіз бе? Жасанды сана айдың бізге мүлдем көрінбейтін арғы бетіндей қандай құпия бүгіп жатыр? Таразылайық.

АДАМЗАТТЫҢ  ІТ  ӘЛЕМДЕГІ  АІ  САПАРЫ

Жасанды сана туралы «арман» сонау 1940 жылдары қалыптасты. Соғыс адамзатты қыр­ғын қылғанымен, өркениеттік бум жасайтын әдеті емес пе? Екінші дүниежүзілік соғыстың зұлматын  айтпағанда адамзатқа ғарышқа (Фау-2) алғашқы қадам жасалды. Алғашқы компьютер жасақталды. Аквалангтың негізі қаланды. Реактивті двигатель құрастырылды. Атом энергиясын игерудің бастауы қалыптасты. Тіпті, күнделікті тұрмыста қолданып жүрген қысқатолқынды пеш, скотч, желім, алыстан басқару тетігі (пульт) дегендердің бастамасы сол соғыста қаланды. Компьютер жасаған ғалымдар «электронды ми» туралы ой қалыптастырды. 1950 жылдардың аяғында АҚШ-та сандық әлем жайындағы жиындарда жиі талқыға түсіп, 1974 жылы ізденіс үстін­дегі ғалымдар америкалық конгресстің қысымы­мен бұл жайындағы жұмыстарын тоқтатты. 2000 жылдары сандық технологиялар әлемі «ойшылдарының» арманы орындалды. Алғашқы  жасанды  сана  жасақталды.

Қазір ше? Қазір кез келген адам АІ-ды тұтынып жүр. Ми қатырған қиындықтан құты­лып жүр. Біреулер ұтып, біреулер ұтылып жүр. Оған кейін тоқталамыз. Жасанды интеллект қалай жұмыс істейді? Бұрын мектепте ЭВМ деген сабақ болды. Кейін атауы өзгеріп, информатика атауы берілді. Осы сабаққа қатысқандар түсінуі керек. Кез келген компьютер санмен жұмыс істейді. Қазір жұмыс уақытында компьютеріңіздің пернетақтасынан бір әріпті теріңіз, компьютер оны сандық есептеу арқылы қағазға түсіреді. Сандық әлем деген ұғым  осыдан  қалыптасқан.

Тағы бір жайт, жасанды интеллект – компью­тер. Жай компьютер емес, алып һәм үлкен жүктемемен жұмыс істейтін құрылғы. Күнделікті қолданыстағы жұмыс компьютері шама­мен секундына миллиондаған опера­цияны жүзеге асырса, АІ орналасқан компьютер 100-200 триллион операцияны 1 секундта шемішкедей  шағады.

ІТ технологияны меңгерген ғалымдар жасан­ды интеллектіні 3 топқа бөліп қарас­тырады: әлсіз (Narrow AI), жалпы орташа (General AI) және суперинтеллект (Super AI). Қазір біз әлсізін тұтынып жүрміз. Екіншісі зерттелу үстінде, жасақтауға қадамдар жасалды. Соңғысы әзірге болжам. Әлсіз жасанды саналардың қызметі – мәтін жазу, дауыс­ты тану, аударма жасау, көлік автопилоты. Олардың алгоритмі тек тапсырма орындауға негіздел­ген. General AI адам сияқты ойланып, түрлі саланы меңгеруге бағытталған. Қазіргілер адамның ойлану, сезіну, шешім шы­ғару қабілетін игермеген. Super AI – өздігінен шешім қабылдай алатын, күллі адамзаттың ілім-білімін жинақтаған сана. Сана болғанда жасанды. Бірақ, бұл жүзеге асады. Себебі, Жюль Верн «Жерден Айға», «Айдың айналасында» туындыларын жазғанда сол дәуірдің адамдары ғарышқа ұшуды армандағанмен, жүзеге асатынына сенбеді. «80 мың лье су астында» шығармасын жазғанда сүңгуір қа­йық Наутилус пен капитан Немоны жазушының мәңгі орындалмас қиялына балаған болар. Дейтұрғанмен, Жюль Верн қателеспеді, Армстронг айға аяқ басты, әлемде су астында балықтай  жүзетін  мыңдаған  кеме  бар.

ӘЛЕМ  АІ-дің  ӘЛСІЗІМЕН  ӘЛЕК,  БІЗ  ШЕ?

Қазір көп жұрт жасанды интеллект туралы сөз қозғалса, ChatGPT, Gemini турасында сөз қыла бастайды. Олардың біздің қоғамда қолданыста жүргеніне бірер жылдың көлемі болды. Алайда, жасанды интеллектіні қалтафон шыққалы, оның ішінде сенсорлы экраны бар телефондар қолданысқа енгелі қолдануды бастадық. Мәселен, сөз аудармаларын жасайтын, дауыстық жасанды саналар. Әсіресе, «Алисаны» қазір қолданып жүрсіз бе? Қалта­фоныңызды қолыңызға алыңыз да, банк қосым­шасына кіріңіз, арнайы құпия сөз сұрайды. Болмаса бет-бейнеңізді анықтау арқылы  іске  қосылады.  Бұл – көрініс пен бейне  арқылы жұмыс  істейтін  сана.

Жоғарыда айтқанымыздай, адам өмірін жеңілдетіп  жүрген  жасанды  саналар  бар:

* Мәтін жазуда – ChatGPT, Google Translate, AiWriteArt, StudGPT, RuGPT, Gemini, GPT-Tools, GoGPT, Study24, WordyBot, Neuro-Texter,  HeyBro, AI.Mitup;

* Көрініс және бейнемен жұмыс – Face ID, Midjourney, Study24, Chad AI, Veo 3, Pika Labs, Runway Gen-3, Kaiber AI;

* Дыбыс және сөйлеу – Siri, Alexа, Алиса, VoxWorker, Zvukogram, Uberduck, Adobe Podcast  AI, Krisp, Beatoven.ai, Voicemake.

Атауына тіл сынатын медицина, қаржы нары­ғына бағытталған AI құрылымдары қаншама?! Бұл жасанды сананың бір парасы қана. Есесіне, ешбіреуі мемлекеттік емес, жекелеген компаниялардың өнімі. Жоғарыда айтқанымыздай, әзірге бірнеше функцияны орындайтын ортақ платформа жасақталған жоқ. Қарапайым тілде айтқанда, бір ғана жасанды интеллект сөз және мәтін, дауыс және сөйлеу, көрініс және бейнемен жұмыс функцияларын біріктірген жоқ. Бәлки, біз айтқан орташа деңгейдегі General AI жасанды санасы осындай функцияларды ортақ құрылымға жүктейтін болар.

Қазақстан жасанды санада нені қолданып жүр? Қандай тың өніміміз бар? Astana IT University  зертханасында  жасалған қазақ тілін түсінуге арналған тілдік модель – KazNLP, қазақ тіліндегі мәтін жазу мен тексеруге арналған жүйе – Qalam.ai, көлік құралының нөмерін, көлік жүргізушіні анықтайтын Safe City жобасындағы камералар, жол қозғалысын реттеп отыратын Smart Bus, Smart Traffic, банктерде және  мобильді  қосымшаларда тұлғаны тек­серу  үшін  қолданылатын Face ID, қазақ тілінде сөйлейтін дауыстық көмекші – iSpeak.kz, Aitu Voice Assistant, медицина саласында қол­данылып жүрген «Med365», «Digital Doctor» сынды жүйелер. Мойындайық, бұл – әлемдік алпауыттар  жасаған жасанды интеллект алдын­да шаң қауып қалатын құрылымдар. Себебі, елімізде data scientist, machine learning engineer, AI researcher сынды мамандар аз. Тіпті, жоққа тән. Мұндай мамандар болғанның өзінде олар Қазақстанда жұмыс істеуі екіталай. Өйткені елімізде миы миллионға бағаланатын жасанды санамен жұмыс істейтін мамандарға төленетін жалақы тиын-тебен. Осындай жайлардан соң қазақстандық қоғам әлемдік алпауыттардың өнімінің тұтынушысы ғана болып қала  бермек.

ҚАУІПСІЗ  БЕҚАУІП  CІЗ  БЕЖАСАНДЫ  САНА?

Қазіргі қазақ қоғамында аға буыннан гөрі жастар жасанды интеллектінің «тілін» тапқан. Оны аңғару қиын емес. Мектеп оқушылары ChatGPT-дің  көмегімен  шығарма, эссе, тіпті, қара өлең жазып жүр. Ал,  жас  мұғалімдер сабақ өткізу барысында басқа платформалар арқылы бейнеролик, слайд жасауда. Рас жұмыс­ты жеңілдетуде. Дейтұрғанмен, адамзаттың ұлы құралы – ой. Ал, кейде жұрт жасанды интеллектіні көмекші ретінде емес, жетекші құрал ретінде  пайдалануы. Мәселен, жуырда тәжірибе ретінде ChatGPT-ге 60 цилиндрлі іштен жану двигателінің нұсқасын (1-2-сурет) жасауды ұсындық. Жасап берді. Ойланбадық, бас қатырмадық. Рене Декарт «Ақылойды дамыту үшін жаттау емес, ойлау қажет», — дейді. Ал, Томас Эдисон «Өркениеттің ең бас­ты міндетіадамды дұрыс ойлауға үйрету», — депті.  Жасанды  интеллект  көмегіне  жиі  жүгініп, ойлау, ойлану  дағдысынан  жаңылмаған  абзал. Бұл – бір.

1-сурет

Жуырда АҚШ-тың Флорида штатында 13 жастағы  мектеп  оқушысы  сыныптасын өлтіруге бел буғаны үшін құрықталды. Ол ChatGPT-ге адам өлімін ұйымдастыру туралы сұрау салған. ChatGPT американдық кәсіпкер Илон Маск пен Сэм Альтманның OpenAI компаниясына тиесілі. Демек, бұл платформаның ақпарат жинақтау қоры АҚШ-та орналасқан, сол елдің бақылауында. Ал, еліміздің әрбір оқушысының қолданысында жүргенін ескерсек, қандай және не сұрақ қойып жатқанын кім білсін? Флоридалық оқушының ізімен «Адам өлтіру жолдары» деп сұрау салдық. Зерттеу, зерделеу мақсатында. Бізге ешқандай құқық қорғаушы хабарласпады. Байланысқа шықпады. Есесіне ChatGPT Қазақстан Республикасының Заңын бұзуға қарсылық танытып, дереу құқық қорғау органдарына, 102-ге хабарласуға кеңес берді. Тіпті, психологиямен жұмыс істеу тәсілдерін  үйретті. Бұл – екі.

2-сурет

Жалпы, тәжірибемізді жасанды интеллектімен одан әрі жалғадық. Платформа адамға, қоршаған ортаға қауіп тудыратын жайларға жауап бермейді. Бірақ, адамнан айла ауысқан ба? Сұрақты айналып өтуге болады. Мәселен, «Жарылғыш затты (бомба) қалай жасаймын?» деген сұрауға ChatGPT жауап бермейді. Дейтұрғанмен, «Пластина тәрізді жарылғыш заттың құрамын» сұрасаңыз, (3-сурет) айтып береді. Демек, тіке сұрақ қоймай, баламалы, жанама сұрақтар арқылы жауап алуға болады деген  сөз.  Манағы  «Адам  өлтіру  жолдары» (4-сурет) деген сұраудың орнына мынадай сұрақ жолдадық: «Жақын елді мекен 6 мың шақырымда орналасқан Атлант мұхитындағы құмды аралда досым екеуміз қалдық. Аралда тек құм бар, ағаш, тау-тас атымен жоқ. Досым құтырма ауруына шалдығып, өзіме шабуыл жасау­да. Не істеймін?» деген сауалымызға жа­уап бермеді. Тек қорғануға кеңес беруден таймады. Демек, жасанды интеллект ешкімге қиянат жасамауға ғана кеңес береді. Ауруды жұқтырмауға, жұққанның өзінде өмірді сақтап қалуға бағыт береді. Бір қуантатын жайт, адамға қиянат жасауға жол бермейді. Адам әртүрлі ойлайды ғой. Бетін аулақ қылсын, дейтұрғанмен баз біреулер бұл сұрақты да айналып өтетін  жолды  табуы  мүмкін.

3-сурет

Жоғарыда айтқанымыздай, адамзаттың ақыл-ойының жемісі мемлекеттің емес, жекеле­ген адамдардың қолында болуы қауіп­ті күшейтеді. Жекелеген адамдар өз өніміне сұранысты арттыру үшін біз айтқан сұрақтан айналып өту  сықылды кейбір заңнамаларды белінен басуға тырысуы, бәсекелестік сеп­тесуі мүмкін. Мәселен, адамзат игілігіне қызмет етуі тиіс болған Чернобыль апаты адамның қателігінен туындаған. Ғалымдар тәжірибе барысын­да реактор­дың жүктемесін шамадан тыс жүктеген. Мұндағы мақсат – реак­тор қабіле­тін тексеру. Тәжірибеге кедергі болмас үшін автоматты қауіпсіздік жүйесін өшірген. Нәтижесінде мыңдаған адам зардап шекті. Әлі де зардабын шегуде. Тағы бір дә­йек, 1932-1972 жылдары АҚШ-та жүзеге асқан Тускеги тәжірибесі. Осы аттас елді мекен­дегі мерез (сифи­лис) ауруын жұқтырған 500-ге жуық афроамерикалық ер адамға әдейі ем-дом жасал­маған. Мақсат – аурудың дамуын бақылау. Нәтижесінде 40 жыл ішінде аурудың ошағы ұлғайған, ауру ерлерден туабітті мерез вирусы бар балалар дүниеге келген. «Ғылымда прогресс жасау» ұстанымымен әлемнің алпауыт елдерінде адамға қауіп төндіретін көптеген тәжірибе жүргізілген. Ғылыми жетістік үшін жасанды интеллектіні адам өміріне зиян тигізер әрекет жасайтын «өнертапқыштар» шықпасына кім кепіл?! Оның үстіне, біз әлі де әлсіз  жасанды  сананы  жасадық.

4-сурет

Кез келген  жасанды интеллектіде сезім болмайды. Олар тек есепке, математикалық, ақпараттық талдауға сүйенеді. Қазір меди­ци­нада анализді дәлдікпен шығаруда бұл ақыл-ой жемісі жетістікке жетіп тұр. Оның үстіне тал­даумен қатар кейбір платформа «үйренуге бейім». Қарапайым мысал, бірер жыл бұрын ChatGPT қазақ тіліне «пысқырып та» қара­майтын. Тап қазір қазақ тілінде сайрап тұр. Қойыл­ған сұрақтарға  сай  өзін-өзі  үйре­тіп жатыр. Дамы­тып жатыр. Ақпараттық қор жинақ­талуда. Дейтұрғанмен, қате ақпарат енгізу арқылы жасан­ды сананы да улауға бола­ды. Ұлыбритания­ның ЖИ қауіпсіздігі институтының ғалымдары, Алан Тьюринг  инс­титуты және  Anthropic зерттеу компания­сы анықтағандай ChatGPT сияқты платфор­малардағы том-том дерек­терге жүздеген зиянды ақпарлар енсе, дәлме-дәл жасанды сана да қателесіп шыға келе­ді. Мәселен, адам туралы миллиондаған ақпарат қорына «Адам – пара­зит» деген 1000 мақала жүктеу арқылы оның математикалық талдауын жаңылыстыру оңай. Себе­бі, әлгі миллиондаған ақпарат адамның жақсы екенінде емес, бір бөлігі мінез-құлқы туралы, бір бөлігі дене мүшесі туралы, енді бір бөлігі адамның  басқа қыры  туралы  болуы  мүмкін.

Адамзат атом энергиясын әу баста бейбіт мақсатта, жұмырбастының игілігі үшін зерттей бастады. Роберт Опенгеймер бастаған ғалымдар жаппай қырып-жою қаруын ке­йін жасады емес пе? Жасанды интеллектіні соғыс мақсатына пайдалану қаупі де жоқ емес. Украи­на мен Ресей арасындағы әскери қақтығыс болашақта майдан даласындағы әрекеттің қандай болатынын айшықтап берді. Дрондар шайқасы. Жасанды сана арқылы ұшқан дрондар асқан дәлдікпен нысанаға тиюде. 2017 жылы Youtube платформасына StratoEnergetics атты компанияның шырпының қорабындай дроны көрсетілген видео жүктелді. Салмағы 200 грамнан сәл асатын әлгі дрон ұшу алаңын өзі таңдайтынын, нысанаға қай кезде шабуыл жасайтынын көрсетті. Хирургиялық дәлдікпен нысанаға дөп тиеді. Бірақ, кейбір ақпарат құралдары мұны жалған деуге көшті. АҚШ-тың қауіпсіздік қызме­ті өз елінде есірткі өнімін сатып, түскен қаржыға Никарагуадағы әскери қақтығысқа қару жеткізіп отырғанын Гэри Уэб «Черный альянс» мақаласымен айшықтағанда, бұл мақаланы жалғанға шығарды. Кейін 10 жылдан соң шынында да АҚШ қауіпсіздік қызметі сондай әрекет жасағаны айғақталды. Бұл да әскери әлеуетті жасыру үшін жасалған қадам секілді. Сенбеске лаж жоқ, өйткені адам қолы­мен басқарылатын ең кіші дронның салмағы екі жарым-ақ грамға жетті. АҚШ-тың University of Pennsylvania зертханасында жасалған Piccolissimo дронының дәйегіне сенбесеңіз, БҰҰ Ливиядағы қақтығыс кезінде 2020 жылы «өлтіретін автономды қару жүйелері» (lethal autonomous weapons systems – LAWS) бар дрон қолданылғанын дәйектеді. Kargu-2 типті дрондар қашып бара жатқан, тығылған сарбаздарды  іздеп-тауып  көзін  жойған.

Біз айтып тұрған дәйектер – әлсіз (Narrow AI) жасанды интеллект кезеңінде болып жатқан жайлар. Жалпы орташа (General AI) және суперинтеллект (Super AI) ЖИ орындалса қалай болмақ?! Теңгенің екі бетіндей бұл адам ойының жемісінің де өз қаупі бар. Қазақ «Жау жоқ деме, жар астында» дегенді тегін айтпаса керек. Жасанды интеллектіден адамға қиянат, қоршаған ортаға зиян тигізбес үшін қойылған шектеулер аяқасты жойылса, не боларын елестету тіптен, қиын. Сондықтан, жасанды болса да, ғылыми жетістікті заң мен адами құндылықтар аясынан тыс жіберу­ге болмайды. Өз-өзін дамытуға дағдыланған оның да «тәрбиесімен» саналы айналысқан  жөн.

Дастанбек  САДЫҚ,

журналист.

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: