«Қала күні» мерекесі аясында жаңадан ашылған «Syr-Darya» коммуналдық базар маңында Қызылорда қаласы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеге Сыр өңірінің брендіне айналған ақ күріші, балығы мен еті, қауыны мен қарбызы, жеміс-жидектері мен көкөністері, бақша дақылдары, ұлттық сусындары жеткізілді.
Ала жаздай ризық-несібесін жерден терген Сыр диқандарының ауыл шаруашылығы өнімдері халыққа нарық бағасынан төмен бағада ұсынылды.
Жәрмеңкеде қызылордалықтарға ерекше көңіл-күй сыйлау үшін қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Мадина Сәдуақасова және Сыр елі өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды.
Жәрмеңкеде спорттық ойындар — гір тасын көтеру, арқан тартыс, қол күрес ұйымдастырылса, үй жануарларынан зообақ орналастырылып, аймағымыздың ауыл шаруашылық саласының дамуына үлес қосқан озаттар қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Бұдан бөлек, «Үздік аула» байқауының жеңімпаздары мен тазалық қызметкерлеріне қаржылай сыйақылар табыс етіледі.
Сонымен қатар, жәрмеңке өтетін аумақта ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі, фотоаймақ, балаларға арналған ойнау алаңдары орналастырылды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!