Қоғамда мың түрлі мамандық бар. Әр адам жанына жақын мамандықта білім алып, оны өмір өзегіне айналдырады. Бірі бала күнгі арман жолында талап етсе, енді бірі әке жолын үлгі тұтып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырады. Қалай дегенде де әр адамның жүрек түкпірінде жатқан мамандығы болады. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген даналық сөз бар. Қандай мамандық болсын өз ісінің майталман маманы атқарғаны жөн.
Бүгін біз сөз еткелі отырған құтқарушылар мамандығы жауапкершілігі жоғары әлеуметтік сұранысқа ие мамандықтар қатарына жатады.
Құтқарушы – ең қауіпті мамандықтың бірі. Оларды бейбіт күннің батыры деп айтуға әбден болады. Өз өмірін қауіпке тігіп, өзгенің өмірін аман сақтап қалуды азаматтық борышы санайды. Олар талай мәрте ажалмен бетпе-бет кездесіп, сан мыңдаған тағдырға қайта өмір сыйлауда. Осындай ерлікке толы еңбектерін олар күніне бірнеше мәрте атқарады. Және онысын мақтан етпейді, жай ғана күнделікті жұмыс күндерінің бірі ретінде қарап, азаматтық міндеті санайды. Ал, бұл – шынтуайтына келгенде екінің бірінің жүрегі дауалай бермейтін сала.
Мың түрлі саланың ішінде қиындығы мен қызығы қатар жүретін құтқарушылар күні күрең күздің екінші айында аталып өтеді. Құтқарушылар өмiрі тәуекелге толы. Бұл – түрлi табиғи және техногендiк апаттардан адамдарды құтқаруға бағытталған адамгершiлікке толы, игілікті іс. Қай уақытта болсын, құтқарушы мамандығының мәртебесі биік екені сөзсіз. Өйткені олар су тасқыны, өрт, апат, тіпті қарапайым тұрмыстық мәселелерде де алдыңғы қатарда жүреді. Осындай келеңсіздікке кездескен уақытта ең бірінші құтқарушылар қызметіне жүгінетініміз жасырын емес. Қиындыққа қарамастан қажыр-қайратымен лаулаған оттың ортасына кіреді, қиындықта қалған адамды құтқарып, қытымыр қыстың аязында қалғандарға да қол ұшын созады. Міне, ерлік деп осындайды айтса керек-ті!
– Төтенше жағдай кезінде жұмыстың дұрыс үйлестірілуі және ұжымның ауызбіршілігі аса маңызды. Батыл мамандар елдің кез келген жеріне жедел көмекке келуге дайын. Адам өміріне қауіп төнген уақытта еш кідіруге болмайды. Қарапайым құтқарушыдан мамандандырылған жасақ қай кезде де өз ісіне адал. Атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде биылғы жылы облыс көлемінде құтқарылғандар саны 410 адамды құрайды. Эвакуацияланғандар – 171 адам, дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсетілгендер – 248 адам. Барлығы 2421 шақырту түскен. Оның ішінде 177-сі – тұрмыстық сипаттағы жағдайға, 173-і – авариялық-құтқару жұмысына, 29-ы – іздестіру-құтқару жұмысына, 6-ауы – жол-көлік оқиғасына, 1191-і – өрт ретінде есепке алынбайтын жану жағдайына, 340-ы – өртті сөндіруге, 1-еуі – жалған шақырту, 32-сі – оқу-жаттығуға қатысу, 125-і – су айдындарында кезекшілік атқару, 347-сі өзге де шақырту тіркелді. Мұндай сәттерде біз үшін ең бірінші – адамның амандығы. Бұл жұмыс барысында қызметкерге қойылатын басты талап осы, — дейді Қызылорда облысы ТЖД бастығының бірінші орынбасары Жасұлан Түйменов.
Мамандардың айтуынша, өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық бақылау және қадағалау-тексеру бойынша жүйелі жұмыстар іске асырылуда. Атап айтар болсақ, осы жылдың 9 айында 905 нысанға тексеру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, профилактикалық бақылау және қадағалау бойынша 401, жоспардан тыс тексерулер саны – 504, тексеру барысында өрт қауіпсіздігі талаптарының 4 030 заңбұзушылығы анықталды. Бақылау бағытындағы жоспардан тыс тексерулер нәтижесінде 42 әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданды. 2025 жылдың 9 айында облыс аумағында 352 өрт оқиғасы тіркелді. Өрт оқиғасы салдарынан 5 адам қаза тауып, 10 адам түрлі жарақат алған.
– Мен ешқашан құтқарушы боламын деп ойламадым. Бірақ бұл салаға мені өмірдің өзі әкелді. Мен өзімді абыройлы мамандық иесімін деп санаймын. Сондықтан жұмысыма еш өкінбеймін. Күн сайын сан түрлі қоңырау келіп түседі. Мысалы, жабылып қалған пәтер есігін ашу үшін хабарласады, өйткені үйдің ішінде кішкентай бала жалғыз қалып қояды. Қар көшкіні кезінде, зиянды заттармен уланған жағдайда тұрғындар біздің көмегімізге зәру. Құтқарушылар әрбір қысылтаяң сәттің артында адам және оның өмірі тұратынын біледі. Кез келген адам құтқарушы бола алмайтыны анық. Бұл мамандықты тек таңдаулылар ғана атқара алады. Құтқарушы болу үшін жүрек керек. Өйткені біздің жұмыста ауыр да көтересің, төбеден жіппен де секіріп түсесің, қанды да көресің, алғашқы көмек те көрсетесің. Сондықтан бұл жұмысқа ер мінезді адамдар ғана шыдай алады. Құтқарушылар оқиға орнында алдымен баскиім, қолдарына арнайы қолғабын киюді ұмытпау керек. Ол – өте маңызды талаптардың бірі. Негізінен құтқарушы мамандығына жастар көп қызығушылық білдіруде және бұл өте жақсы. Өйткені жасы 30-дан асқандардың көбі биіктіктен секіру, тез жүгіру сынды нәрселерді орындай алмай жатады. Ал жастардың бойында күш-қуат тасып тұрады. Бұл мамандыққа кездейсоқ адам келмейді, — дейді сүңгуірлік құтқару бөлімінің басшысы Ролан Әбдіхалықов өз сөзінде.
Иә, ержүректілік, батырлық, жанқиярлық – құтқарушыларға тән қасиеттер. Брезент киім арнайы құтқару жасағы жұмысшыларына арналып тігілген. Көз алдыңызға елестетіп көріңіз, үстіңде қалың киім, қолыңда ұзын су шлангасы, арқаңда он бес келілік ауа аппараты бар. Онымен қоса жауынгерлік балта, каска, қолшам тағы бар. Осыларды арқалай жүріп, отыз екі метрлік сатымен төмен қарай адам алып шығуың міндетті.
Міне, ерлік деп осыны айт. Расымен, сіз бен біздің бас амандығымыз әуелі өзімізге, содан соң мамандар біліктілігіне байланысты. Ендеше, құтқарушылар еңбегін қалай мадақтап, қандай марапат ұсынса да жарасады. Әрбір құтқарушы – қаһарман. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні осыған саяды.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ


Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!