Қоғам тыныштығы мен заң үстемдігін сақтау – мемлекеттің тұрақтылығының басты кепілі. Ал бұл бағыттағы жүйелі жұмыстың негізгі тірегі – прокуратура органдары екені белгілі. Соңғы жылдары елімізде құқықтық мәдениетті арттыру, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, қоғамдағы әділдік қағидатын орнықтыру бағытында бірқатар нақты қадам жасалып келеді. Сол үрдістің айқын көрінісі Қызылорда облысы прокуратурасының 2025 жылдың тоғыз айында атқарған кешенді жұмыстары мен қол жеткізген нәтижелерінде кеңінен байқалуда.
Заңның үстемдігін қамтамасыз етуді басты мақсат еткен аймақ прокурорлары қылмыстылық деңгейін төмендету, азаматтардың құқықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлық пен алаяқтыққа қарсы пәрменді шаралар қабылдау бағытында нақты істер атқарып отыр. Әсіресе, құқық қорғау органдарының өзара тиімді үйлесімділігі мен жергілікті атқарушы билікпен бірлескен әрекеттері өңірдегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандырып, әлеуметтік әділдікке деген сенімді күшейтті.
Жыл басынан бері Қызылорда облысында жалпы қылмыстылық деңгейі 4 пайызға төмендеген. Аса ауыр қылмыстар 49 пайызға, кісі өлтіру 17 пайызға, тонау 31 пайызға, ұрлық 49 пайызға азайған. Сондай-ақ, мобильді топтар арқылы 1500-ден астам адамның тұрғылықты жері мен жұмыс орны тексеріліп, қоғамдық қауіпсіздік саласында тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік берілді. Бұл көрсеткіштер құқықтық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын қамтамасыз етудегі прокуратура рөлінің артып келе жатқанын дәлелдейді.
Қазіргі заманның басты сын-қатерлерінің бірі алаяқтық пен цифрлық қылмыстар екені көпке мәлім. Соңғы уақытта интернет алаяқтары адамдардың сенімін теріс пайдаланып, олардың жеке деректерін иемдену арқылы материалдық шығын келтіруде. Осыған байланысты облыс прокуратурасы ұлттық банк, қаржы нарығын реттеу агенттігі және екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, үйлестіру кеңесін өткізіп, алаяқтықтың алдын алу тетіктерін күшейтті. Нәтижесінде 389 «дроппер» анықталып, 240-ы бойынша сотқа дейінгі іс қозғалды. Антифрод-орталығы арқылы күмәнді 454 транзакция бұғатталып, 6,8 млн теңге жәбірленушілерге қайтарылды.
Сонымен бірге прокуратура азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды басты назарда ұстап келеді. Азаптаулар мен заңсыз тергеу әрекеттерінің алдын алу мақсатында 112 шешім келісуден бас тартылып, азаматтардың құқықтарының сақталуына ерекше қадағалау жүргізілді. Прокурор қаулысымен уақытша ұстау изоляторынан 33 адам босатылып, 84 іс ақтау негізінде тоқтатылды. Әрбір азамат өзін заң алдында қорғалған сезінуі үшін тәулік бойы жұмыс істейтін «сенім телефондары» құрылып, кезекші прокурорлардың азаматтармен тікелей байланысы қамтамасыз етілді.
Құқық қорғау саласында жаңа дәуір басталды десек, артық емес. Қызылорда облысы прокуратурасы бүгінде тек дәстүрлі әдістермен ғана емес, заманауи цифрлық шешімдермен де жұмыс істеуде. Бұл бағыттағы жаңашылдықтың өзегі – қылмыстық процесте жасанды интеллекттің мүмкіндігін пайдалану.
Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Кәрімұлының айтуынша, «IT TERGEU», «Смарт-білезік», «Киберволонтер» және «Қылмыссыз өңір» сияқты жобалар өңірдің қауіпсіздік жүйесіне тың серпін берді. Атап айтқанда, «Киберпол» платформасы интернет-алаяқтық фактілері бойынша азаматтардың өтініштерін жедел қабылдап, тергеу әрекеттерін жеделдетуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл – «алтын сағат» принципі бойынша әрекет етудің нақты үлгісі. Өйткені қылмыстық оқиғаның алғашқы сағаттарындағы шұғыл әрекет көп жағдайда істің әділ шешілуіне тікелей ықпал етеді.
– Мәселен, осы цифрлық құралдардың арқасында көп эпизодты алаяқтыққа қатысы бар үш күдіктіге (Нұртаза, Шакабаев, Қоңыртаев) қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жолдану алдында тұр. Бұған дейін мұндай күрделі, көпқырлы істерді анықтау мен дәлелдеу айлап созылатын. Енді электронды талдау, транзакцияларды автоматты сәйкестендіру және цифрлық іздерді бақылау жүйелері істің сапасын да, жылдамдығын да арттырды, – дейді ол.
Мұндай тәжірибе құқық қорғау саласындағы «ақылды қадағалау» моделіне жол ашып отыр. Прокуратура бұл бағытты тек техникалық жаңару емес, азаматтардың сенімін арттырудың жаңа тетігі деп санайды. Себебі цифрлық технологиялар ашықтықты күшейтіп, адам факторын азайтады. Ал бұл – заң үстемдігі мен әділдік салтанат құруының ең басты алғышарты.
Қылмыс жасаған адамды жазалау – мақсат емес, басты міндет – оның қоғамға қайта бейімделуіне мүмкіндік беру. Осы қағидатты ұстанған Қызылорда облысы прокуратурасы түзеу мекемелеріндегі сотталғандарды еңбекпен қамту мен әлеуметтік бейімдеуді жүйелі жолға қойды.
Прокуратура мәлімдеуінше, бүгінде облыс бойынша 1 466 сотталғанның 971-і еңбекке тартылған. Қауіпсіздігі төмен мекемелерде бұл көрсеткіш 100 пайызға жетіп, республикадағы ең жоғары үлгілердің бірі атанды. Мұндай нәтижеге жеке кәсіпкерлерді өндірістік аймақтарға тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және жергілікті бюджет есебінен модульді ғимараттар салу арқылы қол жеткізілуде. №60 мекемесінде стационарлық емдеу бөлімі ашылып, телемедицина іске қосылды. Сотталғандардың барлығы медициналық скринингтен өтті, ал түзеу мекемелерінде күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Одан бөлек, «Смарт-білезік» жобасы аясында пробация есебіндегі тұлғаларды электронды бақылау енгізіліп, 80 азаматтың қозғалысы қадағаланып отыр. Бұл – жазаны өтеудің тиімді әрі қауіпсіз баламасы, қоғамның ашық әрі цифрлық бақылауға негізделген жаңа моделіне бетбұрыс. Рақымшылық заңын қолдану нәтижесінде 541 сотталғанның жазасы жеңілдетіліп, 147 адам бостандыққа шықты.
Қызылорда облысы прокуратурасының биылғы тоғыз айдағы жұмысы заң үстемдігін қамтамасыз ету мен қоғам қауіпсіздігін нығайтудың нақты нәтижесін көрсетеді. Қылмыстылықтың төмендеуі, азаматтардың құқықтарының қорғалуы, цифрлық технологиялардың құқықтық салаға енуі мен қайта әлеуметтендіру ісінің жетілдірілуі, бәрі де елдегі құқықтық мәдениеттің жаңа деңгейге көтерілгенін аңғартады.
Прокуратураның басты ұстанымы – «Заң – баршаға ортақ, әділдік – мемлекет тірегі» қағидасын өмірдің барлық саласында нақты іске айналдыру. Бұл жолда құқық қорғау органдарының ашықтығы, қоғаммен байланысы және технологиялық жаңаруы азаматтардың сенімін арттырудың ең басты кепілі болмақ.
А.АБАЙҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!