Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Экологтар Арал туралы айтып жүр ме?

17.06.2020, 15:45 580

HALYQLINE.KZ Қызық иә, дүйім дүние жұртына ақыл айтып отырған анау Атлант мұхитының арғы жағындағы «алыптар» бар ғой. Солар шегелеп, нүктелеп, белгілеп берген бүгінгі күн – БҰҰ-ның Дүниежүзілік қуаңшылыққа, құрғақшылыққа қарсы күрес күні екен.

БҰҰ-ның қуаңшылыққа қарсы күрес күні. 1995 жылы жарияланыпты. Біліп пе едіңіз? Мен – жоқ! Бірақ – актуалды! Неге? Ақылымыз жеткенше айтып көрейік.

Әдетте жалпы жаһандық масщтабтағы проблемалардың көлеңкесінде осындай проблемалар қалып қойып жатады. Сөйтсе де, бұл проблемалардың маңыздылығы анау «АҚШ пен Қытайдың экономикалық соғысынан» бір кемі жоқ. Басқа-басқа емес, дәл осы құрғақшылықтың кесапаты көп. Өңірдегі аштық, жергілікті халықтың үдере көшіп, босып кетуі, тұтастай жан-жануарлардың, құстар мен өсімдік түрлерінің жойылып кетуі т.б. тізе берсең көп. Суы тартылған соң, тіршілік те тұралайды. Тұрмыс қысады. Кімді? Әуелі сол аймақтарда тұратын халықты, сосын көршілерді, одан соң бүкіл елді. Әлеуметтік және экономикалық дағдарыс басталады.

Бізде де бар мұндай апатты аймақ. Ол – Арал! Біз түгілі БҰҰ «алаң боп», дабыл қаққан, талай мәрте. Бірлі-жарым экологтар болмаса, көп жұрт Арал туралы айтып жүр ме қазір? Жоқ! Өйткені, біздікілерге – «АҚШ, Қытай, Ресей, Украина» тақырыптары, одан қалса, «жезөкше» мен «той» тақырыптары қызық! Өткенде, «жезөкше» деген бір ролик екі апта бойы айналып жүрді осы фейсбукте. Жатта кеп, жыр қылдық, соны. «Тұрсынбекті» әңгіме қылғанды жақсы көреміз… Қызық, иә. Ал Байқоңыр, Арал секілді тақырыптарға келгенде сөз айтар адамдарды саусақпен санауға болады.

Арал туралы аз ғана ақпар. Нұрсұлтан Назарбаев президент болып тұрған сонау 90-шы жылдары Аралды құтқару үшін Халықаралық қор құрылған. Ұсынысты Н.Назарбаев айтқан. 1992 жылы ОА елдерінің басшыларына қайрыла сөйлеп, Аралды қалыпына келтіру үшін күш біріктіруге шақырған. Сөйтіп, 1993 жылы сол құрылған қордың бірінші президенті болып Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі сайланған екен.

Жергілікті және жаһандық экожүйеде әлемдегі ірі су қоймаларының бірі – Арал теңізінің мәселесі әлі де толық шешімін таппады. Соңғы жылдары аймақтағы кейбір мемлекеттер су ағатын табиғи арналарды бөгеп, қосымша су электр станцияларының құрылысы бойынша жобаларды қолға алуда. Аймақта сапалы ауыз су тапшы. Аймақтағы миллиондаған адамдардың денсаулығы сол ауыз суға тікелей байланысты.

Арал проблемасын дүниежүзі біледі десе де болады. Аралдың солтүстік бөлігін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Аралға келетін судың 75 пайызын Әмудария әкеледі екен. Сырдарияның үлесі 25 пайыз ғана.

Жалпы, жердің қуаңшылыққа ұшырауы – Қазақстан үшін өзекті мәселелердің бірі. Суармалы және егістік жерлердің тозуы – 4-10 %-ды, Орманның қурауы – 8 %-ды, жайылымдық жерлердің тозуы 20-60 %-ды құрайды екен. Осылардың ішіндегі ең актуалдысы – әрине, Арал! Арал теңізі туралы әйлігі актер Леонардо Ди Каприо да жазып еді. Естеріңізде ме?

«Метафорамен сөйлейтін болсам, түйелер Арал теңізінің суының үстінде, құрғап қалған бедерден өтіп бара жатыр. Суару мақсатында суды бұру теңіздің көлемін кішірейтті, сөйтіп, бір кездері керемет шығанақ болған жерде кеме қирандыларының моласы пайда болды», – деген 2015 жылы.

Ғабит Мүсіреповтің: «Ең соңғы тіршілік тау етектеріндегі қалың орманда ғана қалады. Бір замандарда ол да тынышталады. Бітеді. Жер өмірін тексеріп жүрген дүниежүзі ғалымдарының әзірше жұқалай ескертіп жүрген тірлік қауіптерінің түбі осыған соғатын сияқты»,- дегені де есімізде. Әсілі, осы сөздер расқа айналатын тәрізді. Өйткені жыл сайын құлдырап бара жатқан әлемнің, әсіресе, Қазақстанның экологиялық ахуалы мұны айқын аңғартып отыр.

Нұргелді Әбдіғани,

Abai.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: