Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ЖИ қай кәсіпті жояды?

25.09.2025, 12:00 476

Осыдан тура 5 жыл бұрын, 2020 жылы еңбек нарығының сарапшылары 5 жылдан кейін жасанды интеллект (ЖИ) бірқатар мамандықты жояды деген болжам жасаған. Болжам  бойынша  2025  жылы  «ақылды» машиналар  мен  жасанды  интеллект  85  миллионға  жуық  жұмыс орнын алмастыратыны  айтылған. Расында  да  осы  болжам  жартылай  болса  да дәл келді. Жасанды  интеллект  еңбек  нарығын өзгертті. Бірақ ол жұмыстардың бәрі жойылып кетті деген сөз емес. Адамдар өзінің атқаратын міндетін жеңілдету және уақытын үнемдеуі үшін жасанды интеллектіні өмірге көбірек енгізуге кірісті.

Мысалы, қазір копирайтерлер ЖИ-дің көмегімен контент жасайтын құралдармен жұмыс істейді. Дәрігерлер медициналық құжаттаманы жасауға жасанды зердені пайдаланады. Қаржы аналитиктері ЖИ-дің көмегі­мен алынған мәліметтерге сүйене отырып, болжам айтады. Киберқауіпсіздік мамандары қауіп-қатердің бар-жоғын ЖИ-дің сарап­тамасымен анықтайды. Осылайша, табиғи зердеге жасанды интеллект қосылып, кез келген қауіптің алдын алуға болатынын адамдар біліп отыр. Бір заманда компьютерлер төңкерісі деген болып еді. Жасанды интеллект төңкерісі  де  соған  ұқсайды.

ЖИ  ЕҢБЕК  САЛАСЫН  ҚАЛАЙ  ӨЗГЕРТЕДІ?

Жасанды интеллект технологиялары кере­мет қарқынмен дамып келеді және олар қазірдің өзінде еңбек нарығын өзгертуде. Кейбір мамандар нейрондық желілердің өз міндеттерін қалай қабылдайтынын алаңдау­шылықпен бақылайды, ал басқалары жаңа дағдыларды игереді және осы цифрлық төңкерісте даму мүмкіндіктерін табады. Жақын арада бізді не күтіп тұр? Жасанды интеллект кімнің жұмысын алмастырады? AI еңбек әлемін  қалай  өзгертеді?

Зерттеулерге үңілетін болсақ, 2030 жылға қарай жасанды интеллект мамандықтардың шамамен 25 пайызын өзгертеді. Кейбір салада ол енді көмекші ғана емес, адамды толыққанды алмастырады. Мұның себебі қарапайым: машиналар тезірек, дәлірек жұмыс істейді және шаршамайды. Олар жалақы, демалыс сұрамайды, ауырып жұмысқа шықпай қалуы деген  жоқ.

Бірақ бұл миллиондаған адам жұмыссыз қалады дегенді білдіре ме? Әлбетте, жоқ. Тарих­қа шегініс жасасақ, технологиялық төңкерістер кейбір кәсіпті жойғаны мәлім, бірақ оның орнына жаңа кәсіп пайда болғанын білеміз. Интернет өмірімізге дендеп енген­нен кейін, компьютерлер дәуірі келді. Ал қазір біз жасанды  интеллект  дәурінің табалдырығында  тұрмыз.  Алдағы  жылдары  ЖИ  мынадай 11 кәсіпті алмастырады: байланыс орталығының операторы, кассир, кондуктор немесе қоғамдық көлік бақылаушысы, көлік жүргізушісі, есепші немесе қаржылық аналитик, заңгер, аудармашы, курьер, копирайтер, күзетші, кеңсе  қызметкері.

Мысалға, байланыс орталығы операторы­ның жұмысын алайық. Чатботтар мен дыбыстық көмекшілер көп сұранысты шешеді. Нейрондық желі бір уақытта мыңдаған қоңы­рау­ды өңдей алады. Олай болса, 10 адамға еңбек­ақы төлеудің не керегі бар? Кассирлерге сұраныс та солай. Дүниежүзіндегі супермаркеттер өзіне-өзі қызмет көрсететін кассаларды белсенді түрде қолданысқа енгізуде. Өздігінен жүретін көліктер қазірдің өзінде кейбір қалада бар. Олар әлі мінсіз емес, бірақ 5-10 жылдан кейін таксидің, ауыр жүк көліктерінің жүргізушілеріне ешқандай сұраныс бол­мауы мүмкін. Есепшінің жұмысын алмас­тыратын AI деректерді лезде талдайды, қателерді табады және тіпті қаржылық тәуекелдерді болжайды. Заңгердің жұмысын да ЖИ алмастырады. Стандартты келісімшарттар жасау, құжаттарды тексеру және ақтауға себеп болатын жағдайды табу – нейрондық желілер бұл жұмыстарды адамдарға қарағанда жақсырақ атқарады. Қазіргі заманғы машиналық аударма жүйелері (мысалы, DeepL) техникалық мәтіндердегі мамандардан кем түспейді. Курьердің жұмысы тарихтың бір бөлігі болып қалуы мүмкін. Дрондар мен жүк жеткізуші робот­тар қазір қиял-ғажайып емес, шындық­қа айналды. ЖИ күзетшінің жұмысын оп-оңай алмастырады. Адамның бет-жүзін тани­тын камералар мен қозғалыс сенсорлары тәулік бойы қалтқысыз жұмыс істейді. Копирайтердің жұмысы да роботқа көшірілді. AI-жүйелер кеңседегі қызметкер атқаратын күн тәртібін нақтылау, электрондық поштаны ашу, басшының кездесулері, құжаттармен жұмыс істеу сияқты міндеттерді тез, қатесіз іске асырады. Корпоративтік ұжымдар бизнес-ассистенттерді қолданысқа енгізіп жатыр,  нәтижесі  де  жақсы.

ЖАСАНДЫ  ИНТЕЛЛЕКТ  ҚАЙ  САЛАЛАРҒА  ЕНІП  ЖАТЫР?

Жасанды интеллект білім беру саласына да енгізіліп жатыр. Тіпті, ҰБТ-ның сұрақтары ЖИ-дің көмегі­мен дайындалатынын біреу білсе, біреу білмейді. 2025 жылдың 3-тоқсанында іске асырылатын жобаға жабық бөлмелерде тест тапсырмаларын дайындауға арналған жүйе кіріктірілген. Ол жасанды интеллектінің көмегімен тапсырманы жасап, жүйеге жүктейді және клондайды. Ғылым және жоғары білім министр­лігінің цифрландыру және мемлекеттік қызметтер департаментінің директоры Нұрсұлтан Махатовтың айтуынша, ЖИ-дің бұл салаға енгі­зілуі бірегей тестілік тапсырмалардың санын көбейтуге, сұрақтарды дайындауда субъективтілікті төмендетуге, техникалық тапсырмаларды дайындаудағы  шығындарды азайту­ға  мүмкіндік  береді.

Отандық тергеушілер жасанды зерденің көмегімен қылмыстық істерді ашуға кірісті. ІІМ жүзеге асыр­ған қанатқақты жобаның бір айырмашылығы, кәдімгі тергеушінің көмекшісі – жасанды интеллект. Бұл жоба Есіл ауданының полиция бөлімінде қолға алынған. Жаңа жүйе «Сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізіміне» қосылған. Ол мәтінге сөзді аударып қосу, куәгерлердің сөздерін салыстыру және ондағы қарама-қайшылықты табу, тергеуге қажетті қосымша сауалдарды құрастыру, процессуалдық құжаттарды автоматты түрде түзу сияқты қиын жұмыстарды атқарады. Жасанды интеллектінің төрт модулы бар: тергеуді жоспарлау, куәгерлердің берген жауап­тарын өңдеу, құжаттарды дайындау, іске сараптама жасау. Қылмыстық іс тіркелген сәттен бастап нейрожелі іс-қимылдар жоспарын ұсынады. Ол кімді тергеуге шақыру, қандай экспертиза жүргізу қажеттігін анықтап, жаңа мәліметтерге сәйкес оған өзгеріс­тер  енгізеді.

Алайда, жасанды интеллект пайда­сымен қоса зиянын да тигізіп отырғанын жоққа шығармаймыз. Оған дәлел – телефон арқылы жұртты сан соқтырып жүрген алаяқтар ЖИ-дің көмегімен қазақша сөйлей бастады. Ішкі істер министрлігінің өкілдері қандай да бір бөтен нөмірден қоңырау түскенде арғы жақтағы дауыстың дұрыс-бұрыстығына, сөйлеп тұрған адамның көңіл күйінің болу-болмауына назар аудару қажеттігін айтады. Өйткені, алаяқтар басқа біреудің дауысын салып, хабарлама жібере алады, қоңырау соға алады. Мысалы, арғы жақтағы дауыс «Мен құқық қорғау органының қызметкерімін», «Мен банк қызметкерімін» деп өзін таныстырып, я болмаса туыс адамның кейпінде сөйлеуі мүмкін. Тіпті, алаяқтар белгілі тұлғалар мен туыстардың бейнесін көрсету үшін дипфейктерді қолданады, осыдан да өте сақ болу керек.

Жақында дүйім жұртты қайран қалдырған тағы бір ғылыми жаңалық жария болды. Алматыдағы Қазақ ұлттық университетінің зерттеушісі, жас ғалым Ажар Тұрсынова жасанды интеллектінің көмегімен инсультті алдын ала анықтай алатын жүйені ойлап тапты. Ғалымның айтуынша, инсульттің кәдімгі диагностика­сына қазір көп уақыт жұмсалады және ақысы да қымбат. Дәрігерлер аппаратқа түсірілген суретті қолмен зерттейді. Мұндай жағдайда суреттегі бейнелер анық болмаса, қателесуі әбден  мүмкін.

«Қазіргі уақытта денсаулық сақтау саласындағы күрмеуі шешілмеген мәселенің бірі – инсульт. Оның диаг­ностикасына әртүрлі әдіс-тәсілді қолданамыз, бұл үдеріс ұзаққа созы­лады. Ал мен ойлап тапқан тәсіл өте оңай.  Жасанды  интеллектінің  көмегімен тез, дәл  диагностика  жасалады, медициналық суреттерді толықтай және дәлме-дәл талдауға  және  салыстыруға болады.  Мұндай  жағдайда науқас адамның уақыты үнемделеді», — дейді Ажар Тұрсынова.

Ғалымның жаңалығы патенттеліп, ғылыми зерттеулерінің нәтижесі ғылыми журналдарға шығыпты. Алдағы уақытта ол дәрігерлер нау­қастарға жедел көмек көрсетуі үшін өзінің жаңалығын қазақстандық емхана­ларға  енгізетініне  сенімді.

ҚАЙ  МАМАНДЫҚ  ИЕЛЕРІН  АЛМАСТЫРА  АЛМАЙДЫ?

Диагностикадағы технологиялардың қарқынды дамуына қарамастан жасанды интеллект дәрігердің жұмысын толық алмастыра алмайтыны анық. Мысалы, хирург-дәрігердің кез келген жағдайда жедел шешім қабылдай алатын қабілеті бар. Психиатр-дәрігер де тура солай.

«Жасанды интеллект қандай мамандықтарды алмастыратынын нақты білмеймін, бірақ дәрігерлерге алаңдаудың ешбір негізі жоқ. Өйткені, ол өзінің жұмысында көптеген факторды салыстырып қарап, нау­қас­тың ауруының белгілеріне және емдеу үдерісіне назар аударады. Нау­қас адамның ұлтына, өмір сүретін жеріне де көп нәрсе байланысты. Біз зертханалық тексерістердің нәтижелеріне ешқашан күдікпен қарамаймыз. Ал компьютер мұны істей алмай­ды. Біздің  мамандығымызда ең маңыздысы – тәжірибе, біліктілік», — дейді интегративтік терапевт-дәрігер, анемия және темір тапшылығын емдеу жөніндегі маман Елена  Барсукова.

Нейрожелілер алмастыра алмайтын мамандықтың бірі – мұғалім. Белгілі бір бағдарлама білім беруге көмектесе алады, алайда толықтай мұғалімнің жұмысын атқаруы мүмкін емес. Біріншіден, мұғалім балаға мейірімін төгеді. Екіншіден, өмірлік жанашырына, ұстазына, тәрбиешісіне айналады. Балаларға эмоционалдық жағынан қолдау аса қажет. Соны­мен қатар, мотивациялық және жеке-дара ақыл-кеңес беру, алға жетелеу, кітап оқуға және ғылымға қызық­тыру деген нәрселерді ешбір ЖИ  бере  алмайды.

Психологтар мен психотерапевттерге де ешқандай қауіп жоқ. Адамдар қазір виртуалды психологтың да жәрдеміне жүгініп жүр. Мысалы, үрей және сенімсіздікпен, күйзеліспен күресудің жолдарын ұсынатын чат-боттар шықты. Бірақ терапия сеніммен егіз. Қандай «ақылды» робот болса да адам баласының көңіл күйін, күйзелген кезін дөп басып анықтап, түсініп, оған қажетті көмегін бере алмасы анық, өйт­кені ол белгілі бір шаблонмен ғана әрекет етеді. Оның жан дүние­сі жоқ. Әлеуметтік қызметкерлер де осы топқа жатады. Яғни, қарттармен, мүгедектермен жұмыс істейтін жандардың да кәсібін ешбір робот тартып  ала  алмайды.

Бұл топқа суретшілерді, музыканттарды, жазушыларды, қорғау­шыларды, судьяларды, зерттеуші-ғалым­дарды да жатқызамыз. ЖИ қазір сурет салады, ән шығарады, әңгіме жазады. Бірақ кез келген өнер туындысы – мәліметтерді жинақтау ғана емес, ол адамның көңіл күйі мен жан дүниесінің күйін көркем тілмен, образбен оқырманға жеткізе алу. Мұндай іс жасанды зерденің қолынан  келмейді.

Жасанды интеллект ақпараттар мен фактілерді талдай алады, бірақ адам баласы сияқты пікір айта алмайды, жағдайды бағамдай алмайды. Юриспруденция дегеніміз – бұл логика, этика, әділеттілік. Бұл орайда ЖИ соттағы қорғаушының жұмысын да, судьяның қызметін де алмастыра алмайды. Судья – айыпталушының өмірі мен тағдырына қатысты үкім шығаратын адам. Оның кәсіби дағдысы, шеберлігі, тәжірибесі және адамгершілік ұстанымы роботтың бойында  жоқ.

Неліктен ЖИ шығармашылық мамандықтарды алмастыра алмай­ды? Себебі сол, оның шығармашы­лық тұрғыдан ойлауға, пайымдауға қабілеті жоқ. Бір анық нәрсе бар, ол жасанды зерде ғылыми жаңалықтар үдерісін жылдамдатады. Бірақ ға­лым­дардың креативтік ой-санасын ауыстыруға қауқарсыз. Ғылымдағы адамды таң қалдыратын гипотезалар мәліметтерді талдаудан емес, интуиция­дан пайда болады. Машинала­рдың ішкі мотиваторы жоқ, этикалық ұстанымы болмайды. Яғни, жасанды интеллект жаңалық ашатын ғалымның жұмы­сына  қауіп  төндіре   алмайды.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Астана  қаласы

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: