Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сталкинг: Көзге көрінбейтін қылмыс қалыпты құбылысқа айналып барады

25.09.2025, 11:00 473

Біреудің  қадамынан  қалмай  аңду, онымен  қоймай  әлеуметтік  желідегі  әр іс-әрекетін  бақылау,  үздіксіз хабарламалар  жолдау  секілді  кей  адам үшін  қалыпты  санайтын  дүниелердің астарында  үлкен  қауіп-қатер  жатқанын көпшілік  ескермей  жатады.  Дәлірек айтқанда, бүгінгі  қоғамда  қызығушылық пен  қудалаудың  аражігін  ажыра алмайтындардың  қарасы  көп.  Негізі, шын  мәнінде,  сталкинг – адамның  жеке кеңістігіне  жасалған  елеулі  шабуыл  һәм психологиялық  жай-күйіне, тіпті  өмір сапасына әсер   ететін  қылмыс  деуге  пара-пар.

Бұл  проблема  қазір  тек  жекелеген тұлғалардың  емес,  тұтас  қоғамның алдындағы  сын-қатерге  айналып  отыр. Әсіресе  цифрлық  дәуірде  жеке  өмірдің шекарасы  барған  сайын  көмескіленіп, «желіде  отырған»  адам  ертең  көшеде жолығып  қалатын  қудалаушыға  айналуы  мүмкіндігі  жоғары.

СТАЛКИНГ  ҰҒЫМЫ  және  ХАЛЫҚАРАЛЫҚ  ТӘЖІРИБЕ

«Сталкинг» (ағылш. stalking) – ғылыми тұрғыдан бір адамды жүйелі түрде аңду, бақылау, қысым көрсету немесе мазалау әрекеттерінің жиынтығы. Бұл ұғым ХХ ғасырдың соңында Батыс елдерінде кең қолданысқа еніп, алдымен криминологиялық, кейін психоло­гиялық термин ретінде бекіді. Сарапшылардың айтуынша, сталкинг – кездейсоқ қызығу­шылық емес, адамның жеке кеңістігіне жасалған  жүйелі  әрі  мақсатты  шабуыл.

Әлемдік тәжірибеде сталкингке әртүрлі көзқарас қалыптасқан. Мәселен, АҚШ-та ол қылмыстық заңнамаға 1990-жылдардың басында енгізіліп, қудалау түріне қарай түрме жазасына дейінгі жауапкершілік қарас­тырылады. Ұлыбританияда «Protection from Harassment Act» (1997) арнайы қабылданып, адамның еркіндігін шектейтін кез келген қуда­лау қатаң жазаланады. Германия, Италия, Жапония сияқ­ты елдерде де сталкинг заңмен қудаланады, ал кей мемлекетте ол тұрмыс­тық зорлық-зомбылықтың  бір қыры ретінде қарас­тырылады.

Сарапшылар пікірі бойынша сталкингтің кең таралуы оның «жасырын» сипатымен байланысты:  жәбірленушілердің  көбі  ұзақ уақыт бойы қудалауды  қалыпты  құбылыс деп қабыл­дап, дер кезінде құқық қорғау орган­дарына жүгінбейді. Әлемдік статистикаға сүйен­сек, мысалы, Еуропада әрбір бесінші әйел өмірінде бір рет болса да сталкингке ұшырағанын айтса, АҚШ-та жыл сайын шамамен 1,5 мил­лионға  жуық  адам  осындай әрекеттерден зардап  шегеті­ні  тіркелген.

СТАЛКИНГТІҢ  ТҮРЛЕРІ  мен  БЕЛГІЛЕРІ

Бір кеште қаладағы тып-типыл шу басыл­ғаннан кейін ғана Айнұр телефонға түскен тағы бір хабарламаны көрді. «Сен қайда жүрсің?» деген бір жолға қайта-қайта жазылған сол хабарламаға жауап бергісі келмеді. Бірақ әр кеш сайын оның жұмысынан қайтып келе жатқан жолын біреу байқатпай қадағалап жүретін сияқты болды: автокөліктің көлеңкесі, түскі үзілісте қалдырған велосипедтің қасына ілескен бір беймәлім адам, әлеуметтік желідегі фотоларға түсініксіз лайктар. Алғашында «қызығушылық», кейінірек «қысым» болып көрінетін осы әрекеттердің үзілуі қай күні баста­латынын Айнұр да өзі білмеді. Бұл сторителлиң – сталкингтің ең қарапайым тарихы: кішігірім, бірақ жүйелі, жәбірленушінің өмір сапасын  өзгерте  алатын әрекеттердің баяу жиналуы.

Сталкингтің негізгі түрлері, яғни сценариі мен практикасы мыналарды қамтиды. Біріншісі, дәстүрлі (офлайн) сталкинг – бұл құмарлықты немесе қасақана бақылауды көше, үй, жұмыс орындарына келіп, физикалық қадағалау арқылы жүргізу. Мысалы, үйдің жанында ұзақ тұру, жұмыс орнында күтіп алу, адамның жүретін жолдарын бақылау. Мұндай форма әлі де қауіпті, себебі ол тікелей қорқыту мен физика­лық  қауіпке  әкелуі  бек  мүмкін.

Екіншісі, киберсталкинг (онлайн сталкинг) – әлеуметтік желілер, мессенджерлер, электрондық пошта, орналасқан жерді көрсету (geotagging), жасырын аккаунттар немесе жалған профильдер арқылы адамның жеке өміріне үнемі қол сұғу. Киберсталкингтің қатері – ол тәулігіне 24 сағат жұмыс істейтінінде, із  қалдырмай бақылауға мүмкіндік беруі. Заманауи зерттеулерде жасөспірімдер мен жастар  арасында  осындай  түрдің жиілігі жоғары  екені  байқалады.

Үшіншісі, интимдік/серіктестік сталкинг – көбіне  қазіргі немесе  бұрынғы серіктестер тарапынан жүзеге асатын сталкинг. Зерттеулер көрсеткендей, сталкинг құрбандарының айтарлықтай бөлігі, шамамен 40%-ы – қазіргі немесе бұрынғы интимдік серіктестер. Бұл форма жиі басқа зорлық-зомбылықпен (қол жұмсау,  тосқауыл  қою)  қатар  жүреді.

Төртіншісі,   жұмыс  орнындағы   сталкинг – әріптестер, бұрынғы әріптестер немесе жұмыс­қа  қатысты байланыстары арқылы бола­тын қудалау: жұмыс үстінде үстінен бақылау, ұрланып видео/фото түсіру, тұрақты электрондық пошта неме­се қоңыраулар. Бұл – кәсіби  қауіп­сіздік пен  психо-әлеуметтік  жайлылықтың  бұзылуы.

Бесіншісі,  странгер  (бейтаныс)  сталкинг – құрбаны мен қудалаушының бірде-бір байланы­сы жоқ жағдайдағы үнемі бақылау. Әлеуметтік желілер мен ашық деректердің (жұмыс орны, фотолардағы орналасқан жер) арқасында бейтаныс адам да іздеп таба алады.

Алтыншысы, обсессивті «қатынастыққа ену» (Obsessive Relational Intrusion) – құрметсіздік көріністерінің бір түрі: телефон арқылы үнемі байланыс орнату, тосқауыл қою, қатынас орнату мақсатында тағы да басқа тұлғаларға қысым көрсету. Бұл әрі қарай романтикалық қатынасқа жету деген мақсатпен жүргізіледі және  сталкинг  аймағына  кіреді.

Төмендегі көріністердің біреуімен кездесу әлі сталкинг деп танымайтының болуы мүмкін, бірақ осы әрекеттер қайталанып, жүйелен­се, жағдайдың  маңызды  сигналдарына  айналады.

Олардың ішінде: үнемі, көп реттеліп келе­тін күтпеген қоңырау, хабарлама, электрондық хат; түсініксіз немесе қорқыныш туғызатын жазбалар; сенің үйіңе, жұмысыңа, оқу орнына жиі келіп қалу; күтпеген жерлерде кездесу; қолданушының әлеуметтік профильдерін үнемі қарап, құпия түрде фото-видео түсіру, орын белгілеулер арқылы орналасқан жерді бақылау; адам туралы жалған ақпарат таратылуы, заттарын бүлдіру, қорқытуға бағытталған  нысандар  қою.

Құқық қорғаушылардың, психо­логтардың атап өткеніндей, құрбандар арасында ұйқының бұзылуы, мазасыздық, әлеу­меттік оқшаулану, жұмыс­тан шегіну сияқты психологиялық зардаптар жиі  байқалады.

Заңгер, MNU оқы­тушысы Әйгерім Құсайынқызы ауыр қылмыстың көбі сталкерліктен бас­талатынын  айтады.

– Ресейде сталкер­лік жайлы заң қабылданбаған. Жақында Қазақстанда осы мәселе бойынша заң қабылданып, қылмыстық жауапкершілік енгізілген сәтте көршілес елден хабарласып, құттықтаушылар көп болды. «Қазақстандық арулар, сендер қандай бақыттысыңдар!» дейді олар. Жаңа заң жүзінде сталкерліктің алдын ала отырып, фемицидті, яғни әйел өліміне нүкте  қоюға  мүмкіндік  бар.

«Қазақстанда жылына 400-ге жуық әйел өледі» деген жаңалықтарды қашанғы естиміз? Заң енгізу керек қой, — дейді жаңа баптың қабылдауына себепкер  заңгерлердің  бірі.

ЗАҢ  НЕ  ДЕЙДІ?

Көптеген елде сталкинг жеке құқық пен бос­тандыққа тікелей қауіп төндіретін қылмыс ретінде заң­мен қатаң реттеледі. Әсіресе, Батыс елдерінде ол тұрмыстық зорлық-зомбылықтың бір түрі ретінде қарастырылып, дербес қылмыстық  құрамға  енгізілген.

АҚШ-та сталкинг алғаш рет 1990 жылдары қылмыстық құқыққа енгізілді. Қазір феде­ралды деңгейде де, әр штаттың заңнамасында да арнайы баптар бар. Мысалы, Калифорнияда сталкинг үшін 1 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, ал егер ол қарумен, бұрынғы серіктеске қатыс­ты немесе сот бұйрығын бұза отырып жасалса, жаза  мерзімі  артады.

Ұлыбританияда 2012 жылы «Stalking Protection Act» қабылданған. Ол бойынша адамды жүйелі түрде қудалау, әлеуметтік желілерде аңду, жалған аккаунттар ашу немесе үнемі мазалау қылмыс саналады. Жаза түрлері: айыппұл, белгілі бір аймаққа жақындауға тыйым салу, тіпті 5 жылға дейін бас бостандығынан   айыру.

Германияда «Nachstellung» деп аталатын қылмыс түрі 2007 жылдан бері Қылмыстық кодек­ске енгізілген. Бұл заң бойынша, егер адамды жүйелі түрде аңду оның өмір салтына ауырлық түсірсе (жұмысын тастауға, үйден көшіп кетуге мәжбүрлесе), қудалаушы 3 жылға дейін  бас  бостандығынан  айырылуы  мүмкін.

Жапонияда да сталкингке қарсы арнайы заң бар. Ол «Stalker Control Law» деп аталады (2000 жылдан бері қолданыста). Онда тіке­лей жазбаша ескертуден бастап, полицияның қорғау шараларына дейін түрлі механизм қарасты­рылған. Егер ескертуге қарамастан қуда­лау жалғасса,  қылмыстық  жауапкершілікке  тартыла­ды – 2 жылға дейін түрме жазасы  неме­се  ірі  айыппұл.

Оңтүстік Кореяда 2021 жылы сталкингті жеке қылмыс ретінде танитын заң қабылданды. Бұған дейін ол тек тұрмыстық зорлық-зомбылықтың бір бөлігі ретінде қаралатын. Енді жүйелі аңду мен қудалау үшін 3 жылға дейін түрме жазасы немесе шамамен 20 мың доллар көлемінде  айыппұл  салынады.

АЛ  ҚАЗАҚСТАНДА  ШЕ?

Қазақстанда сталкингке қарсы жаңа заң  2025 жылдың шілдесінде қабылданып, Қылмыс­тық кодекске 115-1-бап ретінде енгізіл­ді. «Сталкинг»   деп  аталатын  бұл  норма  Президенттің  қол  қоюымен  бекітіліп,  2025 жылдың  16 қыр­күйегінен бастап күшіне енді. Заңда сталкинг зорлық-зомбылықсыз, бірақ адамның еркі­не қайшы жасала­тын әрекеттер жиынтығы ретінде анықтала­ды. Яғни біреумен мәжбүрлі қа­рым-қатынас орнату, үнемі ізіне түсу, теле­фон соғу, онлайн бақылау немесе қорқыту сияқ­ты әрекеттер адамның психологиялық, әлеу­меттік әл-ауқаты­на зиян тигізсе, ол қылмыс ретінде  қарастырылады.

Жаңа заң бойынша сталкингке барған адамға түрлі жаза түрлері қарастырыл­ған: 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, 200 сағатқа дейін қоғамдық немесе түзеу жұмыстарына тарту, сондай-ақ 50 тәулікке дейін қамауға алу. Бұл ретте заң жеке өмірге қол сұқпау, қозғалыс еркіндігі мен психологиялық қысымға қатысты құқықтарды қорғауды басты  назарға  қояды.

Сонымен бірге, егер сталкинг әрекеті  зорлық-зомбылық, қорқыту, бопсалау немесе жеке өмірге заңсыз қол сұғумен ұштасса, ол Қылмыстық кодекстің басқа баптары бойынша да қарас­тырылуы мүмкін. Ал бірінші рет осындай әрекетке барған адам өз еркі­мен кінәсін мойын­да­са немесе құқық қорғау органдары­мен ынтымақтасса, жаза жеңілдетілуі  ықтимал.

Дегенмен, тәжірибеде бұл бапты қолдану белгілі бір қиындықтарға тап болуы мүмкін. Көбіне жәбірленушінің өзі ұсынған дәлелдерге, мысалы скриншоттар, хат-хабарлар немесе бақылау деректеріне сүйену қажет болады. Ал қоғамда сталкинг ұғымы әлі толық қалып­таспағандықтан, ақпараттық  түсіндіру  жұмыс­тарының  жетіспеуі  де  байқалады.

Мәселен, Бас прокуратура өкілі Әсет Шыңдалиевтың  айтуынша,  сталкинг  үшін  90 күнге  дейін  қамау  қарастырылуы  мүмкін,  бұл қылмыстық жауапкершіліктің бір түрі ретінде заңда бекітілген. Сондай-ақ азаматтардың жеке шекаралары бұзылып, үнемі аңду, теле­фон арқылы мазалау немесе онлайн бақы­лауға ұшыраған жағдайда, олар құқық қорғау органдарына жүгінуіне толық құқығы бар. Заңда мұндай әрекеттер заңсыз қудалау деп көрсетіліп, жәбірленушінің қорқыныш сезімін тудыратын кез келген әрекетке қатаң шара  қолдану  көзделген.

«Маркизант» заң орталығының заңгері Азамат Талғатұлының айтуынша, сталкингке қарсы баптың енгізілуі – қылмыстық заңнаманың уақыт талабына сай қабылданған қадамы. Өйткені қудалау әрекеттері ұзақ уақыт бойы әкімшілік деңгейде ғана қаралып келгендіктен, жәбірленушілерге нақты құқықтық қор­ғаныс  жетіспейтін.

– Жаңа бап арқылы енді адамның жеке кеңістігі мен психологиялық жайлылығы құқықтық тұрғыдан да қорғалатын болады. Бұл – тек физикалық қауіпсіздік емес, адамның еркін жүріп-тұруы мен тыныштығына кепілдік беретін маңызды норма. Әсіресе киберкеңістіктегі қудалау түрлерін реттеу қазіргі заманда өте  өзекті, — дейді  заңгер.

Сонымен  қатар  Азамат  Талғатұлы  тәжі­рибеде бұл норманы қолдану кезінде дәлел­демелер  жинау мәселесі қиындық туғызатынын атап өтті. Себебі сталкинг фактілері көбіне телефон хабарламалары, әлеуметтік желідегі әрекеттер немесе бейнебақылаудағы көрініс­тер арқылы  ғана дәлелденеді. «Қоғамда сталкингтің нақты не екенін түсіндіріп, азамат­тардың құқықтық сауаттылығын арттыру маңызды. Әйтпесе, бұл баптың тиімділігі толық көлемде  іске  аспай  қалуы  мүмкін»  дейді  ол.

Заңгердің  ойынша, жаңа  бап  құқық  қорғау органдарына да қосымша міндет жүктейді. Әрбір арызға салғырт қарамай, дер кезінде әрекет ету заңның өміршеңдігі мен қоғамдағы сенім деңгейін  арттырады.

ТҮЙІН. Сталкинг мәселесі бүгінгі қоғамның тыныш та бейбіт көрінетін сыртқы бетінің ар жағында жасырын жатқан үлкен проблема екенін аңғартады. Бұл құбылыстың қауіптілігі – ол бірден қылмыстық әрекетке ұласуы міндетті емес, бірақ жүйелі түрде жалғаса берсе, адамның күнделікті өмірін күрт өзгертіп, еркіндігін шектеп, психологиялық тұрғыдан күйзеліске түсіретіні хақ. Өзге мемлекеттерде қудалаудың қылмыс ретінде танылып, қатаң жауапкершілікке тартылуы – бұл құбылыстың қаншалықты қауіпті екенінің айқын дәлелі. Қазақстанның да бұл бағытта заң қабылдауы қоғамдағы қауіпсіздікке басымдық беріп, азаматтардың жеке кеңістігін қорғауға жасалған маңызды қадам  дер  едік.

Алайда заң қабылданды, мәселе толық шешілді деп кесіп айтуға да негіз жоқ. Заңды іске асыру үшін құқық қорғау органдарының кәсіби дайындығы, сот тәжірибесінің қалыптасуы және ең бастысы, қоғамның түсінігі қажет. Сталкингті «жай әзіл», «қызығушылық» немесе «қызғаныш» деп жеңіл қабылдау әдеті жойылмайынша, бұл қылмыстың зардабы азаймайды. Қоғамда әрбір адамның жеке шекарасын құрметтеу мәдениеті орныққанда ғана, заңның шынайы нәтижесі көрінеді.

Перизат  ЗАХРАДИН

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: