Таңертең аяқ астынан әпі-шәпіміз шығып, жедел жәрдем шақырып, келіншегім Кәмпиткүлді перзентханаға апарып салдым.
Содан келген бойым еді, жұмыртқа басқан тауықтай бүкшиіп жатқан сұр телефон жан біткендей шар ете қалды. Қылдырық бел трубканы жұлып алып «әлеу» дедім.
— Алло, Шақшабасов Пойызбексің бе? — деді әйел дауысы.
— Иә, солмын, — дедім мен.
— Сүйінші, маңдайы жеті қарыс, торсықтай ұлды болдың.
Мұны естігенде қатты қуанғанымнан қалима болған балықтай есеңгіреп, қалбалақтап жүгіре беріппін.
Поездан түсіп қалған адамдай ебіл-дебіл күйім, табаным-табаныма жұқпай салып ұрып қала сыртындағы зәңкиген үш қабатты үйге де жеттім. Мен сияқты тағы екі-үш жігіт сойған түлкідей ыржалақтап жүр екен. Солардан көріп мен де сүйкектетіп: «Жай-күйің қалай, Кәміш?» деген тілдей қағазды жөнелткенмін. Іле қолында бір жапырақ қағазы бар қызара бөрткен жалпақ бет сары әйел ентіге жетіп келді. Дереу көз жүгіртсем: «Уайымдама, бәрі де тамаша. Ұлыңа ат қой. Сосын дежурный акушеркаға беруге 20 сом ала кел. Бәрі де береді екен» деп жазыпты.
Е, шыбын жанын алып қалған адамнан аяйтын не бар, бастан құлақ садақа дей бергенмін, әлгі жалпақ бет сары әйел мұрны шуылдап жанымда әлі тұр екен.
— Әй, Пойызбек, көзің аларып, кісі танудан қалғансың ғой, жүдә, — деді.
— Сәлембердік, жеңеше, танымай жатырмын…
— Сен «Жаңа ауылдағы» көк көз қайнағаның баласы емессің бе?
— Иә, — деп бас изедім. Әкемді бастас келіндері сырттай осылай атайтынын білетінмін.
— «Қуырдақтың көкесін түйе соғанда көресің» деген. Мана телефон соққан мен. Тіл-құлақтан айырылғандай ләм-мим деместен қалдың. Жүрегің табан астынан жарылып кеткен шығар деп ем… Давай, елден бұрын сұраған сүйіншімді бер, балтай-шалтайдың керегі жоқ, — деп жуан жеңгей сап-сары жүзіне қан жүгіріп, баса-көктеп барады.
— Ойбай-ау, сүйіншіңіз мінеки! — деп қалтамды қармап, қолыма ілінген қос қызылқұлақты алақанына қыстырдым. Жеңгейдің жүзі бал-бұл жанып, ауыр денесін жеңіл игеріп, жортаңдай жөнелді.
Ертеңіне Кәмпиткүлге тамақ әкеліп тұрғанмын. Киіктің кеш туған лағындай бәкене бойлы келіншек кимелеп жетіп келді де:
— Кәмпиткүл аяқ-қолын бауырына алып, құлындай ойнап жүріп кетті. Ағай, ұлыңызды көргіңіз келе ме? — деді.
«Бала – адамның бауыр еті» дегенді естуші едім, шын екен, «ұлыңызды» дегенде көкірек тұсымнан бір нәрсе уылжып түскендей болды. Енді кідірсем, көрсетпей қоятындай-ақ «кәне, қайда?» деппін жұлып алғандай.
— Анда қарап тұрыңыз, — деп бәкене келіншек үшінші қабаттың бір терезесін нұсқады да, тыпың-тыпың басып ішке еніп кетті. Мойнымды созып, телміріп қарап тұрғанмын. Бір кезде қолында ағараңдаған бір нәрсесі бар әлгі келіншек көрінді. Барымды салып тесіліп-ақ қарадым. Дегенмен, ештеңе жартып көретін емеспін. Бір кезде бәкене келіншек қысық көздері жіпсиіп жетіп келді де:
— Көрдіңіз ғой, сізден аумайды. Ауызыңыздан түсе қалғандай. Пүштиген мұрны да, қалқиған құлағы да, ерінінің дүрдигені де құйып қойғандай өзіңіз, — деді.
Мұны естігенде еркек басыммен талқысып қала жаздадым. Шыр етіп кеше ғана дүниеге келген жанымның жартысының тура аумай қалғаны ет-бауырымды езілтіп жіберді. Сасқанымнан аузыма сөз түспей:
— Кәмешке қай жері тартыпты? — дей беріппін ыржалақтап.
— Жеңгейге қап-қара көздері ұқсайды, — деді бәкене келіншек мүдірместен, сосын негізгі шаруасы жаңа есіне түскендей:
— Ағай, ұлыңызға көрімдік беріңіз, — деп жабыса кетті.
Қалтамның түбіндегі жалғыз он сомдықты бәкене келіншектің қалтасына ұрдым. Ол ыржия күліп құстай ұша жөнелді.
«Е, өз балаңды өз қолыңа алып, әйеліңді үйге шығарып алғанша қалтаңа қол жүгіртіп тұрмасаң болмайды екен-ау» деп мен өз-өзімнен мырс еттім.
Зымырап жеті күн де өте шықты. Енді, міне, иісі бұрқыраған раушан гүлін ұстап есік алдында тұрмын. Әлден соң аппақ жүзі айдай болып келіншегім Кәмпиткүл де көрінді. Қуанғаннан арсалаңдап барып, бетінен шөп етікізіп сүйе бергенім сол еді, ере шыққан екі келіншектің ет жеңді, май мұрындысы:
— Әй, күйеу жігіт, Баянын көрген Қозы Көрпештей үздігіп барасың ғой, әуелі Самарбекті ұста, — деп құндақтап ораған баламды ұстата берді. Бетін ашып, үңіліп қарасам, қып-қызыл тірі жан пыс-пыс етеді. Елітіп кетсем керек:
— Пойызбек, қарағым, Самарбекті алғаш киіндірген мен. Бала орарымды бер, — деген дауыстан селт ете қалдым. Сөйтсем, майлы мұрын келіншек алтын тістері жарқырап күліп тұр екен. Аңқау басым оның нені ишаралағанын бастапқыда түсінбей Кәмпиткүлге қарағанмын. Ол «ақша бер» дегендей ымдады. «Е, бұл да бір жолы шығар» деп төс қалтама қол жүгірттім. Сол кезде бадырақ көз, кемиектеу екінші келіншек:
— Ал, жаман қарашұнақтарыңыз әйдік жігіт болып өссін. Самарбектің өмірде ләйім жолы бола берсін! — деп сыпың-сыпың ете қалды.
Бұл жолы Кәмпиткүл: «Айтқаныңыз келсін, мынау Самарбектің жолаяғы» деп қалтасынан көк құлақты суырып алып, қос жеңгеймен қол алысып қоштасты.
Сөйтіп, жылы жүзді жеңгейлер мен күлім көз келіншектердің бар жоралғысын беріп, тұңғышым Самарбекті бауырыма қысып, келіншегім Кәмпиткүлді қолтықтап үйге қайттым.
Ерғали АБДУЛЛА.
Арал қаласы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!