Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Солтүстікке көшу» идеясының мән-маңызын күллі қазақ түсінетін кез келді

18.09.2025, 12:00 696

Бурахан Дақанов – халықты теріскейге көшірумен белсенді айналысып жүрген азаматтың бірі. Ол «Тәуекел» ұйымының жетекшісі қызметін де атқарады. Осыған дейін әлеуметтік желідегі парақшасында Солтүстікке көш мәселесінің сан қырына қатысы бар мыңдаған жазба жариялап  үлгерді.

Бурахан Дақанов «Оңтүстікте мінерге аты болмаған адамның, Солтүстікке келіп бір ауылды басқаратын мүмкіндігі  бар»  деп  есептейді.

«Мұнда кел де, шекара жақтағы босап қалған бір ауылды таңдап, соған көпбалалы 30 отбасыны көшір. Артынан, сол ауылды көркейтіп, өзің басқар! Келесі жылы тағы – 30, одан ары 50 отбасы көшсін. Ел бол.  Сол елге өзің ие бол. Өзің аңсайтын қоғамды сол жерге өзің орнат! Қысқасы, үлкен іске ұмтылып, өміріңді өзгерту – өз қолыңда!» деген кезекті жазбасында қалың қазақ  қоғамына  аса  маңызды  ой  тастайды.

Осы орайда, «Халық» газетінің тілшісі қоғам белсендісін әңгімеге тартып, бірқатар сұрағына  жауап  алған  еді.

СОЛТҮСТІК  ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ  һәм  РУХАНИ  СІЛКІНУГЕ  АСА  МҰҚТАЖ

Кейіпкеріміз  ә  дегеннен  Теріскей  жерінің  артықшылықтарын  жіпке тізгендей  айтып  берді. Әуелден ақындар мен батырлардың елі атанатын Солтүстік өңірі киелі, қасиетті жер саналады. Мысалы, Абылайхан, Кене­сары, Ақан  сері, Сегіз сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Тілеуке, Құлеке, Жансүгір  батыр, бәрі-бәрі осы жақта туған, топырағын басып жүрген. Одан бөлек  қаншама  Алаш  арыстары осы жерде өсіп-өнді, табиғатынан нәр алды.

– Солтүстікке көбі денсаулық, жұмыс мәселесімен, т.б. жағдаймен көшеді. Біріншіден, бізде адам саны өте аз. Салыстырмалы түрде 535 мыңдай адам тұрады. Түркістан облысында 2,5 миллиондай, Шымкенттегі 1,5 миллионға жуық адамды қоссақ, ол жақта 3,5-4 миллион адам өмір сүріп жатыр. Бізде, яғни Солтүстік Қазақстан облысындағы халықтың санын жаңа айттым. Адам аз болғаннан кейін бізде кез келген салада бәсекелестік жоқ. Екінші, жұмыс мәселесінде кандидаттар өте аз. Мысалы, Оңтүстік өңірлерде бір мұғалімнің орнына 7-8  кандидат  болса,  бізде  ондай  бәсекелестік  жоқ.

Жер көлемі 700 шаршы шақырымға жетер-жетпес Алматы қаласында ресми түрде 2 миллион 300 мың адам тұрады. Бейресми тұрып жатқаны, пәтер­ден-пәтерге қаңғып жүргені қаншама!? Қысқасы, Солтүстікке көшті насихат­тауды осы қалаларға айдаладан жұмыс үшін, нәпақа үшін көшіп келіп, пәтерде жүргендердің арасында жүргізу қажет. Меніңше, бала-шағаның қамы үшін  ауылынан қалаға көшкен адамды Солтүстікке көшіру оңайырақ болуы керек. Солтүстікте жер сілкінбейді, бірақ, Теріскей жері демографиялық һәм рухани  сілкінуге  аса  мұқтаж  болып  тұр.

Солтүстіктің тағы бір артықшылығы – табиғаты. Иә, біз Шығыс Қазақ­стандағы немесе Алматыдағы халықты қызықтыра алмаспыз, дегенмен Қызыл­орда, Маңғыстау жақтың азаматтары, әсіресе шөлді аймақта тұратын тұрғындар үшін бұл жақтың табиғаты таңғажайып деуге болады. Төртіншіден, біздің аймақ ауыл шаруашылығына ыңғайлы. Бізде адам саны аз болғаннан  кейін, үлкен көлемді жер алуға мүмкіндік бар. Әрі жердің құнарлығы басқа облыстар­мен салыстырғанда өте жоғары. Не ексең де, өнімділігі жақсы болады, — деп  сөзін  бастады  ол.

ТЕРІСКЕЙГЕ ҚАНДАСТАРДЫҢ КӨШІП КЕЛГЕНІ ТИІМДІ

Бурахан Дақанов «шетелдегі қазақтар атамекеніне, тарихи отанына оралғысы келеді» деген тақырыпта жиі-жиі мәселе көтереді. Әңгіме барысында  осы  жайтты  да  сұрадық.

– 2022 жылдан бері көш мәселесін қозғап, әлеуметтік желідегі белсенділігім артқан сайын Қазақстанның түкпір-түкпірінен, шетелден адамдар маған өте жиі хабарласатын болған. Мысалы, Иран, Пәкістан, Ауғанстан, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, т.с.с. кете береді. Маған осында қандастардың көшіп келгені жақсы, тиімді. Қазақстаннан қоныс аударғандар бірнеше жылдан соң бір жағдай бола қалса, кері көшіп кете алады. Ал атамекенін аңсап келген адам тез арада көше қоймайды. Сондықтан, шетелдегі қазақтардың елге келгені, қазақ­тардың саны артқаны – мен үшін өте маңызды. 2 жылдан бері біз Пәкістандағы 300 қазақ туралы көп мәселе көтерген едік. Бірақ, «бидің айт­қанын  құл  да айтады, аузының дуасы жоқ» дегендей, біз белгілі бір жетістіктерге  жетпедік, — деп  сөзін  жалғады  ол.

Қоғам белсендісі өзі басқаратын «Тәуекел» ұйымының алдағы жұмыс­тарын да айтып өтті. Әрі «әрбір қазақ Солтүстік Қазақстанның табиғи ресурс­тарын  тиімді  пайдалануы  керек»  дегенді  құп  көреді.

– Мен 2021 жылдары Солтүстік Қазақстан жеріне келгенімде көшіп келген азаматтардың жоғын жоқтайтын, мұңын айтатын адам жоқ екенін түсіндім. Көш  мәселесімен  айналысатын ұйым жоқ екен, көпшілікті осы жаққа қоныс аударуға үгіттейтін де адам аз екенін байқадым. Осы жаққа көшіп келген адамдарды «мақсаттастар», «үзеңгілестер» деп атағанды жақсы көремін. Олардың  да  арқа сүйейтін бірдеңесі болуы керек қой. Сондықтан, «Tauekel» ұйымын құрған жайым бар. Біздің басты мақсат – Солтүстік Қазақстанға келген азаматтарды жайғастыруға атсалысу. Үкімет тарапындағы азаматтар, әкімшіліктегілер көшіп келу туралы «Бір отбасыны көшіріп, үй-жайын берсек, аздаған субсидиясын берсек, бәрі жақсы болып кетеді» деп ойлайды. Жоқ, мүлде олай емес. Мұның рухани жағы да бар. «Tauekel» ұйымы осы адаптация, интеграция, социализация секілді, жергілікті халықтармен араластыру сияқты дүниелермен айналысқысы келеді. Дәл қазір шамамыз үгіт-насихатқа ғана  жетіп  жатыр. Болашақта  Үкімет  қолдаса,  кәсіпкерлер көмектессе, біз жақсы  жетістікке  жетеміз.

Жалпы,  Солтүстікке  көш  мәселесінде  аудиторияны  ауыстыру керек деп ойлаймын. Солтүстік Қазақстан ауыл, жер шаруашылығына бейім болғандықтан, осы жақтың табиғи ресурстарын тиімді пайдалану керек. Демек, қолынан іс келетін, бизнес жасай алатын аудитория Ауыл шаруашылығы министрлі­гінде бар. Оңтүстік өңірлерде, әсіресе Қызылорда мен Маңғыстауда қуаңшылықтар болып жатыр. Биыл шықпаған шөптің келесі жылы да шығуы екіталай ғой. Бізде ондай мәселе мүлдем жоқ. Сол себепті, ауыл шаруашылығы мамандарын, фермерлерді көшіріп, оларға белгілі бір деңгейде көмек көрсетсек, жеңілдік жасасақ, мүмкіндік берсек, сол аудитория неғұрлым сапалы аудитория  болар  еді  деп  ойлаймын, — деді  Бурахан  Дақанов.

СОЛТҮСТІК  пен  ОҢТҮСТІКТІҢ  ХАЛҚЫН  ТЕҢЕСТІРУ  КЕРЕК!

«Тәуекел» ұйымының жетекшісі Теріскейге көш мәселесін көтеруде өзінің  есімі  ғана  аталатын  кездер көп болатынын жасырмайды.  Бірақ, мұның  дұрыс  емес  екенін, бұл  тақырыпты  көптеген  азаматтың  бірінші  болып  қаузағанын  айтады.

– Негізі, Солтүстікке көш мәселесінде халық арасында дұрыс емес түсінік қалыптасқан. Яғни, «көш мәселесімен Бурахан ғана айналысып жүр, Бурахан ғана айғайлап жүр» деген. Бұл өте-мөте дұрыс емес. Көш мәселесімен менен бұрын да айналысып жүрген азаматтар болған. Қазірде бар, кейін де бола береді. Атап айтар болсам, Оңтүстік өңірлерде Өмір Шыныбекұлы деген ағамыз бар, сол жақта Жаңабай деген депутат ағамыз бар, ол кісі Солтүстікке қарай автобусын дайындап береді де. Одан кейін Серік Өтебай деген ағамыз болған, жалпы мұндай кісілер өте көп. Ұйымымыз аяққа тұрып, белгілі бір деңгейге жеткенде соларды командаға қайта жасақтап, Қазақстан бойынша көш мәселесін  қолға аламыз  деп  үміттенемін, — деді  ол.

Кейіпкерімізге  «Торғай  облысы ашылса, Солтүстікке бөлінетін қаржы да көбейеді»  деп  пайымдайтындар бар. Бұған не айтасыз?» деген сұрақты да жолдадық.

– Қостанайға барғанда, 5 қазақты кездестіріп, «Қай жерденсің?» десең, соның 4-еуі «Торғайданмын» деп жауап береді. Меніңше, қазір Торғайды бөліп, жеке  облыс  қылуға ерте сияқты. «Торғай облыс болса, Қостанай бос қалады» деген  пікірдемін. Сол себепті,  ол идеяны қолдай  бермеймін. Негізінен, Солтүстікке көш мәселесі – қорғаныс ғана емес, идеологиялық, экономикалық мәселе. Бұл – бір оқпен бірнеше қоянды өлтіре алатын мүмкіндік. Бұл процесс тоқтамауы керек. Оңтүстік өңірлерде көптеген тұрғын бар. Оларды осы жаққа алдырып, араластырып-құраластыру керек. Қайықтың бір жағында адам көп отырып, екінші жағында ешкім болмаса, ол аударылып қалады ғой. Ондай жағдайдың Құдай бетін ары қылсын, шамамыз келгенше екі жақты теңестіргеннің  несі  айып?! — деп сөзін қорытындылады  Бурахан  Дақанов.

Шынын  айтқанда,  Дақанов көтеріп жүрген мәселе – жай ғана қоныс аудару  емес, тұтас бір ұлттық қуатты ішкі тұрғыда қайта теңестіру амалы. Мұның  мән-маңызын  күллі  қазақ  түсінетін  де  уақыт  келген  секілді.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: