Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңның іске асырылу барысы туралы баспасөз конференциясы өтті. Брифингке ҚР Туризм және спорт вице-министрі Жарасбаев Серік Маратұлы, Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Артаев Бахтияр Ғарифоллаұлы сондай-ақ, Қазақстан хоккей федерациясының өкілі Рустам Ибраев қатысты.
Брифинг барысында басқарма басшысы Бахтияр Ғарифоллаұлы Қызылорда облысында спортты дамыту аясында атқарылып жатқан ауқымды жобалар мен жүйелі жұмыстарға арнайы тоқталып өтті.
Бүгінде өңірде Мемлекет басшысы және Ұкіметтің ерекше қолдауымен және аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен спорттық инфрақұрылымдарды дамыту аясында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен соңғы үш жылда 20 заманауи спорт кешені пайдалануға берілді. Биыл аталмыш бағдарлама аясында тағы 6 спорттық нысан ашылатын болады. Бұл өз кезегінде ауылдық елді мекендерде кәсіби және бұқаралық спортты дамытуға айрықша мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Қызылорда қаласының сол жағалауында 2024 жылы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды қолдау қорымен бірлесе отырып, құны 3,4 млрд теңгені құрайтын заманауи үлгідегі «Үстел теннисі» орталығы ашылды. Орталықта 16 үстел теннисі орналасқан ойын алаңы, 350 көрерменге арналған орындар, жаттығу залы мен әкімшілік бөлмелер орналасқан. Қазіргі таңда, теннис орталығында 250-ге жуық бала спортпен тұрақты шұғылданады. Сондай-ақ, «Қазақстан халқына қоғамдық қорының» демеушілігімен Қызылорда қаласының сол жағалауында мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы арналған жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы салынуда. Бұл ғимарат осы айда спортшылардың игілігіне беріледі. Сонымен қатар, аталмыш қордың көмегімен биыл құны 175 млн теңгені құрайтын Шиелі және Жалағаш ауданында екі бірдей спорт кешені ашылды.
Спорт саласындағы ең ауқымды жобаның бірі – Қызылорда қаласының сол жағалауындағы құны 26,5 млрд теңгені құрайтын 11 мың орындық жаңа стадион осы айда ресми түрде ашылатын болады. Алып нысанда жыл он екі ай жұмыс істейтін олимпиадалық спорт түрлеріне арналған бокс залы, спорттық гимнастика, күрес түрлеріне арналған зал, таеквондо, ауыр атлетика және фитнес залдарымен қамтылады. Стадионның жасыл алаңы УЕФА талаптарына сай заманауи жасанды төсенішпен жабдықталып, соңғы үлгідегі жарықтандыру жүйесі орнатылады. Бұл — әлемдік додалар мен мәдени-спорттық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге мол мүмкіндік береді.
Облыс орталығында құны 20,5 млрд теңгені құрайтын көпбейінді «Қызылорда Арена» спорт кешенінің құрылысы да қарқынды жүруде. Бұл нысанда олимпиадалық стандарттарға сай 50/25 метрлік бассейн, ірі көлемдегі Әлем және Азия чемпионаттарын өткізуге арналған 2500 орындық зал және олимпиадалық спорт түрлеріне арналған жаттығу залдары қамтылады. Бірегей нысан 2026 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Қазақстан футбол федерациясының қолдауымен жалпы құны 188 млн теңгеден аса қаржыға Қызылорда қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы стадионның қосалқы алаңы күрделі жөндеуден өтіп, жаңа алаң ел игілігіне пайдалануға берілді. Жақын күндері федерацияның қолдауымен құны 180 млн теңгеге Жалағаш ауданының орталық стадионына күрделі жөндеу жұмыстары басталатын болады.
Сыр спортындағы тағы бір жетістік, жақында аймақ басшысының ерекше қолдауымен Қызылорда қаласында Бокс клубы өз жұмысын бастады. Орталықта демеушілер есебінен ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толықтай қайта жаңартылды. Мүнда ерлер және әйелдерге арналған екі ринг, 30 адамдық жатын орын, жаттығу залы, асханамен қамтылған. Бұл орталық өңірдегі бокс спортын жандандыруға және кәсіби шаршы алаң шеберлерін дайындауға үлкен мүмкіндік бермек.Бұдан бөлек, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес жыл басынан бері қала және аудандардағы барлық спорт ғимараттары демеушілер есебінен қайта жөнделіп, спортшылардың жаттығуына ыңғайлы жағдай жасалды.
@Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!