Қоғамда түрлі себеппен өмірлік қиындыққа тап болған азаматтар бар екені анық. Олар – көпбалалы отбасылар, мүгедектер, жұмыссыздар, жалғызбасты зейнеткерлер, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар. Осы топтардың құқықтары мен қажеттіліктерін қорғау әрі қолдау – мемлекеттің басты әлеуметтік міндеттерінің бірі.
Иә, бұл саланы елдің әлеуметтік тұрақтылығын, азаматтардың өмір сүру сапасын қамтамасыз ететін маңызды бағыт деп білеміз. Бүгінде мемлекет тарапынан әлеуметтік осал топтарды қолдау, тұрғындарды жұмыспен қамту, тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсету жүйелі түрде жолға қойылған. Әсіресе, атаулы әлеуметтік көмек көрсету жүйесі жылдан-жылға жетілдіріліп, нақты мұқтаж отбасыларды қолдауға негізделуде. Осы тұста, аймақтағы атаулы әлеуметтік қолдау жүйесі бойынша атқарылған жұмыстар нәтижесіне тоқталғанды жөн көрдік.
2025 жыл бойынша аймақ тұрғындарының әлеуметтік ахуалы айтарлықтай тұрақталып, өмір сүру сапасы жақсарғаны байқалады. Себебі халықты әлеуметтік қолдауға бағытталған нақты іс-шаралар атқарылып келеді. Атап айтқанда, облыста 5942 адам бос жұмыс орындарына орналастырылып, 10403 адам субсидияланатын жұмыс орындарына жолданды. Жаңа бизнес-идеяларды қолдау мақсатында өткізілген мемлекеттік гранттар конкурсына қатысқан азаматтардың ішінде 1 556 тұрғын екі кезең бойынша жеңімпаз атанып, өз ісін бастауға мүмкіндік алды. Бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету үшін 871 мекеме мен ұйымдағы субсидияланатын жұмыс орындарына мониторинг жүргізіліп, шынайылығы мен ашықтығы бақылауға алынды. Сондай-ақ, әлеуметтік осал топтарды қолдау жұмысы жалғасын тауып, нәтижесінде 25 мыңнан астам отбасы атаулы әлеуметтік жәрдемақымен қамтылды. Сонымен қатар, әлеуметтік қолдаудың тағы бір маңызды бағыты мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау және оларды қоғам өміріне бейімдеу барысында инватакси қызметі арқылы ерекше қажеттілігі бар адамдардың еркін қозғалысы қамтамасыз етілді. Бұл қызмет олардың білім, денсаулық, еңбек саласына еркін қатысуына жағдай жасайды. Осылайша, аймақта әлеуметтік саясаттың жаңа серпінмен, нақты нәтижемен жүзеге асырылып жатқанын байқауға болады. Бұл тұрғыда Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы да айтып өтті.
— Өңірде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бірқатар жұмыс жүйелі түрде атқарылуда. Жыл басынан бері Мансап орталықтарының ұйымдастыруымен 64 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі және 55 рет қолданыстағы заңнамаларды түсіндіру мақсатында ашық есік күндері өткізілді. Орта білім беру ұйымдарында жұмысшы мамандықтарын насихаттау және оқушыларға мамандық таңдауда бағыт-бағдар беру мақсатында «Skills Enbek» электронды білім беру порталы арқылы 9-11-сынып аралығындағы 26 491 оқушы кәсіби бағдар беру бағытында тегін біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Алдағы жаңа оқу жылынан бастап бұл курстарға 7-8-сынып оқушылары да тартылатын болады. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар – тас қалаушы, кондитер, электргазбен дәнекерлеуші, тігінші сынды жұмысшы кадрларды даярлау мақсатында 63 жұмыссыз азамат қысқамерзімді оқыту курстарына жолданды. Сонымен қатар, жаңа бизнес-идеяларды дамытуға арналған грант қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылау жұмыстары да жүргізілуде. 2024 жылы грант алып, жеке кәсібін бастаған 1 556 кәсіпкердің бизнес-жоспарларының орындалуына мониторинг жасалды. Нәтижесінде, 104 кәсіпкердің 143,8 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражатын мақсатсыз пайдаланғаны анықталды. Осыған байланысты, 10 азаматқа бөлінген 6,7 млн теңге көлеміндегі грант қаражаты мемлекетке кері қайтарылды, — дейді Ғ.Жаңабаев.
Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында көптеген азамат тұрақты табыс көзіне ие болып, өз ісін ашуға мүмкіндік алды. Бұл тек жекелеген тұрғындардың емес, тұтастай қоғамның әл-ауқатын көтеруге ықпал етеді. Әлеуметтік бағдарламалардың аясында көрсетілетін қызметтер – білім беру, қайта оқыту, медициналық көмек, тұрғын үймен қамту, қайтарымсыз грант беру сияқты маңызды бағыттарды қамти отырып, халықтың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру басты негізге қойылып отыр. Әсіресе, мүгедек санатына кіретін азаматтар үшін атқарылып жатқан жұмыстар айрықша маңызға ие. Бұл бағыт бойынша да басқарма басшысы Ғ.Жаңабаев: «Биыл аймақта мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың жеке бағдарламасын орындауға республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 8,3 млрд теңге бөлініп, жыл қорытындысымен көрсеткіштерді толық орындау жоспарлануда. Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 27635 мүгедектігі бар адамның 23442-сі оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес, техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етіліп, 84,8 пайызбен республика бойынша алдыңғы қатарда келеді» дейді.
Ал облыс бойынша санаторий-курорттық емделу қызметін алатын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға жылына бір реттік шығындары өтеліп, әр топ санатындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетіледі.
— Қызылорда облысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы және «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының бастамасымен «Үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығы базасына «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры тарапынан бүгінде 53,7 млн теңгеге 12 дана тренажер жеткізілді.
Реабилитолог мамандармен 89 балаға оңалту құралдарын пайдалануды үйрету жұмыстары жүргізіліп, 67-сіне оңалту құралдары үйінде пайдалануға уақытша берілсе, 18-і оңалту орталығында қызмет алатын балаларға берілді, 4 балаға орталықта үйрету жұмыстары жүргізілді.
Облыс көлемінде 2023-2027 жылдарға бекітілген жоспар аясында 2025 жылы мәдениет, денсаулық сақтау, білім беру, транспорт, жеке сектор, әлеуметтік және спорт саласы бойынша 360 объектіні бейімдеу жоспарланып, есепті кезеңге 135 объектіге бейімдеу жұмыстары жүгізілді, — дейді Ғ.Жаңабаев.
Сондай-ақ, өңірде атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар қатары жыл сайын азайып келетіні байқалады. Бұл – көпбалалы және әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларды қолдау бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді деген сөз. Сондай-ақ, берілетін қаржы көлемі де едәуір ұлғайтылды. Мұндай отбасыларға ай сайынғы жәрдемақы тұрақты түрде төленіп отырады. Айта кетерлігі, бұл көмекті тағайындау барысында отбасының табыс деңгейі есепке алынбайды, жәрдемақы тек бала санына қарай белгіленеді. Бұл өз кезегінде көпбалалы отбасылардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етіп, олардың тұрмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.
— Мемлекет басшысы биыл да Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмек шын мұқтаждарға берілуі туралы айрықша тоқталды. Негізсіз көмек алушыларды анықтау мақсатында мониторингтік топтардың жұмыстарымен өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 29 268 адамнан 19 671-ге немесе 33,1 пайызға төмендеп, 370,3 млн теңге үнемделді. Жыл басынан 3 708 отбасына 1 263,6 млн теңгеге атаулы әлеуметтік көмек және отбасыларындағы бір жастан алты жасты қоса алғанға дейінгі 5 920 балаға 170,1 млн теңге қосымша төлем төленді. Аз қамтылған отбасыларына коммуналдық қызмет шығындарын өтеу үшін тұрғын үй көмегін көрсетуге 2025 жылға бюджеттен 482,7 млн теңге қаражат бөлініп, 705 отбасына 38,8 млн теңгеге тұрғын үй көмегі төленді.
Жергілікті атқарушы органдардың шешімдері бойынша жекелеген санаттағы әлеуметтік қолдауды қажет ететін 8 633 адамға 877,3 млн теңгеге әлеуметтік төлемдер төленді. Бюджеттен тыс көздерден көмекке мұқтаж халықтың осал топтарынан шыққан 5 242 адамға 140,7 млн теңгеге қайырымдылық көмектер көрсетілді. Облыс әкімінің грантына 2025-2026 оқу жылына облыстық бюджеттен 104,1 млн теңге бөлініп, грант тағайындалған 100 талапкердің оқу ақысы және 72 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жүріп-тұруына, тамақ шығындарына әлеуметтік көмек берілді, — дейді басқарма басшысы.
Мемлекеттік қолдау жүйесінде мұндай әлеуметтік жәрдемақылар халықтың әлсіз топтарын қорғаудың тиімді тетігі ретінде қарастырылады. Сонымен қатар, басқарма басшысы бұл іс-шаралар отбасы институтын нығайтуға, демографиялық өсімді ынталандыруға және қоғамда тең мүмкіндіктер қағидатын қалыптастыруға бағытталатынын айтады.
Сонымен, жалпы алғанда, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған бұл кешенді қолдаулардың барлығы маңызды әлеуметтік міндеттер ретінде бағаланғанымен, олардың түпкі нәтижесі елдің экономикалық өсімін қамтамасыз етуге, әлеуметтің әл-ауқатын арттыруға және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған.
Мемлекеттік саясаттың негізінде әрбір азаматтың өмір сүру сапасын жақсарту, еңбекке қабілеттілігін тиімді пайдалану және қоғамдағы осал топтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін қорғау жатыр. Бұл бағыттағы жүйелі әрі үйлесімді жұмыстар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрақты әрі әділетті қоғам құруға негіз болмақ.
О.ТЕМІРҒАЛИ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!