Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Балқаштағы туризмнің бағын кім байлап отыр?

21.08.2025, 10:40 462

Жыл сайын отандық туризмді дамытуға үлес қосып, отбасыммен ел аумағында демалып жүрміз. Биылғы демалысты Балқаш көлінің жағасында өткіздік. Бұл жерде демалатын адамға ең қажетті әсем табиғат, таза ауа, шомылатын көл, күнге қыздырынатын жағажай бар. «Қазақстанның Мальдиві» атанған Балқаш – Орталық Азиядағы ірі көлдердің бірі. Оның ұзындығы шамамен 600 шақырымға созылады. Көлдің батыс бөлігінің суы тұщы, ал шығыс бөлігінікі тұзды. Туристер Балқашты Мальдивпен салыстырғанда көгілдір түсті суын, жұмсақ құмын, таңның ғажайып болып атуы мен күннің батуын назарға алады. Расында да таң атып келе жатқанда күн мен көлдің тұтасып, әдемі суретке айналатынын көрудің өзі бір ғанибет. Көлдің суы жып-жылы, мөп-мөлдір. Бұл жақтың климаты құрғақ, жауын-шашын аз жауады. Жазда 120-130 күнге дейін жылы болып тұрады. Маусым-шілде айларында ауа температурасы +37-42 градусқа дейін ысиды. Көлге шомылушылар негізінен осы екі айда келеді.

ТУРИСТЕР  КӨБЕЙДІ,  БАҒА  ҚЫМБАТТАДЫ

Биыл жаз басталғанда Балқаш қаласының әкімдігі туристік маусымға қатысты болжамдар жасады. Балқаш көлі «жағажай астанасына» айналып, бірнеше мыңдаған турис­ті магнитше тартады деп хабарлама тарат­ты. Расында да маусым-шілде айларында отандық,  шетелдік турис­тер Балқашқа ағылды. Ресми мәлімет бойынша 6-7-8 шілде күндері өңірге 60 мыңнан астам турист барды. Бұл өткен жылдың шілдесімен салыстырғанда 20 пайызға көп. Ал 2025 жылды тұтас алғанда 160 мың (бұрынғысы 125-130 мың) адам демалуға келеді деп болжанды. Алайда тамыздың басында күн салқындап, жағажайда демалушылардың саны азайып қалды. Әлбетте, туристер санының кемуіне күн райының қолайсыздығы ғана емес, сервистің сапасы мен көрсетілетін қызметтің құны да әсер еткен. Мұны демалуға барғанда біз де өз көзімізбен  көрдік.

Балқаштан 20 шақырым жердегі Тораңғылық  кентіндегі  «Пегас»  атты  демалыс  аймағына орналас­тық.  Үш мезгіл тамағы, жатын орны, бала­ларға  арналған  ойын   алаңы,  би алаңы  бар  демалыс  базасының   4 кісілік   шағын  бөлмесін  жалға  алсаң, әр тәулігіне 70 мың теңге төлейсің. Тамағын алмасаң, 40-45 мың теңге. Кенттегі демалыс орындарының бағасы әртүрлі. Бір күн қонуға 1 бөлмеге 40 мың теңге сұрайтын орындар да бар. Автотұраққа көлігіңді тегін қояды, бар қызметі – сол. Бөлменің төсегі кір, едені тозған, заттары ескі. Бір байқағанымыз, бағасы қымбат қонақүйлерде ресейлік турис­тер, ал арзанында қазақтар тұрып жатты. Демалыс орындары көлге 3-5 минуттық  жерде  орналасқан.

ЖОЛ   ЖАҚСЫ,  ДӘРЕТХАНАСЫ  ЖОҚ

Биыл Балқашта демалушылар саны­ның артуына Қарағанды-­Балқаш бағытындағы автобан құрылысының аяқталуы көп әсерін тигізді. Мысалы, біз автокөлікпен Астанадан Балқашқа дейінгі                                                                           570 шақырым  жолды  5  сағатта  жүріп өттік. Тораңғалыққа бұрылатын  жерде тасжолға түсіп, үлкен трассаның астындағы тоннельмен өтесің. Жол белгілері қойылмаған соң, Шұбар­түбекке дейін өтіп кетіп, 10 шақырым қайта артқа жүрдік. Демалыс  аймақтарына жеткізетін жолға дұрыс белгі қойып, анықтап жазып қойса ғой. Туризмді тек ту­рис­тердің қалтасын қағу деп түсінетін кәсіпкерлер де, Балқаш қаласының әкімдігі де бұған басын қатырмағаны өкінішті-ақ.

Тағы бір байқағанымыз, Қара­ғанды-Балқаш бағытындағы автожолда бар-жоғы 4-5 дәретхана тұр. «Қазавтожол» мекемесі орнатқан дәретханалардың көбісінің есігі жабық. Ашық тұрғанының іші лас, иісі қолқаңды қабады. Туризмді түлеткен түріктерден үйренетін нәрсеміз көп. Мысалы, Түркияда демалыс айма­ғына баратын жолда дәретхана ғана емес, тамақ ішетін жер, шомылуға қажетті заттар сатып алатын дүкен қалаған кезде табылады. Сол жақта қазақ туристердің де біразын кездес­тірдік. Соның ішінде Түркияға 20 рет  барып,  демалғандары да бар. Бұл туристерге көрсетілетін қызметтің сапасының аса жоғарылығы шығар. Балқаштағыдай бейберекетсіздік (сервистің күрт қымбаттауы, жанармайдың тапшылығы, қонақүй бағаларының тез өсіп кетуі және т.с.с.) ол  жақта  жоқ.

ШЕНЕУНІК  СӨГІС  АЛДЫ,  СЕРВИС  ӨЗГЕРГЕН  ЖОҚ

Өткенде Президенттің туризмді дамытуға қатысты тапсырмасынан кейін, вице-премьер Ермек Көшербаев пен Туризм және спорт ми­нистрі Ербол Мырзабосыновтың туристік аймақтарды аралап, Үкімет басшысы бірнеше шенеунікке, әкімдерге (соның ішінде Балқаштың әкімі де бар) сөгіс бергені мәлім. Бірақ сол сөгістен кейін, ештеңе өзгер­ген жоқ. Жүйелі мәселелер сол шешілмеген күйінде қалды. Жай тексеріс жүргізіп, біреуге қатаң сөгіс бергеннен туризм ілгерілеп кетпейді. Балқашта туризмді шын мәнісінде дамытуға  өте қолайлы жағдайлар бар. Соның бірі – кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы орта. Мәселен, Тораңғалықта кәсіпкерлер екі айда жатын орнын жалға беріп, шағын дүкенін­де азық-түлік сатқанын қанағат тұтып отыр. Одан әрі қайығының 1 сағатын 5 мың теңгеге жалға бергенін, я болмаса катерге тіркеп алған SUP-тақтасына 2500 теңге алғанына мәз. Біреулер демалушыларды бейнетаспаға түсіріп, екінші біреулер күннен қорғанатын шатырын ұсынумен шектеліпті. Көлдің жағалауында қаншама жер бос жатыр. Суы жұмсақ, жылы, тұщы көлдің керемет мүмкіндігін туризмге неге пайдаланбаймыз? Бума-бума ақшасын қайда жұмсарын білмей жүрген бай-байшікештер, шетелге шашатындар неге Балқашқа инвес­тиция  салмайды?

Жоғарыда түріктің тәжірибесін мысал еттім. Мысалы, 5 жыл бұрын біз барған Аланья  жағалауындағы әрбір  қонақүйдің  өз  жағажай  аума­ғы  бар. Жағажайда суға шомылып, күнге қыздырынып қана қоймай, адамға қажетті барлық қызметті тұтына аласыз. Ас-дәмін ішесіз, суда қайықпен серуендейсіз, волей­бол ойнайсыз. Соның бәрі бір жүйе­ге біріктірілген. Жағалаудағы қалада қонақүйлердің құрылысы да көз ілеспес жылдамдықпен жүргізіледі. Демалыс маусымының басында құрылысы басталып, соңында адам­дарға қызмет көрсетуге кірісетін отель­дер көп. Бізге де солай салуға болады. Сонда қазекеңдер Түркияға, Мысырға, Дубайға шапқыламай-ақ, Балқашта демалып, қаражатын ел бюджетіне  құяр  еді.

Әзірге Балқаш әкімдігі аузын құр шөппен сүртіп отыр. Биыл 3 жаңа демалыс аймағын ашамыз деген-ді, тағы 4-еуінің  құрылысы әлі басталған жоқ. Жыл басынан  бері  3 туристік нысан пайдалануға берілген, бірақ ол қай жерде екені белгісіз. «Жаңа нысан саламыз, инфра­құрылымды кеңейтеміз» деп уәдесін сағызша созып жүргенде жаз да өте шықты. Балқаштағы бейберекетсіздікті естіп-білген демалушылардың  дені шетелге кетіп қалды.

ЖАҒАЖАЙДАҒЫ  ЖАЙСЫЗДЫҚТАР

Балқаштың жағажай орталығы болатындай мүмкіндігі мол. Тек жа­ныңды ауыртатын жайттың бірі – тазалықтың жоғы, экомәдениеттің төмендігі. Шетелде демалғанда көлдің, теңіздің жағасына қоқыс тас­таған бірде-бір адамды көрмейсің. Ал Балқашта демалып жүрген ресейлік туристердің, өзіміздің қазекеңдердің жағажайда жатқан жеріне бос құты, шыны, қағаз, шемішке, темекі қалдықтарын тастағанын бірнеше рет көрдім. Өйткені қоқыс тастайтын урналар жоқ. Ол түгілі, жағажайда дәретхана, суға шомылған ішкиіміңді сығатын жер жоқ. Еріксіз өзің тоқ­таған қонақүйге жүгіресің. Өткенде Президенттің сынынан ке­йін сағат түскі 12:00 мен кешкі 20:00-ге де­йін ашық тұратын қоғамдық дәрет­ханалар орнатыпты деседі. Бірақ, біз барғанда оларды көрмедік. Ал сағат 12:00-ге дейін көлге шомылатындар сонда  қажетін  өтеуге  қайда  барады?

Жағажайда жатып, қарның ашатын болса, еріксіз қайта киініп, Тораң­ғалықты бетке аласың. Себебі, жағажайдағы  сыра  мен  қақталған балық  ұсынатын шағын  бардан тамақ таппайсың. Фудкорт, дәмхана, лаундж деген атымен жоқ. Айтпақшы, қала әкімдігі алдағы уақытта салынатын нысандар тізіміне осыларды қосыпты. Ол салынып біткенше бірнеше жылдың жүзі болар. Кентте де ішетін тамағыңның құны қымбат. Қызмет көрсету деңгейі әлі сын көтермейді. «Узбечка» деген тәуірлеу дәмханадан түскі ас ішіп едік. Даяшы орысша шүлдірледі. Қол сүртетін қағазды да әкеліп бермеді. Даяшы келмеген соң, бос тұрған үстелдегі қағазға ұлымды жұмсадым. Есеп айырысатын кезде   10 пайызын ұялмай қосып қойыпты.

Балқаштың жағалауында ұзын-­саны 90-ға жуық демалыс орны бар. Олардың орналасқан жеріне қарай, бағасы да әртүрлі. «Досжан» атты демалыс орнында бір отбасы 1 тәулікке 100 мың теңге (тамағы, жатын орны, т.б. кіреді) төлейтін болса, шағын демалыс орнында 15000-20000 теңге (жатын орынға ғана) төлейді. Айт­пақшы, өзіміз тұрған «Пегастың» қожайыны Гүлжанмен аз-кем сөйлестім. «Бізде демалыс маусымы үш айға ғана созылады ғой. Көбінесе тур бойынша 20-30 адамнан құралған ұжымдар келіп, демалады. Үш мезгіл тамағын береміз. Әр бөлмеге бір күнге 70 мың теңге. Өйткені, біз асхананы жаппай ұстап тұруымыз керек. Күзде де демалушылар тыныш, табиғаты әсем жер іздеп келеді. Ал қыста үйлеріміз бос тұрады. Бірақ электр қуатын, суының ақшасын төлейміз. Бір тиімсіз жағы осы» дейді  ол.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Астана  қаласы

Фото: ашық дереккөзден.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: