Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жалағаш: Жүйелі жұмыс жемісін береді

25.07.2025, 19:10 144

HALYQLINE.KZ

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Жалағаш ауданының экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасты. Барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша өсім байқалады. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес салаларында тұрақты даму қарқыны сақталып отыр. Мемлекеттік бағдарламалар мен инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асырудың нәтижесінде аудан экономикасы нығайып, тұрғындардың әл-ауқаты жақсару үстінде. Бұл туралы Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов өңірлік коммуникациялар қызметінде баяндады.

Әкімнің айтуынша, аудандағы барлық негізгі салаларда оң өсім бар, әр жылғы көрсеткіштер артып, нақты нәтижелерге қол жеткізіліп келеді. Атап айтатын болсақ, өнеркәсіп өнімінің көлемі – 139,3 пайызға, өңдеу өнеркәсібі – 222,3 пайызға, инвестиция тарту – 102,1 пайызға, сауда саласы  – 101,2 пайызға, ауыл шаруашылығы – 102,5 пайызға, құрылыс жұмыстары 111,5 пайызға орындалған. Бұл аудан экономикасының тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді.

— 2025 жылға бекітілген аудан бюджеті бастапқыда 9,3 млрд теңге көлемінде қалыптасып, жыл ішінде 10,9 млрд теңгеге нақтыланды. Бірінші жартыжылдықта жоспарланған бюджет толықтай 100 пайызға орындалып отыр. Бұл ауданның қаржылық тәртіп пен жоспарлау жүйесінде тиімділікке қол жеткізіп отырғанын айғақтайды, — деді Ардақ Әбдіғаппарұлы.

Аудан басшысы брифинг барысында ауыл шаруашылығы саласының өңір экономикасындағы шешуші рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру және ауыл еңбеккерлерін қолдау бағытындағы жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беруде.

Аудандағы 338 шаруашылықтың 202-сі егінмен және 136-сы мал шаруашылығымен айналысады. 2025 жылдың ауыл шаруашылығы дақылдарының бекітілген сызбасына сәйкес, барлығы 37 149 гектар жерге егін орналастырылды. Оның ішінде, негізгі дақыл күріш көлемі 19 764 гектарды құрайды. Шаруашылықтар тарапынан биыл 200 млн теңгеге 14 дана ауылшаруашылығы техникалары сатып алынды. Егін шаруашылығымен бірге ауданда мал шаруашылығы да тұрақты дамуда. Аудан көлемінде 34 385 бас мүйізді ірі қара, 29 520 бас уақ мал, 32 184 жылқы, 752 бас түйе, 9 721 бас құс өсірілуде, — деді аудан әкімі.

Бұдан бөлек, ауданда білім беру сапасын арттыру, мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысын жетілдіру бағытында нақты шаралар қолға алынған. Атап айтатын болсақ, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында білім беру мекемелерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, олардың материалдық-техникалық базасы жақсартылуда. Сонымен қатар, барлық мектеп бейнебақылау жүйелерімен қамтылып, оқушылардың қауіпсіз ортада білім алуына жағдай жасалды. Бұл шаралар білім беру инфрақұрылымын жаңғырту мен сапалы оқу процесін қамтамасыз етуге бағытталған.

— 2024-2025 оқу жылын 20 мектеп бойынша 6 603 оқушы бітірді. Оның ішінде, 11-сыныпты 450 түлек аяқтап, үлкен өмірге қадам басты. 2025-2026 оқу жылына дайындық барысы қарқынды жүргізілуде. Нақтылай кетсем, алдағы оқу жылына 292 млн теңге қаржы қаралып, 5 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 3 мектептің жанынан жаңа ойын алаңы салынып, 2 мектептің ойын алаңдары күрделі жөндеуден өткізілді, — деді Ардақ Ибраимов.

Сондай-ақ, аудан бойынша 27 жекеменшік балабақша жұмыстарына мониторинг жұмыстары тыңғылықты жүргізіліп, қазіргі уақытта жекеменшік балабақшалардың барлығы талапқа сай болып танылған. Сонымен қатар, ауданда мәдениет, спорт, денсаулық, ауызсу, электр желісімен қамту, «көгілдір отынды» тұрғындар игілігіне жеткізу мәселелері де тұрақты бақылауда. Аудан басшысы да аталған салалардың барлығында тұрақты әрі жүйелі даму үрдісі қалыптасып келетінін тілге тиек етті. Бұл халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және инфрақұрылымдық әлеуетті нығайтуға бағытталған нақты шаралардың нәтижесі екені сөзсіз. Брифинг соңында аудан әкімі алдағы кезеңге арналған жоспарларымен де бөлісті.

— Жыл соңына дейін ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамыту мақсатында салықтық түсімдер көздерін, инвестиция тарту, кәсіпкерлік пен ауылшаруашылық өнімдерін өндіруді ұлғайту жұмыстарын жүргізетін боламыз. Алдағы уақытта алдымызға қойылған міндеттерді орындауда жұмыстарымызды қарқынды жалғастыра беретін боламыз, — деді ол.

О.ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: