Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ширек ғасырлық белес

17.07.2025, 9:40 603

Дөңгеленген дүниені алақандай смартфонға сыйдырған технократтар заманында газет-журнал оқудың кенжелеп қалғаны жасырын емес. Дегенмен, тасқа басқандай, әр дәуірдің жылнамасы саналатын баспасөздің орны қашанда бөлек екені дүйім елге белгілі. Ұлт зиялысы Міржақып Дулатов: «Қай жұрттың баспасөзі мықты болса, сол жұрттың өзі де күшті» деген екен. Алаш арысының осы сөзі күнделікті айтылмаса да, БАҚ қызметкерлерінің төл мерекесінде әрегідік айтылып жатады. Дамыған елдердің, тіпті техноло­гиясы көш басындағы мемлекеттердің газетке қамқорлығы баспасөздің қай уақытта да керек екенін  байқатады.

Иә, қазақтілді басылымдар – ұлттың тарихын түгендеп, болашағына бағдар беретін қуат­ты күш. Міне, осы қатарда ширек ғасыр­лық тарихы бар төл басылымыңыз – «Халық» газеті де тұр. Бүгінде мерзімді басылымға қажет­тіліктен гөрі цифрлық жүйенің артып келе жатқаны шындық. Алайда, әлем жұртшылығы дәстүрлі жазылымнан, яғни газет-­журналдан басыбайлы қол үзе қойған жоқ. Тіпті өркениетті, дамыған елдердің өзінде мерзімді басылымдарды жауып тастауға мүдделілік байқалмайды. Сөзімізге тұздық болсын, өткенде елдің бас басы­лымы «Egemen Qazaqstan» газетін­де дәйек­ті деректі көзіміз шалды. «Швеция елдегі 100-ге жуық газетке мемлекеттік субсидия бере­ді. Бұл субсидия көлемі әлсіз басылым­дардың жылдық табы­сының 15-20 пайыз көлемін құрайды. Норвегия газет­терге тікелей қолдау көрсетіп, салық­тық жеңілдік жасау арқылы елдегі шағын газеттерді сақтап отыр. Люксембург жыл са­йын кемі 5 журналист ұстайтын журналдар мен апталық газеттерге субсидия бөледі (жылына 7-8 млн еуро көлемінде). Сонымен қатар пош­та тарифтерін төмендетіп, табыс салы­ғына жеңілдік жасайды. Канада газеттерді сақтап қалу үшін жылына 75 млн доллар қаржы жұмсап отыр. Ал АҚШ-тың Нью-Йорк штаты жергілікті баспасөзге арналған «Newspaper and Broadcast Media Jobs Program» аясында жыл сайын 30 млн доллар қаржы бөледі. Сонымен қатар «Local Journalism Sustainability Act» жобасы арқылы жергілікті газет жазылымдарына 250 долларға дейін мемлекет тарапынан салықтық несиелер қарастырылған. Вирджиния, Вашингтон, Иллинойс штаттарында журна­листерге салықтық жеңілдік жасайтын және жарнамаға қолдау көрсететін платформалар бар».

«Халық» газетінің қазіргі ұжымы

Мұндай мемлекеттің қамқорлығы бізде де жоқ емес, мемлекеттік тапсырыс арқылы қаржы  бөлуді айтамыз, әйтсе де, онысы «теңізге құйған тамшыдай» екенін жасыра алмай­мыз. Одан қалды, патша көңілді оқырманның да үлесі бар, өз газетін далаға таста­ғысы  жоқ, жылына  екі рет  баспасөзге  жазылу нау­қанында барынша  қолдау көрсетіп келеді. Оқырманның  ыстық  ықыласы  мен  пейілі  алға жетелей түседі. Бұл қатарда 2000 жылдың 21 шілдесінде ақпарат айдынына желкенін керіп жүзіп шыққан «Халық» газеті де бар. «Халық – Құдайдың бір аты» деген ұстанымына нық басылымның №1 санында: «Ұлан-ғайыр тарихы, ұлы далалық салқар мәдениеті бар қазақ халқының осы бір киелі сөзі бекерге айтылмаса керек-ті. Халық – үлкен ұғым, ұлы атау, аталы жұртымыздың аруақты аты. Өмірге тәй-тәйлап қадам басқан  жаңа басылымға «Халық» есімін қоюымыздың өзінде үлкен сыр, ауыр жүк бар  екенін  де  айтқымыз  келеді.

Ата қазақтың арманы мен ардағын арқалаған тарих көшіне көз жіберіңізші… Әрине, алды­мен, қазақтың киелі топырағын мекен еткен халықтың тәуелсіздік пен жаңару жолында ғасырлар бойы талмай, танбай, жан аямай жүргізген күресін көрер едіңіз. Өмір – күрес деп те жатамыз ғой. Ендеше «Халық» газетін қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы жүргізілген мәңгілік күрестің белгілі бір кезеңдегі жаршысы деп те есептеуіңізге болады. Ал елі үшін, халқы үшін күресте кері шегінген қазақтың баласы кемде-кем болар-ау, сірә. Ендеше «Халық» газеті – сіздің өз газетіңіз. Сіз жалғызбын деп те қалмаңыз. Сізбен бірге ұлы күш, қалың көпшілік бар. Ол – жүрегімен ойлап, санасымен сезіне білген, өз халқының қамын жеп, ауырын арқалап, тауқыметін тартқан аға ұрпақ, өз тарихын өзі танығысы, өз дәстүрін өзі үйренгісі, өз тілін өзі тірілткісі  келетін  сіздің  замандастарыңыз.

Бас редактор Нұржан Әбжанұлы, тілшілер Тұрар Бекмырзаев пен Оразкүл Темірғали

Әрине, әлеуметтік ауыртпалық жүнжіткен нарық заманы әлдекімдердің әзілін көтере бермейтіні анық. Мұның үстіне халқымыз тәуелсіздігін алып, отарлық саясаттан томағасы сыпырылған кезеңнен бергі аралықта жазғытұрым уақытта жауыннан соңғы бой түзеген жауқазындай жарыққа шыққан көптеген газеттер бар. Саны бар, сапасы аз осы басылымдардың қатарына қосылудан құдай сақтасын. Көптің бірі емес, бірегейі болу – біздің арманымыз. Аузын ашса, жүрегі көрінетін қазақтың ішінде кешегісін көме салып, келешекке ұмтылған көзсіз­діктері де кездесіп қалады. Біздің бағытымыз бұл емес. «Халық» газеті халықтың арман-мақсатын қозғайды. Газетіміздің бетінде елең еткізер жаңалықтар, ата тарихтан тың деректер үнемі беріліп тұратын бола­ды.

Ұлттық сана мен ұлттық пара­сат қатар өскен заманда көптің көңілінен шыға білудің өзі – бір сын. Біз тәуекелге бел будық. Алла сіздермен үнемі бір болуды жазсын, құрметті оқырман!» деп аманат арқалаған болатын. Бүгінге дейін қос тараптан  да  аманатқа  қиянат  жасала  қоймады.

Расы сол, жұртшылық елдегі елеу­лі оқиғалармен қатар саясат сахнасында болып жатқан жаңалықтардың барлығын газет-журналдан оқып біледі, теледидардан көріп, нақтылы көз жеткізеді. Мойын­дайық, мойындамайық, газет жазды ма, ол рас, телеарнада көрсетті ме, яғни дерек ақиқат, мәлімет шын деген сенім, түсінік қалыптасқан. Газет – саяси-эконо­микалық, мәдени-қоғамдық өмірдің айнасы. Ол – бүгініміздің сенімді бет-бейнесі, өткеннің құнды құжатын түзетін қастерлі мұрағаты. БАҚ – сонымен қатар қоғамдық пікір тудыратын қозғаушы құрал. Оның ағартушылық миссиясы сонда, адамдар көңіліне ақпарат айдынындағы жаңалықтарды сараптап бере алумен қатар, ар, ұят, ұждан ұялата­тын, кеше мен бүгін­нің асылын көненің көмбесінен сүзіп, сараптап беріп отыр. Өмірді алға апаратын – жақсылыққа деген сенім. Жазарман қауымның қаламына қуат дарытатын да – соның қуаты, соның шарапаты. Сол себепті табысынан гөрі тауқыметі басы­мырақ мерзімді басылымдарды әлі де бетке ұстап, беделін биіктетуге  талпыныс  зор.

Дей тұрсақ та, бүгінгі нарықтық жүйе, технологиялық дәуірлеу газеттің  адымын  аштырмай  тұр. Әйт­се де, ширек ғасыр бойы ағысқа қарсы жүзіп, оқырманның оясынан табылып, қал-қадірімізше оқылымды газет шығарып келе жатқаны­мызға сенімдіміз. Мұны басылымның 10 жылдығында Қызылорда қаласының құрметті азаматы, абыз ақсақал, марқұм Ыдырыс Қалиевтің «Әр  алуан атпен шығып жатқан газет көп, қалың бұқараның атын иемденген басылым – осы «Халық» газеті» деп пікір білдіргенінің өзі ел сенімін ақтауға әркез дайын ақпарат тұтқасы екендігін айқындап келеді. Ақпарат айдынындағы көп газеттің бірі ретінде емес, айтар ойы орамды, сөзі салмақты, көздегені шын, көксегені әділдік болатын басы­лым болуды мақсат тұтты. Және осы сенім үдесінен шығып, оқырманмен етене байланыс орнатып, сараптамалы, талдамалы тұрғыда ақпарат берумен қатар қоғамдық пікірдің қалыптастыру­шысы, қозғаушысы ретінде респуб­лика жұртшылығының қоғамдық-­саяси белсенділігін арттырушы ролін атқарып келеді. Басылым қоғамда күйіп тұрған мәселелердің барлығын белгіленген заңдылық шеңберінде қозғайды. Ақпараттар ағыны, саяси сарап­тама, ұрпақ тәрбиесі, жастар мәселесі, экономика мен әлеумет, білім мен ғылым, кәсіп  пен  нәсіп, сала­мат пен сергек, құқықтық сауат ашу, тіл мен діл – «Халық» газеті­нің басты та­қырыбы. Сонымен бірге оқырманның келелі ойларына да, татымды тұжырымына да газет бетінде орын бар. Сондықтан  25  жыл  ішінде «Халық»  халықтың  газеті­не  айналды.

Бас редактордың орынбасары Рыскелді Жахман мен дизайнер Айнұр Үмбетова

Енді сәл ширек ғасырлық тарих­қа тоқталсақ, басылымның бірден-­бір қалыптастырушысы, 2000 жылдан «Халық» газеті» ЖШС-ның директоры-бас редакторы қызме­тін медиа  саласында қолтаңба­сы қалған Аманжол Сақыпұлы атқарды. Ол  2001 және 2005  жылдары  ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Алғыс хаты­мен», 2005 жылы Қызыл­орда облысының «Құрмет» грамотасы­мен, 2006 жылы ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министр­лігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған. ҚР Мәдениет қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР Журналистер одағының мүшесі. Қызылорда облыстық мәслихатының бірнеше шақырылымы­ның депутаты болды. «Ерен еңбе­гі үшін» медалінің, «Құрмет» ордені­нің иегері. 2010 жылдан бері «Сыр медиа»  шаруашылық  жүргізу құқы­ғындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның  директоры қызме­тін атқарса, былтырдан бері Арал  ауданының  әкімі.

Серіктестік жұмысын алға жыл­жытуда Қасымхан Қыдырбаев, Сағди Жәли, Қуаныш Сақып, бүгінгі директоры Нұртуған Сақыптардың да еңбегін жоққа шығара алмаймыз.

«Ақиқаттың серігі – Ар, екпіні – Еркіндік» дейтін басылым бетінде жарық көрген әрбір мақала қоғам үшін оңтайлы шешім қабылдады. Мұқым елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған газет тізгінін 2005-2009 жылдар аралығында тілінің уыты бар, қаламының қуаты күшті белгілі журналист Нұрлан Нұрмаханов ұстады. Басылымның нар көтермес жүгін арқалауда бұл азаматтың да өзіндік үні, айтар сөзі бар. Газет бетінде қатталған әр мақала дер кезінде қоғамның әлеуметтік-­рухани сұранысына жауап бере білді. Халықтың мүддесін қорғайтын бірден-бір басылым деген бағаны ел аузынан естудің өзі – мәртебе. Кезінде биліктің «Арал экология­лық аймағы» статусын алып тастау ұмтылысына бірден-бір қарсылық білдірген – осы газет. Газет бетіне ойлы, тұщымды мақалалары арқы­лы жергілікті мәселелердің қозғалып, қолдау тауып, шешімі шығуына да ықпал еткен.

Жарық көріп келе жатқан 25 жыл  ішінде  өмірмен  өрелес, уақытпен үндес бола білген басы­лым беттерінен халқымыздың тари­хы мен тағдырына, ұлтымыз­дың руха­ни қазынасына, салт-дәстүрі мен  таным-тағылымына  терең бойлап, тәуелсіздігіміздің бүгіні мен болашағын бағдарлайтын, әлеумет­тік-экономикалық өзекжарды мәселелерді қозғайтын батыл ұстанымдағы мақалалар жарыққа шықты. «Халық» газеті жетістіктен де құралақан емес. Ең бастысын айт­сақ, «Қанатты қалам – 2008» облыстық фестивалінің «Үш таған», 2008 жылы қала әкімінің «Үздік ақпарат айнасы», 2019 жылы «Жаңалық жаршысы» номинацияларын иеленді. Газет журналистері арқылы елге танылады десек, осы орайда «Халықтың» басшысынан бастап тілшісіне дейін жыл сайын облыс, қала әкімшілігі тарапынан да, әртүрлі байқаулардан да марапатқа  ие  болып  келеді.

Тілшілер Перизат Захрадин мен Айтілес Жайшылық

Басылымның бет-бейнесін қа­лып­тастырып, тынысын ашып, беделін асқақтатып, сабақтастық жолды жалғап жүрген газеттің тілшілері екені анық. Бұл ретте олардың атын айтпай кетуге болмайды. Ширек ғасыр бойы табан аудармай еңбек етіп келе жатқан дизайнер Айнұр Үмбетова, он жылдай қаламын қолынан тастамаған Рыскелді Жахман, сақа тілші Тұрар Бекмыр­заев, жас журналистер Оразкүл Темірғали, Перизат Захрадин, Айті­лес Жайшылықтар қоғамдық мүддеге орай әрекет етіп, халықтың көкейіндегі мәселенің мәнісі мен байыбына терең бойлай отырып мақаланы жасандылық пен жаттандылықтан ада етіп жазады. Жиырма бес жыл уақыт бедерінде газеттің өз беделінің артып, оқырман алдындағы адалдығын танытып келе жатқаны да сондықтан. Күнделікті өмірден алынатын проблеманың көрінісін апта сайын жарыққа шығатын басылымға дер кезінде жариялап отырудың өзі – мұраттың асылына жеткендігі.

«Халықтың» шаңырағын талай журналистің қанат қағуына сеп­тігін тигізген «шығармашылық ұстахана» десек артық айтқандық емес. «Халық» газетінде жұмыс істеп, шеберлігін шыңдап, қаламы төселіп, білімі мен біліктілігі жоға­ры екенін дәлелдеп жүргендерінің өзі басылым мәртебесін айқындай алады. Оған дәлел ретінде Астана, Алматы қалалары мен облыс­тағы басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында жемісті еңбек етіп жүрген түлектерімізді айта аламыз. Мәселен, басыл­ымды  құруға атсалысқан, фило­ло­гия  ғылымдарының канди­даты Нұрлан Көбегенұлы бүгін­де өз алдына  «Әлімсақ» журналы мен «Ұстаз  мәртебесі» газеті­не бас редакторлық етіп отыр. Одан өзге бір­қатар басылым мен телеарнада тер төгіп, «Болашақпен» шетел­де оқыған, бүгінде жергілікті «QYZYLORDA» телеарнасының қазанында қайнап жүрген Нұрбек Әмиша, «Сыр медиа» ЖШС дирек­торының орынбасары Айжан Абдул­лаева, «Сыр бойы» газетінің жауапты хатшысы Дәуіржан Елу­баев, Назерке Сания­зова, Тәжімұрат Әлжанов, Әділбек Жақанов, Дастанбек Садық, Бекзат Аманов, Гаухарай Есімова, Әйгерім Бозанова, Қозы Көрпеш Жасаралұлы, Жұмабек Табын­баев, Азамат Абимолда, Ердәулет Қалиев, Замира Қонысжан сынды түлектерімізді мақтаныш етеміз. Сондай-ақ, Жаңабай Кемал, Айгүл Нұртайқызы, Рауан Жаңбырбайқызы, Ләззат Кемелбаева, Гүлнұр Қаржаубаева, Кенжалы Ерімбетов, Эльмира Бәшеева, Ұлықбек Тәңірбергенов, Мөлдір Қожахметова, Жазира Бағлан, Жансая Жүнісова, Нұрбай Шәкім, Жазира Әшірбек, Жасұлан Наурызәлиев, т.б. тәжірибе­лі мамандарымыздың  да  қолтаңбасы  қалды.

Бүгінде тарихы 25 жылдық уақыт бедерімен толысып отырған басы­лымның сүйіншілейтін хабары да жеткілікті. Дегенмен, заманауи медианың әркелкіленген тұсында оқырманды уақыт шеңберінен тыс кеңістікке алып шығу да оңай шаруа емес. Телеарналар сандық хабар тарату режиміне көшіп, газет-журналдар жылдам хабар таратудың маңызды тетігін орайластырды. Журналистика гипермәтін мен интерактивті онлайн-медиа ақпараттық контентті пайдаланудың жаңа форматын қалыптастырды. Бұл ретте «Халық» газеті де оқырманының қажетті дүниесіне оңай әрі сапалы, жылдам қол жеткізуі үшін техникалық тұрғыдан кедергісіз өткелі бар жаңа сайтын осыдан он бес жыл бұрын-ақ іске қосқан болатын. Бұл ақпараттық кеңістіктегі өз орнының қалыптасуын сол кезде-ақ айқындағанын білдіреді. Ақпараттық тас­қын технологиялық өріске айнал­ғалы өзгерістер болып жатыр. Жаңа медианы үдерістік жолмен дамытуда басылымның 20 жылдық атаулы дата­сы  қарсаңында  жаңадан жарқын жоба  дүниеге  келді.  Ол – «Halyqline.kz» сайты. Ақпарат алу, тарату адамның ой қорыту жүйе­сінен де жылдам деңгейде тұр. Сәт санап бұқаралық ақпарат құрал­дарының адам өміріне араласуы артып келе жатқанын мойын­дайтын болсақ, «Халықтың» жаңа да жарқын жобасы, яғни бүгінде 5 жыл болған «Halyqline.kz» сайты да  оқырман  көңілінен  шығып  отыр.

Бір сөзбен айтқанда, «Халықты» ақпараттық кеңістіктің құрдымына жібермей, жаңа тасқынға төтеп беріп келе жатқанына халық ықыласының септігі зор. Ал, бізді «Оқыр­ман көңілінен шықсақ» деген ой қамшылай түседі. Қазіргі қым-қуыт тіршіліктен шаршасаңыз, тіпті қолыңыз­дағы ұялы телефоннан жалық­қан сәтіңізде газет оқысаңыз, бір сергіп қаласыз. Себебі газет-журнал, кітап  оқу – жан  рақаты!

Міне, ойлы оқырман, бүгін өзіңізбен 1294 рет жолығып, жыл он екі ай қауышып, жаныңа жалау болуға  жараған «Халқың» бүгінде 25 жасқа толып отыр. Екінші мүшел жас. Ал жиырма бес нағыз жігіт­тік жас деп есептеледі. Бұл кезде бойдағы күш-қуат кемеліне келеді. Турап емес, турасын айтуды ту етсек, бұл сенің қасиетті қарапайымдылығың мен тектілігіңнен алған тәліміміз  болар.  Жалғанда  жан  бағу оңай, жанға  рақат  табу,  әмсе  қиын.  Сыйынарымыз – хақ, сүйенеріміз – халық.  «Алмастың  ажарын  алмас ашады». «Халық» – халықтың  газеті! Мерейтой  құтты  болсын!

Нұржан  ӘБЖАНҰЛЫ.

Суреттерді  түсірген  Н.Нұржаубай

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: