Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қала көлеміндегі көлшіктер түгел көміледі

09.06.2020, 17:56 1336

HALYQLINE.KZ Қала көлеміндегі түйткілді мәселелер қатары кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Бұған дейін қала тұрғындарының көбісі инфрақұрылым жағдайына байланысты шағымды көп айтса, бүгінде бұл мәселенің жартысына жуығы шешімін тапқан. Сағада отырған ел болғандықтан кей мөлтек аудандарында ыза судан пайда болған көлшіктер тұрғындар үшін қолайсыздық тудырып, аймақ үшін экологиялық ластанудың көзі болып отыр. Қала бойынша осындай 34 жер учаскесі орналасқан 24 көлшік анықталған. Олардың барлығына Қызылорда қаласы әкімдігінің тарапынан жер учаскесін мерзімінде игеру жөнінде бірнеше мәрте ескерту берілген. Бүрсігүні қала әкімдігінің ұйымдастыруымен шаһардағы Сәулет және Қорқыт ата мөлтек аудандарындағы көлшіктерді көму жұмысын көзбен көріп қайттық.

Сәулет мөлтек ауданындағы Қойсары батыр көшесіндегі ыза судан пайда болған көлшік осы маңдағы тұрғындардың есік алдына дейін көтеріліп, тіпті жолды жауып қалған. Ойын балалары ойнаудан қалып, өзгелері сыртқа шығып отыруды мүлдем ұмытқан. Өйткені көлшікке тасталған қатты тұрмыстық қалдықтар мен өзге де қоқыстардың иісі қолқаны қауып, шыбын-шіркей қаптап кеткен.

 – Бір көшені бойлай, жартысын алып тұрған ауқымы кең, терең көлшік бар еді мына жерде. Балалар түсіп кете ме деп ойнауға шығара алмайтынбыз. Түрлі қоқыс тасталған көлшіктен шығатын иіс үйдің ішіне дейін кіріп, кейде тыныстай алмай қалатынбыз. Содан көше тұрғындары қалалық әкімдікке қайта-қайта арызданып, жақында көмілді. Әкімдікке алғысымызды айтамыз, – дейді көше тұрғыны Мәлібай Есмахан.

 – Мен осы жерде 14 жылдан бері тұрамын. Біз көшіп келгенде бар көлшік жылдар өте келе ұлғайып, жағымсыз иіс шығара бастады. Жердің иелері бар, бірақ бұл жерді меншіктеп отырғанын көргеніміз жоқ. Тұрғындардың жанайқайымен, қала әкімдігінің шешім қабылдауымен жуырда жылдар бойы мәселесі шешілмеген көлшік көмілді. Ендігі жерде айтатынымыз, жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылып, осы маңдағы тұрғындар мен балалар үшін игілікке игерілсе. Яғни, балалар ойнайтын ойын алаңын салса жақсы болар еді. Өйткені бұл маңда ондай алаң жоқ, – дейді көпбалалы ана Жәмила Әбдіжәлелова.

Жалпы, бұл – 2020 жылы аталмыш мөлтек ауданында көміліп тұрған бесінші көлшік. Көлемі 6000 шаршы метрді құрайтын көлшікті көму үшін бір жарым айға жуық уақытта 1395 көлік құм төгілген.

Одан кейін Қорқыт ата мөлтек ауданы, Жастар көшесіндегі иесіз көлшік те тұрғындардың мазасын әбден кетірген. Иесіз деген себебіміз, көлемі 3 жер учаскесін қамтып жатқан жердің иесі әлі анықталмаған.

 – Қала бойынша жекеменшік иелеріне табысталған жерлерде қалыптасқан көлшіктердің саны 20-дан асады. Айта кетерлігі, бұл жерлер бұрынырақта қазылған, ойылған жерлер. Ол кездерде су болмағанымен, кейінгі кезде жерасты суының көтерілуіне байланысты көлшіктер пайда болған. Айналасына қоныстанған тұрғындар тұрмыстық қалдықтарды тастайды. Оның барлығына, әсіресе жекеменшік жерлерге мемлекет тарапынан қаражат жұмсау заңдылыққа сәйкес келмейді. Сол себепті жер учаскесі иелеріне «жер иелігіңізді игеріңіз, құрылыс нысанын салыңыз, болмаса жерді көміп, тегістеп, қоршап, таза ұстаңыз. Болмаса мемлекет меншігіне кері қайтарамыз» деген мазмұнда бірнеше рет хабарлама хат жолдадық. Өкінішке қарай, бұрынғы заңдылықтарға сәйкес мемлекеттік актісін алған жекеменшік жерлерді мемлекет меншігіне қайтара алмаймыз. Жағдайы ушыққан бір-екі жердің ісін сотқа жолдадық. Оның қорытындысы алдағы уақытта белгілі болады. Өйткені біз ол жерлердің барлығын кәсіпкерлердің көмегімен көмдік. 2020 жылға дейін қала бойынша 18 көлшік көмілсе, жыл басынан бері 12 көлшіктің мәселесі шешілді. Алдағы уақытта да осы тектес жұмыстар тоқтамайды. Ендігі үмітіміз, мемлекет тарапынан жұмылдыру басқармасы арқылы Сырдария өзенінің арнасын тазарту жұмыстары басталғалы тұр. Сол жұмыс басталса, оның табанынан шығатын таза құммен көлшіктерді көму мүмкіндігіміз кеңейе түседі. Сөйтіп барлық көлшіктерді көму жұмысын аяғына дейін жеткіземіз деген үміт бар, – деді қала әкімінің орынбасары Ерлан Бердібаев.

Айта кетейік, қазіргі таңда шаһар көлемінде мемлекет меншігіндегі жер учаскесінде барлығы 13 көлшік бар. Әл Фараби, Саяхат, КБИ мөлтек аудандарында екеуден болса, Сәулет, Арай, Шанхай мөлтек аудандарында бір-біреуден, Белкөл кенті С.Бейбарыс көшесінде 4-еуі орналасқан. Бүгінде Сәулет, Саяхат, Әл-Фараби, КБИ, Арай мөлтек аудандарында ыза судан пайда болған көлшіктер, орналасқан жер учаскелері мақсатына сәйкес игерілмеуіне байланысты меншік иелерін ҚР Жер Кодексінің 93-бабы, 3-тармағы негізінде сот органына міндеттеу туралы талап-арыздар берілген.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: