Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Бір бала – бір ваучер» немесе қосымша білімге қолжетімділік

26.06.2025, 7:00 183

HALYQLINE.KZ

Балалардың жан-жақты дамуын қамтамасыз ету – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта жыл сайын бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, балалардың шығармашылық үйірмелерге, спорттық секцияларға және қосымша білім беру бағдарламаларына тегін қатысуына жағдай жасалып келеді.

Алайда жүргізілген тексерістер бұл салада айтарлықтай кемшіліктің бар екенін көрсетті. Атап айтқанда, кейбір ұйым балаларды жалған тіркеу арқылы қатысушылар санын қолдан арттырып, сабақтарды санитарлық талаптарға сай келмейтін пәтерлерде, жертөлелерде немесе тұрғын жайларда өткізген. Сондай-ақ, жүйеде тіркелгенімен, нақты сабаққа қатыспаған балалардың есепке алынуы анықталған. Мұндай фактілер алаяқтық, жалған есеп жүргізу және бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсау қаупінің бар екенін айғақтайды. Осы олқылықтардың алдын алу және балалардың қауіпсіз, сапалы ортада білім алуына кепілдік беру мақсатында мемлекет жаңа реформалық қадамдарға баруда.

Аталған заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында спорт, өнер және қосымша білім беру бағыттары бойынша бірыңғай ваучер жүйесінің пилоттық жобасы аясында Қызылорда өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ғалия Байсынова мен облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Серік Жұматовтың қатысуымен брифинг өтті.

2025 жылдың 1 маусымынан бастап елімізде бірыңғай мемлекеттік тапсырысты орналастыру жөніндегі пилоттық жоба іске қосылды. Бұл жоба еліміздің алты өңірінде – Астана, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Шымкент және Қызылорда қалаларында жүзеге асырылуда.

Жобаның негізгі мақсаты – әрбір балаға өзінің қызығушылығы мен қабілетіне сай шығармашылық үйірмеге, спорттық секцияға немесе қосымша білім беру бағдарламасына еркін қатысуға мүмкіндік беру. Енді мемлекеттік тапсырыс бұрынғыдай білім беру ұйымдарына емес, тікелей балаға бағытталады. Бұл тәсіл балалардың таңдау еркіндігін арттырып, ата-аналар үшін де айқындық пен ыңғайлылықты қамтамасыз етпек.

Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ғалия Балтабекқызының айтуынша, бұл жаңашылдық балалардың өнер мен мәдениетке еркін араласуына мүмкіндік береді.

Шығармашылық бағыттағы үйірмелер – баланың тек қабілетін ғана емес, болмысын, ойлауын, дүниетанымын дамытатын орта. Ваучер арқылы кез келген бала ата-анасының көмегімен өзіне ұнайтын бағытты таңдай алады. Бұл – ашықтықтың белгісі, сапаға деген жаңа сұраныс, — деді ол брифинг барысында.

Жоба аясында әрбір бала тек бір ғана үйірме немесе секцияны таңдай алады. Яғни, «бір бала – бір ваучер» қағидаты қолданылады. Ваучердің екі түрі қарастырылған:

– нысаналы ваучер – мемлекеттік білім беру ұйымдары үшін қолданылады және кезекке тұруды талап етпейді;

– әмбебап ваучер – ата-ана немесе заңды өкіл баласын eGov порталы арқылы өзі таңдаған жекеменшік немесе мемлекеттік емес ұйымға тіркей алады.

Бұл жағдайда бюджет қаржысы тікелей сол  ұйымның шотына аударылады. Бұл жерде ұйым – әмбебап ваучерлерді қабылдайтын жеке заңды тұлғалар, яғни жеке кәсіпкерлер. Балалардың секцияларға немесе үйірмелерге қатысуын заңды өкілі жүзеге асырады. Бұл ретте балалардың секциялар мен үйірмелерге қатысуын рәсімдеуде ата-ананың немесе заңды өкілдің рөлі айқындалған. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Серік Айдарбекұлы атап өтті.

– Жаңа механизм шеңберінде баланың қай үйірме немесе секцияға қатысатынын таңдау құқығы оның заңды өкіліне беріледі. Бұл процестің электрондық форматта жүргізілуі әкімшілік кедергілерді азайтып, қызметтің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, әлеуметтік осал санаттағы балалар үшін кезекке қою тәртібі нақты регламенттеліп, жүйеленген. Бұл – ресурстарды әділетті бөлуге және барлық балаға тең мүмкіндік беруге бағытталған маңызды қадам, — деді басқарма өкілі.

Бірыңғай мемлекеттік тапсырыс аясында қосымша білім беру бағыттарына арналған ваучерлерді бөлудің тәртібі мен механизмі нақты айқындалған. Балаларды кезекке қою ісін жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті аясында жүзеге асырады. Қалалық агломерацияларды қоспағанда, әрбір елді мекен бойынша кезек жеке жүргізіледі. Бұл тәсіл жергілікті ерекшелікті ескеруге және әр өңірдегі баланың қолжетімділігін нақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Кезекке қою процесі толығымен цифрлық форматта жүргізіледі. Яғни, баланың заңды өкілі ақпараттандыру платформасы арқылы өтініш береді. Заңды өкіл ретінде баланың ата-анасы, қамқоршысы, асырап алушысы немесе патронат тәрбиешісі әрекет ете алады.

Жүйенің маңызды тұсы – әрбір бала әлеуметтік санатына сәйкес жеке кезекке қойылады. Бұл санаттар нақты 12 топқа бөлінген. Атап айтқанда, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар, девиантты мінез-құлқы бар жасөспірімдер, ата-анасының бірі немесе өзі мүгедек болып табылатын балалар, жетім балалар, көпбалалы отбасынан шыққан балалар, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары осы санаттар тізіміне енеді.

Басқарма өкілдерінің баяндауынша, жеңілдік санатына жататын балалар үшін өтініш берген кезде, ата-ана немесе сенімді өкіл бұл мәртебені растайтын құжаттарды қоса ұсынуы тиіс. Растайтын құжаттар ұсынылмаған жағдайда, өтініш баланың жас ерекшелігіне сай жалпы кезек санатына енгізіледі. Кезек реттік нөмірі өтініштің берілген күні мен уақытына негізделіп, автоматты түрде тіркеледі. Бұл өз кезегінде кезекке қоюдың әділ және ашық жүргізілуін қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, пилоттық жобаны іске асыратын қызмет көрсетуші ұйымдар, яғни жеке кәсіпкерлер мен мекемелер жүйеге қатысу үшін нақты талаптарға сай келуі тиіс. Олар баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін инфрақұрылымға ие болуы, санитарлық және өртке қарсы талаптарды сақтауы, бекітілген оқу бағдарламаларын ұсынуы және білікті мамандармен қамтамасыз етілуі қажет екендігін атап өтті.

 Брифинг соңында спикерлер баспасөз құралдары өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға жан-жақты жауаптар берді.

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: