Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Балалардың тісі неге ерте бүлінеді?

19.06.2025, 8:00 288

Тістің саулығы – жан саулығы, түр-келбеттің басты кейпі деп жатамыз ғой. Иә, оны ерте жастан күтіп баптасақ, ажарымыздың шырайын шығарып тұратыны сөзсіз. Әсіресе, қазір бала тісінің мәселесі кеңінен жайылып келеді. Бүгінде балалар арасында тіс ауруы және тіске құрт түсу, тіс жегісі, ұры тіс шығу, стоматит, тістің қисық өсуі сынды түрлі проблема көбейіп кетті. Ал бала тісінің саулығы үшін ата-ана нені білуі керек? Бала тісі неге басты проблемаға айналып барады? Осы тұрғыда мақаламызды өрбітіп, түйінін  тарқатайық.

Тіс дегеніміз – кез келген адам үшін маңызды компонент. Адам өмірінде тіс үш рет жарып шығады. Олар – уақытша тістер, ауыспалы және тұрақты тістер. Соның бірі – бала кезінде шығатын ең алғашқы сүт тісі. Бұл сүт тістер баланың 3 ай мен 1 жас аралығында жарып шығып, баланың сөйлеуіне, сықылықтап күлуіне, ең бастысы тамақты өзі шайнап жеуіне үйретеді. Иә, балада бұл тіс­тердің шығуы да әртүрлі әсер беріп жатады. Баланың бірінде дене қызуы көтеріліп,  тіс жиектерінде ауыр­сыну болса, енді кейбірінде стоматит қаптап кетеді. Ал асқынып, дәрігер алдына баратындары қаншама? Хош. Қазіргі уақытта, стоматология орталығында балалар тісін емдету үшін ата-аналар ұзын-сонар кезекте тұрады. Бұл ата-аналардың баланың тісін уақытылы тексертуі ме, әлде асқынған баланың тісін жұл­дыруға  асық па екен? Кім білсін? Әй­теуір, қай  стоматологияны  қара­сақ  та, жылап отырған бала мен ананы көреміз. Дәрігерлер де бұл жағдайдың жиілеп бара жатқанына алаң­даулы.

— Ең алдымен баланың тісі ерте жастан бүлінуі анасының жүктілік кезеңінің сәтті өтуіне де байланыс­ты. Яғни, ананың жүкті кезінде жеген, ішкен тағамдары, күнделікті көңіл күйі дұрыс болса, баланың  тісі ғана емес, ішкі ағзасының дұрыс дамуына әсер береді. Одан кейін, соматикалық ауруларға байланысты бала­ның тісіне кесірі тиюі мүмкін. Яғни, бала ауыр­ған жағдайда қабылдаған «антибиотик» дәрілерінің ықпалынан да тіске зақым келіп жатады. Одан қалды, бала­ның бойындағы иммундық жүйенің қалыптасуына да байланыс­ты. Тағы бір мәселе ауыз қуысындағы тұқымқуалаушылық ауруларының түрі де бар. Олар сол баланың сүт тістері кезінде ерте жастан пайда болуы бек мүмкін. Ондай кезде баланың тістері әлсіз, сынғыш, ауруы тез асқынып тұрады. Сондай-ақ, баланы ерте жастан гигиена­лық тәртіпке үйретпеген  жағдайда,  баланың  жеген, ішкен тағамдарын қадағаламау тістің саулығына тигізер әсері кере­ғар болады, — дейді қалалық орталық емхананың бөлім меңгерушісі, стома­толог  Марал  Қосбармақова.

Иә, сүт тісі енді шыққан баланың тісін қадағалау – әрбір ата-ананың міндеті. Бұлай деуіміздің себебі, бала ерте жастан әр затты ұстап, ауызына салып, дәмін көргісі, білгісі келіп тұрады емес пе? Жалпы, бала көрген затын ұстап көріп дамиды ғой. Сондықтан, ұстағанда қолын жуу, ауызына салып қоймауын қадағалау ең маңызды бөліктері деп ойлаймын. Себебі, өзімнің басымнан баламның байқамай ауызына салып үлгерген заттарының кесірінен  ауызында инфекция пайда болып, арты стоматит, іріңге ұласқан болатын. Сол кезде, мен де амалсыздан стоматолог дәрігерлерге жүгіндім. Нәтижесінде, баланың тісін қалай қадағалау керек, стоматит болғанда қалай, қандай дәрілермен емдеу керек, барлық кеңесті біліп, пайдама асырдым. Ал бұндай жағдаймен пациенттер дәрігерлердің алдына жиі келетіні анық. Стоматолог дәрігер Марал Асыр­ғақызы да «балаңыздың тісінің сау­лығы үшін дәрігерден келіп кеңес алуға ерінбеңіздер» дейді.  Бірақ, көбі қандай шағыммен келеді, күніне қанша бала­ны  емдейтінін  де білген  жөн.

— Балалардың көбі тіс жегінің қабынуы, асқынған түрі бойынша тістің ыстық-суыққа, түнгі мезгілде ауруы, дене қызуының көтерілуі, беткі жақ маңының ауырсынуы, ісінуі шағымдарымен күнделікті келіп жатады. Ересектермен салы­стыратын болсақ, балалардың тісінің қабынып, ауырсынуы тез әрі шыдамсыз болады. Сондықтан, күніне кемі 10-12 науқасты, кейде одан да көп, әр күнде әртүрлі балаға ем жүргіземіз. Дегенмен, балаларының тісінің саулығы үшін алдын ала кеңес алуға келетін ата-аналар қатары тым аз. Бәрі дерлік баласында шағым болған  жағдайда жүгінеді, — дейді  ол.

Тіс ерте жастан бүлінсе, келешекте баланың денсаулығына кері әсерін тигізетін көрінеді. Егер бір тіс жұлынса, ішкі ағзаға бактерия кету қаупі бар. Сол себепті де, дәрігерлер баланың  тісін жұлғаннан ке­йін ауырсынуды басатыннан бөлек, бакте­рияларға да қарсы дәрілер жазып береді. Оны уақытылы қабылдамасаң, ішкі ағзаға тигізер залалы көп. Қазіргі уақытта тісін жұлдыратын балалар қатары да көбейгендіктен, өңірде балалар стоматолог дәрігерлерінен бөлек, орталықтар да тапшылық етеді. Оны Марал Асырға­қызы  да  жасырмайды.

— Екі  мезгіл  уақытта жұмыс істейтін  стоматологиялық  орта­лық­қа келетін  науқастар саны көп. Тіп­ті, түнгі  уақытта да жұмыс істеу­ге тура келетін жағдайлар болады. Себебі, бала­ның жасына байла­нысты қызмет көрсететін стоматолог дәрігерлер аз. Балалардың ұзын-сонар кезекте тұратынының да себебі сол деп ойлаймын. Бір балаға шағымына байланысты 30 минут, кейде одан да ұзақ уақыт қарайтын кездер жиі болып тұрады. Бір баланы толық емдеп жазу үшін міндетті түрде оның ата-анасымен де жұмыс жүргізіледі. Сонда  ғана  жұмысымыз құнтталады. Ұзын кезектің болуының себебі де сол, бірақ  нәтижесімен, — дейді  ол.

Расында да, облыста балаларға арнал­ған стоматологиялық орталықтар өте сирек ашылған, оның бәрі дерлік – жеке орталықтар. Сондықтан да балалар стоматолог дәрігерлері тапшылық ететіні сөзсіз. Себебі, жұмыс жоқ жерде қыз­меткердің де қарасы табылмасы анық. Ал денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отыры­сында жақында 1000-нан астам оқушысы бар білім ордаларында стомато­логиялық кабинеттер ашылатынын айтты. Оның сөзінше, былтыр оқушылардың 90 пайызына профилактикалық тексеру жүргізіліп, балалардан ас қорыту, көру, тыныс алу және тіс аурулары анықталған. Осы тұрғыда, біздің өңірдегі балалар стоматологиялық орталықтарын көбейту, білікті маман жинау басты назарға  алыну  керек.

Ал баланың тісін сақтау үшін ата-ана нені білу керек? Балаңыздың тісі ауырса, ауырсынуды басатын дәрі беріп немесе жұлдырып тастау – үлкен қателік. Баланың сүт тісі болса да, өзі түсіп, басқа тісі қайта өзі шығуы маңызды. Сондықтан, баланың  тісін  сақтау  үшін дәрігер айтқан кеңеске құлақ түргеніңіз дұрыс. Ең алдымен, маман балалардың дұрыс тамақтануын қадағалау өте  маңызды  екенін  айтады.

— Баланың тісін сақтау үшін күнделікті екі мезгіл тазалықтан бастау керек. Тұтынатын тағамдары құнарлы болғаны маңызды. Тәтті сусындар мен тағамдардан аулақ қылғаныңыз дұрыс, не өте сирек бергеніңіз абзал болады. Сондай-ақ, жылына екі мезгіл стоматолог дәрігерден профилактикалық тексерістен өтіп тұруы қажет. Негізінде балалар 2 жастан бастап өздігінен қалыптаса бастайды. Сондықтан, сол уақыттан бастап тіс тазалығын үйреткеніміз жөн. Ең әуелі, балаларға арналған жұмсақ тіс тазалығышын алып, тек құр сумен жууды, ауызды қалай шаю керек екенін үйретіңіз. Сондай-ақ, стоматолог кеңесіне жүгіну арқылы тіс пастасын алғаныңыз дұрыс. Сүт тіс­тері әлсіз, сезімтал болғандықтан, құрамына химиялық заттар қосылмаған, жеңіл тіс пастасына жүгініңіз. Оны қолданарда да мұқият болып, аз мөлшерде  ғана  қосып жусаңыз болады, — дейді  М.Қосбармақова.

Әрине, әрбір ата-ана баланы сау етіп өсіруді армандайды. Сондық­тан, баланың алғашқы тістері пайда болған  сәттен бастап  күтім  жасау керек. Егер тісті де ағзаның ең маңыз­ды бөлігі деп қараған ата-­ана баланың тістерін тұтас әрі сау ұстайды, көптеген қиындықтан аулақ болады. Ең бастысы, баладағы сау тістер тағамды  таза  шайнауға, оны қорыту, таза сөйлеу, емін-еркін күлуге, сон­дай-ақ, баланың жақсы көңіл күйі  мен өзін-өзі жоғары ба­ғалауының  кілті  саналады. Тісі сау бала – көңілді,  дені  сау  бала.

Оразкүл ТЕМІРҒАЛИ.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: