Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Брежнев» деп атап кеткен директор Торғаев туралы толғаныс

12.06.2025, 10:20 523

HALYQLINE.KZ

Қызылорда облысы, Сырдария ауданының Айдарлы ауылындағы тоқсан жылға таяу тарихы бар Аманкелді Иманов атындағы №139 мектептің 1977-1993 жылдары директоры болған Ыдырысхан Өмірзақұлы Торғаев туралы сөз қозғағанда, толғаныссыз айту мүмкін емес. Себебі, ол білікті басшы ретінде бүкіл ауданға ғана емес, облысқа танылды. Айдарлы ауылының үлкені мен кішісі де әлі күнге дейін есімін ерекше сүйіспеншілікпен айтып отырады. Мектепте Ы.Торғаев атындағы математика кабинетін ашты, кабинет меңгерушісі, жас маман, математика пән мұғалімі Ерсұлтан Шайхсламов кабинетті талапқа сай ұстап отыр.

Ал, енді Ыдырысхан ағайды неге «Брежнев» деп атап кеткендігіне келсек, біріншіден, бет әлпеті, жүріс-тұрысы сол кездегі Кеңес одағының басшысы Леонид Брежневке қатты ұқсайтындығы еді (фото 1). Екінші жағынан осы Брежнев тұсында халықтың әл-ауқаты артып, жақсы тұрмыста өмір сүрді. Бұл жағынан да мектеп директоры Ы.Торғаев та ең алдымен халыққа болсын дейтін азамат еді.

Сол кезде Айдарлы совхозы егін мен мал шаруашылығынан да алда болып, бесжылдық жоспарды артығымен орындығандықтан, «миллионер совхоз» атанған еді. Совхоз мүшелерінің қосалқы шаруашылғы да облыс бойынша алдыңғы қатарда еді, адамдар өздерінің артылған бақша өнімдерін үкіметке өткізгесін, ауқатты өмір сүрді. Қызылорда қаласындағы базарда Айдарлы ауылының тарысы (сөк) үлкен сұранысқа ие еді. Осындай совхоздағы мектептің ғимараты ескі болуы мектеп директоры Ыдырысхан Торғаевты қатты толғантып жүретін. Аудандық партия комитетінің кезекті жиынында Айдарлы ауылына жаңа мектеп ғимаратын салатын кез келгенін күнтәртібіне қаратуға қол жеткізді.

Жақында осы мектептің 1985 жылғы түлектері мектеп бітіргендерінің 40 жылдық кездесуінде болғанда, осы мектепке қатысты мынадай деректі естідім. 1984 жылы 9-сыныпты бітіргенде бәрінің арманы келесі жылы, сол кезде салынып болған, тек ішкі ағымдағы жұмыстары баяу жүріп жатқан жаңа мектептен бітіргісі келген болатын. «Комсомолдар жас қайраты елімнің» деген әніндей жалындаған жастар, өздерінің келесі жылы жаңа мектептен бітіргісі келетінін мектеп директоры Ыдырысхан Торғаевқа айтады. Директор 9-сыныпты бітірген соң бір ай еңбек практикасынан артық оқушыларды жұмсауды заң көтермейтінін білсе де, тәуекелге барып оқушыларға рұқсат берді, бірақ оқу үлгерімі төмендеп кетпесін деп шарт қойды. Содан түске дейін сабақта оқып, түстен кейін екі сынып оқушылары жаңа мектеп ғимаратының ішкі әктеу, сырлау, парталар мен шкафтарды, құрал-жабдықтарды тасу, т.б. жұмыстарын істеп, 1985 жылы қаңтар айында үшінші тоқсанды жаңа мектеп ғимаратында бастады.

Міне, осындай іскер азамат басшы болуымен қатар білікті ұстаз да болғанын өмір жолына көз жүгірткенде білдім. Ыдырысхан Өмірзақұлы 1933 жылы «Құмшығанақ», қазіргі Айдарлы ауылында шаруа отбасында дүниеге келді. Мектепте жақсы оқығандықтан, орта мектепті бітіру бойына Қызылорда қаласында Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының математика факультетіне оқуға түсті, институтта да жақсы оқып, институттың комсомол ұйымының төрағасы бола жүріп, қоғамдық жұмыстарда ұйымдастырушылық қабілеті қалыптаса бастады. 1953 жылы институтты бітіргесін, сол кездегі жас мамандар үшін екі жылға есептелінген жолдамамен Жаңақорған ауданындағы Екпінді ауылында мамандығы бойынша мұғалім болды.

1956 жылдан бастап Айдарлы ауылындағы өзі бітірген мектепке математика пәнінің мұғалімі болып орналасты. «Жас келсе іске» дегендей, күнделікті сабағын талапқа сай өткізе жүріп, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді. Іскерлік қабілетімен көзге түскен Ыдырысхан 1966 жылы мектептің оқу ісінің меңгерушісі болды. Бұл қызметті де абыройлы атқарғасын 1977 жылы Айдарлыда Аманкелді Иманов атындағы №139 мектеп директоры болып тағайындалды. Осы жылдары білікті басшы бола жүріп оқу сапасын жоғары деңгейге көтерді, есімі аудан мен облысқа белгілі болды. Бұның бәріне өзінің біліктілігі мен талапшылдығының арқасында жетті. Әр мұғалімнен де соны талап етті, әр оқу тоқсан қорытындысын методикалық кабинетте қызу талқылап (фото 4) нәтиже шығарып отыратын. Мектеп басшысы кезіндегі атқарған ең үлкен жұмысы Айдарлы ауылында 624 оқушыға арналған үш қабатты жаңа мектеп салдырғанын жоғарыда айтып өткенмін. Іскер басшының еңбегі уақытылы бағаланып отырды. «Қазақ ССР ағарту ісінің озық қызметкері» атағы берілді. Республикалық, облыстық және аудандық білім саласынан алған Құрмет грамоталары да жетіп артылады.

1993 жылы бүкіл Айдарлы ауылы Ыдырысхан Өмірзақұлын құрметті еңбек демалысына шығарып салды. Зейнетке шықан соң ауыл өміріне де белсене араласты. 2007 жылы «Астана қаласына – 10 жыл» мерекелік медальмен марапатталды. Осындай абзал азамат Ыдырысхан ұстаз 2008 жылы қайтыс болды.

Ыдырысхан ағайдың өмірілік қосағы Күлди ана туралы да, ерекше тоқталып айтуға болады (фото 3). Айдарлыдағы ауыл пошташысының қызы болғандықтан Күлди сабақты жақсы оқумен қатар, әкесіне газет-журналды сұрыптауға көп көмектесетін және оның бәрін де қалдырмай оқығандықтан әдебиет, тарих, саясат туралы әлі күнге дейін пікірлесуге болады. Қазір жасы 85-те болса да, газетті көзілдіріксіз оқиды және немересі Нұрдәулеттің сабағын қадағалап, үй тапсырмасының орындалуын тексеріп отырады. Отбасылық жағдайға байланысты оқи алмай қалғаны болмаса да, ауыл өміріне белсене араласты, Айдарлы ауылындағы радио торабы арқылы ән салатын, ауылдағы «Әнші әжелер» ансамблінің әншісі болды. Мектепте техникалық қызметкер болып зейнетке шыққанының өзіне 35 жыл болды. Ыдырысхан ағай екеуі 6 бала тәрбиелеп өсірді (фото 5). Өкініштісі, тұңғышы Майра мен Шыңғысханы дүниеден ерте озды. Үш қызы, Найла қазақ тілі мен әдебиетінің, Ләззаты бастауыш мұғалімі және Салтанат та бастауыш мұғалімі әрі ақын ретінде түрлі жыр сайысына қатысып, топ жарып жүр. Әділханы ауылда жүргізуші, қара шаңыраққа келіншегі Гүлшат екеуі ие болып, анасы Күлдиді бағып отыр (фото 2). Ыдырысхан ағайдың алты немересі де атасының жолын жалғастырып, білім саласында қызмет істеп жүр.

Міне, артында жүздеген шәкіртке білім нәрін сепкен ұлағатты ұстаз Ыдырысхан Өмірзақұлының балалары мен немерелері де білім саласында тер төгіп жүр.

Бақытжан АБДУЛ-ТҮМЕНБАЙ,

ҚР Журналистер және Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі

Қазалы  ауданы

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: