Энергетикалық сусын – қуат көзі емес, денсаулыққа тікелей қауіп. Әсіресе, энергетикалық сусынды пайдалану жасөспірімдер үшін дағдыға айналып бара жатыр. Ал, бұл сүйекке сіңген әдеттің денсаулықты құрдымға апаратыны бәрімізге мәлім. Расында да. Тіпті, бұл зиянды сусынды ішуге машықтанып қалған адам да оның пайдасынан кесірі көп екенін біліп тұрып қолданады. Соның салдарынан бірталай адамның тағдырын жалмап та үлгерді. Соған орай, елімізде 21 жасқа толмаған жасөспірімдерге ашық дүкендерде энергетикалық сусын сатуға тыйым салу туралы заң жобасы қабылданып, тіпті жүзеге асыруға рұқсат та берілген болатын. Дегенмен, қабылданған заң жүзеге асып жатыр ма? Өңірдегі ахуал қандай? Энергетик адамды қандай жағдайға жеткізеді? Тәуелділіктен қалай арылуға болады? Осы және өзге де сауалдар бойынша тақырыбымызды тарқатайық.
АЙМАҚТА ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ СУСЫННАН ҚАЙТЫС БОЛҒАНДАР БАР
Қазір жастар күш беріп, шаршағанды басып, көңілін ашу үшін сергіткіш сусынды көп ішеді. Иә, сергек жүріп, көп жұмыс істеудің амалы деген сылтаудың арқасында энергетикті жиі пайдалану қалыпты жағдайға айналды. Соның салдарынан жүрек талмасына шалдығып, аурухана төсегіне таңылған азаматтар саны азаймай тұр. Осы тұста, облыстағы ахуалдың мән-жайын барлап, денсаулық сақтау басқармасымен байланысуды жөн көрдік. Иә, дегенмен басқарма жауабы көңілімізді қанағаттандыра алмады. Себебі, «оларға өңірдегі энергетикалық сусыннан зардап шеккен азаматтар саны жайлы және тиісті орындарға адам денсаулығына зияны бар осындай сусындарды елде түбегейлі сатуға тыйым салуға деректерді алға тарта отырып, денсаулық сақтау басқармасы тарапынан қандай да бір ұсыныс жасауға құзыреттеріңіз бар ма?» деген сауал қойған болатынбыз.
— Басқармада нақты энергетикалық сусындардың адам денсаулығына нұқсан келтіріліп, денсаулығына байланысты жасалған ота саны және өлімі туралы ақпараттар тіркелмейді. Яғни, «Халықаралық аурулар классификациясы коды» бойынша энергетикалық сусыннан улану деген дерек облыста жоқ. Сондай-ақ, энергетикалық сусындардың құрамын зерттеу мен олардың сатылуына тыйым салу басқарма құзыретіне кірмейді, — деді басқарма маманы Ж.Қалжанова.
Дегенмен, облыста энергетикалық сусынға тәуелділіктен көз жұмып, ем-шара алып сауығып шыққан жандар бар екен. Нақтылай кетсек, облыстық аурухананың кардиолог дәрігері өзінің практикасында энергетикалық сусынға тәуелді болған 3 азаматты емдегенін айтады.
— Энергетикалық сусынның әсерінен жүрек ауруына шалдыққан адам санын нақты айту толық мүмкін емес. Себебі, қазіргі уақытта энергетикалық сусынды қолданатын адам өте көп. Бірақ олардың көбі уақытында жергілікті емханаға қаралып, диагностикалық зерттеулерден өтпейді. Соның салдарынан жүрек-қан тамырының асқынған стадияларына жеткен кезде барып, қаралып ем іздеп жатады. Айта кететін жайт, өзімнің практикамда энергетикалық сусынның әсерінен жүрек жеткіліксіздігінің ауыр ағымына шалдыққан 3 науқас болды. Олардың біреуі – 21-де, екіншісі – 32 жаста. Олар энергетикалық сусынға тәуелділіктен күніне 2-3 құтыдан (банка) 3 жыл көлемінде қабылдап келген. Бірақ уақытында диагностикалық зерттеулерден өтпеуінен жүрек жеткіліксіздігінің ауыр ағымында келіп, ем алған болатын. Өкініштісі сол, қабылдаған емдік шараларына қарамастан арты өлімге әкеліп соқтырды. Сондықтан, қазіргі күні қандай тағам мен сусын болсын құрамына қарап пайдаланған жөн, — дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас дәрігері және көпбейінді облыстық аурухананың кардиологы Ғалымжан Қуантайұлы.
Сонымен қатар, кардиолог дәрігер энергетикті күніне бірнеше құтыдан пайдаланып, жағдайы аяқ асты нашарлап, ауруханаға түскен сәтте де науқас өзінің энергетикалық сусынды қолданатынын жасыруы мүмкін. Себебі сол, тәуелділіктен арылғысы келмейді. Ал ондай жағдайда дәрігерлерге себебін анықтау қиынға соғуы мүмкін дейді. Әрине, мұндайда дәрігерлер энергетиктің ішінде ешқандай энергия жоқ, ол тек күштің қоздырғышы екенін айтып әлек.
ӘУЕЛІ БЕЛСЕНДІЛІК БЕРЕДІ, СОСЫН…
Энергетикалық сусын – кофеин, таурин, глюкоза және басқа да қоспалар арқылы жасалған сұйықтық. Бұл сусынды пайдаланған жағдайда мидың белсенділігін арттырып, физикалық күш кезінде оған қарсы төзімділік пен қуат беретіні анық. Бірақ мамандардың айтуынша, сусын құрамындағы қоспалар адам бойындағы бір тәулікке жететін қуатын 2-3 сағаттың ішінде жұмылдырып, сол сәтте ғана белсенділік береді де, артынша ағза әлсірейді.
— Энергетиктің құрамында кофеин көп болады. Ал оның әсері денені зорықтырып жіберуі мүмкін. Соның салдарынан, адамда тәуелділік пайда болып, психикаға қатты әсер беріп, тахикардия, қант диабеті, психомотрлық қозу, жоғары дәрежедегі невроз, орталық жүйке жүйесі, жүрек-қантамыр ауруы, гармондардың бұзылуына және күйзеліс сияқты дерттерге душар етеді. Сондай-ақ, асқазан ауруына да шалдырықтыруы ғажап емес, — дейді кардиолог дәрігер Ғ.Қуантайұлы.
Расында да, сарапшылардың айтуынша, адам бір күнде 63 миллиграмм кофеиннен артық тұтынбауы қажет. Мысалы, ең танымал деген «Redbull» сусынында 80 мг кофеин бар. Ал «Monster» сусынында 160 мг кофеин, «Gorilla» мен «Dizzy» энергетигінде 30 мг кофеин қосылады екен. Енді күніне бірнеше құты сіміріп алатын жандардың азғазасына қанша грамм кофеин кетіп жатқанын есептей беріңіз. Егер күніне осыншама зиянды қоспаны қабылдай берсеңіз, нәтижесі өлімге апаратынын ұмытпағаныңыз жөн. Сондықтан, егер энергетиктикке тәуелді болсаңыз, одан арылудың жолын қарастырып, мейлінше пайдаланудан аулақ болғаныңыз дұрыс. Ал көп емес, сирек ішіп тұрамын десеңіз, оның зиянын еске алып, денсаулығыңызды ойлағаныңыз абзал.
БІРҚАТАР ЕЛ БАС ТАРТТЫ
Жасыратыны жоқ, бұл сергіткіш сусындарды тұтыну жыл сайын артып келеді. Былтыр ғана кәмелет жасқа толмағандарға энергетикалық сусындарды дүкендерде ашықтан-ашық сатуға заң бойынша тыйым салынған болатын. Дегенмен, бұл қабылданған заң бойынша нәтижесі қауқарсыз көрінеді. Себебі қарапайым дүкендердегі тоңазытқыш ішінде салқындатылып тұрған энергетикті көргендер оны алмасқа қоймайды. Осының арқасында да дүкен саудасы қызып тұр десек те болады. Бұдан кейін, қазір «21 жасқа толдың ба?», «жеке куәлігіңді көрсет» деп сатушылар әр адамнан сұрап тұрмайтыны да белгілі. Оны сол сәтте құзырлы органдар тексеріп те үлгермесі анық. Сондықтан, ашық, қарапайым дүкендер де энергетикалық сусындарды сатуға мүлдем тыйым салу керек секілді. Себебі, елімізде бұл сергіткіш сусындардың кесірінен түрлі оқиғаға кезігіп жатырмыз. Осының салдарынан құрбандар қатары көбейіп те келеді.
Жақын арада Көкшетау қаласында болған жағдай әлемжеліні дүрліктіргені мәлім. Сіз де естіген боларсыз. Көкшетауда ішінің қатты ауырғанына шағымданған 16 жастағы жасөспірім жедел түрде ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның асқазаны тесіліп, ішіне ірің жайылғанын анықтаған. Науқасқа шұғыл лапароскопиялық операция жасалып, жара тігілді, ірің тазартылып, дренаж қойылды. Ақмола облыстық көпсалалы балалар ауруханасының дерегінше, оған перфоративті асқазан жарасы және жайылған іріңді перитонит диагнозы қойылған. Дәрігерлер «мұндай ауыр жағдайдың себебі – энергетикалық сусындарды жиі тұтынуында» дейді. Ал Алматыда жарты жылдан астам уақыт энергетикалық сусынды қолданған 17 жастағы жасөспірім ауыр халде аурухана жеткізілген. Тексеру кезінде науқастың қызуы көтеріліп, еріннің қанауы, ауыз қуысының жаралары, буындардың ауруы және мұрыннан қан кету секілді белгілері болған. Тіпті, жеткіншек жүре алмай қалған. Оған дәргерлер бауыр жұмысының нашарлауына байланысты «Бауыр қызметінің бұзылуы» деген диагнозын қойған. Яғни, бауырдағы коагуляция факторлары синтезінің бұзылуы.
Қорытындылай келе, бүгінде мұндай зиянды сусындарды құрықтауда еліміз артта келе жатыр. Себебі, Қырғызстан, Түрікменстан секілді бірқатар көршілес ел де энергетикалық сусынның жарнамасы мен оны дүкендерде ашық сатуға түбегейлі қарсылық танытып, заң жобасын әлдеқашан қабылдап қойған. Ал Франция, Дания секілді мемлекеттерде сергіткіш сусын тек дәрігердің рұқсатымен дәріханаларда ғана сатылады. Бізде де заң аясы қарастырылып, қабылданды. Бірақ, нәтиже жоқ. Қазір сол энергетиктің зардабын жасөспірім мен балалар кешуде.
Оразкүл БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
Фото: ашық дереккөзден.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!