Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мамандықты жақсы көру – биік шыңды бағындырудың кілті

22.05.2025, 6:30 212

HALYQLINE.KZ

Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, жаны мен тәнін емдейтін құрметті мамандықтың бірі – медицина саласы. Ақ халатты абзал жандар қай кезде де қоғамда сұранысқа ие. Ауырғанда тек емдік жолмен емес, сөзбен де жаныңа демеу болады. Бұл мамандықты оқу барысында сабыр мен шыдамдылықты, «ең басты байлық – денсаулық» екенін үйрендім. Денің сау болса, барлығына жетуге болады. Медицина саласын «үздік» оқып аяқтасам да, шығармашылық пен әдебиет жаныма жақын екенін ұмытпадым, естен шығармадым.

Оқуды қашан оқығаның емес, ең маңыздысы жететін жетістік пен нәтижеде деп ойлаймын. Ең алғашқы таңдауым мен қалауым журналистика саласы болды. Десек те, медицина саласында білім алып, диплом иегері атандым. Бұл жауапкершілігі жоғары, күн-түн демей ізденіп, оқуды қажет етеді. Бұл салада аз да болса жеткен жетістіктерім де сол еңбекпен келді. Бірақ, жүрегімдегі журналистикаға деген махаббатым өшпеді. Санамның шалғайында бұғып жатқан елеусіз арманым оянып, оқуға тапсырдым. Нәтижесінде бала кезден өзім қалаған оқуға грантқа түстім. Қазіргі уақытта өзіме ұнайтын мамандықты меңгерудемін. Осы салаға қызығушыларға «Егер өзің қалаған маман иесі болғың келсе, бақ сынап көруден ешқашан қорықпа!» дегім келеді.

Журналистика – қоғамның айнасы, ақпараттың көзі, халықтың дауысы. Мен үшін журналист – тек мамандық емес, өмірлік мақтаныш. Мақсатым – шындықты іздеу, адамдардың пікірін жеткізу және қоғамдағы маңызды мәселелерге назар аудару. Ақпараттық ағындардың арасында жүру, шығармашылық жұмыспен айналысу маған ұнайды. Әрбір материал, әрбір сұхбат мені жаңа көзқарастар мен идеяларға жетелеп, мені тұлға ретінде дамытады. Менің мақсатым – тек фактілерді жеткізу емес, сонымен қатар олардың артындағы мағынаны түсіну. Мен үшін шындықты айту, қоғамдағы әділетсіздіктерді көрсетіп, өзгерістерге ықпал ету маңызды саналады. Журналистика арқылы мен қоғамдағы өзекті мәселелерді жақсы жаққа өзгертуге тырысамын.

Болашақтағы жоспарым – кәсіби деңгейде дамып, тәжірибе жинау. Шынайы және кәсіби журналист болу, адамзатқа қызмет ету үшін ақпараттың күшін пайдалану. Мамандықты жақсы көру – биік шыңды бағындырудың кілті. Жақсы немесе жаман мамандық жоқ, тек өзіңе ұнайтын мамандық бар. Ең әуелі ата-ана алдындағы парыз бен үмітін ақтау – баршамыздың арманымыз. Сол арманға бізді тек қажырлы еңбек пен тынымсыз жұмыс жеткізері айдан анық. Қазір талмай еңбек етіп, болашақта оның жемісін көру бұйырса екен дейміз! Армандаймыз, тек армандап ғана қоймай, сол мақсатқа жету үшін талпынамыз. Бәрі оңай көрінеді. Сүрінеміз, құлаймыз, қайта тұрамыз. Мақсатың айқын болса ғана, қанша кедергілер жолықса да, мойымай алға ұмтылу керек.

Назерке БАҚЫТБЕК,

Қорқыт ата атындағы

ҚУ-дың 1-курс студенті

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: