Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Экология – ғаламға да, ғарышқа да тән мәселе

04.06.2020, 12:00 2977

ӨРКЕНИЕТТІҢ   ЖОЙЫЛУЫНА

 АПАРАТЫН   «КҮШ»

Ғасырлар бойы дамып, жаңа дәуірге бет бұрған өзгерістерге толы өркениеттің одан әрі дами түсеріне ешкімнің күмәні жоқ. Десек те, соқпақ-соқпақ жолдардан сүрінетін де кез болады екен. Қалай дейсіз ғой, өркениеттің жойылуына дейін апаратын «күш» – ғаламдық проблеманың дер кезінде және міндетті түрде шешім таппауы. Өзегінен қиылып түскелі тұрған мұндай проблемаларды шешу үшін ғаламдық, аймақтық, ұлттық бағдарламалар жасалады, бірақ бір нәрсенің жетіспей қалуы жазылмаған дәстүрге айналып барады. Ол не десеңіз, үйлес­тірушіліктің жетіспеуі. Кей дереккөздерге сенсек, ғаламдық проблемаларды шешуге жұмсалатын шығындардың жартысына жуығын экологиялық проблемалар құрайды екен. Өйткені…

Ғаламдық экологиялық проблема – ғаламдық, аймақтық және ұлттық деңгейлерде айқындалған экологиялық мәселелер кешені. Жай ғана, ауыз ауырып, жақ талғанша айтып қоя салатын нәрсе емес екенін бәріміз де білеміз. Тіпті бұл проблеманың адамзат үшін аса қауіптілігі сол, табиғи экожүйенің бүлінуі, озон қабатының жұқаруы, атмосфераның, әлемдік мұхиттың ластануы, биологиялық әралуандылықтың азаюы секілді сұрықсыз көріністерге тап болуымыз ықтимал. Сол себептен де жаһан елдерінің ынта-жігерін ортақ мақсатқа жұмылдыру қажет. Жаһандық экологиялық қор сарап­шыларының пікірінше, алдағы онжылдықта үш әлеуметтік-экономикалық тенденция – халықтың өсуі, ғаламдық орта тап және урбанизация жер экожүйелеріне қауіпті жүктемелерді күшейтеді. Болжам бойынша әлем халқының саны 2050 жылға­ қарай 9 миллиардтан асады. Халық санының өсуі, тамақтанбау және топырақ сапасының төмендігі табиғи ландшафтарды ауылшаруашылық мақсатта­ пайдалануға беру, тұщы су беру қысымын жоға­рылату да экожүйеге қосымша қысым түсірмек.

7  МЛН  730  МЫҢ  ТОННА 

ҚАЛДЫҚ  ҚАЙДА?

Әлемдік экономиканың шарықтауымен орта тап өседі деп күтілуде. Ал 2030 жылға қарай тағы  5 миллиард адам күнделікті тұтынуы 10-100 АҚШ доллары аралығында болатын адамдар санатына қосылады деген болжам бар. «Бұл өсімнің үштен екісі Азияда болады және энергия, тамақ, ғимараттар  мен көлікке деген сұраныстың артуына әкеледі. Бұл тенденциялар климаттың өзгеруіне, био­әртүрліліктің  жоғалуына, жердің тозуына, химиялық  ластануға, халықаралық судың тозуы мен орманн­ың  жойылуына  қауіп  төндіреді» деп дабыл­ қағуда  экологтар.

Рас, халық санының өсуінің көп бөлігі қалалық жерлерде, сондықтан 90 пайыз ластанудың көзі болып табылады. Мәселен, парниктік газдың дүниежүзілік шығарындыларының 70 пайыздан астамы қалалық жерлерде. Өркениетке көшу экономикалық тұрғыдан ұтымды, дегенмен мәселенің екінші ұшы экологияға тірелетінін ұмытпауымыз керек. Сондықтан халықтың тұтынған тауары мен тұрмыстық қалдықтарын қалдықсыз игеру мәселе­сі айтылып жүр. ҚР Индустрия және инновациялық даму министрлігінің мәліметінше, елімізде қалдықтардың 22 миллиардтан астам тоннасы жинақ­талған. Оның 16 млрд тоннасы – техногенді минералды құрылымдар, 6 мыңға жуық тоннасы – өндіріс орындарынан шығатын қауіпті қалдықтар.

Осылайша, жыл сайын елімізде 700 мил­лион тоннағ­а жуық өнеркәсіптік қалдық жиналады. Олар жол жамылғысы сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін арзан әрі тиімді құрылыс материал­дары екенін ескере отырып, аталмыш материал­дарды республикалық маңызға ие авто­мобиль жолдарының құры­лысы мен реконструкциясы саласында пайдала­ну қоршаған ортаны қорғауд­а,  ресурс­тарды  рационалды  қолдануда үлес қосуда. 2019 жылы «QazAvtoJol» ҰК» АҚ мен ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министр­лігіне қарасты Экологиялық реттеу және бақылау комитеті арасында бекітілген келісім­шартқа сәйкес алдағы 5 жыл ішінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу, жаңар­ту үшін өндірістік қалдықтардың 5,3 млн тоннасы пайдаланылады деп жоспарлануда. Ал 2015 жылдан бері дәл осы мақсатта өнеркәсіптік қалдықтардың 7 млн 730 мың тоннасы пайдаға жараты­лған.

Түптеп келгенде, Энергетика министрлігіні­ң 2030 жылға дейін қалдықтардың 40 пайызын қайта өңдеуге  бағытталған индикаторы бар. Яғни, өнім алу  арқылы  қайта өңдеу секторын дамыту жүйе­сіне мән берген. Бұл мақсатқа жету үшін де алдымен­ қоқыс сұрыптауды, қайта өңдеуді игеру керек.

2021  ЖЫЛДАН  БАСТАП…

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, жыл сайын Қазақстанда 5-6 млн тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдықтар жинақталады.

ҚР президенті жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу бойынша кеңес мүшелері экология мәселесін назарда тұрақты ұстап отырады. Сол кеңес мүшелерінің ұсыны­сымен 2016 жылдан бастап 2019 жылдың  1 қаңтарынан бастап полигондарда құрамында сынабы бар шамдар және құрылғыларды, металл сынықтарын, пайдаланылған май­ларды және сұйықтықтарды, батареяларды, электронды қалдықтарды көмуге тыйым салынды. 2019 жылдың алғашқы күнінен бастап пластмасса, макулатура, картон және қағаз қалдықтарын, шыныны көмуге тыйым салатын норма күшіне енді. Алда тағы да өзгерістер болады. Бұйыртса, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап құрылыс және тамақ қалдықтарын көмуге тыйым салатын норма күшіне енеді деп күтілуде.

Жоғарыда айтылғандай, қалдықтарды игеру, талапқа сай өндірістік жұмыстарға қолдану, сұрыптау мәселесі кей өңірлерде әлі де жолға қойылмаған. Елдегі жұмыс істеп тұрған 130-дан астам кәсіпорын қайталама шикізатты өңдеп, 20-дан астам өнім түрлерін, пластик, металл, ағаш, шыны, қағаз, резина ұнтағының және резеңке-техникалық бұйымдар, биогаз, тыңайтқыш және отын пиролиз өнімдерін шығарып отыр. Республика бойынша тұрмыстық қатты қалдықтар үйінділері мен полигондарының 3521-і бар, оның 620-сы ғана экологиялық талаптар мен санитарлық нормаларға сәйкес. Қалғандары туралы сөз қозғаудың өзі…

АЙМАҚ  АУДАНДАРЫНА  ҚОҚЫС

ПОЛИГОНЫ  САЛЫНУ  КЕРЕК

Экологиялық аймақ саналатын Қызылорда облысында да қоқыс сұрыптайтын кешеннің қатты-тұрмыстық қалдықтар полигонын салу мәселесі қаузалып келе жатқанына бірнеше жыл уақыт болды. Аймақтағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде, «Техоснастк­а-Ремсервис» ЖШС және «Қызылорда­ тазалығы» мекемесі мен әкімдік үшжақты әріптестік аясында қала маңындағы Белкөл кентінен жаңа қоқыс полигоны жобасын жүргізуді қолға алған. 1 млрд 300 млн теңгені құрайтын, 2019 жылдың қарашасына дейін аяқталады деген құрылыс қашан пайдалануға беріледі? Мәселенің анық-қанығын білмекке облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына хабарластық.

 – Белкөл кентіндегі тұрмыстық қатты қалдықтарды (қоқыс) тастайтын ескі полигонда­ғы  қоқыстарды  сұрыптаумен 2004 жылдан бастап «Ибрайхан и К ЛТД» ЖШС айналысып келді. Ал, 2020 жылдың 15 сәуірінен бастап аталған тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны «Қызылорда-Тазалығы» ЖШС-ға табысталды. Сонымен бірге Қызылорд­а қаласында қоқыс сұрыптау кешенін­ің қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу және сыртқы инженерлік желілерді жүргізу бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жаңа полигон Белкөл кентінен 4 шақырым жерде орналасқан. Аумағы – 20 га. Қатты тұрмыстық қалдықтар сұрыптау қуаттылығы – 60 мың тонна. Жоба мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында іске асырылуда. Жаңа полигонды 2020 жылдың ІІ тоқсанында іске қосу жоспарлануда, – деген жауап келді аталмыш басқармадан.

Айта кетейік, аймақ бойынша заңдастырылға­н қоқыс алаңын Қазалы ауданында­ «Қазалы-Көркем-Сервис» ЖШС, Шиелі кентінде әкімдікке қарасты «Сазқұм» кооперативі, Жосалы кенті мен Ақай ауылдық округінде әкімдік аппаратына қарасты мекемеле­р игеріп отыр.

 – Аймақтағы өндіріс кәсіпорындары мен заңды және жеке тұлғалардан, яғни табиғат пайдаланушылардан  қоршаған  ортаға  236 325 913 теңге шығын келсе, салынған айыппұл көлемі 109477432 теңгені құрады. Облыс көлемінде жылына шамамен  148-150 мың тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылады. Оны қайта кәдеге жарату немесе игеру әзірге 14 пайызды құрап отыр. Жалпы облыс бойынша санитарлық тазалық, көркейту­-көгалдандыру мен абаттандыруға 2020 жылға 544 млн теңге бөлінді, – дейді Қызылорда облысы бойынша Экология департаменті басшысы орынбасарының уақытша міндетін атқарушы Т.Аптикаликов.

Халық денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау мақсатында қатты тұрмыстық қал­дықтарды игеретін полигон аймаққа қарасты Арал, Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарына да салынуы керек. Әйтпесе, тұрғындар мен өндіріс компанияларын­ың кесірінен табиғатқа залал келуде.

«Қазгидромет» РМК мәліметінше,  2020 жылдың сәуір айында Қызылорда облысы­ атмосфералық ауасы төмен деңгейлі ластану болып бағаланған. Ал жыл басынан бері атмосфералық ауаның 8 жоғары ластану жағдайы, оның 6-ауы – Атырау қаласында,   2-еуі Балқаш қаласында тіркелген.

ТАБИҒАТТЫҢ   «ТЫНЫСЫН

ТАРЫЛТҚАНДАР»  ЖАЗАЛАНАДЫ

Экологиялық проблема мұнымен біткен жоқ. Тілсіз табиғаттың мұң шаға алмайтынын ескерсек, тіршілік үшін адамдар қоршаған ортасының «жауызына» айналып барады. Ағаш бұталарын сындыру, кез келген жерден рұқсатсыз отын алу, топырақ тасу секілді жайттардың өзі экологияға қыруар шығын келтіретінін білмейді деу ақылға сымайды. Бұл бағытта да Қызылорда облысында көптеген­ заңбұзушылық деректері анық­талып, оларды жоюға бағытталған шаралар қабылданған.

– Атап айтқанда, 2020 жылы Қызылорда облысының табиғат қорғау прокуратурасымен экологиялық заңнама талаптарының сақ­талуына жүргізілген талдаумен «Саутс Ойл» ЖШС-мен қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алмастан ілеспе газды факелде жағып және стационарлық көздерден шығарылған ластағыш заттарды ауаға тастағандығы анықталд­ы. Экология департаментіне заңбұзушылық­ты жою туралы ұсыныс енгізіліп, прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижесімен қоршаған ортаға келтірілген 131 млн теңге залал сомасы өтеліп, мемлекетті­к бюджетке төленген. Сондай-ақ, 15 жер қойнауын пайдаланушылармен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына 5,9 млрд теңгеден астам қаржылық міндеттемелерін орындамаған дерегі тіркелді. ҚР Энергетика министрлігі Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциясының оңтүстік өңіраралық басқармасымен жер қойнауын пайдаланушының қызметінде тексеріс жүргізіп, нәтижесімен 11167,772 мың шаршы метр газды заңсыз жағып, мемлекетке 563 351 717 теңге мөлшерінде­ шығын келтірген. Қазіргі таңда уәкілетті органмен сотқа тиісті арыз жолданған,­ – дейді Қызылорда облысының Табиғат қорғау прокуроры Дабыл Аянұлы.

Аймақтың табиғатына залал келтірушілермен тікелей күресіп отырған табиғат прокуратура­сының қатысуымен осы тектес жұмыстар жүргізіліп, әкімшілік айыппұл салынып, мемлекеттік бюджетке 694 млн теңге өндірілген. Сонымен қатар, шаһарымызды­ң сол жағалау бөлігі мен «Бәйтерек» ықшам ауданында бой түзеген тұрғын үйлер құрылысына қажетті құм, саз топырақтар рұқсат етілмеген жерден алынған. Бүгінде Сырдарияның сол қанатындағы жаңа қалашыққа қатысты 5 дерек анықталса, «Бәйтерек» ықшам ауданында белгісіз тұлғаларм­ен 42 мың текше метр құм қазылып, қоршаған ортаға 52 млн теңге залал келтірілген­.

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ   ҒЫЛЫМДЫ

ДАМЫТУ  КЕРЕК

– Біздің жұмысымыз қоршаған ортаны қорғаумен ғана шектелмейді. Жаһандық экологиялық мәселелерді шешуге көмектесе отырып, әл-ауқатымыз бен тұрақты экономикалы­қ өсуге қажет табиғи капиталды ұлғайту арқылы қамтамасыз етеміз. Біздің алдымыздағы міндеттің ауқымдылығы көптеге­н институттар бірлесіп жүзеге асыратын­ жаңа тәсілдер мен стратегияларды қажет етеді. «GEF – 2020» стратегиясына сәйкес біздің міндетіміз – трансформациялық өзгерістерге қолдау көрсету және ауқымды экономикаға қол жеткізу үшін жаһандық қоршаған ортаны сақтау үшін күресу, – дейді «Global Environment Facility» агенттігінің баспасөз қызметі.

Осы мақсатта ғаламдық экологиялық қор серіктестік қатынастарды құрып, күрделі экологиялық проблемаларды шешу үшін мүдделі тараптардың басын қосатын бірлестіктер­ді  қолдайды.

– Соңғы жылдары экология мәселесі қоғамда ең көп талқыланатын және әлеуметтік­ резонанс тудыратын сұрақтардың біріне айналуда. Жалпы, елімізде І катего­риялы 2000-нан астам ірі кәсіпорын тіркелген. Республика бойынша жылына шамамен 2-2,5 миллион тонна зиянды қалдықтар қоршаған ортаға тасталады. Сондай-ақ, экологиясы нашар қалалар ретінде ең бірінші ірі өндірістік аймақтар санатындағы Қарағанды­, Павлодар, Өскемен, Атырау облыстарын айта аламыз. Еліміздегі зиянды заттардың 50 пайыз үлесі осы облыстарға тиесілі. Кәсіпорындар тарапынан жасалған жұмыстың өзі жеткіліксіз. Жаңа Экологиялық Кодексті қабылдау бойынша жұмыс жүруде, онда ірі кәсіпорындарға күрделі бақылау жүргізу мәселесі бар. Біріншіден, кәсіпорындарға кешенді экологиялық рұқсатнама арқылы модернизация жасау. Мұнда кәсіп­орын қолжетімді жаңа технология енгізуі керек. Одан кейін қоршаған ортаға зиян келтіру бойынша жобалар мақұлданады. Оның алгоритмінде кәсіпорынның қоршаған ортаға қанша зиян келтіретіндігі жөнінде зерттеу-зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Екіншіден, жергілікті қоғам өкілдерімен, тұрғындармен бірлесіп қоғамдық талқылау өткізіледі. Қазақстанның экологиялық ұйымдар­ы қауымдастығының зерттеуі бойынша­ маңызды мәселелер бар. Біріншісі, суды тазарту, тұрмыстық қалдықтар, қаланың ластануы, көліктің көбеюі секілді проблемалар қала экологиясына қысым түсіреді. Екіншісі, өндірістік қалалар. Өндіріс пен кәсіпорынның қоршаған ортаға зияны – өте ірі проблема. Мұны заңмен реттеу керек. Үшіншісі, табиғаттың ластануы. Адамдардың табиғатқа жауапкершілікпен қарамауы салдарына­н өрт оқиғасы болады, көгалдандыру­ көлемі азаюда. Сондай-ақ, табиғатқа серуенге шыққан адамдар қалдықтары­н жинамайды. Оның ішінде шірімейтін қалдықтар ұзақ жылдар бойы қоқыс ретінде сақталып, табиғатқ­а зиянын тигізеді. Бұл мәселелерді шешудің жолы ретінде заңнаманы күшейтуді, ақпарат пен шешімнің ашықтығын, экологиялық ғылымды­ дамытуды ұсынар едім, – дейді Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы басқармасы төрағасының орынбасары Елдос Абақанов.

Жалпы, әлемде атмосфераның бұзылуы тек қатты қалдықтар салдарынан болмайды. Ауаның ластануы, климаттың ғаламдық жылынуы, өнеркәсіп орындарының қалдықтары, су құрамының бұзылуы, тағысын тағы ғаламдық экологиялық проблемалардың өзегіне айналары хақ. Қазақстанның тұрақты даму концепциясының 11-мақсатында қалалар мен елді мекендердің ашықтығын, қауіпсіздігін, өмірге төзімділігін және экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселесі айтылған. Сөзіміздің тұздығы ретінде айта кетейік, теңіз суының ластануының шамамен 70%-ын құрлықтағы үлкен және кіші қалалар, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы мен туризм құрайды екен. Айтпақшы осы табысты сала саналатын туризмнің төрі «Байқоңыр» ғарыш айлағы десек қателеспейміз. Мұнда да экологиялық қауіп жоқ емес. Көкке ұшқан зымыран қалдықтарының жерге түсуі мен сәтсіз ұшырылған ғарыш кемелерінен төгілген гептилдің өзі мәселенің «мүйізді» екенін аңғартады. Мұхиттар шектен тыс балықтар мен былқылдақденелілерді жылына 90 млн тоннаға дейін аулаудан, жағалаулар мен маржан рифтерінің жағдайының нашарлауынан зардап шегеді. Жаһандық дамуға арналған жаңа құжатта сондай-ақ, тұрмыстық қалдықтар мен шайынды су мөлшерінің жылдам артуы қала халқының денсаулығы мен қоршаған ортаға қауіп тудыратыны да назардан тыс қалмаған. Өйткені жыл сайын 5,2 млн адам, оның ішінде 4 млн бала шайынды су мен қатты қалдықтарды дұрыс тазартпау нәтижесінде ауырып, қайтыс болады екен. Осы мәселелерді дер кезінде қолға алмаса, 2025 жылға қарай қалдықтардың мөлшері 4-5 есе артуы мүмкін деген болжам да жоқ емес.

Нұрбике  ҚАЗИҚЫЗЫ

Автордың коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: