Биыл Қазалы ауданындағы бір ғасырдан астам тарихы бар теміржол вокзалына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ғимарат қайта жаңғыртудан өткізілмек. Сонымен қатар вокзал маңындағы теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілер көпіріде қайта салынатын болады.
Қазіргі таңда вокзал маңындағы жаяу жүргіншілер көпірінің құрылыс жұмыстары басталып кетті. Осыған сәйкес аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет теміржол вокзалына барып, құрылыс жұмыстарымен айналысатын мердігер мекеменің басшыларымен кездесті.
Кездесуде аудан әкімі теміржол вокзалының сырт келбетіне, ондағы жолаушылар мен тұрғындарға жасалған жағдайға қарап өңір имиджі қалыптасатынын атап өтті. Сонымен қатар вокзал маңындағы көпір арқылы Әйтеке би кентінің теміржолдың арғыбетіндегі аймағына күніне 500-ден астам тұрғын қатынайтын жеткізді. Соған сәйкес, вокзал ғимаратын қайта жаңғыртумен көпір құрылысында тезірек, сапалы аяқтау керектігін айтып, бұл жұмыстарға әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетіндігін жеткізді.
Тарихи ғимаратты қайта жаңғыртуға «Қазақстан Темір Жолы» компаниясынан 861.2 млн теңге қаржы бөлінбек. Эскиздік жобаға сәйкес ғимараттың сыртқы бетіне травертин плиталарын монтаждау, шатырын ауыстыру, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пандустар орнату, брусчатка төсеу, ғимараттың есік-терезелерін толық ауыстыру, вокзал аумағын көгалдандыру жұмыстары жүргізілетін болады.
Ал, вокзал маңындағы теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысына «Қазақстан Темір жолы» компаниясы тарапынан 1.3 млрд.теңге қаржы бөлініп, бүгінгі таңда көпірдің құрылыс жұмыстары басталды. Мердігер мекеме – «ҚазТеміржол Engineering» ЖШС. Ал, теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары сәуір айында басталатын болады.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!