Қармақшы аудандық жыраулар үйінде аудан әкімінің қолдауымен, қазақ жыраулық өнерінің көрнекті өкілі Шамшат Төлепованың 95 жылдығына арналған «Домбырасын моншақтаған жыр жауһарлары» атты облыстық жыр фестивалі өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Фестивальдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы сөз сөйлеп, Шамшат Төлепованың өнегелі өмір жолына, ұлттық өнерге қосқан баға жетпес үлесіне тоқталды. Жыраулық дәстүрдің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуының маңыздылығын атап өтіп, Сыр бойының жыршылық мектебі – қазақ мәдениетінің алтын қазынасы екенін жеткізіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жыр сайысында 11 жыршы қыз-келіншек өнер көрсетіп, өзінің орындаушылық шеберліктерін паш етті. Олардың терме-жырлары ұлттық мұрамыздың тереңдігін танытып, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады.
Фестивальдің басты мақсаты – жыраулық дәстүрді насихаттау, ұлттық өнерді дамыту және кейінгі буынға дәріптеу. Жыршылардың орындауында Шамшат Төлепованың шығармашылығы мен Сыр өңірінің жыршылық мектебі жаңғырып, қазақ өнерінің үздіксіз сабақтастығы айқын көрініс тапты.
Фестиваль соңында қатысушыларға алғыс хаттар мен арнайы марапаттар табысталды. Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған бұл іс-шара өнерсүйер қауым үшін рухани азық, жас жыршылар үшін тәжірибе алаңы болды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!