Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құқықбұзушылыққа бақылау босаңсымайды

07.03.2025, 6:15 122

Кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Оған аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев төрағалық етіп, жоспарға сәйкес бекітілген күн тәртібіндегі мәселеге қысқаша тоқталып өтті.

Мәселе өте маңызды. Себебі, қоғамдағы өзекті мәселелерінің бірі – бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан адамдарды әлеуметтік бейімдеу, жұмысқа орналастыру және олардың әрі қарай қоғамға сіңісіп кетуі. Пробацияның негізгі мақсаты да олардың білім алуына, кәсіп түрлерін игеруіне, жұмысқа орналасуына, емделуіне және құқықтық кеңестермен қамтамасыз етілуіне көмек көрсету. Себебі, ел арасында қылмыс жасап, өзін қоғамға қажетсіз сезініп, алдағы өмірінен үміт үзгендер аз емес.

Жиында бұрын сотты болғандарды, оның ішінде пробациялық бақылау есебінде тұратын азаматтарды әлеуметтік көмек көрсету бойынша 2024 жылы атқарылған шаралар туралы Арал аудандық пробация қызметі бөлімшесінің бастығы Серік Сейталиев және Арал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ғалия Тоғысова хабарлама жасады.

Аудан бойынша 2024 жылдың қорытындысымен қылмыстылық жағдай өткен жылмен салыстырғанда – 9,6 пайызға азайған. Оның ішінде, бұрын сотты болғандармен жасалған қылмыс 2024 жылы 2,5 пайызға аз. Дегенмен пробация қызметінің есебінде бақылауда тұрған азаматтардың кейбірі ауыр санаттағы қылмыс жасаған. Бұл өз кезегінде есепте тұрған жазасын өтеушілерге лайықты деңгейде бақылаудың болмағандығын байқатады. Аудан әкімі осы және өзге де мәселелер бойынша баяндамашыларға сауал жолдап, атқарылған жұмыстарды жан-жақты саралады.

Жазасын өтеп, қатесін түсінгендерге қоғамда қай уақытта да қолдау бар. Ал, оларды түзеу, тәрбиелеу, көмек көрсету арнайы орындардың басты міндеті болып табылады. Солай бола тұра кейбір тиісті мекемелер тарапынан есепте тұрған азаматтармен лайықты жұмыс жүргізілмеген. Өзге де кемшіліктерді назарға алған аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру керектігін айтып, жауаптыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Жиын барысында күн тәртібінен тыс жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар жайы сөз болды. Бұл мәселе де бүгінгі күні қоғамда өзекті болып тұр. Әсіресе мектеп жасындағы балалардың қатысуымен болатын түрлі деңгейдегі құқық бұзушылықтар ара-тұра орын алуда. Осы мәселелерді сын садағына алған аудан әкімі А.Оңғарбаев оқиғаның себебі емес, салдары бойынша жұмыстар жүргізу керектігін алға тартты.

Осы және өзге де мәселе бойынша жауаптыларға бірқатар тапсырмалар беріп, орындалуы бойынша аудан әкімінің орынбасарларына бақылау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: