Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сақшы ана әрі жар

06.03.2025, 16:00 43

HALYQLINE.KZ

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні

Полиция қызметкерлері – халықтың қорғаны. Қылмысты ашуда, қауіпсіздік сақтауда полиция қызметкерлерінің еңбегі зор. Полиция қызметкері болу үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жедел әрекет ету қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстанымды болу, азаматтармен тез тіл табыса білу, сыпайы болу да маңызды.

Міне, осынау қасиеттердің бәрін бір бойына сыйдырған нәзікжандылар ауданда да бар. Мереке қарсаңында солардың бірі Гүлнар Есенжолова жайлы жаза кетуді жөн санадық.

Полиция майоры Гүлнар Төлегенқызы 1981 жылы Арал ауданында дүниеге келген. Жастайынан құқық қорғау саласына қызығып, қоғамда тәртіп орнатуды армандап өскен ол 2004 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін бітіріп, 2005 жылы ҚР ІІМ-нің училищесінде тыңдаушы болды. Ал бала күнгі арманына қол жеткізген ол еңбек жолын 2006 жылы Арал ауданының ішкі істер бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы болып бастады. Осы уақыт ішінде өзіне артылған сенімді толықтай ақтап, қызметке лайықты екенін анық көрсеткен Гүлнар 2009 жылы осы бөлімшенің аға учаскелік полиция инспекторы лауазымына тағайындалды.

Иә, қоғамдық қызметте, соның ішінде кәмелетке толмаған жандармен жұмыс істеу – аса жауапты қызмет. Оң мен солын толық тани қоймаған, алып ұшып тұрған жастардың тәртібімен айналысуды терең меңгерген кейіпкеріміз кейіннен әкімшілік полиция бөлімшесінің профилактикалық қызмет тобының, осы бөлімшенің ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы атанды.

Қызылорда облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жазуынша, қойылған талапты қалтқысыз атқарған нәзік жанды полицей 2020- 2023 жылдар аралығында полиция бөлімі штаб тобының аға инспекторы болап тағайындалды. Ал қазіргі таңда қоғамның басты назарындағы жауапты дүниенің бірі отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі бойынша тікелей айналысып келеді, нақтырақ айтсақ, бөлімнің отбасы, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы болып абыроймен еңбек етуде.

Гүлнар Есенжолова қызметтен бөлек ана бақытына да бөленіп келеді. Бүгінде жолдасы екеуі 4 бала тәрбиелеп отырған кейіпкерімізге табысты еңбек пен отбасы бақытын тілейміз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: