Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстандық «қалталы қайыршылардың» қауқары қандай?

06.03.2025, 9:00 95

Жылдам байлыққа жету, табысты бизнес бастау немесе қысқа мерзімде қаржылық тәуелсіздікке ие болу – бұл кез келген адамның арманы. Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде осындай уәделерді үйіп-төгетін жаңа құбылыс пайда болды. Олар – өзін коуч, инвестор, кәсіпкер немесе маркетинг маманы ретінде таныстыратын, бірақ шын мәнінде тек жалған ақпарат сату арқылы ақша табатын адамдар. Мұндай тұлғалар инфосығандар деп аталады.

Қазақстанда инфосығандардың белсенділігі соңғы жылдары ерекше артты. Бұған халықтың қаржылық сауатының төмендігі, әлеуметтік желілердің ақпарат таратудағы ықпалы және адамдардың оңай ақша табуға деген ұмтылысы себеп болып отыр. Әлеуметтік желіні ашқан сәтте қымбат көлік мінген, бренд киім киіп, шетелде демалып жүрген «табысты адамдардың» видеолары бірден көзге түседі. Олар өз өмірін ертегіге айналдырып көрсетіп, табысты болудың құпиясын білеміз деп уәде береді. Бірақ бұл «құпия» әдетте қомақты қаржыға сатылатын пайдасыз курс, жалған вебинар немесе мағынасыз  кеңес  болып  шығады.

ИНФОСЫҒАНДАР  ҚАЙ  БАҒЫТТА  БЕЛСЕНДІ?

Инфосығандардың әрекет ету әдіс­тері өте қарапайым, бірақ тиімді. Біріншіден, олар әлеуметтік желілерде үлкен аудитория жинауға тырысады. Ол үшін жалған табыс тарихтарын көрсетеді, қымбат көліктер мен сәнді өмірді наси­хаттайды. Бұл – адамдардың сеніміне кіру үшін қолданылатын негізгі әдіс. Келесі қадам – тегін вебинарлар немесе мотивациялық контент арқылы әлеует­ті клиенттерді қызықтыру. Мұндай веби­нарларда олар «сәттілік құпиясын» ашқандай болып көрінеді, бірақ негізгі курсты сатып алуды талап етеді. Осы­лайша, адам өзін дамытып, жаңа дағдыларға ие боламын деп ойлайды, бірақ шын мәнінде маркетингтік айлаға түсіп қалады.

Қазақстандағы инфосығандар көбіне бірнеше негізгі тақырыпты қозғайды. Олардың бірі – инвестиция мен криптовалюта. Бұл саладағы алаяқтардың басты әдісі – «аз уақыт ішінде үлкен табыс табу» уәдесі. Көптеген қазақстандық инфосығандар өздерін «тәжірибелі трейдер» ретінде таныстырып, «тек өзім білетін тәсілдермен криптовалютадан пайда табуға үйретемін» деп жарнамалайды. Бірақ олардың курстарында берілетін ақпараттың көпшілігі интернетте тегін қолжетімді немесе мүлдем мағынасыз болып  келеді.

Екінші танымал сала – бизнес жүргізуді үйрету. Инфосығандар «нөлден бастап кәсіп ашу» тақырыбында курстар сатады. Олардың курстарында негізінен мотивациялық сөздер ғана болады, ал нақты бизнес жүргізу, нарықты зерттеу немесе заңдық мәселелер туралы пайдалы ақпарат мүлде қамтылмайды. Мұндай курстарға қомақты ақша төлеген адамдар ақыр соңында ешқандай нәтижеге қол жеткізе  алмайды.

ҰЛТТЫҚ  ЭКОНОМИКА  МА,  ӘЛДЕ  «КӨЛЕҢКЕЛІ» ЭКОНОМИКА  МА?

Осы орайда, «Қоғамдағы жалған ақпарат пен қаржылық манипуляция­лар азаматтардың экономикалық мінез-­құлқына қалай әсер етеді? Сондай-ақ, бұл инвестициялық шешімдерге, тұтыну­шылық сұранысқа немесе қаржылық тұрақтылыққа қандай қауіп төндіреді?» деген сауалмен Sana business academy дирек­торы, экономист Мақсат Халықпен пікірлескен едік. Оның айтуын­ша, өзінің бас пайдасын айламен асыратын, сауаты жоқ мамандар ғана инфобизн­есті  аяқас­ты  етеді  дейді.

– Дәл осы инфобизнес саласында құнды ақпарат беріп, халықты сауаттандырып жүрген бизнес өкілдері де бар, алайда осы саланы жетік меңгермей, не мамандығы, білімі жоқ, не заңды құқығы жоқ беталды ақпаратты ақшаға сататын инфосығандарды ашып айту қажет. Комфорт өмірді, тез байып кетуді ақшаға насихаттайтындардан сақ болу қажет. Қаржылай сауаттылықтың жоқтығынан елімізде қазіргі таңда біршама отбасы осы мәселемен күресуде. Бұл мәселе тек отбасыда ғана емес, өз кезегінде экономикада да өзекті болып отыр. Атап айтар болсақ, еңбек өнімділігіне өте орасан зор кері әсерін тигізеді. Тез байып кетудің жолы секілді арбауға ергеннен кейін еңбек өнімділігі жоғалады, іскерлік белсенділік азаяды, ол өз кезегінде экономикаға зиянын тигізеді. Одан бөлек инфосығандардың әрекеті «көлеңкелі» экономиканың үлесін арттырады. Елімізде «көлеңкелі» эконо­миканың  үлесі соңғы  ресми  статис­тикада  19  пайыз деп келтірілген. Осы жылы 17 пайызға түсуі мүмкін деген болжам бар. Бірақ, тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, бұл статистика жалпы ішкі өнімге шаққанда 50 пайызға дейін барады дейді. Ал бізде жалпы ішкі өнім – 100 трил­лион теңгеден асып жығылатын қара­жат. Демек, «көлеңкелі» экономиканың үлесі бүгінде 50 триллион теңгеге жетіп отыр. Осындай қаржылық алаяқ­тар халықты сансыратып жатыр деуге болады. Әсіресе кедей таптың көбеюіне әкеліп жатыр. Әлеуметтік осал топқа үлкен соққы. Сондықтан да, мұндай инфосығандықты қоғамды кері үдеріске апарып жатқан алаяқтар деп топшылаймын, – дейді  экономист  Мақсат  Халық.

САНАНЫ  САТУ  СТРАТЕГИЯСЫ  немесе  МАНИПУЛЯЦИЯ

Сонымен қатар, инфосығандардың келесі бағытына келер болсақ, ол – өзін-өзі дамыту және мотивация. Бұл са­ладағы инфосығандар «сананы өзгерту арқылы табысқа жету» идеясын насихаттайды. Олар адамның кедей болуы оның психологиясына байланысты деп түсіндіреді және сол «психологияны өзгертуге» көмектесетін курстарды ұсынады. Бірақ шын мәнінде бұл курстар адамның қаржылық жағдайын жақсартпайды, тек оған жалған үміт береді. Мұндай әрекеттерді психологияда «адамға психология­лық шабуыл» деп атайды екен. Қазіргі қоғамда инфосығандар түрлі психоло­гиялық әдісті қолдана отырып, адамдарды манипуляциялауға және өз мақсаттарына пайдалануға тырысады. Психолог Назира  Аймаханованың  айтуынша, олар көбіне адамның эмоциясын басқару арқылы  ықпал  етеді.

– Инфосығандар эмоционалдық манипуляцияны жиі қолданады. Олар қорқыныш, сенімсіздік немесе ашу­-ыза­ны қоздырып, адамның сыни ойлау қабілетін әлсіретеді. Мысалы, «егер сіз бұл ақпаратты тыңдамасаңыз, бола­шағыңыз күмәнді» дегендей қорқынышты сценарийлер арқылы адамдарды сендіруге тырысады. Сонымен қатар, инфосығандар көпшіліктің көзқарасын басшылыққа алуға мәжбүрлейді. «Олар бәрі осылай ойлайды» немесе «бұл – көпшілікке белгілі факт» деген секілді әдістермен жалған ақпаратты ақиқат ретінде қабылдатуға тырысады. Бұл әлеуметтік ықпалдың күшін пайдалану арқылы адамның күмәнін сейілтіп, оған ойлануға мүмкіндік бермейді, – дейді  маман.

МАНИПУЛЯЦИЯҒА  БЕЙІМ АДАМДАР  КҮРДЕЛІ  АҚПАРАТТЫ  ӨҢДЕУГЕ  ДАЙЫН  ЕМЕС

«Ал инфосығандардың арбауына қандай адамдар түседі?» деген сауалға «көбіне өзіне сенімсіз, эмоционалдық тұрақтылығы төмен, ақпараттық сауат­тылығы жеткіліксіз адамдар түседі. Оларға біржақты, қарапайым, бірақ шындыққа жанаспайтын ақпарат ұсыну оңай»  деп  жауап  берді  маман.

– Инфосығандар тек жеке адамдарға ғана емес, бүкіл қоғамға зиян тигізуі мүмкін. Олардың  әрекеттері  қоғамдағы  сенім дағдарысын  күшейтеді, адамдар  арасында қорқыныш пен үрей тудырады, әлеуметтік  шиеленісті күшейтеді. Бұл өз кезегінде адамдардың бір-біріне деген сенімін әлсіретіп, қоғамды тұрақсыздандырады, – деп  қорытындылады  Назира Аймаханова.

Инфосығандардан сақтанудың ең тиімді жолы – ақпаратты мұқият тек­серу. Егер біреу жылдам табысқа жетудің жолын ұсынса, оның шынайы тәжірибесі бар ма, оның курсының басқа тегін ақпараттан қандай айырмашылығы бар екенін анықтау қажет. Сонымен қатар, «бай болудың құпия әдістерін» үйрете­тін адамдардың  өздері  бұл әдістерді неге тек өздері қолданбайтынын ойлап көру керек. Егер олар өздерінің айтқан әдістері арқылы шынымен табыс тапса, онда олар неге оны басқаларға сатумен айналысып  жүр?

Инфосығандардың негізгі мақсаты – курстарды  сату  арқылы пайда табу, ал олардың клиенттерінің шынайы жетіс­тікке жетуі олар үшін маңызды емес. Сондықтан әр адам қаржысын дұрыс басқаруды, алаяқтық схемаларды ажыратуды және кез келген ақпаратқа сын  көзбен  қарауды  үйренуі  керек.

ЗАҢ  СӨЙЛЕСІН

Қазір инфосығандардың әрекеттері заң жүзінде қудаланбайды, өйткені олар ашық түрде алаяқтық жасамайды. Бірақ олардың әрекеті адамдардың ақшасын алдап алу мен шынайы білім мен тәжірибенің құнын төмендетуге алып келеді. Егер бұл құбылысқа қарсы күрес жүргізілмесе, алдағы жылдары инфосығандардың саны одан әрі арта береді. Сондықтан әрбір  азамат  мұндай  схема­лардан сақ болуы керек. Осы тұста «Markizant» заң қызметі орталығы­ның қалаушысы, заңгер Азамат Талғатұлымен пікірлесіп, «Инфосығандардың әрекеті заң тұрғысынан қалай бағаланады?» деген  сауалға  жа­уап  алып  қайттық.

– Инфосығандар,  яғни жалған ақпарат  тарату  немесе манипуляция жасау арқылы қоғамды адастыру әрекеттері Қазақ­стан Республикасының заңнамасында  бірқатар құқықтық норма­ларды бұзады. Мұндай  әрекеттер  Қылмыс­тық кодекс  және  Әкімшілік  құқық бұзушылықтар туралы  кодекспен  реттеледі. Қылмыстық кодекс бойын­ша, жалған ақпарат тарату немесе қоғамды адастыру әрекеттері, егер олар азаматтардың  құқықтары мен мүдделеріне залал келтірсе, қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін. Бұл мәселе негізінен «Жалған ақпарат тарату», «Жалған құжаттар жасау», «Алаяқтық» баптары бойынша  қарас­тырылады.

Әкімшілік кодекс бойынша, жалған ақпарат таратушыларға айыппұл са­лынады немесе әкімшілік жаза қолданылады. Жаза ретінде айыппұл, қоғамнан оқшаулау, әкімшілік қамаққа алу немесе қылмыстық жауапкершілік қарастыр­лады, – дейді  ол.

– Жалған ақпарат тарату арқылы адамдарды қаржылық шығынға ұшырат­қан тұлғаларды заң жүзінде жауапқа тарту қаншалықты мүмкін? Қандай нақты құқықтық  механизмдер  бар?

– Жалған ақпарат тарату арқылы адамдарды қаржылық шығынға ұшырату жағдайында құқықтық жауапкершілік қылмыстық және азаматтық құқық саласын­да қарастырылуы мүмкін. Қылмыстық жауапкершілікте қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша жалған ақпарат тарату немесе адас­тыру арқылы қаржылық шығындарға әкелген адамдар қылмыстық жауапқа тартылады. Азаматтық құқық бойынша жалған ақпарат тарату салдарынан материал­дық шығындарға ұшыраған тұлғалар сотқа жүгініп, өз құқықтарын қорғауға болады. Азаматтық сот ісі арқылы мате­риалдық  және моральдық зиянды өтеу талап етіледі. Қазақстанда бұл мәселемен күресу үшін арнайы заңдар мен норматив­тік актілер бар, бірақ нақты жағдайға байланысты заңдық іс-әрекеттер мен құқықтық механизмдер қолданылады, – дейді  заңгер  Азамат  Талғатұлы.

ТҮЙІН. Инфосығандардың арбауына түскендер көп, бірақ олар жайлы ашық айтуға қорқатындар одан да көп. Егер сіз немесе таныстарыңыз осындай алаяқтардың құрбаны болған болса, өз тәжірибеңізбен бөлісіңіз. Тек қоғам болып, ақпараттық сауатты арттырған кезде ғана біз инфосығандардың, қарапайым тілде, қазақстандық «қалталы қайыршының» жаңа типтерінің санын азайта аламыз. Әлеуметтік желілерде уәде етілген жылдам байлыққа сенбестен бұрын, әрдайым бір сұрақ қойыңыз: «Егер бұл адам, шын мәнінде, миллионер болса, ол неліктен басқаларға ақша табуды ақшаға үйретіп жүр?».

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Коллаж: aikyn.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: