Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов кадрлық өзгерістерге байланысты өткен актив отырысында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысын таныстырды. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қала әкімінің өкімімен Жүсіп Мақсат Өмірбекұлы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды.
«Мақсат Өмірбекұлы – түрлі салада жемісті еңбек етіп, сатылап өскен білікті де, тәжірибелі маман. Тапсырманы тиянақты орындайтын жауапкершілігі мол азамат. Ол әлеуеті жоғары кадр ретінде өз жұмысын кәсіби деңгейде атқарады деп сенемін», – деді қала әкімі.
Мақсат Өмірбекұлы 1983 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Жоғары білімді. Қазақ мемлекеттік Заң академиясын «Құқықтану» мамандығы, Алматы қаласындағы М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын «Тасымалдауды ұйымдастыру және басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолында 2005-2021 жылдары теміржол саласында жауапты қызметтерде болған. 2022 жылдан осы кезге дейін «Қызылорда» автобус паркі, «Жасыл Қызылорда» және «Қызылорда тазалығы» мекемелерінде директор қызметін атқарып келді.
Ал, бұған дейін осы салаға жетешілік жасаған Әбсұлтанов Мұрат Байғабылұлы Қазалы ауданы әкімінің орынбасары лауазымына ауысуына байланысты атқарып отырған қызметінен босатылды. Мұрат Байғабылұлына шаһардың дамуына қосқан үлесі үшін Қызылорда қаласының ең жоғарғы марапаты «Құрмет» грамотасы табысталды.
Мұнан кейін қала әкімі «Жасыл Қызылорда» мекемесінің директоры лауазымына тағайындалған Айдарбеков Айбол Базарбайұлын таныстырды.
Айбол Базарбайұлы 1978 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1999 жылы Қызылорда мемлекеттік университетін тәмамдаған.
2001-2023 жылдары Қызылорда облысының кеден басқармасында инспектор, түрлі жеке мекемеде машинист, инженер, орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінде инспектор қызметін атқарған.
2024 жылдан осы кезге дейін, яғни «Жасыл Қызылорда» мекемесінде бөлім басшысы, басшы орынбасары қызметтерін атқарып келді.
Айбол Базарбайұлының жаңа қызметіне сәттілік тілеген шаһар басшысы қаланы көгалдандыру бағытындағы жұмыстарды жүйелеуді тапсырды.
Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Бастама жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға бағытталып отыр. Бұл тұрғыда адал, әрі тиянақты еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметке лайық.
Актив отырысында шаһар басшысы Нұржан Сәбитұлы қала әкімдігінде 30 жылдан аса уақыт инженер болып жұмыс істеген Бауыржан Оспанов пен 20 жыл шаруашылық қызметкері болған Бағила Балымбетованың зейнетке шығуына байланысты алғысын білдіріп, Қызылорда қаласының ең жоғарғы марапаты «Құрмет» грамоталарын табыстады.
Қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шәкизат Төребаев қызметке тағайындалған азаматтарға және зейнетке шыққан еңбек майталмандарына игі тілектерін білдірді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!