Рахымжан ОТАРБАЕВ
Рахымжан Отарбаев – есімі елге белгілі, оқырманын тапқан жазушы. Әдебиет әлеміне жасаған алғашқы қадамынан бастап, күні бүгінге дейін жазған әңгіме, повесть, роман, пьесалары көпшіліктің көкейіндегісін дөп басып айтып, көңілдерінің төрінен орын алып келеді.
Рахымжан Қасымғалиұлы 1956 жылы Атырау облысының Құрманғазы ауданында дүниеге келген. Жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы академиясының академигі, «Парасат» орденінің иегері. Ол 2018 жылдың 17 ақпанында дүниеден өтті.
Ағамыз күнделік жазудың хас шебері еді. Оның бір ғана «Көрген-баққан» тақырыбымен қағазға түсірілген жазбасы талайдың талғамынан табылып, жазушы шығармасының құндылығын арттырғаны ақиқат. Қайбір күні әлеуметтік желі арқылы марқұмның жары Сәуле Отарбаевамен байланысып, «Халық» газетінің оқырмандары үшін ағаның шығармашылығынан, яғни күнделігінен бір тобын жіберуді өтінген едік. Біз бүгін, жазушының жамбасы жерге тиген күні қаншама жылдан бері қағазға түсіріп отырған күнделігінен үзінді беруді жөн көрдік. Қысқа да нұсқа жазылған осынау жолдар оқырманды бейжай қалдырмай, ғажап бір әлемге жетелейтіні анық. Ендеше, оқып көріңіз, ой түйіңіз, ағайын!
Жылағым келген. Жас таба алмадым.
***
Есіл жағасында ұзақты күн қыдырдым. Толқынды толқын желкелеп, өлтіріп жатты…
***
Ортада от лапылдап жанып жатыр. Оны айнала қоршап бірінші, екінші, үшінші қатарда отырғандар бар. Хош дейік. Тыныш отыру жоқ. Бәрі де отқа ұмтылуда. Бар ойлары – көзге түсу, жылыну, аз-кем рақат кешу. Мәселен, екінші қатардағы алдында отырғанды отқа итеріп жіберіп, өзі алдына шығады. Оның да көкжелкесінде өзіндей өлермендер тұрғанын неғып білмейді? Күйіп өлуге құштар бұл неткен халық?!
***
Сахнада сұлу қыз кобрамен өнер көрсетіп жүрді. Кобраны білегі мен беліне орайды, босатады. Ақ қайыңдай әдемі балтырымен жоғары өрмелейді. Көрермен мәз. Бір жас жігіт сахнаға көтеріліп, қыз алдына тізесін бүкті. Гүл ұсынды. Қыз қол соза бергенде кобра шап беріп жігіттің мойнына оратылды. Шиыршық атып, қарысып қалған. Жіберер емес. Қылғындырып өлтірді. Бұл не, қызғаныш па?
***
Қазақ қолы мен қытай шеріктері соғысып жатады. Қазақтар жеңіліп, Бетпақдалаға қашады. Жау әскері соңдарына түседі. Қуа-қуа шөлден қаталайды. Азық-түліктен тарығады. Ат-көлігі тұралайды. Сол сәтті баққан бір батыр: – Күткенім осы, енді бұларды қырып салайық, – деп көтеріледі. Сонда бір естияр азамат: – Жоқ, бұларды өлтірмейік. Қайта ас-су беріп әлдендіріп, елдеріне қайтарайық. Әйтпесе, бұлардың кегін қуып бұдан да көп әскер келеді. Сонда бәрінен де айырылып қалуымыз мүмкін, – деп басу айтқан. Тоқтам осы болады.
Еліне аман-есен жеткен қытайлар: – Соғысамыз деп барып, қонақ боп қайттық. Қазақ деген дарқан да дастарқанды халық екен. Біздікі ұят болды, – деседі. Осымен соғыс тоқтайды.
Үйіне бейсауыт кіріп кеткен жыланның басына да ақ құйып шығаратын біздің шалдар шынында да мәрт қой.
***
Ақша да адамды арақ сияқты мас қылады екен. Қазақстанда осындай «мастар» тым көбейіп кетті. Қолдарына түсіп қалудан біртүрлі қорқасың.
***
Жәңгір хан жайлы алғаш құдайы күлшедей кітап жазып, артынша пьесаға түсіріп, спектакль қойғызып, ұнамды образын өрнектеген өзім едім. Қаншама қарсылыққа тап келдім… Мәселе онда емес. Айтпағым, хан зираты Батыс Қазақстан облысы Орда селосының іргесінде жатыр. Отан соғысы жылдары болған оқиға. Отыннан тарыққан жұрт алдымен хан зиратының үстіндегі ағаш күмбезін бұзып алады. Отқа жағады. Артынша тасын тасып әкетіп, бұзау қора жасайды. Имансыздықтың мұнан асқан мысалын таба алмассың. Баяғы Махамбеттен қалған «Хан емессің, қасқырсың» осылай жалғасып жатты.
Келесі жазда көрген елге таңдай қақтырған тағы бір оқиға өтеді. Бір түнде хан моласы мен Фатима тоташтың, жанындағы қос ұлының басына көк сырмен сырланған темір қоршау пайда болады. Кім қойғаны, қайдан әкелгені беймәлім, құпия!
Бақса Қазан татарлары жергілікті қазақтардың сорақылығын есітіп, жаға ұстасқан. Сосын қой, болмас деп әдемілеп темір қоршау жасатып, арнайы бригада мен машинаны аттандырады. Бір түнде бар шаруаны бітіріп, көзге түспей кері қайтқан.
Фатима тоташтың тегі – татар. Атақты мүфти Мұхамеджан Хусейіновтың қызы. Жәңгір – күйеу баласы.
Жәңгір хан 1845 жылы 11 тамызда дүние салды. Ал, темір қоршау 1945 жылы жаз айында орнатылған. Арада тұтастай 100 жыл жатыр.
Бір ғасыр бойы жатжұрттық қызын ұмытпаған, хан күйеудің рухын сыйлаған татар ағайындарға қалайша таңқалмассың. Таңқалу аз, табыну қажет!
***
Өткен ғасырдың 80-жылдары-тын. Алматы – Атырау (Гурьев) поезымен жол сапарға шыққанмын. Купеде тығыншықтай қызыл бет шал отырды. Уақыт мол, жол ұзақ. Әңгімеге шақырдым. Әрі-беріден соң кешегі Ұлы Отан соғысына ойыстық.
– Соғысқа қатысқан шығарсыз? Қай жерден аяқтадыңыз? – деймін.
– Біз броньмен қалғанбыз. Мал союға, – дейді шалым.
Тосын естілді. Қанды қырғында қасапшы боп мал сойып жүргені несі? Әрі қарай жетелей түстім.
– Саратов қаласы маңына жанұямызбен көшіріп апарды. Төрт жыл бойы сол жерде әскерге азық-түлік қамдап, мал сойдық. Тек біз емес, тағы да оншақты жігіт көмекшім болды. Етті майданға вагон-вагонымен жөнелтіп жаттық.
– Еңбегіңіз зор екен.
– Айтары бар ма?
– Малды қайдан әкелді?
– Көбіне Қазақстаннан.
– Қиналған шығарсыздар? Үнемі мал сою оңай ма?
– Жоға. Сиыр мен қойдың бас-сирағы, өкпе-бауыр, ішегі өзімізге қалатын. Ертеңді-кеш қызыл қуырдақ. Бөгіп жүреміз.
– Сөйтіп соғыс та аяқталды дейсіз.
– Иә. Тез біткеніне өкініп қалдық.
– Рас айтып отырсыз ба?
– Енді ше? Ондай тегін тамақты бізге кім береді?
– Ит екенсіз! – дедім дауысым қоюланып.
Басқа сөз аузыма түспей, тұлыптай боп ісініп, купеден шығып кеттім.
Әй, бәсе, арам жеген төбет құсаған түрі жаман еді-ау.
***
Пәле-жәледен құтқар, деп Иманғалиға (Тасмағамбетов) бар дауыспен жар салғым келеді. Жалғыз адам не тындырады, көп дауысты хор керек, хор!
***
– Жақсы да бір төмпешік, жаман да бір төмпешік. Несін айтасың, – деп базарда алма сатып тұрған бір әйел сампылдап жатты. Ойланып тұрып қалдым. Кейбір ақылды ағаларымның аузынан осы сөзді ести алмай қойғанмын.
***
«Полезный идиот» дегенді «пайдалы нақұрыс» деп аудардым. Бірақ нақұрыс адамнан қоғамға келер не пайда бар? Таба алмадым.
***
Қазақ пайдакүнем емес. Барынша мәрт, сахи. Бірақ қақалып қалса да Құдайдан бірдеңе дәметеді. Қызық көрініс!
***
Өмір бойы руханияттың ортасында келе жатырмын. Өнер ордаларында басшылық та жасадым. Өте қарама-қайшылықты мінездің адамдары. Адал, ақкөңіл, кінәмшіл, тұрақсыз, сатымпаз. Оларды ұстап отыру – пері ұстағанмен бірдей.
***
Облыс орталықтарын жиі аралаймын. Өйткені көп театрда спектаклім ойналып жатыр. Барған кезде әдеби, мәдени ортамен де сұхбат құрамын. Талантты тұлғалар көп. Десе де көбінің оң қолы сол қолынан ұзын. Таңқалдым, зерттедім. Жетпеген нәрсені басшылықтан сұрай-сұрай қол да ұзарып кетеді екен ғой…
***
Қазірде жас әнші көп. Өңшең «жұлдыз». Қазақ аспанына қалай сыйып тұр деп таң қаласың. Ал, көбінің әнін тыңдасаңыз… Әуені – азғын, сөзі – сорақы. Аяқтары – жерде, демі – көкте. Қолда – микрофон… Бар кәсіптері – ел-жұрттан ақша жинау. Бизнестің ең оңай жолы осы шығар. Әлің жетпесе әнмен ойна деп оларға кім айтты екен?!
***
Жоғары жақ портфель бөлісіп, төменгі жақ нан бөлісіп жатыр. Қашанға дейін?..
***
– Шүкір, біздің тұқымнан бақсы мен ақын шыққан жоқ, – деп бір көкеміз мақтанып тұрды.
***
Аз халықтың серкесі болғаннан, көп халықтың еркесі болған жақсы екен ғой.
***
Жас кезде арақты көп іштім. Мейірім қанғанша. Шеккен зиянымды санап тауыса алмаспын! Ал, көрген пайдам екеу. Бірі, мас болып әкемнің қасына қонып шықтым. Құшақтап жаттым. Шал-кемпірдің баласы боп, әкемді аға тұтып, жанына жолай алмағанмын. Екіншісі, Алматыға кетерде аудандық партия комитетінің бір хатшысын кабинетіне кіріп тұрып, соншама балағаттадым. Талай жерде талабымды кесіп еді. Пайдам осы!
***
Ұлым Ермерейге аманат айттым. Құлпытасыма сурет жасатсаң, жарты жүзімді сал, деп. Жартысы жоқ. Өйткені бұл өмір маған шын келбетімен қарамады. Мен де анық жүзімді көрсетпедім. Өкпе де, өкініш те жоқ. Шындығы сол!
***
Халықты жоқшылық емес, тоқшылық құртады. Аздырады. Бұл – ерте дүние тарихынан мәлім құбылыс.
***
Бір бақыт маған да келе жатқан шығар деп жол бойында ұзақ тостым. Жоламай қойды. Мені Батыраш пен Қотыраш деп ойлайды-ау, деймін.
***
Аман-саулық сұрасқан бір танысқа:
– Жүріп жатырмыз, уақытша, – деп ем. Шошып кетті.
– Қалайша уақытша? – деп.
Оған не айтуға болады?
***
Таңертең айнаға қараймын. Бетінде ит тірліктің ізі қалған бір шал тұрады. Басымды алып қашамын. Барлық жас дәурен айнаның арғы жағында қалған сияқты.
***
Абай атам «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деп қырық жастан өте бере жазыпты. Нағыз қайраты тасқан кез ғой. Неге олай айтты деп көп ойландым. Ақыры өзінен жасы үлкен Ділда шешемізді алған соң көңілі қартайып қалған шығар деп шештім.
***
Той-топырда жастарға жұрт сияқты «Бақытты болыңдар» деп тілек айтамын. Бақыттың не екенін шындап келгенде өзім де білмеймін. Бәлкім, біздің жақта жоқ зат шығар?!
***
Махамбеттің басын шауып жібергенде жерге домалап «Қап, қап, қап!» деп сөйлеп бара жатты деседі. Алқұлым шақта біздің аузымызға қандай сөз ілінер екен?
***
Ақырын тіле, десетін бұрынғы шалдар. Аллекем алжытпай алса екен.
Молда дем салып, жанымызда медет тілеп жәудіреп отырған ұрпағымызға тірлікте жасаған кінә мен күнәмізді тізіп айтып, масқара болмасақ жарар…
***
Үш рет комаға түсіп, ес-түссіз жаттым. Алды сегіз, соңы екі күн. Аллекем әрі ойланып, бері ойланып, мені о дүниеде еш кәдесіне жарата алмаған соң тірі қалдырған сияқты.
***
Теңіз де кірлейді. Айдын бетін шөп-шалам, сынған ағаш, өлген балық пен құс, төгілген мұнай қалдығы басады. Күндердің күнінде дауыл көтеріледі. Толқын біткен арыстан жалданып өкіріп-бақырып жағалауға ұмтылады. Әлгі кір, қоқыстың бәрін әкеліп адамдардың өзіне лақтырады. Тазарып барып тыным табады. Сосын баз баяғы қалпында жарқырайды да жатады.
Біздің қоғам да тап осындай тазаруды күтіп тұр.
***
Елбасы бір жас азаматты үлкен лауазымға тағайындайды. Үміт етеді. Көргені жоқ неме не тындырсын. Шатып-бұтып бәрін бүлдіреді. Сосын мына құйыршық баланы сен таптың ба, мен таптым ба деп ертегідегі кемпір-шал құсап таң-тамаша қалысады. Парадокс!
***
Досым, жазушы Әлібек Асқаров бірде: – Раха, енді қалай өмір сүруді ойлайық, – деді. Мен: – Екеуміз енді қалай абыройлы өлуді ойлайық, – дедім.
Ойланып қалды.
***
Бәрі сатылып жатыр. Мені де біреулер сатып алған жоқ па екен?!
***
Бір ақымақтан жүз ақымақ туады. Ал, данышпаннан данышпан тумайтыны несі?!
***
– Ол қол жетпес биік қой, – деп біреу әлдекімнің өнерін бағалап жатты. Өз ойы, өз бойымен өлшегенді қашан қоямыз осы?
***
Нағашыларым қазақ ауылын шауыпты. Қапыда тиіссе керек. Еркек кіндіктің бәрін жусатып салған. Бір адам қорқып мойнына, бетіне өлген жолдасының қанын жағып жата қалыпты. Түркімендер өлгендерді аралап қарап жүреді. Әскер басы:
– Бәрі жан тапсырып па? – деп сұрайды.
– Түгелдей.
– Мына біреу тірі сияқты. Терлеп жатыр.
– Жаралы. Бәрібір өледі.
Сөйтіп аман қалған. Өлген адамның терлемейтінін қатыгез қолбасшы қайдан білген?
***
Біздің ауылда аузына шыбын тұрмақ торғай кіріп кетсе де аңдамайтын аңқау шалдар өтті. Бір көкеміз шыжыған шілдеде жоқ қарап келе жатады. Аты да, өзі де қаталап шөлдеген. «Шайтантөбеге» жетіп, төбені іргелей ағатын өзенге құлайды. Қараса жеті-сегіз сары шашты қыз шуласып суға түсіп жүр дейді. Кәлимасын қайырып жақындап келсе, атына су шашып, сықылықтап күліп жолатпапты. Айдала, адам баласы жүретін жер емес. Бұлар шайтанның қыздары екен, көрсетейін бәлем, деп көкеміз қайратына мінеді. Әлгілерді су ішінде атпен омыраулатып жүріп сабайды…
Бақса Астраханнан бақша салуға келген пединституттың студенттері екен. Түс кезінде суға шомылып жатыпты. Көкеміз содан сотты бола жаздап, ат-шапан айыбын арқалап әрең құтылған.
Жарықтықтардың жүрген жері тегін спектакль еді.
***
Бір жарық жұлдыз туса, міндетті түрде қарсы жұлдыз туады. Бұл – аспан әлемінде дәлелденген шындық. Осы қарсылықты өмірде де көп көрдім.
***
Талғамсыз көп тобыр үшін жаза алмай қойдым. Ал, олар мен сүйген биіктікке көтеріле алар емес. Екі ортада ауасыз бос ваккум жатты. Біріміздің дауысымызды екіншіміз ести алмадық. Сонда санаулы топ үшін ғана қалам ұстаймын ба?!
***
Дүниені қатарынан жаулап келе жатқан Ескендір Зұлқарнайын Ошқа келіп, Сүлеймен тауының етегінде тыныс алған тұста Аристотельге хат жазады.
– Ұлы ұстаз, менің жанымдағылар үнемі мақтайды. Ұлы қолбасшысың дейді, данышпансың дейді. Мен де ет пен сүйектен жаралған пендемін ғой. Түбі сеніп қалуым ғажап емес. Сондықтан кешікпей жаныма бір философыңызды жіберсеңіз, – деп. Міне, көрегендік!
Қазіргі Президенттер мен Елбасыларда өздеріне деген осындай сыни көзқарас бар ма екен?..
***
Пушкин мен Анна Керн бақ ішінде қыдырып келе жатады. Анна ару жұдырықтай бір тасқа сүрініп кеткен. Қайтар жолда Александр Сергеевич әлгі тасты қалтасына салып алады. Қазірде музейінде тұр. Оны орыстардан тап сол тастың көлеміндей алтын беріп те айырбастап ала алмайсың. Өйткені ол – тарих. Керннің аяғының, Пушкиннің алақанының табы қалған.
Бізде ше? Сүрінбек тұрмақ омақасып құлағанымызға қарадық па? Содан да шығар, мұражайда тұрған жәдігерлердің көбі өтірік, жалған, ойдан-қырдан құралған. Одан қалса әркімнен шапан жинап, әуре боп жүрміз…
***
Өз ортасында соншама жеккөрінішті адам. Бірақ жылан құсап жорғалап жүгіріп кірмейтін есігі, алмайтын марапаты жоқ. Ызаланып отырып-ақ разы боласың.
***
Кеңес кезінде Жайық жағасын мекендеген қазақ, орыстар көп еді. Қазір сиреді. Көбі тарихи Отанына көшті. Бір шал әлі бар. Кешегі күндері аты аңызға айналып дүрілдеді. Өйткені ол атақты Чапаевтың көмекшілерінің бірі екен. Жайыққа суға кетіп өлгеніне куә болыпты. Тіпті өзеннің арғы бетіне оқ тиген қолбасшыны аман алып шығамын деп жанталасыпты.
Содан газет біткен шуласын. Теледидар мен радио жағын саусын. Тұрған селосына соның атына көше берілсін. Тұрған үйіне ескерткіш тақта ілінсін. Мектеп біткен кезекке тұрып кездесуге шақырсын. Хош деңіз.
Егемендік алған соң әңгіме ауаны өзгеріп сала берді. Шалдың өтірігі ашылды. Ашқан ауылдастары. Бақсақ, бұл сойың атаман Толстовтың офицері екен. Ақтың офицері! Чапаевты атып, ат-матымен суға батыратын осының өзі. Нақты дерек бұлтартар емес.
– Одан не зиян көрдіңдер? – деп шалымыз енді шалқаяды деседі.
«О нравы, о времена» деген сол!
***
Заңгер мен балгерге сенуден қалдық.
***
Жауған қардың да еркегі, ұрғашысы болатынын есітіп таң қалдым. Еркегі ерімейтін, кебіртек бетпақ қар да, ұрғашысы сулы, жұмсағы болса керек деп топшыладым. Табиғат ұлы анамыз ғой. Қардың өзін жынысқа бөліп тууын қарашы!
***
Бір танысымнан қарызға ақша сұрадым. Алдында көңілді әңгіменің көрігін қыздырып отырған. Екі езудегі күлкіні көрудің өзі бір бақыт. Кенет аузы бүрісіп, бөтелкенің аузындай боп дөңгеленіп қалды.
***
Бір молда жұртшылыққа баланы сүндетке отырғызу үлкен парыз екенін ұзақ түсіндірді. Әртүрлі мысал, нақыл айтты. Құп алдық. Сөзінің соңында: – Ертеңгі күні о дүниеге барғанда, Аллекем мұсылман екендіктеріңді сол жерлеріңе қарап таниды, – деп те соғып жіберді. Жаратқан ием өз пендесін қалай болса да түстеп білер-ау. Тек әлгі молданың уәжі тосын көрінді.
– Ал, әйел баласын қай жеріне қарап таниды екен? – деп қалдым. Мұндай сауал күтпесе керек. Сақалы селкілдеп шошып кетті.
– Мұны сұрау күпірлік! – деп ыдырынды.
– Молданың аузында Алланың аузы бар, сіз де сақ болыңыз, – дедім. – Дүмшелігіңізді күпірлікпен бүркемелей алмассыз.
***
Алдым – сағым, артым – сағыныш. Құдай басқа сана, тілге бояу, қолға қалам берді. Жарқыратып маңдай, жалбыратып шаш, жабылдырып дұшпан, жалғыз-жарым дос берді. Бәріне де шүкіршілік!
***
Жас кезім. Бір күні үйге удай мас боп келе жаттым. Көше бойы. Екі жағыма алма-кезек теңселемін. Дүниенің бәрі осы ырғаққа көшкен сияқты. Бәрі маған мейірленіп, күлімдеп, құттықтап қарайтындай. Өзіме соншама ұнады.
***
Атыраудан Ақтауға ұшып бара жаттым. Жаныма жақсы көретін інім Құрманғали (Тасмағамбетов) келіп жайғасты. Әңгімеміз гүлдеп сала берді. Өз кезегінде Құрманғали:
– Раха, кәрі күзеннің не деп армандайтынын білесіз бе? – десін.
– Жоқ.
– Дені дұрыс пальтоға жаға болсам деп.
Рақаттанып күлдік. Бірақ ойланып қалдым. Неше түрлі арманым еске түсті. Кәрі күзеннің жасына жақындап қалған соң ба?..
***
Бір топ үйрек бір көлді тастап, дүр етіп көтеріліп, екінші көлге қарай ұшып барады дейді. Жолай сұңқар кезігіп сұрайды: – Қайда бет алдыңдар?, – деп. Сонда үйректер: – Құрсын, мына көл сасып кетті. Ана көл таза, соған барамыз, – деседі. Сұңқар айтты дейді: – Мына көтендерің аман болса, оны да сасытарсыңдар, – деп.
Облыстан облысқа, министрліктен министрлікке ұшып-қонып түк бітірмей жүрген біреулерді көрсем, ылғи да осы әпсана есіме түседі.
***
Бір ағашта жүз бұтақ бар. Біреуі ғана қамшыға сап болады. Соны таңдай білетін көз бен көкірек болса ғой.
***
Баяғыда тұрмыс құрмай қалған бір апамыз: – Алла маған бір бай бережақ, – деп отыратын. Күлетін ек.
Қазірде кейбір қыздарымыз: – Құдай маған бір қытай бережақ, – дейтінді шығарыпты. Жылайсыз ба, қайтесіз?!
***
Асанәлі ағамен (Әшімов) әңгімеміз арна тауып, жарасып жүре береді. Бірде телефондағы сөзіміз ит жайлы боп кетті.
– Күшік итке, сен осы адамдарға сенуіңді қоймадың ғой депті, – деп Асекем рақаттанып күліп алды. Мен де қарап қалмадым.
– Асеке, иттің дос болғаны жақсы. Алайда достың ит болғаны жаман, деп жазғанмын, – деймін.
– Ай, Бағдат, мына сөзді жазып алу керек, – деп Асекем жеңгемізге дауыстап жатты. Кей достары есіне түсіп кеткен шығар.
***
Алабайдың күшігін асырадық. Өзі еркек. Ал, атын Ләззат деп қойдым. Жұрт қызық көріп, бұл аттың сырын сұрайды. Мен айтамын, неше түрлі иттігінен ләззат алып отырайын деп қойдым, деп.
Ақыры сұраған біреуге беріп жібердім. Заты – еркек, аты әйел болған соң ит те болса болмайды екен…
***
Жайықтың жағасына кеп ұзақ тұрдым. Жел екпіні баяулаған. Күн көкжиекке маңдай тіреп қалыпты. Толқындар ыңғай төкпе қалпы көтеріліп-басылып мұңды әуен кешіп жатты. Менің де көңіл күйімнің одан асып тұрғаны шамалы.
***
Мектептің тұсынан өтіп бара жатыр ем. Кішкентай жез қоңырау баланың даусымен жылады.
***
1945 жылы Сталинге көмекшілері Гитлер бункирінде атылып өлді деп баян етеді. Сонда ол бір ауыз ғана сөз айтыпты. – Доигрался, подлец!
***
Кәрі қыз атанған бір апамыз бейсауыт біреулердің қарасы көрінсе:
«Ойбай, мыналар мені алып қашайын деп жүрген сияқты» деп үйден үйге, қорадан қораға тығылатын. Еріксіз күлетін ек. Қазірде сол көріністі елжіреп еске аламын.
***
Мысыққа тірі тышқан керек. Алдымен домалатып ойнайды. Әрлі-берлі аударып-төңкереді. Құмары қанған соң жұта салады. Осы ойын – өте таныс ойын.
***
Дүние жалған емес, адам жалған. Дүние тұр ғой, мәңгілік өсіп-өніп, жасарып, асқақтап. Адам өзінің уақытшалығын соған жауып құтылғысы келеді.
***
Кейде руыңды ғана емес, ұлтыңды да өзгертіп алғың келеді.
***
Ақ шелектей төңкеріліп Ай да қартайды, мен де қартайдым.
***
Тозаққа барғым келеді. Өйткені атам қазақ «Көппен көрген ұлы той» деп үйреткен.
***
Қытайлар моңғолдарға: – Біз теңізбіз, сендер балықсыңдар. Балық теңізден шығып қайда барады? – деген.
Соны естігенде өкпем ауа сормай қалды.
***
Баяғыда біздің ауылда бір әпенді шал бар еді. Өзі түшкіріп, өз-өзіне «Сәбидей мұңсыз бол!» деп қошемет айтып отыратын. Келемеждеп күлетін ек. Бекер екен…
***
Ата бөліскен, атақ бөліскен, ақша бөліскен бейдауа заманға тап болдық. Баяғы Кеңестік дәуірдегі арақ бөліскен кез рақат екен ғой. Қоймай аңсаймын.
***
Ақыл – азап. Иесіне күн бермейді. Қазіргі заманда ақылсыздық, топастық Алланың берген үлкен сыйы сияқты…
***
– Өлеңді тастап кеттім, – деді бір ақын. Ұят жоқ, имену жоқ. Көзі жарқырап тұр. Қатынымды тастап кеттім деген сынды. Өлең мені тастап кетті, бауырым, десе құшақтап, бетінен сүйер ем.
***
Бір танысым төрт рет төсек жаңартты. Ол – өз шаруасы. Бір таңқаларлығы, әр үйленген сайын бұрынғы айырылып кеткен жұбайын мақтайды. «Ол бұған қарағанда адам еді ғой» деп тамсанады. Тағдыр шығар! «Жоғалған пышақтың сабы алтын» деген мәтелге амал жоқ, бір тармақ қостым. «Жоғалған қатынның саны алтын» деп.
***
Жұбайы қапияда көз жұмған бір келіншек сыр ашып отыр.
– Ол байғұс адам екен ғой, – деп.
– Бұған дейін кім деп жүрдіңіз?
– Күйеу деп.
Әйел психологиясы қызық. Бізді өлген соң адам қатарына қосады-ау, деймін.
***
Құрмалас сөйлем құрай алмайтындар жазушы атанып жүр. Сөз сөзге жарығын да, көлеңкесін де түсіріп тұратынын оларға айтқаннан не шығады?
***
– Мен жазушымын ғой, – деді бір ағамыз мақтанышпен.
– Сіздің столда отырып жазған шығармаңызды мен унитазда отырып-ақ жазамын, – деппін қырсық шалған басым.
***
Жаз кезі еді. Ыстықкөлге жанұямызбен бара жаттық. Жолай Бішкекке аялдап, Мұхтар ағаға (Шаханов) сәлем бердік. Мұхаң қызу жұмыс үстінде. Поэма жазып жатыр. Орыс тілінде.
– Мұха, екеуміздің орысшамыз қарайлас еді ғой. Бұл қалай? – деймін таңданып.
– Ский мен скаяны білсең, поэма жазу түк емес екен, – дейді Мұхаң.
Талантты адамға ем жоқ қой!
***
Жұмекен ағам Нәжімеденов 1981 жылы Алматыға келген мені екі аса талантты ақын інісіне аманаттады.
– Рахымжан әдеби ортаға жаңа қадам басты. Бас-көз болып жүріңдер, – деп. Өмірден ерте кетерін білді ме, жарықтық. Олар Жұматай Жақыпбаев пен Ұлықбек Есдәулетов болатын.
Сол аға аманаты есіне түсті ме, араға 30 жыл салып Ұлықбек дос мені өзінің 60 жылдық мерейтойына шақырды. Өскеменнен бастап Жарма, Көкпекті, Зайсан аудандарын түгел араладық. Керемет той өтті.
Ал, Жұматай ше? Жұмағам да ара-тұра іздейтін. Айтар әңгімесі жаттанды. Келе:– Жұмекен ағам сені маған тапсырып кетті ғой. Рас па? – дейді. Әбден мойындатып алып: – Ендеше басым ауырып тұр. Бір шөлмек ала сал, – дер.
– Жұмағам-ау, сонда ол кісі кімді кімге тапсырып кеткен? – деймін мен де беріспей.
Аяулы ақын ондайда таласқа түспей, мөлттей қара мұртын сылап, жұмсақ жымияды. Мен де еріп сала беремін… Кейде сағыныш меңдегенде оның өлеңдерін қолыма аламын. «Иттен де қалған, құстан да қалған, Көңілім менің, көңілім!»…
(Жалғасы бар.)
Сурет 1916 жылы түсірілген. Оны марқұмның жары Сәуле Отарбаева жолдады.
Құнды жазбасымен бөлісіп жатқандарыңызға көп рахмет
Жазушы Рақымжан Отарбаевтың шығармаларының актуальдігі сонша, қай кезеңде оқысаң да, заманауи нақышы сезіліп тұрады.
Вот что значит жить в ногу со временем… всегда в своем месте, в своей эпохе✊
Для меня Он, Рақымжан Отарбаев, всегда живой, так как читая такие произведения, невозможно говорить о Нем в прошедшем времени🙏
Өз оқырманын рухани ойға жіберетін мықты жазушы шығармалары мәңгі жасағай 🤲🏻