Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҮШ ІШКІШ, ҮШ КІШ-КІШ ЖӘНЕ ПЫШ-ПЫШ

10.02.2025, 15:50 133

Мұрты махорка, сақалы «самопал» сасыған, бастарын қайта-қайта қасыған кеудесі құрт-өкпе, тұрағы күлтөкпе, ішсе ұр-көппе, үш арақкеш өздерінше шалқып ішіп, шала мас күйде шатып-бұтып, былдырласып, быт-быттасып, қоқысты қопарыстырып жүргенде қыт-қыттаған үш тауыққа тап болып, бірі –тап беріп, бірі – шап беріп ұстап, түтінге ыстап, өйтіп-бүйтіп, үйтіп жепті. Оны жұмық та жыпық көз жылпос бір қу байқап қап жаратпай басын шайқап қап, ішкі істерге ішмерездікпен жазып беріпті. Осыдан барып: «Үш арақкеш үш тауықты ұрлап жепті», – деген пыш-пыш шығыпты. Әңгімеміз әсерлі шығу үшін үш арақкешті үш ішкіш деп, үш тауықты үш кіш-кіш деп алсақ, ішкі істері өзінен-өзі іштен басталады. Сонда кілең үш ішкіш, үш кіш-кіш және пыш-пыш шықпай ма?!

Сонымен, ішкі істегілер «үш ішкіш, үш кіш-кішті ұрлап жеді» деген пыш-пышқа байланысты іспен үш ай айналысыпты… Мекені – күлтөкпе, кеудесі – кұрт-өкпе үш ішкіш қоқысты қопарыстырып жүріп, қыт-қыттасқан үш кіш-кішке кездейсоқ тап болған. Үкіметке салмак салмай, күрделі қылмысқа бармай, қоғамдық қоқысты қопарыстырып, күлтөкпеден күнделікті күнкөріс әрекетімен жүргенде қыт-қыттасқан үш кіш-кішке ұшырасқан соң, амалсыз аштықтан бірі – тап беріп, бірі – шап беріп ұстап, өзара қаққа бөліп ыстап, өйтіп-бүйтіп үйтіп жегендері жемқорлыққа жатпайды, жегендерін желкесінен шығару – обал.
Демек, кінәлі үш ішкіш те емес, үш кіш-кіште деп ішкі істегілер «аса ақылды» шешім шығарады. Сөйтіп, үш ай қаралған қылмыс ашылды. Пыш-пыш пышақ кескендей басылды. Әрине, жұмық та жыпық көз жылпос қу ашынады. Адвокат жалдап шашылады.
Пыш-пыштың шығуына қыт-қыттасқан үш кіш-кіш емес, үш ішкіш кінәлі. «Үш қыт-қыттасқан кіш-кіш күлтөкпеге үш ішкішке тісбасарлыққа жарау үшін бармаған. Жүретін аяғы, шұқитын тұмсығы болған соң адасып барған. Адасып барған үш кіш-кішті асап қойған үш ішкішті ақтаған ішкі істегілер ішкіштермен ауыз жаласты» деп жұмық та жыпық көз жылпос қу екінші бір ішкі істерге шағымданады. Екінші ішкі істегілер де бірінші ішкі істегілер сияқты үш кіш-кішті ұрлап жеген үш ішкіш туралы шыққан пыш-пышты үш ай қарап, «үш ішкіш үш кіш-кішті ұрлап жемеген, қайта суықта арам қатып қалмасын ден, адалдап жеп, амалын тапқан. Сондықтан үш ішкіш те, үш кіш-кіш те айыпты емес, кінәлі пайда табу мақсатында пыш-пышты бытпырақтатып шығарып жүрген – жұмық та жыпық көз жылпос қу», – деп ұйғарымға келеді.
Мұны ести сала жұмық та жыпық көз жылпос қу екі ішкі істер бөлімінің үстінен үшінші үлкенірек ішкі істер бөліміне шағым түсіріп, «егер «қарға қарғаның көзін шоқымайдыға» салып, үш ішкіш жазаланбаса, үш кіш-кіш ақталмаса, атылып өлем» деп өзгеше талап қойыпты. Бұған қоса, тергеушінің қолына жаңа ұсынысты факт ұсыныпты.
«Әу баста үш ішкіш үш кіш-кішті ұстап, түтінге ыстап, өйтіп-бүйтіп үйтіп жер алдында ішек-қарнын жуып-шайып жатамыз ба, саңғырығын тірісінде сығып шығарайык деп арт жағын сығыныңқырағанда, қыт-қыттар қиналып күшенгенде, бір-бір жұмыртқаны тулап жатып туыпты.
Үш тауыққа табан астында жұмыртқа таптыртқан тапқырлықтарын атап өткен үш ішкіш бір бөтелкені бөліп ішіп, закускеге жұмыртқаны шімірікпей шикідей сіміріпті. Үш кіш-кішке қылкөпір қиянатын көрсеткен үш ішкішті ақтап отырған екі ішкі істер ішкіштермен жемтіктес» деп аяқтапты жұмық жыпық көз жылпос қу үшінші арызында.
Үшінші ішкі істер де үш ішкіш, үш кіш-кіш туралы шым-шытырық қылмысты істі бастапқы екі ішкі істер сияқты үш ай қарап, айып­кер үш ішкіш те, үш кіш-кіш те емес, үш ішкі істерге үш шым-шытырық өтініш түсірген өлермен өтініші де емес, кінәлі үш кіш-кішке жем тауып бере алмай, қатты суықта қаңғыртып жіберген қайыршыланған иелерінде деп үкім шығарады.
Сол-ақ екен, пыш-пыштың пышақ кескендей енді тыйылатынына көзі жеткен, кетеулері кеткен үш ішкіш үздіксіз үш күн ішіп, үйшіктерінде үйелеп жатып үсіпті. Сөйтіп, емханаға түсіпті. Өлермен өтініші өкініштен өкіртіп ішіп кетіпті.
Бұл жаңылтпаш оқиғадан бейхабар үш тауықтың белгісіз иелері сырттай сотталғандықтарын әлі естіген жоқ. Естісе…

УЫТТЫ ҰҒЫМДАР

Көпшіліктің мұң-мұқтажын жоқтап, ереуіл кезінде ер боп жүрген «көсемдері» кө­мейі­не көмек көрсетілсе, көлеңке «көсемге» айналады.

«Өз күніңді өзің көр» – халык қамын ойламайтын қатыгез «қайраткерлердің» қанатты қағидасы.

***
Демократия – кейде берекесіздер мен бей­пілауыздардың бекініс-бекетіне айналады.
***
Біздің қоғамдағы ең қорлық – бос мақтан мен жемқорлық.
***
Ханың қомағай болса, жоқшылығың толағай болар.
***
Бит­тей биліктегінің де иілмейтін иттігі болады.
***
Ысырапқор басшы билеген елдің ақшасы тиынсыз болар,
Парақоры мен жемқоры тыйымсыз болар.
Байлығы тоналып, ел-жұртына тиімсіз болар,
Халықтың қамын жегендер билікке сыйым­сыз болар.
***
Еліміздің ертеңі болар деп үкімет үкілеген, өркениетті елдерге жіберген кейбір «дарынды балалар» қаттыны қақалмай, жұмсақты жылымдай жұтатын қарынды «қайраткерлер» боп оралуда.
***
Жақсыға билік бітсе, халқының жоқшылығын жоюды ойлайды. Жаманға билік бітсе, өз басының тоқшылығын жасап, тойлауды ойлайды.
***
Мәртебелі мінбелерден өзін мақтатып қойып, марқасқа көрінуге тырысқан басшы, көргенсіздігін көкітіп қойғанын білсе ғой шіркін.
***
Қарын қамынан аса алсаң ғана, халық қамын ойла.
***
Топ жарып көрмей топ бастау, ойланбай отқа түсумен бірдей.
***
Кеудені кернеген кек айтылмай, кеңірдекке кептелсе, жүрекке жүк түседі.
Елдің ертеңін ойлаған ерді қолдамаса, еңсесі езіліп, бүк түседі.
***
Анайы айғырдай кісінесе, ізетті інге тығылады.
***
Ұлты арқылы ұлықтыққа жеткендер ұлт мүддесіне келгенде мүгедектік танытуы мүскіндігі емей немене!
***
Пенделігін жеңе алғандар ғана адалдыққа қарай аяқ баса алады.

Манар ҚҰРМАНБЕКҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: