Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Экран мен эфирде көшенің тілі үстемдік алды!

06.02.2025, 10:25 431

Өткен ғасырдың ортасында ұлы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең – бесігіңді  түзе!» деп ұран тастап еді. Бүгін сол мәтелдің мәні өзгеріп тұр. «Ел боламын десең – экраның­ды түзе» дейтін кезеңге келдік. Кез келген елдің қоғамдық-саяси өмі­рінде киноның алатын орны айрық­ша. Соңғы жылдары елімізде түрлі бағытта түсірілген фильм аз емес. Алайда, сол фильмдердің са­пасына қатыс­ты сұрақ-сауалдар пісіп  жетіліп, арнасынан  асып  тұр…

Кино – идеология, кино – саясат, кино – керек десеңіз ұлттың қауіп­сіз­дігі. Жапония ІІ Дүниежүзілік қыр­ғыннан кейін ұрпақ санасы мен ұлттық болмысын дәл осы ұлттық кино арқылы  жүйелеп алғаны айдай ақиқат.

Кино – бүтін ұлтты ұйытатын, сол арқылы жас ұрпақтың санасына әсер ететін күшті қару. Әр халықтың ұлттық болмысы, тарихы, салт-дәстүрі, діни ұстанымы, әлеуметтік жіктелісі бар. Әсіресе, дәл қазіргідей қазақ қо­ғамы  шетелдік сериалдарды тамсана  тамашалап, жастардың санасын бөтен жұрттың мәдениеті жаулап жатқан тұста ұлттық киноға көңіл бөлудің маңыздылығы  сәт  сайын  артып  тұр.

Кино саясаты қоғам көшін бас­тауы керек еді, ал біздің бұл өнеріміз қоғамның жетегінде кетіп барады. Соңғы жылдары мемлекеттік тапсырыспен тарихи тұлғаларға арналған сериалдар мен көркем фильмдер түсірілуде. Осы орайда Антон Чеховтың: «Біз Гогольді халықтың деңгейі­не түсірмеуіміз керек, керісінше халықты Гогольдің деңгейіне көтеруіміз қажет!»  дегені  еркісіз  ойға  оралады.

Дәл осы найзағайдың отына нан пісіріп жатқан кезеңде кино – бірінші кезекте бизнес емес, өнер, ұлттық ұстаным миссиясын атқаруы керек. Сондықтан режиссерлер мен сценаристер ең әуелі кинофестивальдардан сыйлық алуды емес, киноның ұлтқа әкелер пайдасын, ұрпаққа берер тәлімін көбірек ойлағаны лазым.

Әбжыландай ысқырған бүгінгі жаһандану дәуірі еліміздің ұлттық кино саясатын түбегейлі қайта қарау­ға мәжбүрлеп отыр. Тіпті, бала-­шағамызбен қатар отырып фильм көрсең, бетіңнен отың шығып кірерге тесік таппайсың. Анайы эпизодтар мен сүйегіңнен өтетін бейпіл диалогтар, шұп-шұбар тіл, атыс-шабыс, жадағай жаргон сөздер, одан қалса әр жерден ұрлап-жырлап, көшіріп алған инкубатор-фильмдер. Керек десеңіз, мұндай теріс имидж тудыратын фильмдер ақыл-есі түзу жұрттың ашуын  туғызуда.

Ең қиыны – қатаң сүзгінің жоқ­тығынан қазақтың көркем де шұрайлы тілі күйреп жатыр. Экран мен эфирде көшенің тілі үстемдік ала бастады. Сонымен қатар, дәстүріңді дәлдүріш қып, теріс діни ағымдардың насихатын күйттеп жүрген таспалар да жоқ емес. Өткен 2024 жылы қазақстандық 90 фильм прокатқа шығыпты. Соның 56-ы – комедия. Күлдіреміз деп бүлдіріп жатырмыз. Жалпы, қазір күлетін кезең  бе?.. Картиналар  жыл  сайын  30 фильмге толық­қан. Кассадан түскен түсім де аз  емес. 6  фильм миллиард теңге­ден  астам  касса  жинаған. Бірақ көпшілігі­нің  сапа­сы  сын  көтермейді. Көбі – тарихи, экшн, комедия­лық, авторлық фильмдер. Ұлттық кинолардың қатары  тым аз. Ұлттық статистика бюросы 2024 жылы  қазақ­стандықтар 17 млн 47 мың 524 рет кино­ға барса, соның үштен бірі – алты миллионға жуығы отандық фильмдерді тамашалаған. Сұраныс  жоқ  емес,  бар!

Әлеуметтік сауалнама бойынша ұлттық киноны көргісі келетіндердің қатары артқан. Алайда, ұлттың есін екеу, түсін төртеу етіп, бала-шағасымен театрға түнететін өнім болмай тұр. Кино өндірісіне нарықтық сипат береміз деп жалаңаштап алған жағдай да аз емес. Сөз жоқ, кино нарығы коммерциялық тұрғыдан өзін-өзі  қаржыландыру керек. Алайда, әлемде ұлттық кино өнеріне мемлекеттік деңгейде қолдау жасап отырған елдер бар. Мамандар даярлауда арнайы мемлекеттік сая­сат белгіленген. Мәселен, Германия кино саласына маман дайындау үшін жыл сайын 76 миллион еуро бөледі. Ал Оңтүстік Корея отандық киноны қолдау үшін кинотеатрларда көрсетілетін шетелдік фильмдердің сағатын  шектейді.

Сондықтан, салаға жауапты ми­нистр­лік мына шараларды жеделдетіп  қолға  алу  керек:

Бірінші, бүкіл мемлекет бойынша (мейлі мемлекет болсын, мейлі жеке тұлғалар болсын) түсірілетін фильмдердің идеологиялық, тілдік, ұлттық ұстанымын реттеу тетігін қарас­тыратын арнайы көркемдік-сарап­тамалық  кеңес  құру;

Екінші, мемлекеттік тілдегі ұлттық фильмдердің үлес салмағына басым­дық  беру;

Үшінші, фильмдерде мемлекеттік тілдің нормаларын бұзуды қатаң қадаға­лау;

Төртінші, халықты арнайы ұлттық киноларды көрсететін кино­театрлармен  қамтамасыз  ету.

Бұл орайда, жауапкершілікті арттыру мақсатында «Кинематография туралы» Заңды қатаңдату бағытында бірлесіп  жұмыс істеуге әзір екенімізді  жеткіземіз.

Жанарбек  ӘШІМЖАН,

Мәжіліс  депутаты,

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі.

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: