Бүгін Ақжарма ауылдық округінің әкімі Саттар Әбдіреев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне өткен жылы ауылдық округ көлемінде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар бойынша баспасөз конференциясын өткізді, деп хабарлайды Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Өткен жылы аймақ басшысының қолдауымен ауылдық округ табиғи газға қосылды. Сонымен қатар, тұрғындардың сұранысына сәйкес дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.
– 2024 жылы ауылдық округтегі 2 көше жарықтандырылды. Талдыарал елді мекенінде балалар ойын алаңы салынды. Баймұрат батыр ауылының жаңадан қалыптасқан көшелеріне тасжол салуға қаржы қаралып, 2 көшеде тиісті жұмыстар жүргізілді. Бұл тас төсеу жұмыстары биыл 17 көшеде жалғасатын болады. Қазір Талдыарал елді мекеніндегі жаңадан қалыптасқан аумаққа электр желілерінің құрылысы жүргізілуде. Су тарату насос станциясының құрылысы ақпан-наурыз айларында бастау алмақ. Бұдан бөлек, бірқатар жобаларды жүзеге асыруға бюджетке өтінім берілді. Олардың қатарында, аяқ су жүйесінің құрылысы, 5 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу жобалары бар, – деді ауылдық округ әкімі Саттар Бейбітұлы.
Демеушілік негізінде 10 көшеге ауызсу құбырларын тартуға, жабық спорт кешенін салуға жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Ауылдық округте алма бағын өсіру, көшелерді абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына сметалық құжаттарын дайындау жоспарға енгізілген.
Кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша тоқталсақ, ауылда 74 кәсіпкерлік субъекті тіркеліп, жаңадан ашылған 8 кәсіпкерлік субъектіде 8 жұмыс орны құрылды. Мемлекеттік бағдарламалар аясында ауыл тұрғындарының 30,5 млн теңгені құрайтын 7 жобасы қаржыландырылды. Оның ішінде 5 жоба қайтарымсыз грантқа ие болды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!