Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дархан Сатыбалдының төрағалығымен мәжіліс өтті. Күн тәртібінде Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалуы, атап айтқанда, Аралда кальцийленген сода зауытын салу және инженерлік инфрақұрылым жүргізу, Көкшетау қаласының инфрақұрылымын дамытуға, оның ішінде жылу, су, газ және энергиямен жабдықтау объектілеріне республикалық бюджеттен қаржы бөлу, жергілікті маңызы бар 95% автомобиль жолдарын жақсы және қанағаттанарлық жағдайға келтіру барысы қаралды.
Мәжілісте Дархан Амангелдіұлы Аралда кальцийленген сода зауытын салу және инженерлік инфрақұрылым жүргізу ел үшін маңызды әрі қажетті жоба екенін ерекше атап өтті.
Жиынға селекторлық байланыс арқылы қатысқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев талқыланған мәселеге орай баяндама жасады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2019 жылы Қызылорда облысына іссапары кезінде «Арал қаласында кальцийленген сода өндіретін зауыт салу» жобасына инженерлік инфрақұрылым жеткізіп, іске асыруды тапсырды. Әкімдік мемлекеттік қолдау ретінде 902 гектар жер телімін Арал ауданынан табыстады. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 2019-2020 жылдары 4,8 млрд теңгеге инженерлік-инфрақұрылымдық жұмыстар басталған. Бүгінде 545,4 млн теңгесі республикалық бюджет есебінен игерілді. Жоба бастамашысы зауыт құрылысын бастаса, инфрақұрылым жеткізу жұмыстары жалғасатын болады. Зауыттың жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік органдардан оң қорытынды алынды», – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі 2021 жылы «Чайна Гонконг Лонджи» қытайлық компаниясымен құрылтай шарты жасалғанын, алайда, геосаяси жағдайға байланысты инвестор жобаға қатысуын тоқтатқанын атап өтті.
«Сол себепті қаржыландыру мәселесі шешілмей, зауыт құрылысы 6 жыл қатарынан кейінге шегерілді. Осыған орай тапсырманың орындалу мерзімі екі рет ұзартылды. Өткен жылдың 9 қыркүйегінде жауапты мемлекеттік органдардың, мүдделі тараптардың қатысуымен өткен мәжілісте қаржыландыру схемасы мақұлданды», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Айта кетейік, Үкімет көрсеткен қолдаудың арқасында жобаны қаржыландыру мәселесі қаржы институттары арқылы оң шешімін тапты. «Арал Сода» серіктестігінің кальцийленген сода шығару зауытының құрылысын осы жылдың ІІІ тоқсанында бастап, 2028 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!