Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әйелге бәрі керек: Дүние де, ақша да, тіпті эмоция

23.01.2025, 10:40 76

Динара  ТАСЫБАЕВА, кәсіпкер:

Әйел отбасының берекесі, ұрпақ тәрбиесінің негізі ғана емес, сонымен қатар қоғамның әртүрлі саласында маңызды рөл атқарады. Қазірде елімізде кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді, сондай-ақ бұл жолда әйелдер өз орнын нығайтуда. Оның ішінде кондитерлік өнімдерді өндіру де күн өткен сайын кеңейіп, жаңа дәмдер мен ерекше дизайндар іздейтін тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыруда. Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері – «Тәтті әлем» кондитерлік цехының негізін қалаушы, табысты кәсіпкер Динара Тасыбаева. Үлкен шаңырақтың келіні, үш ұлдың анасы, сүйікті жар, белсенді кәсіпкер – іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі. Оның цехы тәттілер әлемінде өз қолтаңбасын қалдырып, 10 жыл ішінде айтарлықтай  жетістіктерге  жетті.

– Динара, сұхбатқа келісім бергеніңізге рақмет. Алдымен кәсібіңізге келсек, осындай үлкен цехты ашуға, оны игеруге не мұрындық болды? Кәсіп бастаудан бұрын, бұндай биік ғимараттың қабырғасы қалану­да қандай қиындықтар туындады? Қолдау көрсетуде отбасыңыздың орны қандай болды?

– Иә, отбасы мен кәсіпті қатар алып жүру – кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс, әсіресе әйелдер үшін. Бұл жолда, әрине, алдымен отбасымының қолдауы, өзіме деген сенімділігім үлкен мотивация болды. Жалпы, отбасыда әйел­ге қаншалықты қолдау болса, әйел­де соншалықты өсу болады. «Кәсіпке қалай келдіңіз?» деген сауалға келсек, ең алғаш 2015 жылы ұлымның туған күніне торт пісірдім, сәтті шығып, тума-туыс­тарымнан тапсырыс та қабылдайтын болдым. Осылайша 3 жыл үйде отырып, тапсырыспен торттар пісіріп саттым. Кейіннен, жоғарыда атап өткенімдей, отбасымның қолдауының дәлелі, 2018 жылы ата-енем үйдің жанынан цех салып берді. Екі адаммен цехта жұмысты жалғастырдым. Алғашқы кезде, ас атасы – нан деп, торттардың жанына тәтті бәліштерді қосқан болатынмын, кейін уақыт өте келе нанға сұраныс азайып, қалауымыздағыдай болмады. Қаржылай қиындықтар осы сәтте туындады. Себебі, нанның  жалпы  жарамдылық  мерзімі – 1 күн. Өзіңіз білетіндей, көпшілік 1 күн тұрған нанды сатып алмайды. Қатырдық, көгерттік, сонымен нан түрлерін даяр­лауды  тоқтаттық.

– Қазіргі таңда белді азаматшалар мен кәсіпкерлер қатарында алдыңғы ондық­тасыз. Қанша адамды жұмыспен қамтудасыз? Қандай тәтті түрлерін әзірлейсіздер? Бәсекелестік артқан заманда, кәсіпте де бір-бірін қайталау көптеп кездеседі. Сіздің кәсібіңізді  ерекшелендіріп  тұрған  не?

– Цехта 25 адам жұмыс істейді, оның ішінде кондитер, кондитер көмекшісі, таза­лықшы дегендей. Ал енді біздегі бас­ты ерекшелік – халыққа стандартты торттарды ұсынбаймыз. Көп жерде безен­дірусіз, массалық торттарды даярлап, сатылым­ға  қояды. Бізде  бұл  стандарттық  сатылым  түрі жоқ. Жалпы,  күнделікті 150 килограмға жуық тәттілерді жасаймыз. Халыққа эксклюзивті тәттілерді ұсынамыз. Тіпті, құлпынай, шабдалы, алма, алмұрт пішіндес торт түрлерін де әзірлейміз. Сондай-ақ, ерекше аталатын жаңа десерт түрлерін даярлаудамыз. Мәселен, «Арнольд», «Құлпынайлы йогурт» секілді. Бұндай тәттілерді тек тапсырыспен емес, күнделікті витринамыздан таңдап әкете алады. Бізде таңдау мен талғамға  өте  үлкен  мүмкіндік жа­сал­ған,  осымен  де  ерекшеленудеміз.

– Әйел затының қашанда жаны нәзік. Десек те, ойы өткір келеді. Кәсіп бастау­да қандай қағидаттарды құп көрдіңіз? Қаржылай қиындықтардан бөлек, кәсіп қылу, кәсіпкер болу әйел психологиясына қандай қиындықтар әкеледі? Отбасында отанасы  болсаңыз, кәсіптік ортада бас­шы­сыз. «Әйел бастаған көш оңбайды» деп жатады халық, осы пікірге қаншалықты баға бересіз? Жоғарыда айтып өткеніңіздей, әйел адамға отбасының қолдауы қанша­лықты болса, соншалықты әйелде өсу болады. Осы орайда көпке айтыла бермейтін отбасылық қолдау­дың қараңғы тұсында тұрған  қиындықтарын  атап  өтіңізші.

– Өте орынды сұрақ. Отба­сы қашан­да кәсіпкер әйел­ге өзекті мәселе қата­рында тұр. Себебі, кәсіпте көптеген қиындық кездеседі, бәрін тізбектеу мүмкін емес. Ал, отба­сындағы келіспеушілік жұмыстағы қиындықтардың салдарынан туындай­ды. Айтпағым, біз жеке болғаннан кейін өзімізге жұмыс істейміз, басшы болғандықтан да арнайы жұмысқа қойылған кесте болмайды. Неге десеңіз, егер де бір жұмысшы белгілі бір себеппен жұмыс­қа келе алмай қалған жағдайда, орнына өзіміз жұмыс істейміз. Одан бөлек, тапсырыста да арнайы шектеулі уақыт болмайды, яғни тапсырыс беру­шінің айтыл­ған уақытында дайын болуы шарт, ол үшін түн демей, әрине уақытпен санас­пай, жылдам жасап беруге тыры­самыз. Бір қиындық бірнеше қиындықты тудырады демекші, осы ретте алғашында басшы болуда біршама қиналғаным бар. Конфликтке өзім жоқ адаммын. Қол астымдағы көмекшілеріммен көптеген келіспеушілік болатын. Жалпы, кәсіпкер болуда үйренгенім де, түйгенім де көп болды. Өзіңіз айтқандай, бір­неше қағидатты құп көрдім. Оның ішінде, көпшілікпен жұмыс істеуде байланыс мықты болуы керек, яғни адам жұмсай алу, тез тіл табысу деген секілді. Ал психологияға келетін болсақ, адам қай кезде депрессияға, стреске түседі? Әрине апатия болған жағдайда. Тортты жай ғана пісіруден бөлек, басшы болу да біршама қиындығын туғызады. Осы тұста, өзіңіз сұрағандай ашығын айту керек, отбасындағы не жұмыстағы келіспеушіліктерді бір-біріне тасымау керек. Және кәсіптегі қиындықтарды қазір жалғыз еңсермеймін ғой, біздің табыс көзімізге айнал­ғаннан кейін әрбір мәселеге жұмыла кірісетініміз бар. Ал, әйел болып отбасыны қамтамасыз етуге ат салысу, отбасыға ақша әкелу – ол да бір жауапкершілік, осы  ретте де кейде түсініспеушіліктер болып  жатады.

– Еңбек  нарығында 10 жыл бір деңгейді  құлатпай ұстап тұру, жалпы әйел затына өте  мықты  қайсарлық  пен  шыдам­дылықты талап етеді. Бүгінде, жалпы айтқан­да, кәсіптің қаймағын жейтін кезге де жеттіңіз. Осы тұста, кәсіпкер боламын, кәсіп  бастаймын деген азаматшаларға қан­дай  кеңес  бересіз? Бизнеске  білім  қаншалықты  қажет?

– «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» демекші, алдымен білімге бағыт бұру керек. Оның ішінде бизнестік білім. Бағыт-бағдар берушің де білімді, кәсіпке қабілетті болуы шарт. Сондай-ақ, кәсіпте басшылық білімді де игеру өте өзекті. Себебі, кәсіпкерге түрлі саланы меңгеру керек болады. Атап айтар болсақ, басшы болу – есептік жұмыстарды бақылау, ішкі жұмыстарды жүргізу, жалпы айт­қанда бәрінен хабардар болу, туындаған мәселені шешу. Осы аталған әрбір сала­ның басы-қасында болу басшыға біршама білімді талап етеді. Немесе екінші басқару жүйесі бар. Кәсіпкер боламын  деген  келіншектерге  айтар ақылым да, шама-шарқы жетсе, осы ұсынысым жоғарыда  аталған  мәселенің  алдын  алады. Арнайы мамандарды әкеліп жұмыс беру. Яғни кез келген кәсіпте есепші, маркетолог, SMM маманы болады. Осы мамандарға жұмыстарын сеніп тапсырып, өзіңіз қалаған уақытыңызбен жұмыс істеуге болады. Басшының міндеті – тек  басқару емес, сондай-ақ жұмыстың жүйе­лілігін тұрақты, тыңғылықты бақылау. Енді кәсіп бастау­шы қыз-келіншектерге моральдық тұрғыдан сынбауды ескертемін. Отбасы, бала-шаға, одан қалды кәсіп нәзік жанға ауыртпашылық пен теріс әсерін тигізуі мүмкін. Алайда, қолдауыңыз мықты болса, өзіңізге деген сеніміңіз жоғары болса, кез келген қиындықты жеңіп шығуға бола­ды. Шешілмейтін  түйін  жоқ, мәселе болмайды емес болады, шешімін  табуда тек тынбау керек. Сондай-ақ, қашанда ізденісте жүру  керек.

– Сұхбатымыздың соңына да жетіп қалдық. Соңғы уақытта көптеген азаматша арасында резонанс тудырған «Ер адамды төрге де, көрге де сүйрейтін әйелі» деген ұстанымға кәсіпкер, басшы әйел  ретінде  қандай  пікір  айтасыз?

– Жалпы, бұрыннан үлкендердің аузы­нан еститінмін, «қыз барған же­рін бар қылады, не жоқ қылады» деген нақылды. Сол секілді, отбасының жағдайы тікелей әйелге қатысты. Себебі, ер адамға ештеңенің қажеті жоқ, үй-іші мен әйел-баласын былай қойғанда, ер адамда көпшілігі ізденбейтіні де сол. Ал әйелге бәрі керек. Мәселен, дүние де, ақша да, тіпті эмоция. Осы ретте әйел ерінен сұрай білуі керек, яғни қалауын алдырта алуы керек. Бұл тұста, бізге біршама білім керек. Сұрай білу де, талап ете білу де отбасының жағдайын жақсартуға тікелей байланысты. Әйел қашан бақытты? Егер отбасы қиындық көрмесе, қаржылық дағдарыста жүрмесе, бала да, жұбайы да сау жүрсе. Әйел бақытты болған кезінде отбасы да бақытты. Ал «ер  адамды төрге де, көрге де сүйрейтін – әйел» деген пікірге осы қарапайым мысалды келтірдім. Отбасының жақсы жағдайда өмір сүруі әйелдің ерден қа­лауы мен қажетін (оның ішінде үйдің де қажеттілігін қосуға болады) сұрай білуі мен талап ете білуінің астарында жатыр. Сондай-ақ, біздің күйеуімізге берген мотивациямыздың  да  мәні зор, орны бөлек.

– Сырға толы сұхбатыңызға рақмет! Кәсіпкерлігіңізбен қоса, аяулы жар, асыл ана  міндетіндегі жарқын бейнеңізбен таныстық. Кәсібіңізге  мол  табыс, отбасыңызға  амандық  тілейміз!

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: